Мақсат Қиқымов – «Халық барысы»

Алматыда ең көне ұлттық күрес қайта жаңғырды

Нұрлан СҮЙІН

 

Іле Алатауының етегінде еліміздің 1000-нан астам сом білекті балуандары «Белдесу» ұлттық күресі бойынша өткен алғашқы республикалық турнирге қатысты. Бұл олимпиадалық емес ойындардың әлемдік желісіне ресми түрде енген ең  көне ұлттық күрес түрі. Турнирді  Алматы қаласының  әкімі Бауыржан Байбек ашып берді.

Шаһар басшысы, қалалық «Қазақ күресі» федерациясының президенті Б.Байбек Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масын жүзеге асыруда бүгінгі күні ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылуда екенін айтты.

Бүгінгі таңда қазақстандықтар ара­сында «Аламан бәйге», «Қазақ күресі», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Көкпар» бойынша жарыстар кеңінен танымал, әр деңгейде сайыстар өткізіледі.

Өз кезегінде сөз алған Қазақ күресі федерациясының басшысы Қанат Бозымбаев «Белдесу» ұлттық күресі  жастарға патриоттық тәрбие берумен қатар, еліміздің жаңа чемпиондарының ашылуына мүмкіндік беретінін  айтты. Аттары аңызға айналған Қажымұқан, Балуан Шолақтар да осындай сайыстарға түскеніне тоқталды.

«Халық барысы» жобасының идеялық бастамашысы Арман Шораев турнирге ниет білдіргендердің барлығы, соның ішінде 18-ден 50 жасқа дейінгі шетелдік спортшылар да қатыса алатынын, жарыс­тың алдында барлық спортшылыр медициналық бақылаудан өтетінін айтты.

– Әрбір жекпе-жек 5 минутқа созы­лады. Егер палуанның біреуі жерге құласа немесе тізесімен, қолымен, денесінің өзге бөлігімен жерге тірелсе, жеңілген болып саналады. Есеп тең болса, онда 3 минут қосымша уақыт беріледі. Бұдан кейін де жеңімпаз анықталмаса, онда қатысушылар салмақ өлшеуден өтеді. Жеңіс салмағы ең төмен спортшыға беріледі, – деді Арман Шораев.

«Халық барысы» турнирінің ашылу салтанатында көрермендер  алдында  «МузАртLІFE», Қайрат  Нұртас, «Өркен», «Бозторғай» балалар хоры, Маржан Арапбаева, Ұшқын Жамалбек, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Мәдина Сәдуақасова, ҚР ҰҚК шекара учили­щесінің курсанттары және басқалары өнер көрсетті.

 

Байрақты бәсекенің

жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады

 

Қазақстанның әр аймағынан келген балуандар «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде белдесуге шықты. Жекпе-жектер дәстүрлі боз кілемде емес, жасыл шөп төселген арнайы кілемдерде ұйымдастырылды.   Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектен соң Халық­аралық Қазақ күресі Федерациясының басшысы Қанат Бозымбаев, «Қазақстан барысы» идеясының авторы Арман Шораев құттықтауларын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетер жәйт, бұл күрес түрі әлем бойынша Олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрлері қатарына ресми түрде еніп, ЮНЕСКО-ның қолдауына алынған. Алғашқы ашық республикалық «Халық Барысы» турнирі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдасты­рылды.

Көне күресімізді жаңғырту мақ­сатында белдесуден осындай турнирді алғаш рет өткіздік. Белдесу қазақ күре­сінің бір тармағы болғанымен, киім үлгісімен, жеңіл ережелерімен ерекше­ленеді. Жапонияда дзюдомен қатар сумо бар, дәл солай бізде де қазақ күресімен қатар белдесу болады. Осы бәсекені ұйымдастырып жатқан қала әкімдігі мен Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқарма­сына шексіз алғысымды білдіремін. Белдесу xалықтың көңілінен шығып, ел қызығып, тамашалайтын спорт түріне айналаты­нына сенімдімін. «Халық Барысы» жыл сайын өткізіліп, еліміздің игі дәстүріне айналады деген ойдамын, – деп бөлісті Арман Шораев.

Белдесу палуанның жасы мен салмағына шектеу қойылмайтын нағыз халықтық спорт. Осы турнирдің бірден-бір ерекшелігі де сол, жарысқа 18–50 жас аралығындағы барлық қалаушылар қатыса алады.

Аламан доданың нәтижесінде, балуандардың ішінен «жүзден жүйрігі», «мыңнан тұлпары» анықталды. Қызықты да тартысты финалдық жекпе-жектің жеңімпазы болып «Алматы Барысы–2015» чемпионы Мақсат Қиқымов атан­ды. «Күш атасын танымас», 80 келі салмақтағы Мақсат  100 келі салмақтағы қарсыласы Талғат Жиентаевты тізе бүктірді. Ал қола жүлдені Айтуар Абдулов олжаласа, төртінші орынды Әділет Дауланбаев қанағат тұтты.

– Жеңіс оңай берілген жоқ. Жарысқа мықты палуандар, күрестің барлық түр­лерінің спорт шеберлері қатысты. Елба­сымызға ұлттық спорт түрлерін дамытып жатқаны үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар, жанкүйерлер мен ұйымдастыру­шыларға ризашылығым шексіз, – деді «Халық барысы» Мақсат Қиқимов.

«Халық Барысы» жеңімпазы алтын белбеу мен 10 млн. теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал екінші, үшінші және төртінші орын иегерлеріне 5,3 және 2 млн. теңге көлемінде ақшалай ұтыстар табысталды. Сонымен қатар, барлық палуандарға лауазымды тұлғалар атынан шапан жабылды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *