МАҢЫЗДЫ БАСТАМА

Қазақстанда жұқпайтын аурулардың заманауи факторларымен күресу жөніндегі ҮЕҰ коалициясын құру ұсынылды

Астанада азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тұжырымдамасын талқылау және қабылдау негізгі мақсаты болып табылатын Қазақстанның VІІІ Азаматтық форумы өтті. Осы форумда «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) жұқпайтын аурулардың (ЖА) заманауи факторларымен күресу жөніндегі коалицияны құру туралы үндеумен шықты.

Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

«Министрлік прогреске жету үшін өз тарапынан барлығын істеп жатыр. Алайда, ЖА-мен күресу­дің негізгі жолы – бұл халықтың ақпараттандырылу деңгейін жоға­рылату. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз залалды әдеттердің салда­рын емдейді. Ал біз ЖА-ға про­филактика жасап, оларды жою­ы­­мыз керек, халықты ағар­туымыз қажет. Біз, ҮЕҰ ретінде, осы про­цеске өз үлесімізді қосуымыз керек және адамдарға ЖА фак­тор­лары және олармен күресу туралы, жағымсыз әдеттер халық­тың денсаулығына қалай әсер ететіні туралы түсі­нікті тілмен жеткізуіміз керек. Егер біз, ҮЕҰ ретінде, осы про­цеске қосыл­масақ, онда халқы­мыздың денсау­лығына үлкен қауіп төніп тұр. Біз осы мәселе бойын­ша мемлекет пен қоғамға көмек көрсетіп, адамдар бірте-бірте залалды әдеттерінен бас тартуы үшін және өзінің денсаулығын күтуі үшін түсіндіру және үгіт-насихат іс-шараларын белсенді жүргізуіміз керек», – деді Б.Түменова.

Коалицияның басты мақсаты – ЖА факторларының про­филак­тикасы бойынша халықты үнемі ақпараттандыру болып табылады. Коалиция Қазақ­станның барлық аумақтарында коммуника­ция­лық компаниялар мен түсіндіру жұмыс­­тарын жүр­гізіп, халықты залалды әдетте­рінен бас тартуына әрі салауатты өмір салтын ұста­нуына шақыра­тын болады. Коа­лиция еліміздің түрлі аумақ­тарындағы ҮЕҰ бірлес­е, ЖА факторларынан бола­тын өлім үлесін төмендету бойынша нәтижелерге жетпек. Бірыңғай коалиция адамдардың зиянды әдеттерден бас тартуына және салауатты өмір салтының жаңа мінез-құлықтық модельге айна­луына көмектесе алады.

«Коалиция – бұл ашық құры­­лым және біз ҮЕҰ-мен қатар биз­нес-құрылымдар, БАҚ, мем­лекеттік органдар, жеке тұлғалар және барлық тілек біл­дірушілерді еліміздің тұр­ғын­дарын сауық­тандыруға қатысуға шақырамыз. Қозғалыстар жап­пай сипат алуы қажет және біздің негізгі мақса­тымыз – физи­калық тұрғыдан да, психо­логиялық тұр­ғыдан да, рухани тұрғыдан да сау ұлт болу», – деп қоры­тындылады өз сөзін Б.Түменова.

ЖА-мен күресу мен олардың профилактикасы және осы бағыт­­­та халықты ақпараттандыру деңгейін көтеру мәселелері жуыр­дағы ҚР Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) және БҰҰ Балалар қоры­мен бірлесе отырып ұйым­дастырылған алғашқы медици­налық-санитарлық көмек көр­сету жөніндегі Жаһандық кон­фе­рен­циясында да көтерілген еді. Осы жылдың қазан айының соңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы ЖА тәуекелдері факторларын төмен­дету жөніндегі жұмыс тобы «зиянды азайту» тұжырымда­маны қабылдады, оны қо­ғамдық ден­саулық сақтау бойын­ша мемле­кеттік бағдарламаға қосу үшін министрлікке жолдады. Кон­цепция Қазақстанда ЖА тәуе­кел­дері факторларын азайту үшін түйінді құралдардың бірі болмақ. «Зиянды азайту» – бұл қоғамның әрбір мүшесінің ден­саулығын сақтауға, әрі денсау­лыққа зиян келтіретін мінез-құлыққа жол бермеу арқылы емес, зиянды салдарды азайтуға және мінез-құлықты одан да қауіпсіз өзгер­туге бағытталған тәсілдеме. Кон­цепция қантты теріс пайдала­ну, темекі шегу, ішімдік пен есірткіні қолдану сияқты залалды әдеттері бар адамдар тәуелділіктің осы формаларынан тез бас тарта алмайтынын болжайды және осы категориядағы адамдарға зияны азырақ балама беруді ұсынады.

Ал енді жұқпайтын аурулар тобына қандай ауру түрлері жа­та­ды дегенге келсек, бұл жүрек-қантамыр аурулары (инфаркт және инсульт сияқты), онколо­гиялық аурулар, созылмалы респи­раторлық аурулар (өкпенің созылмалы абструктивті ауру түрі және астма), қант диабеті және психикалық аурулар. ЖА негізгі көздері – темекі шегу, ішімдікті шамадан тыс қолдану, зиянды тағамдарды тұтыну, физи­­калық белсенділіктің бол­мауы. Сондай-ақ, біздің қоғам үшін тәуекелдің екі қосымша факторы – репродуктивтік ден­саулық және есірткіге тәуелділік өзекті болып табылады. Қазақ­станда өлім үлесі ЖА-дан – 84,1%, жарақаттардан – 10,4%, жұқпалы аурулардан 5,5% пайызды құрайды.

Еліміздегі өлім-жітімділік жағы­нан көш бастап тұрған (84,1 пайыз) ЖА-ға қарсы күрес жүргізіп, олардың алдын алу үшін бұл бастаманың маңызды бола­тын­дығы айтпаса да түсінікті болса керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *