Маған команда­ның құрамында соншама легионерлердің ойнағаны ұнамайды

Алматыға Олимпиада чемпионы, баскетболдан КСРО құрамасының үздік ойыншысы, Мюнхен Олимпиа­дасында алғаш рет  АҚШ  коман­дасын жеңген  Әлжан Жармұхамедов келді. Ақпараттық және спорттық ХАБ тілшісінің аңызға айналған баскетболшымен «Движение вверх» фильмі, Қазақстан мен Ресейдегі баскетбол, жоспарлары мен отбасы туралы сұхбатын ұсынып отырмыз.

 

– Әлжан Мұсұрбекұлы, Қазақстанға қош келдіңіз! Қай мақсатпен келгеніңізді айтып өтсеңіз?

– Біз Иван Едешкомен балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері ара­сында өтіп жатқан баскетболдан «Үміт кубогы» Қазақстан чемпионатына келдік. Турнирге қатысу туралы ұсынысты қуана-қуана қабыл алдық. Өйткені, ата-ана махаббатынсыз өскен балаларды қолдау, оларға көмектесу біздің міндетіміз. Мен әкемнің Отаны – Қазақстанға келгеніме әрқашан қуанамын. Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, балалардың мақсаттарына қол жеткізуіне септігін тигізеді деген ойдамын.

– «Движение вверх» фильмін көргенде, қандай әсерлерге бөлендіңіз?

– Ең бастысы, ол барлығына ұнады және фильмнен кейін Қазақстан мен Ресейде  балалар мен жасөспірімдердің бас­кетболға деген қызығушылығының артқа­нын байқадық. Ол өте жақсы түсірілген, қызықты әрі тартысты.

– Шын мәнінде, барлығы сол фильм­дегідей болған ба еді?

– Мені студияға шақырып, сол матч пен оның алдындағы оқиғалар туралы сұрастырды. Мен есіме түскен сәттерді айтып бердім. Бұл көркем фильм, көрер­мендерге қызықты болу үшін ойдан шыға­рылған эпизодтар бар. Бірақ сол матчты, соңғы үш секундты керемет түсіріп, көрерменге жеткізген.

– Қазіргі таңда немен айналысасыз?

– Әзірге балаларды жаттықтырамын, бапкермін. Бір аптадан кейін демалысқа шығамын. Жас кездегідей белсенді түрде жұмыс істеу өте қиын. Балаларды жаттықтыру үшін жан-тәнімен берілу қажет.

– Ұлыңыз әкесінің жолын қуып, ісіңізді жалғастыруда, ол туралы кішкене айтып берсеңіз?

– Ол да Мәскеуде бапкер болып жұмыс істейді. 2012 жылы жазғы  Олимпиада ойындарында Ресей құрамасының бапкері болды. Олар сол кезде үшінші орынды иеленіп, елге қола жүлделерімен оралған. Қазір менімен бірге Алматыға келді, қазақстандық бапкерлер үшін семинар өткізіп жатыр.

– Қазақстандық баскетболдың болаша­ғы қандай, біздің баскетболды көресіз бе?

– Шыны керек, уақыт жоқ. Бірақ Астананың кейбір матчтарын көргенмін, жақсы спортшылар бар. Маған команда­ның құрамында соншама легионерлердің ойнағаны ұнамайды. Мұндай жағдай Ресейде де орын алады. Олар ел намысын қорғайтын ойыншылардың уақытын алып, оларға өсуге мүмкіндік бермейді.

– Жастық шағыңызға оралып, есте қалған сәттермен бөліссеңіз?

– Әрине, ол Олипиада ойындары, менің алғашқы Олимпиадам болатын. Алғаш рет әлемдік баскетбол тарихында болған маңызды оқиға, біз американдықтарды жеңіп, чемпион атандық. Ал оған дейін американдықтар ешқашан жеңілмеген болатын. Сондықтан бұл мен үшін ең қымбат, есте қаларлық матч. Олимпиада чемпионынан артық атақ жоқ. Сонымен қатар,  1971 жылы өткен Еуропа чемпио­наты. Менің сәтті ойыным финалда біздің командаға жеңіс алып келген еді. Мұндай сәттер мен оқиғалар көп болды, бірақ оның бәрі өтті де кетті.

– Сіздің ойыңызша, сіз сияқты жетіс­тіктерге жету үшін жас баскетболшыларға не жетіспейді?

– КСРО ыдырағаннан кейін бапкер­лердің жалақысы күрт азайып, оларға басқа жұмыспен айналысуға тура келді. Әрине, осыған орай, ойыншыларды дайындау жүйесі де бұзылды. Қазір оны қайта кел­тіру үшін уақыт қажет. Жақсы ойыншыны тәрбиелеу үшін 10–15 жыл керек. Сонымен қатар, бапкерлер, федерация мен мемле­кеттік жүйе арасында өзара әрептестік болу қажет. Мемлекет ел денсаулығы туралы ойлап, қолдау көрсету керек.

– Ал баскетболшы қандай қасиеттерге ие болу керек?

– Спорт намысшылдарды ғана қажет етеді, кез-келген спортшы чемпион бол­ғысы келеді. Мақсатсыз ештеңе шықпайды, ал оған жету үшін жұмыс істеу керек. Қазақстандық баскетболшыларға алға қойған мақсаттарына жетіп, жоғары жетістіктерге жетулерін тілеймін.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *