«Маған отқа жағатын кiтап берiңiз!» Мәдениет жылы «Мәдениет» кiтапханасының жұмысы жандана ма?

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

Алматыдағы «Мәдениет» кiтапханасының көп жылдан бергi тұрақты оқырманы Қарлығаш апай хабарласып, биылғы жыл басынан үлкен дауға айналған кiтапхананың әлi күнге есiгi жабық тұрғанына алаңдаушылылық бiлдiрдi. Кiтапхананың келешек тағдыры не болады? Қашан оқырманға есiгiн ашады? Ол жағы да беймәлiм болып тұр. Кiтапхананың ашылатынын естiген жандар алған кiтаптарын қайта тапсырайын десе, кiтапхана есiгi жабық тұрғандықтан iргедегi дүкендерге тастап кетiп жатыр. Кiтапхана есiгiне құлақтандыру да iлiнбеген.

— Қаңтар айында келгенiмде кiтаптардың талан-тараж болып жатқанын көргенде жүрегiм ауырған. Ғимарат iшiн тез арада босату керек болып, еденде шашылған кiтаптың үстiне аяғымен шығып, жоғарғы сөредегi кiтаптарды алып жатқан жандарды көрдiм. Әр жылдары басылған кiтаптар 50-100 теңгеден сатылды. Кiтаптардың талан-таражға түсiп жатқанын естiп келген бiр кiсiнiң кiтапхана меңгерушiсi Клара Бiләловаға: «Маған отқа жағатын кiтап берiңiзө» деген сөзiн естiдiм. Сол кезде Клара Бiләлованың қандай күй кешкенiн қайдам, өзiм әлiгi жанның жағасына жармасқым келдi. Кiтаптардың бiразын қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына тегiн таратып беруi де ол кiсiнiң ақылдылығын танытса керек.

Өткен iс өттi, ендi оны орнына келтiре алмайсың. Кiтапхана қызметкерлерi өте зәру деген құнды кiтаптарды сақтап қалды. Кiтапхананың жұрнағы бары көңiлге демеу. Тоқсаныншы жылдардың ортасында жаппай мәдениет ошақтары жекешеленiп, сауда дүкендерiне айналып жатқанда осы кiтапхана меңгерушiсi Клара Бiләлованың кiтапхананы сақтап қалғаны ерлiкпен парапар iс болды. Жетпiс жылдық тарихы бар кiтапхананы көздiң қарашығындай сақтап, осы күнге аман жеткiзу оңай шаруа болмаса керек. Кiтаптың қадiр-қасиетiн сезiнiп өскен жан осы кiтапхананы сақтап қалу үшiн қаншама қиыншылықты бастан өткердi десеңiзшi. Дүние жинауға қызықпайтын, рухани азықты қанағат тұтатын Клара Бiләлованың жасы ұлғайған шағында осы кiтапхананың құрметтi меңгерушiсi етiп қойса да жарасар едi.

Бiздiң балалық шағымыз елiмiздiң қиын кезеңiне тап келдi. Бала кезiмiзде ойнайтын ойыншық та болмады. Әрiп танығаннан қолымыздан кiтап түспедi. Сол кiтапты қалап, үйшiк жасап ойнайтынбыз. Ұзақ жыл лауазымдық қызметте жүргенде кiтаптан қол үзбедiк. Адам болып қалыптасуымызда кiтаптың пайдасы зор болды. Кейiнгi кезде сол рухани байлығымыздың қадiр-қасиетi кетiп тұр. Оған мысалды алыстан iздемей-ақ, «Мәдениет» кiтапханасының бүгiнгi мүшкiл халiнен көруге болады. Жыл басында кiтапхана тағдыры туралы газеттер жамырай жазып жатқанда «Алматы ақшамы» газетi де екi мәрте қалам тартқаны есiме түсiп, хабарласып отырмын. «Мәдениет» кiтапханасының одан кейiнгi тағдырынан қандай хабар бiлесiңдер? Уақыт созып, болған жайдың iзiн суытып, шұжық, не картошка сататын дүкенге айналдырып жiбердi ме деген қаупiм де жоқ емес.

Жыл басында Алматының орталық көшелерiнiң бiрiне орналасқан «Мәдениет» кiтапханасының басындағы мүшкiл халi туралы газетiмiзде орынды мәселе көтерiп, қала әкiмдiгiнiң бұл кiтапхананың Орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiне өтетiнi, бiлiм ошағының жағдайы жақсаратыны туралы арнайы жауабын алып, көңiл демдеген едiк. Арада алты ай өткенде қаланың байырғы тұрғыны, кiтап жанашыры Қарлығаш апайымыздың редакцияға соққан қоңырауы «Мәдениет» кiтапханасының тағдырына қайта оралуымызға алып келдi.

Осы «Мәдениет» кiтапханасының меңгерушiсi Клара Бiләловамен де хабарластық.

— Жыл басында «Алматы» ӘКК (әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы) сауда дүкенiн ашпақ болып, кiтапхана жайын босатуды талап еткенде жетпiс жылдық тарихы бар 136 мың кiтап қорын жинақтаған бiлiм ошағы қиын жағдайға тап келгенiн бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерi, оның iшiнде өздерiң де бар, жамырай жазып, қатердiң бұлты сейiлгендей болып едi. Айналайын, жаны сергек журналист iнi-қарындастарым әлi күнге хабарласып, жағдайды бiлiп тұрады. Бiрақ, содан берi әлi қозғалыс болмай тұр. Кiтапхана туралы тиiстi орындардан хабар күтiп, үйде жатырмын. Менiң өмiрлiк жолдасым Жекен Жұмаханов ұзақ жыл журналист болып қызмет атқарып, талай жанның тағдырына араласқан едi. Өз басым журналистер қауымының ел үшiн атқарып жүрген қызметiне ризамын. Өзiм 43 жыл қызмет атқарған кiтапхананың басына күн туғанда Астанадан Иманғали Тасмағамбетов хабарласып, қандай көмек керек екенiн сұрап, Елордаға көшiрiп алмақ болды. Елiмiздiң жомарт жүректi азаматтары да қолұшын созып, қолтығымыздан демедi. Алматы қаласы Әкiмiнiң орынбасары С.Сейдуманов келiп көрiп, Орталықтандырылған кiтапхана жүйесiне қосатын болғандарын айтты. Қызметкерлерiмiз өзге кiтапханаларға уақытша ауыстырылды. Олар да маған телефон шалып, хабарласып тұрады. Үйренген орындарын қимайды, оқырмандарын сағынады. Бiздiң кiтапхананың оқырманы көп едi. Олар да кiтапханаға айналып соғып, төңiрегiндегi дүкендерден сұрап тұрады екен. Кiтапхана ғимаратына жөндеу жұмыстары да әлi күнге басталған жоқ.

«Мәдениет» кiтапханасының бүгiнгi жай-күйi туралы Алматы қалалық Мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұра, музейкiтапхана бөлiмiнiң бастығы Ләззат САҒЫНДЫҚОВАҒА хабарласып, төмендегiдей жауап алдық:

— 2012 жылдың басында Алматы қаласы Әкiмдiгi «Мәдениет» ЖШС қарамағында болған кiтапхананың жабылып, қоры мен мүлкi талан-таражға түсуiне байланысты, осы iс-әрекеттердi тоқтатып, кiтапхананы сақтап қалу мақсатында оны Алматы қаласының Орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң құрамына беру туралы шешiм қабылдаған болатын.

Осыған орай, Мәдениет басқармасы кiтап қорын есепке алу бойынша жұмыстар жүргiздi.

Кiтапхана Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Байтұрсынов көшесi, 75/79 жай «Алматы» Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлiк қоғамына тиесiлi.

Кiтапхана толымды қызмет атқарып, жұмыс iстеуi үшiн өте көп жұмыс қажет етедi.

Бiрiншiден, кiтапхана орналасқан жайға күрделi жөндеу жұмысын жүргiзу қажет.

Екiншiден, кiтапханадағы кiтап қорын толықтыру қажет.

Үшiншiден, кiтапхананың жұмыс iстеуiне қажеттi жабдықтармен қамтамасыз етiлуi керек.

Қазiргi күнi Мәдениет басқармасымен аталған кiтапхананы құрудың тұжырымдамасы жасалып жатыр. Тұжырымдама бекiтiлгенде жергiлiктi бюджеттен қаражат бөлу үшiн тамыз айында қалалық Мәслихат сесиясының қарауына енгiзiледi.

Кiтапхана толығымен жоғарыда аталған iс-шаралар (жөндеу жұмыстарын жүргiзу, тиесiлi жабдықтар мен кiтап қорын толықтыру) жүзеге асырылған соң өз қызметiн бастайтын болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *