Мағжан сенген жастар оның өлеңдерін оқыды

Биыл – Мағжан Жұмабаев жылы. Алматы төрінде, Қазақстандағы ең алғашқы жекеменшік жоғары оқу орны болып ашылған, ұлттық және халықаралық аккредитациялаудан өткен «Қайнар» академиясында қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика мамандықтарының 1-курс студенттерінің белсенділігімен Мағжан Жұмабаевтың 125 жасқа толуына орай әдемі бір әдеби кеш өтті. Оған мұрындық болған осы академияның «Тілдер және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Гүлнар Мұхаметқалиева мен филология ғылымының кандидаты, мағжантанушы профессор Бақыткамал Қанарбаева.
Нұржамал ӘЛІШЕВА
Жастардың әдеби кешінің шымылдығын «Қайнар» академиясының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры С.Әбдібеков құттықтау сөзбен ашып, ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орда жастардың құлағында жүрсін деп Мағжан ақынның қаламгерлігі мен қайраткерлігі туралы әңгімелеп берді.
Әдеби кеште Мағжан Жұмабаев шығармашылығы туралы ең алғашқы болып диссертация қорғаған қазақ әйелі, ақын өлеңдерін қалай оқытудың ғылыми методикасын ең алғаш ұсынған Бақыткамал Қанарбаева тебірене сөз сөйледі. Тебіренетін орны бар, саналы ғұмырының көп бөлігін осы алаш қайраткерін зерттеуге арнап келе жатқан ғалым-әйел осы уақытқа дейінгі еңбегі үшін ешкімнен қаламақы да, атақ-дәреже де сұрамаған. Ол небары 44 жыл ғана өмір сүрген Мағжан шығармалары қазақ жастарының рухын оятатын, оларды елжандылық сезімге тәрбиелейтін күшті құралға айналып жатса, сол марапат деп есептейді.
Б.Қанарбаева әлеуметтік тақырыптан бастап ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанған ақынның ғылыми мұрасы, жаңашылдығы мен шығармашылық эволюциясы, поэзиясы мен бірқатар өлеңінің тарихы туралы тарқатты. Мағжантанушы ғалымның сөзіне сүйенсек, ақын ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтеріп, халқын өнер-білімге шақырып, махаббатты ғана жырлап қоймай, әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі. Шет ел қаламгерлерінің әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Ал өзінің өлеңдері әлемнің 12 тіліне аударылған екен.
«Ұлт тағдыры, тәуелсіздік, ар үшін құрбан болған арысым!» атты әдеби кеште академияның 1-курс студенттері Мағжанның «Жүсіпхан» поэмасынан көрініс қойды. Бұл кеште ақынның әндері де орындалды.
Елбасы күні кешегі Жолдауында келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтты. Гүлнар Мұхаметқалиева мен Бақыткамал Қанарбаеваның бізге риясыз сүйсініп айтқанындай-ақ бар екен, Мағжан ақынның өлеңдерін оқыған студент қыз-жігіттер шетінен мықты, жанып тұр. «Жер жүзіне…», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Мен кім?..» сынды өлеңдерін оқыған жастардың көзінен от, жүректерінен сезім байқалды. Тіпті, Мағжан Жұмабаевқа арнап жазған балғын өлеңдерін оқыған студенттер талабына да еріксіз сүйсіндік. Әдеби кеш соңында академияның 1-курс студенті Айдар Айып Мағжанға арнаған өлеңі үшін 1-орынды, ал Ақтолқын Тұрлығазы ақынның өлеңін мәнерлеп оқығаны үшін 1-орынды иеленді. ҚазҰУ-ден, Орталық Азия университетіне келген студенттер де марапатсыз қалмады. Біздің елдің абыройын көтеретін осы жастар. Біз оларға сенеміз!