Мағауияның мәңгілік мұралары

Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі сурет әлемі саналады. Жүрек түкпіріндегі сырын сурет әлеміне сыйғызып, сол сурет арқылы өз сезімін көпшілікке ұсына білген ғажайып өнер иесі Мағауия Аманжолов туралы ой қозғағым келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында заманауи қазақ бейнелеу өнерін өркендету, әлем­ге таныту мақсатында Қазақстан Суретшілер одағы тарапынан жыл сайын республикалық деңгейде өткізілетін атаулы көрмелер барлық өңірде ұйымдастырылуда.

2018 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстан Өнер музейі көрерменге аталған бағдарла­малар аясында Мағауия Аман­жоловтың аса бағалы туынды­лары, соның ішінде «Ауылда», «Сүлейменов порт­реті», «Қысқы таң» «Уақыт үстемдігі», «Таң», «Дипломдық жұмыс», «Ақтабан шұбырынды» топтамасынан «Қасірет» картинасы алынып, көрмеге қойылды. Онда сурет­шінің ерекше ұлттық, әлеу­меттік нақыштағы дарынын көре ала­мыз. Көрменің ашылу салтана­тына Мағауия Аманжоловтың жары Гүлбайраш Сүлейменқызы мен өнер жолындағы өзінің із­басары – қызы Құралай қатыс­қан болатын.

– Мағауияның артында үш қызы қалды. Екеуі әке жолын жалғастырып жүр. Үшіншісі де өнерден алыс емес, сәулетші. Ол қандай картина салса да, ғалым сияқты ізденетін. «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген бол­майды» деп жиі айтатын. Өзі де кеңістікке сіңіп кетті. Бәлкім, қазір бір жерде бізді тыңдап отырған да болар… Ол адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты түсіне алмады. Өмірге періште болып келді, періште болып кетті, – деп Гүлбайраш Сүлейменқызы сағы­нышпен еске алды. Осы тұста Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ойға еріксіз ора­лады. «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – барлық оқиғаның өл­шемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғыс­қан кезде ұлт тарихы басталады» деп көрсетті. Ұлы далада дүниеге келген керемет өнер иесі Мағауия да ұлт тарихында ұлы тұлға боп мәңгі есте қалады. Ұлттық тари­хымызға терең үңіліп, түп-тамы­рымызды жете танып, оның күр­меуі күрделі түйінін шешуге ұм­тылу – баршамызға ортақ міндет.

Мағауия Аманжолов – тарихи суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрларының хас шебері.

Менің байқағаным, Мағауия­ның басқа суретшілерден айырма­шылығы – ол Отанын өзінше сүйді, өмірлік шабыттарын ауыл тірші­лігінен тапты. Мысалы, «Ауылда» деген картинасында қарапайым механизаторлардың кесек те, абыройлы тұлғалары нақ сол тыныштықты, дәстүрлік ғұрыптар­ды сақтап тұрғандай, қарапайым тұрмыстың дәл сол белгілері, өзгешеліктерімен қарама-қайшы­лықтары да бірдей үйлесімділік тапқан. «Уақыт үстемдігі» компо­зициясы эмо­циялық сезімдерге толы. Суретші өзінің арман қиялымен қатар, шынайы өмірдің өткінші сәтін қатар алып жүреді. Ал «Ақтабан шұбырынды» топ­тамасы халық­тың жүрегіндегі мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңды тура жеткізе білді. «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады.  М.Аман­жо­лов­тың «Ақтабан шұбырынды» тарихи топтамасындағы «Қасірет» шы­ғармасы ешкімді бей-жәй қалдыр­майды. Бұл туынды XVІІІ ғасыр­дағы Қазақстан тарихын­дағы жоңғар-қалмақ шапқын­шылығы кезіндегі өз үйін, малын тастап, Орта Азияға үдере көшкен қазақ­тардың ауыр жанайқайын бейне­лейді.

Мағауияның картиналарына қарап отырып, өзіндік бір тылсым әлемге енгендей боласың. Мен оны қазақ поэзиясындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен теңестірген болар едім. Ішкі жан тебіренісін Мұқағали тіл байлығы арқылы өлең-жырымен жеткізе білген бол­са, Мағауия өзінің нәзік қылқа­ламы арқылы сурет­тейді. Екеуі де ешкімге тәуелсіз, өзінің ойынан қайтпайтын нағыз өнердегі шын­айылық пен ақи­қатты барлығынан да жоғары баға­лай білген тұлғалар. Олар елін де, жерін де қазағын да шы­найы көңілімен сүйе білді. Су­ретшінің туындыларында кө­бінесе қоңыр түсті көп пайда­ланғанына қарап, оның шыдамды, байсалды жан екенін аңғаруға болады. Бұл түс, оның мінезіндегі тұрақтылықтың, еркіндік пен сабырлықтың көрінісі іспеттес.

Мағауия Аманжоловтың туын­дылары тұнып тұрған фи­лософия. Оны біз қазір жоқ деп айта ал­маймыз. Өйткені, оның артында мәңгілік мұрасы, ізі қалды.

Бекайым ҰЯБАЕВА,

Шығыс Қазақстан облыстық

Өнер музейінің директоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *