МАҚСАТЫМ – БАҚЫТТЫ ОТБАСЫН ҚҰРУҒА КӨМЕКТЕСУ

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдап көрсеқызар нәпсіге ерме.

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей көңіл бөлме!

                                                           Абай.

 Отбасын құру – ойланып жасайтын қадам. Оның баянды болуы ерлі-зайыптылардың өздеріне байланысты. Дегенмен, бүгінгі жастар таңертең танысады, түсте үйленеді, ал кеште ажырасып жатқандай… Олар үшін отбасы болудың еш қиындығы жоқ секілді. Әйтпесе, жастар неге ажырасады?

Осы орайда біз «Әруақ ХХІ ғасыр» отбасы дәстүрлерін жаңғырту» қоғамдық бірлестігінің президенті, мәдениеттанушы Мұсаева Идея Искандерқызымен сұхбаттасқан едік. Ол өз сөзінде «Бүгінгі қыз – ертеңгі ақ жаулықты ана. Біз қызымызды ерте бастан отбасылық өмірге дайындау керекпіз. Өйткені, қыз баланың мұраты – әуелден-ақ кету, одан кейін ана болу, есейе келе әже атану. Бірақ бұл кезеңнің барлығынан ол жалғыз өзі емес, отбасымен бірге өтуі керек!» дейді.

 

Идея МҰСАЕВА, «Әруақ ХХІ ғасыр» отбасы дәстүрлерін жаңғырту» қоғамдық бірлестігінің президенті

– Идея Искандерқызы, есіміңіз өзгеше екен… Идея! Кім қойды? Оқырманға өзіңізді таныстыра кетіңізші…

– Отбасындағы алты баланың кенже­сімін. Есімімді Идея деп әкем қойыпты. Бұл сөз араб тілінде «сыйлық» деген мағы­наны білдіреді екен. Әсілінде, адамның есімі тағдырынан хабар береді деп жатады ғой, содан ба деймін, менің өмірім тың ойларға, түрлі идеяларға толы. Солар­ды жүзеге асыруда тынбай еңбек етіп келе жатқан жайым бар. Мәселен, бүгінде аталмыш ұйым арқылы жастардың бақыт­ты отбасы атануы­на дәнекер болып жүрмін. Талай отбасы­лардың қайта жарасуына себепші болдым. Түсінгенім, біреуге жасаған жақ­сылығың алдыңнан міндетті түрде шығады екен. Менің де қырық шырағымның бірі қайта жанып, екінші мәрте отбасын құрдым. Алматылық­пын. Алғашқы некеден қызым бар.

– Сіздің есіміңіз ғана емес, бүгінде сіз басқарып отырған ұйымның аты да өзгеше екен. «Әруақ ХХІ ғасыр» деп атауыңызға не себеп?

– Ұйымның атауына келсем, қазақ дүниетанымында әруақ сөзін адам жаны­ның о дүниелік болғаннан кейінгі тіршілік ету формасы деген түсінікпен байланыс­тырып жатады. Шын мәнінде, әруақ сөзінің діни, мифологиялық, демонологиялық, этнографиялық, мәдени, т.б. секілді бірне­ше мағынасы бар. Солардың ішінде отбасы дәстүрлерін жаңғыртуға (покровитель рода) байланысты жақсы деректер көп екен. Міне біз, осы жағына көбірек мән бердік.

– Яғни жұрттың атаудан үркуіне еш негіз жоқ дейсіз ғой?

– Әрине. Халық қазір өте сауатты. Сон­дықтан өз сауалдарына кез-келген уақытта жауап алуға құқылы. Хабарласқан адам, мән-жайға қаныға түседі деп ойлаймын.

– Идея ханым, ұйымды құруыңызға не түрткі болды?

– Бұл идея маған он жыл бұрын келді. Тағдырым әсер етті десем де болар, мен бірін­ші жұбайыммен ажырасқаннан кейін өзімнің толық емес отбасы екенімді сезін­дім. Және мұндай жағдай құрбыла­рым­ның, таныстарымның, туыстарымның арасында да жетіп-артылатын. Осыдан кейін мені қоғамдағы сәтсіз некенің неге көбейіп бара жатқаны толғандыра бастады. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алды­нан» демекші, бір күні киевтік белгілі ғалым, психолог Олег Бокачевты кездестіріп қалдым. Ол маған біздің елдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ажырасудың себептерінің неден екенін түсіндіріп берді. Яғни отбасын құрарда асығыстық таныту үлкен қателікке ұрындырады. Ал үйленуге саналы түрде қадам жасап, жауапкершілікті сезінген адам ғана бақытқа лайық екенін ескертті. Бұл кезде менің қызым бойжетіп қалған болатын. Анамын ғой, барлық жауапкер­шілік өз мойнымда екенін сезініп, қызым­ның менің тағдырымды қайталауына жол бермеуге тырыстым. Оқуын бітіріп, жоғары білім алды. Ағылшын тілін өте жақсы меңгерді. Әйтсе де, мен қызымның жұмыс істегенін қаламадым. Себебі, өмірде одан да маңызды, одан да қажетті мамандық бар. Ол – лайықты жар болу. Қыз баланың мұраты – әуелден-ақ кету, одан кейін ана болу, есейе келе әже атану. Бұл – өмір заңы. Бірақ бұл кезеңнің бәрінен ол жалғыз өзі емес, отбасымен бірге өтуі керек. Күйкі тірлікпен жүргенде қызымның тұрмысқа шығатын уақыты келгенін байқамай да қалдым. Қызыма ас әзірлеуден бастап, жұбайымен қалай сөйлесу керектігін, туыспен қалай араласу керек екендігін, бәрін үйреттім. Кейіннен екеуміз бірге қалыңдық мектебінен барып дәріс алдық. Жұмыс бабына қарай, өзіміз бизнес бойын­ша түрлі тренингтер мен семинарлар ұйым­дастырып, сонда келген мықты бизнесмен­дерге қызымды тұрмысқа беретінімді айтып жүрдім. Қысқасы, қызыма күйеуді өзім іздедім. Таптық та. Күйеубалам – фабри­кант, оның қызымнан жиырма жасқа үлкен­дігі бар. Үйленгендеріне бес жылдан асты. Шаңырақтарында менің екі тәп-тәтті немерелерім өсіп келеді. Қызымның өте бақытты екенін жүзінен көремін, сөзінен байқаймын… Өз балам сәтті тұрмысқа шыққаннан кейін, достарымның қыздарын тұрмысқа беруге көмектестім. Кейіннен қызым маған әйелдер мен ерлерге арналған жеке мектеп ашуыма кеңес берді.

– Демек, Сіздің жұмыс жастармен ғана байланысты емес қой. Сонда ұйым немен айналысады? Мақсаты қандай, мұраты не?

– Иә, белгілі бір жасқа дейін деген шектеу жоқ. Себебі, бізде әр түрлі жастағы жалғызбасты әйелдер де, еркектер де жетерлік. Ажырасқандар олардан көп. Әр адам бақытты болуға лайықты ғой, жақсы жар іздеп жүрген жандар үлкендер ара­сында да көп кездеседі. Ашығын айтайын, өзіне жар іздеп келетін азаматтарды – жасанды қас пен кірпік жабыстырған, дүрдиген ерні мен ұзын әдемі тырнағы бар, сәні келіссе де, жан-дүниесі жұтаң әйел қызықтырмайды. Оларға саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасын ұйытып, береке сыйлайтын ақылды әйел керек. Ал қыз-келіншектерге отбасын асырайтын, қандай қиыншылық болса да арқа сүйейтін нағыз азамат керек! Жақында маған екі баласы бар, 12 жыл отасқан күйеуімен шарасыз­дықтан ажырасуға бел байлаған әйел келді. Ажырасуларына себеп – күйеуі көп қыды­ра­тын көрінеді. Демек, оған әйелі кінәлі. Ең бақытты еркек таңертең жұмысқа, кешке үйіне асығатын еркек демей ме? Сол жағынан қарағанда, әйелдің кінәнің көбі әйелінің үй тірлігіне ебедейсіздігінен болуы керек. Оны әңгіме арасында байқадым. Шамамыз келгенше кеңесімізді бердік. Кейіннен сол келіншек өзінің жақсы жақ­қа қарай өзгергенін, отбасындағы түсініс­пеушіліктің бұлты сейілгенін айтып, хабар­ласты. Алғысын жаудырды. Яғни біздің ұйым – ажырасудың алдын алуға да ықпал жасайды. Сондай-ақ, тұрмысқа шығатын қыз баланың түрлі ас әзірлеп, үй тірлігіне епті болуына, болашақ жарымен қалай қарым-қатынас жасау керектігіне үйретеді. Мақсатымыз – қыз баланы отбасылық өмірге икемдеу, сол қызымызға лайықты жар табу. Мұратымыз – бақытты отбасын құру.

– Идея Искандерқызы, отбасын сақтап қалу үшін дәстүрдің қаншалықты маңызы бар? Жалпы, дәстүрлі отбасы деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Отбасы – басты құндылық. Әке – үйдің тірегі, ана – берекесі. Қазақ даналы­ғында «еркек – бас, әйел мойын» деген жақсы сөз бар. Меніңше, отбасын сақтау­дың алғы­шарты ерлі-зайыптылардың тәрбиелілігіне тікелей байла­нысты деп ойлаймын. Өйткені, отбасын сақтауға ер-азамат та, әйел де міндетті. Қиыншылық кез-келген отбасында болады. Ол заңды құбылыс. Сондай сәттерде ерлі-зайып­тылар­дың бір-біріне рухани және мате­риалдық жағынан қолдау көрсетуі барлық қиыншылықтың алдын алар еді.

– «Отбасын сақтауға ер-азамат та, әйел де міндетті» дейсіз. Сіздің пікіріңізше, ажырасуларына қайсысының рөлі басым?

– Бұл жерде қыз-келіншектер маған өкпелей қоймас. Ажырасудың негізгі инициаторы – көбінесе әйелдер екені ащы да болса шындық. Демек, отбасын сақтап қалу әйелге көбірек байланысты. Өйткені, ерін сыйлаған әйелдің шаңырағы ешқашан шайқалмайтынына мен өз тәжіри­бемнен білемін. Ал дәстүрлі отбасы дегенді «ата-бабамыз­дан келе жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаған, ұрпағын ұлттық құндылық­тармен сусындатып, иманды ұл мен ибалы қыз бала тәр­биелеп отырған отбасы» деп түсі­немін. Алматының өзінде елге үлгі боларлық мерейлі отба­сылар көп. Оған осы бағытта ұйымдасты­рылып жататын түрлі отбасылық байқаулар мен мәдени шаралар куә.

 – Жасыратыны жоқ, бүгінде отбасылық құнды­лықтар көп өзгеріске ұшырады. Бұрынғыға қарағанда бізде ата-анаға қамқор болу, үлкенді сыйлау, қыз баланы құрметтеу, ұрпақ тәрбиелеу мәселесі ақсап тұр. Ендеше, бүгінгі жастардың ажырасуына осы құндылықтардың әлсіреуі себеп емес пе?

– Дұрыс айтасыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, барлығы отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Жастардың көбі отбасының жауапкершілігін толық сезінбейді. Ажырасудың басты себептерінің бірі осы. Олег Бокачевтің айтуынша, дәл қазіргі уақытта ешкім жастарды отбасылық өмірге, оның ішінде ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынасқа үйретпей­ді. Мектепте, жоғары оқу орындарында дәл осы бағытта жұмыс істеп жатқандар жоқтың қасы. Отбасының берік болуы, ерлі-зайыптылардың бір-бірімен жылы қарым-қатынасында. Ал қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікте жатыр. Шынында да, өмірдің өзі дәл осы адамдар арасындағы қарым-қатынастан тұрмай ма? Үйде, жұмыста, тіпті көршіңмен тату болу – жақсы өмір сүрудің бір тармағына жатады. Тағы да айтарым, көпшілігіміз өзгенің қаңсығын таңсық көруге құмар­мыз. Соның салдарынан отбасы құндылық­та­рының бағасы төмендеп бара жатқаны да жасырын емес. Ол түптің-түбінде ерлі-зайыпты­лардың ажырасуына әкеліп соғатыны және рас. Нәтижесінде қоғамда ата-анасын тастап кету, үлкенге қол көтеру, қыз баланы қорлау секілді түрлі келеңсіздіктер жиі белең алуда. Оны жоққа шығара алмаймыз. Менің ойымша, отбасы үшін ұлттық тәрбиеден асқан құндылық жоқ. Сондық­тан ұлттық тәрбиеден еш ажырамауымыз керек.

– Бүгінгі күн – жаһандану заманы. Байқа­саңыз, дәл осы бағытта психологтар мен түрлі тренингтердің дәурені жүріп тұр. Көбісі әлеуметтік желі арқылы-ақ байланыс орнатып жатыр. Осы орайда Сіздің ұйымның ерекшегілі неде?

– Рас, фейсбук, инстаграм парақшалары арқылы көңілге қонымды ой айтатын, адамның өмірін жақсы арнаға өзгертетін мықты психо­логтар да, үйіне жақсы әсермен оралып, отбасы­ның тұрақтылығын нығайтып жататын тренинг­тер де көп. Оған қатысып, ақыл-кеңес алып жатқан жандар да жетерлік. Бірақ біз оларға ұқсамаймыз. Тренингтерде – жалпылама кеңес айтылатын болса, біздің ерекшелігіміз – әр адам­мен жеке-жеке сөйлесіп, жұмыс жүргізуімізде. Себебі, әркімнің өмірі әр түрлі. Ойлау қабілеті бөлек, ұстанымы басқа дегендей…

– Ұйымның жетістігін немен өлшейсіз? Көмек сұрап келгендер өз мақсаттарына жете алды ма?

– Өзіңіз де білесіз, отбасылық өмірде азаматын құрмет тұтып, сыйлауды, қай кезде сөйлеп, қай уақытта үндемей қоя салуды, одан кейін ана болу­ды, бала тәрбиелеуді білген әйелдің шаңырағында ұрыс-керістің ізі де болмайды. Сол себепті, отбасын құрған алғашқы күннен осы дәстүрді қалыптас­тырған қыздың өмірі ешқашан өксімейді. Осы орайда «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, алдымен қызыңды тәрбиеле» деген сөз бар қазақта. Демек, қыз баланы тәрбиелеу арқылы барлық жетістік­терге жетуге болады. Міне, біздің тұрмысқа шығуға дайындаған қыздарымыз дәл осындай отбасының мүшелері. Олар бүгінде өз жұптарын адаспай тауып, бақытты өмір сүріп жатыр. Мен бүгінде біздің көмегіміздің арқасында бақытты өмір кешіп жатқан он жұпты мақтанып тұрып айта аламын. Біз үшін отбасындағы кикілжіңнен мезі болып, ажырасуды оңай жол деп тапқан жандардың қайтадан шаңырағына оралуы үлкен жетістік болып есептеледі. Және ондай жұптар бізде баршылық.

– Айтпақшы, ұйымдарыңыз қалай қаржылан­дырылады? Білуге бола ма?

– Болады, әрине. Бұл тұрғыда мені жоғары оқу орындарына отбасылық мәселелер жөнінде дәріс оқуға жиі шақырады. Сондай-ақ, отбасын­дағы қарым-қатынас жайындағы кеңесім ер-азаматтар үшін ақылы. Солардың есебінен ұйым жұмыс істеп тұр.

– Бұл ұйымның барын біреу білсе, біреу біле бермес. Көмектеріңізге кімдер жүгіне алады? Қалай хабарласады?

– Жастар үшін, кез-келген жастағы әйелдер мен ер-азаматтар үшін біздің есігіміз әрдайым ашық. Бақытты өмір сүретін толық отбасы – мемлекет байлығы! Сондықтан теңін таппай, жалғызсырап жүрген жандарға көмектесуге әзірміз.

Мен жобамыздың қанатын кеңге жайып, үлкен қауымдастыққа айналғанын қалаймын. Бәл­кім, біз осы бағытта үздіксіз жұмыс істейтін болсақ, елімізде ажырасудың саны азайып, бақыт­ты отбасының қатары көбейе түсер ме еді… Егер аталмыш жобаны қоғамға қажетті сауапты іс деп қабылдаса, кәсіп­керлер мен қалталы аза­мат­тарды, меценаттарды бірігіп жұмыс жасауға шақырамын. Мекен-жайы­мыз: іdeyalat@gmaіl.com@ іdeya_ brachnіy_koach, фейсбукта –Мұсаева Идея, байланыс телефонымыз: +7 (707) 101-52-22.

– Идея Искандерқызы, ел игілігі үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті де жеңісті болсын. Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close