Мақал ата

Жанболат АУПБАЕВ, Журналист

– Ассалаумағалейкүм!

– Уағалейкүмассалам! Молда бол, қарағым. Төрге шық.

Үй иесі осы сөздерді айтты да, бетіме барлай қарап, есіне әлденені түсіргендей болды. Сөйтті де: «Бұдан жиырма жыл бұрын көргенімде түбіт мұртты, үркек көзді, тырыли арық қара бала едің, ә, – деді ойлана тіл қатып. – Енді міне… Иә… Өзгер­меген тек тарамыс денең ғана», – деп қуақылана жымиды.

Мына сөзді естігенде, бүйрегім бүлк ете түсті. «Зердесі не деген мықты еді бұл кісінің? Сонау қоян жылғы қызық қылық, қате қадамымды калай ұмытпаған?», – деп ойладым ішімнен. Сөйттім де, ақсақал ақынмен ең алғаш кездесіп, танысқанымды есіме алдым.

1973 жылдың желтоқсан айы еді. Республикалық жастар газеті «Лениншіл жасқа» жаңадан жұмысқа орналасқан кезім. Көкбазардың қарсы бетіндегі тоғыз қабатты Баспасөз үйінде сол жылдары қазақтың кіл мықты марқасқалары қызмет істейтін. Атап айтсақ: Құрманбек Сағындықов, Төлеубай Ыдырысов, Балғабек Қыдырбекұлы, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Сейдахмет Бердіқұлов, Фариза Оңғарсынова, Қалдарбек Найманбаев… Бәрі-бәрі де осында еді. Былайғы жұрт «кіші Жазушылар одағы» деп атап кеткен аталмыш мекемеге жоғарыдағы ағалары­мызбен бірге кіріп, бірге шығып жүрдік. Сонда осы кісілердің сұсы баса ма, жоқ әлде мысы баса ма, білмеймін, әйтеуір өз басым оларды көргенде, сәлемдесуден тайсақтап, қорғалақтап, ыңғайсыз күйге түсетінмін де қалатынмын. Тумысынан бұйығы, тұйық боп басылып өскен ауыл бала­ларының көбіне тән осындай кісікиік, тағы мінезден арылтқысы келді-ау деймін, Бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов редакциядағы бір жиналыс­та: «Бізде Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаев сияқты үлкен ақындарымыздың өзін көзге ілмей өте шыға­тын жігіттер пайда болыпты. Бұл жарамайды. Аман­дасуға да кісі ұяла ма екен? Ондай жасық­тықты қойыңдар», – деп бұдан былай кім-кімнің де болсын бойынан мұндай әбестіктің қайталанбауын ескертті.

Әңгіменің өзім туралы болып отырғанын ішім сезген мен жиналыс үстінде де, одан кейін де не істерімді білмей, қатты қысылайын. Ақыры жасы­рынып жүріп жан сақтай алмасымды біліп, тоғызыншы қабаттағы «Балдырған» журналына барайын. Бас редактор болып жұмыс істейтін Мұзағаңа кірейін. Ол кісіге өз тарапымнан бір кемшіліктің кеткенін, мұның бөтен ой, жаман пиғылдан емес, тырнақалды туындымды жаңа жазып жүрген жас тілші менің есімдері елге танылған таланттармен тереземді тең ұстап сөйле­сіп, сәлемдесуге әлі ерте-ау деп именуден барып туған ағаттық екенін тілімнің жеткенінше түсіндіріп айтайын. Мұны естіген Мұзағаң ішек-сілесі қатқанша күліп, мәз болсын кеп.

– Дәл осындай жағдай ертеректе менің басым­нан да өткен қарағым, – деді ол кісі. – Оқасы жоқ. Өмірде бәрі де болады. Сөйтті де: – Жүр, бойың үйренсін, сені ақын-жазушы ағаларыңмен таныс­тырайын. Есіңде сақта, ұстазым Мұқан Иманжа­новтан алған тәрбием бұл, – деп көрші бөлмедегі өзінің жауапты хатшысы Тұмағаңа, Тұманбай Молдағалиевке ертіп апарды. Одан соң «Білім және еңбектің» Бас редакторы Қалдарбек Найманбаевтың кабинетіне кіріп, танысу рәсімін жасаттырды. Қайтып келе жатқанымызда «Қазақстан комму­нисінің» бөлім меңгерушісі Төлеубай Ыдырысов кездесе қалсын. Жолбасшым ә дегеннен-ақ «Ленин­шіл жастың» жаңа қызметкері екенімді айтып, ол кісімен де қол алыстырып жіберді.

Міне, содан бастап Мұзағаң екеуміз жақсы таныспыз. Бұл таныстық келе-келе аға мен іні арасындағы сыйластық, рухани тұрғыдағы сырлас­тық қарым-қатынасқа ұласты. Ал соңғы кездері ол кісі менің тіршілігіме тілектес, жақсылығыма жанкүйер жандардың біріне айналды десем, еш қателеспеймін. Содан болар, аяулы аға жетпіске толады деген хабарды естігенде, өзімен тағы бір рет жүздесіп, қаламгердің өскен ортасы, әдебиетке келу жолы, өлең мен аударма, зерттеу салаларындағы ізденісі, өмірлік тәжірибесі жөнінен сыр суыртпақтауға және осы арқылы творчест­волық лабораториясымен жақсылап тұрып танысуға келіп тұрған бетім ғой баяғы.

– Сөйле, батыр, – деді үй иесі жоғарыдағы жайттарды есіме түсіріп, терең ойға шомып кеткен маған барлай қарап. Не деп сөйлейін… Қарт кісіні орынсыз мазалап, әуре-сарсаңға салмас үшін осы қажет болар-ау деген сұрақтарымды дайындап, тасқа бастырып әкелген едім. Соларды жайымен алдына қойдым да жауабын тостым.

– Алғашқы сауалыңда: «Сіздің бойыңыздағы әсемдік, сұлулық, сезімталдық әлемі – ақындық та­лант пен құдіретті қара сөз өнерінің қайнар көзі – мақал-мәтелдерге деген қабілеттің қалыптасуына негіз қалаған не нәрсе деп ойлайсыз?» – дейсің, ә. Оған әсер еткен, – деді әңгіме иесі, – ең алдымен менің алтын бесік – атамекенім Маралдының шырышы бұзылмаған арда табиғаты мен көз жанарыңды суырып әкетердей әсем көрінісі деп айтуыма болады. Бір шеті Сібірдегі Құлынды даласымен шектесіп, екінші шеті Арқаның ақселеулі аймағына сұғына еніп жатқан бұл өңір бала күнімде қыз күлкілі бұлақтары сылдырай ағып, құлын жоны көрінбейтін көкмайса шалғыны самал желмен толқындана тербеліп тұрар еді. Бәрінен де Марал­дының дуадақ ұшқан дарқан даласы мен топырағы тоңмайдай томырылған құнарлы қырқаларын айтсайшы… Міне, осындай өңірде өмірге келген адам қалай ақын болмасын? Егер біреу: «Жыр әлеміне келер жолда кімге қарыздарсыз?» – десе, онда мен еш ойланбастан: «Қасиетті туған жеріме, оның қиялыма қанат бітірген сұлу да әсем табиғатына борыштармын», – деп жауап берер едім.

Содан кейін… иә, содан кейін менің өлең өлкесіне қадам басуыма анам Зейнептің үлкен ықпалы болғандығын атап айтқым келеді. Сәби кезден есте сақталып қалған бір елес мынадай: шешем үйде іс тігіп отырып та, ауыл іргесіндегі тоғайдан шөмшек теріп жүріп те ән салудан әсте жалықпайтын. Тумысынан ақынжанды, өнерпаз. Ол кісі сондай-ақ, халық ауыз әдебиетіндегі қисса-дастандарды да нәшіне келтіріп жатқа айтушы еді. Сенесің бе, өмірде Абай деген ұлы адамның болғанын тұңғыш рет мен өз анамның аузынан естіп, пайғамбар ақынның әнге жазылған өлеңдерін сол ғазиз жаннан тыңдаған жайым бар. Шешемнің Абай атамыздан кейінгі маған айтқан тағы бір ақыны да әлі күнге жадымда. Ол – Сәбит Дөнентаев болатын. Жә… осы жайттарды сөз ете отырып, айтайын дегенім мынау: жас жеткіншектің жан дүниесіне рухани нәр мен нұр беретін нәрсе ананың ақ сүті, ананың әлдиі, ананың бесік жыры мен ананың айтқан әңгімелері дер едім. Сондықтан да бұл жағынан уыздығы жарыған мен өлең кітаптарымның бірінде: «…Құйдың мол құлағыма қазақ жырын. Жырла деп жан тебіренте жақсы күнді», – деп толғанғаным бар. Мұны асыл анам Зейнепке ақ жүрегіммен айтқан алғысым деп ұғуға болады.

Сөз өнеріне деген менің бойымдағы құштар­лықтың оянуына әсер еткен үшінші бір жағдай деп өзім туып-өскен Қызылағаш ауылындағы ділмар қарттарды, әкем Айтмағамбеттің құрбы-құрдас­тарын айтуыма болады. Біреуі – бақпа, екіншісі – ақпа, үшіншісі – лақпа бұл кісілер сөйлеп кеп кеткенде «Еңлік-Кебектегі» Нысан абыз бен Еспембет бидің монологын тыңдағандай әсерде қалушы едік. Сондай-ақ, күнделікті ауыл тіршілігіндегі оқиғалардан туындап жататын тапқыр да ұшқыр, ойлы сөздердің өзі біз үшін үлкен бір мектеп болатын. Мәселен, аты Маралды атырабына мәлім шешен Бәстемидің Мағауиясын алайық. Бір күні Сәдуақас деген замандасы Мәкеңнің үйіне келсе ол кісі терезеге жақтау жасап жатыр екен. Алпыстан асқанша адам боп үй шаруасына араласып көрмеген Мағауияның мына кәсібіне таңғалған құрдасы: «Төрелігің мен серілігіңе басып ғұмыр бойы бір шеге қағып көрмеп ең. Мына өнерді қашан, қай жерде үйренгенсің?», – деп қағытады. Сонда ділмар Мағауия: «Әй, Сәдуақас-ай, осыны да білмейсің бе? Көз бен қол көңілдің жалшысы емес пе?», – депті. Мұндай тапқыр әңгіменің көбі Әбдіразақтың Боранбайына телініп айтылатыны да әлі есімде. Соның бірі мынау: «Боранбайдың ақын-жырау, әнші-күйшілерді жинап, қонақасы беріп жіберетін әдеті екен. Содан әбден ығыр болған бәйбішесі: «Осы сен неменеңе жетісіп ақын жинай бересің?», – деп кейіпті. Сонда қара тілге келгенде қанжардай отағасы: «Мен ақын жинап жүрген жоқпын, ақыл жинап жүрмін», – деп әйелін бір ауыз сөзбен тыйып тастапты. Көрдің бе, қандай әрлі де, нәрлі әңгімелер? Осыдан кейін қалай ғана сөз өнерін қадір тұтпассың, қастерлемессің. «Шие шиеге қарап рең алады», – дейді халық даналығы. Ендеше, менің өлең мен сөз өнеріне талаптануым өскен ортама қарай бой түзегеніме байланысты болғаны анық.

Мұзағаң осы сөздерді айтты да, сәл үнсіз қалды. Содан соң стол үстіндегі көзілдірігін алып, манағы мен берген қағаздағы келесі сұраққа үңілді. Ол: «Сіздің ең алғаш жазған, баспа бетінде тұңғыш рет жарық көрген туындыңыз есіңізде ме?», – деген әуесқойлық сезім мен танымдық тұрғыдан туындаған сауал болатын.

– Е, неге есімде болмасын… Есімде. Менің тырнақалды шығармам осыдан 54 жыл бұрын, 1939 жылдың 18 маусымында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген болатын, – деді әңгіме иесі бұған бірден сақ еткізіп жауап беріп. – Оның жариялануының өзі қызық оқиға. Педучилищеде оқитын кезім. Редакцияға өлең апарамын. Шықпайды. Тауаным қайтып, тауым шағылып жүрген сондай күндердің бірінде: «Мына туындың бізге ұнады. 18 маусым – пролетариаттың ұлы жыршысы Максим Горькийдің қайтыс болған күні ғой. Соған орайластырып әзірлеп берейік», – деді облыстық газеттің әдебиет бөліміндегі жігіт ағасы. Алақайлап кеп қуанайын. 17 маусым күні кешкісін Павлодардың Ленин көшесіндегі баспахана терезесіне кеп төндім. Бір машина газет басып жатыр екен. Жүрегім лүп ете түсті. Қараймын, бұл «Большевистский путь». Келесі кезек «Қызыл тудікі». Сарғайып соны күтейін. Бірақ неге екені белгісіз, қас қарая іштегі тарсылдаған машина тоқтады. Тіл қатып, біреуден сұрап алу қайда: те­резе әйнегі қалың болғандықтан даусың естілмейді. Ұнжырғам түсіп, жатақханаға қайттым. Ертеңіне таң аласақтан оянып, тағы да баспаханаға қарай тартайын. Ешкім жоқ, әлі тыныштық. Әлден уақыт­та тысқа бір жігіт шықты. Сұрап ем: «Газет ба­сатын машина қирап қалды», – деді. Сорым-ай. Ертеңінде де есіл уақытым зая кетті. Келесі, яғни 21-і күні сәскеде терезе әйнегіне мұрны жабысқан мені көріп аяп кетті ме, әйтеуір іштегі бір жұмысшы жігіт: «О, не?», – дегендей иек қақты. Даусымды естімейтінін білдім де, кітапқабымнан қағаз алып: «Қызыл ту», 18 маусым қайда?», – деп жазып әйнекке қыстырып ем, іле: «Бүгін», – деген қиқы-жиқы әріптегі жазуды оқыдым. Тағы да сарғайып отырып тосайын. Кеш бата бере тарсыл-гүрсіл басталды дейсің. Көзіме ыстық «Қызыл ту» машинадан аударылып түсіп, қатталып жатыр. Ішке кіргізбейді, газет сұраудан қорқамын. Біраз тұрып, неде болса ертеңгі күнді күтуге тура келді. Таңертең шыдамым жетпей, қасымдағы Ерғали Ғалымжанов деген жігітті жұлқылай оятып: «Бүгін менің өлеңім газетке шығады», – дедім дегбірсізденіп. «Әу, Әлімбайдың немересі, түс көрдің бе, бұл не қылған әулиелік? Басылғанын өзің көрмей жатып, сүйінші сұрағаның қалай?», – деді ол аң-таң қалып. Екеуміз орталық көше бұрылысындағы киоскіге жарыса жеттік. Кезегім келгенде: «Қызыл тудың» 2 данасын беріңіз», – дедім аптығып. Ала сала ашып кеп жібергенімде, үшінші беттегі «Горький» деген өлеңім көзіме оттай басылды. Ерғали сезімтал еді, бас салып бетімнен сүйіп жатыр. Он алты жасымда тұңғыш рет жарық көрген туындымның тарихы міне, осындай қарағым. Шынымды айтсам, ол күні менің қолтығымды жел кеулемеді, қайта иығымда жүк тұрғанын сезінгендей едім. Сол сәтте мұның жауапкершілік жүгі екенін білдім-ау деймін. Содан бастап бұл сезімнен ажырап көрген емеспін.

Үй иесі осы сөздерді айтып болған кезде менің ойыма аяқ астынан бір сауал сап ете түсті. Ол бұл кісінің жас кезінде есімдері қазақ еліне мәлім жерлестері Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Естай Беркімбаев, Майра, Иса Байзақов сияқты сом алтынның сынықтарын көрді ме екен, көрсе олардың бойынан кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге боларлық нендей қасиеттерді байқады екен деген қызығушылық сезім болатын.

– Мәшһүр Жүсіп Көпеевті көргенім жоқ, – деді Мұзағаң жоғарыдағы сауалымды асықпай тыңдап алып. – Бірақ сөз орайында айта кетейін, Павлодардағы педучилищеде мен ол кісінің немересі Қонақпен бірге оқыдым. Сабаққа алғыр, зейінді жігіт еді. Атасының ауыз әдебиеті үлгілері жиналған «Мес» кітабы осы Қонақтың қолында болатын. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол майданға аттанды. Сонда опат болғанын кейін естідім.

Ал Естай мен Исаны көрдім. Алдымен Естай туралы айтайын: 1939 жылы облыс ақындарының слеті өтті. Оған Алматыдан белгілі ақын Жұмағали Саин келді. Слетке қатысушылардың ең жасы үлкені – аты бүкіл Қазақстанға белгілі Естай Беркімбаев та, ең кішісі – он алтыдағы жас талапкер мен едім. Екі-үш күнге созылған жиыннан соң танымал таланттар өнерлерін көрсету үшін сахнаға шықты. Естайды міне, тұңғыш рет сонда көрдім. Қазір ойлап қарасам, ол кісінің «Хорлан» әнін қоңырлатып айтып бергені ғана есімде. Басқасы жадымда жоқ… Көз алдыма келтіре алмаймын.

Содан соң… иә, содан соң 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін бір апта шамасында Семей қаласында халық ақындарының облыс­аралық байқауы өткені бар. Оған Павлодардан үлкен өнерпаз Естай Беркімбаев, әйгілі әнші Балабек Ержанов және жас ақын мен боп бардық. Бұл жолы да Есағаңмен жақын таныстым деп айта алмаймын. Байқағаным, аузына берік – бақпа. Мінезі – салмақты. Құс ұйқы, құс тәбет, талғампаз. Өз әндерінен басқа туындыларды айтпайды екен.

Сол жылдың шілде, әлде тамыз айында ғой деймін, Естай Беркімбаевпен үшінші рет кездесіп, ол кісімен екі айдай сапарлас болудың сәті түсті. Бұл Павлодарда мәдени-үгіт бригадасының құрылып, республикамыздың орталық, шығыс облыстарына өнер көрсетуге аттанған кезі еді. Оның құрамында мен де бар болатынмын. Міндетім – конферансье. Міне, сонда ғой, қазақ романсының шырқау шыңы – «Хорлан» әнінің авторымен өте жақын танысқаным. Ол қыран көз, қызыл шырайлы, сыптығыр денелі кісі болатын. Кіді де сыпа қарт еді. Әңгімені өте әдемі айтатын. Жас кезінде Біржан сал мен Ақан серіге, Жарылғапбердіге ілесіп, Арқаны ән мен күйге бөлеп жүрген күндерін еске алғанда жүзі ерекше нұрланып кетуші еді. Бір басында үш бірдей ғажайып өнері бар: композитор, ақын әрі әнші бұл кісі сол кезде жетпіс бір жаста болатын. Соған қарамастан қимылы ширақ, ойы да сергек көрінуші еді бізге.

Енді Иса туралы бірер ауыз сөз. Павлодарда бес-алты жасар кезімде шала-пұла көрген бұл жыр дүлдүлін мен 1941 жылы Семейде қайтара ұшыратып, оның өлеңді оңды-солды сілтейтін суырыпсалма қабілетіне таңғалғаным бар. Қалай дейсің ғой? Халық ақындарының облысаралық осы байқауында барқыт тақиялы бала ақын Нұтфолла Шәкенов: «Иса аға келіпті дейді. Қайтсек те көріп қалайық», – деп маған сыбырлаумен болды. Бірақ ол кісі жиында тіпті төбе көрсетпей қойды. Байқаудың соңғы күні Абай музейінің іргесіндегі қонақүйде Сапарғали, Төлеу, Нұрлыбек сияқты аға ақындардың әңгімесін тыңдап, қымыз ішіп отырғанымызда есіктен дабырлай кірген бір-екі адамды көрдік. Қаршыға бітімді, өткір көзді, шапаты жігіт ағасы табалдырықтан аттай бере төрде отырғандардың біріне: «Ә, сен өзің осында отыр­мысың? Мен екем ғой оп-оңай шоқыр құсың»… – деп өлеңдетіп тиісе жөнелді. Содан соң төменірек отырған жыраулардың бірінің домбырасын қолынан жұлып алып: «Қараңдар домбыраның еркесіне. Ақынның шығып алды желкесіне… Тоғайдың жаман-жұман шәлдірігі. Даланың тең түспекші серкесіне», – деп одан әрі ағызды-ай дейсің. Сол сәтте ақсақал ақын Сапарғали Әлімбетов: «Оу, Исажан, ақылың бар еді ғой… Сабаңа түс, қасыма отыршы қарағым. Нұрлыбекке базынаң болса, кейін айт», – деп еді: «Сапаш ағам айтты ғой, Сапаш ағам. Бітті, мен қойдым. Әйтпесе…», – деді де үлкендермен сәлемдесуге көшті. Осы көріністен мен Исаның өр мінезді, тәкаппар, намысқой ақын екенін, бірақ жасы үлкен ағаларының алдында інілік ізетті де сақтай білетін кішіпейілділігін аңғарғандай болдым. Содан көп ұзамай майданға аттандым. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де әскер қатарынан босай алмай, 1948 жылы әрең деп елге оралғанымда Иса ақынның Жеңіс күніне екі ай қалғанда қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырдым.

– Ұлы Отан соғысы демекші, сіз сол сұрапыл күндердің куәгерісіз. Ендеше, сөз орайы мен әңгіме ретіне қарай біз бұл тақырыпқа да тоқталып, майдандағы өміріңізге, творчествоңызға соға кеткеніміз жөн шығар деп ойлаймын.

– Оның дұрыс, қарағым. Бірақ осы арада бір ескерте кететін жайт бар. Өз басым әскердегі өмірім мен шайқас күндерінде туған өлең-жырларым туралы әр жылдары жарық көрген «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен» деген кітаптарымда жеткілікті жаздым ғой деп ойлаймын. Мұның сыртында 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында өздеріңдей газет тілшілерінің өтінішіне байланысты аталмыш тақырыпты әр қырынан алып, қадір-халімше баяндап беріп келе жатқан жайым тағы бар. Сондықтан олардағы ой мен оқиғаларды қайталап жатпай, менің творчестволық лабораториямдағы бұған дейін көп сөз болмаған басқа бір тың сауалға жауап іздеуге көшсек. Мәселен, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді тауып жинау, оларды жүйеге түсіру туралы айтуды өтінген мына бесінші сұрағың… Ол маған ұнайды. Әңгімені осыдан бастап қайта жалғастырсақ… Бұған қалай қарайсың?

– Жақсы. Келістік.

– Жасыратын ештеңесі жоқ, кейде: «Осы Мұзафар  мұқым қазақтағы мақал-мәтелді қайдан біле береді?» – деген әзілді де жиі естіп қаламын, – деді үй иесі. – Мұның таңдай қағып таңырқамаса да, қағытқысы кеп жүретін құрбы-кұрдастарымның сөзі екенін жақсы түсінемін. Осындай әңгімелерді естігенде: «Бұл замандастарым қарапайым шындықтың өзін көп біле бермейді-ау», – деп ойлаймын. Неге дейсің ғой? Мақал-мәтелдерге, нақылдарға менің бір табан жақындығымның құпиясы тым қарапайым. Тұңғыш естіген не оқыған нәрлі сөздерді еш уақытта ескерусіз қалдырмаймын. Қойын дәптеріме түртіп аламын. Қайталап оқимын, зерделеп қараймын. Поэтикалық тұрғыдан алып қарағандағы салмақтылығы неде – соны анықтай­мын. Осыдан кейін барып алфавиттік каталогыма жүйелеп жазып, жаңасын іздеуге кірісемін. Мысал керек пе, айтайын.

Осыдан біраз жыл бұрын Павлодар облысын­дағы Краснокут ауданына барып, аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы, менің бала күнгі досым Сату Баймағамбетовтің үйінен дәм таттық. Шешей әлі тың екен. Ол кісі әңгіме арасында: «Баяғыда біздің ауылда бір ақын жігіт өзінен жасы үлкен қызға ғашық болып, қасіретке ұшырады», – деп сөз бастады. «Өзінен үлкен қызға ғашық болғаны несі екен?», – деп отырғандардың дегбірсіздеу біреуі сөзге араласып еді, шешей: «Е, қарағым, оның несіне таңданасың? Ақыл басқа қарамайды, ғашықтық жасқа қарамайды», – деп бір тың ой тіркесін айтып салғаны. Мұны естіген мен: «Апа, мына сөзді өзіңіз айтып отырсыз ба? Кімнің нақылы? – дегенімде: «Бұл ертеден бар ескі сөз. Бала кезімде естіген болатынмын», – деп жауап берді шешей.

Міне, керемет сөз керек болса!

Қанатты сөздер мен нақылдарға назар аудару барысындағы мына бір оқиға да есімде. Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы қарт мұғалім Әлқуат Қайнарбаевпен мен 1969 жылы күзде таныстым. Сол аудан шаруашылығын аралаған сапарымызда бізбен Әлекең үш-төрт күн бірге болып, көп-көп әңгіме шертті. Сөзді аялай, құрметтей білетін жан екен. Қарт өз айтуынша, Қазақстан Республикасының Ғылым академия­сындағы қолжазба қорына 110 мың жолдай ауыз әдебиетінің үлгілерін өткізген. Ойлап қарағын: қандай қыруар еңбек, күш-жігер десеңші бұл. Кейін білдім, сол Әлекең сөз баласын теруші ғана емес, өзі оны егуші де екен. Астанаға оралған соң ол кісіден жазып алған көптеген мақал-мәтелдерді «Мәдениет және тұрмыс» журналына жариялат­қаным бар. Олар: «Түйілген адамның тілі байланар. Адасқан адамның басы айналар». «Білім биіктің басында. Ақыл аяқ астында». «Түлкіні құрылған қақпан ұстамайды. Құруын тапқан ұстайды», – деген жұп-жұмыр мақалдар еді.

Байыптап қарасаң бұл да жетік сөз. Жетелі сөз. Автордың төлтумасы.

Мұзағаң осы сөздерді айтты да, сәл үнсіз қалды. Содан соң менің: «Айтыңызшы, өлең қалай жазылады? Ол өмірге оңайлықпен келеді деп ойлайсыз ба? Бұл жөніндегі өз тәжірибеңізден түйген тұжырымыңыз…», – деп басталатын келесі сұрағыма жауап беруге ыңғайланды.

– Өлеңнің өмірге келуі әрқалай, – деді үй иесі жөткірініп қойып. – Өз басым көбінесе оған болат өзектей болар мазмұн, поэтикалық ой таппай кіріспеймін. Алдымен неден бастап, қалай өрбітерімді, немен түйін жасарымды тұспалдау, жорамал түрінде анықтап аламын. Содан кейінгі шығарманың қандай ырғақпен, қай көлемде жазылатындығы іздену, толғану үстінде белгілі болады. Мұндайда тағы бір нәрсені ескеру керек. Ол сенің өмірге келтірген өлең жолдарыңның бәрі де жазып отырған туындыңның тұлғасына клетка боп біте бермейтіндігі. Ойлану, толғану барысында талай-талай жанама, қажетсіз сөздер де жазылуы мүмкін. Оларды өшіресің, қайта жазасың. Өлеңнің ұзын-ырғасын салуға тырысып отырып, ақыры оның өзіңнің көңіліңдегідей желісін тартасың да, композициялық қабырғасын қалап шығасың. Сөйтіп, осындай еңбектенудің арқасында сенің ақындық ой-ізіңнің бәрі қағаз бетіне түседі…

Мойындау керек, бірден өмірге келе қоймайтын, оңайлықпен жазыла салмайтын, тез бітпейтін поэзиялық туындылар да болады. Мысалы, 1955 жылы сорабын сала бастаған «Құрбымның күнделігі» деген поэмамды 1958 жылы әзер аяқтаған жайым бар. «Естай-Қорлан» дастаны туралы да осыны айтуыма болады. Оны мен 1962 жылы бастаған едім. Алты жыл еңбектеніп жүріп 1968 жылы аяқтап шықтым. Аударма саласында да сондай қиындықтар болады. Бұған мысал ретінде бірде Генрих Гейненің сегіз жол өлеңін тәржімалау үшін табандатып алты сағат отырғанымды айтсам, соның өзі жеткілікті ғой деп ойлаймын.

Осы арада айта кететін бір жайт, өлең жазғанда қиналатын жалғыз мен ғана емес сияқтымын. Орыс ақыны Е.Шевелеваның «Сәуірмен сырласу» деген жыры 1939 жылы басталып, 1969 жылы жазылып бітіпті. Әрине, бұдан бір өлеңді 40 жыл жазуың керек деген ұғым тумауға тиіс. Әңгіме сөзіңнің иін қандырмай елге ұсынбау турасында дер едім. Мұндай жағдай оқыс ойлы, адуын да асқақ үнді ақын Олжас Сүлейменовтің де басында болған. «Мәскеудің Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүрген кезім еді, – деген болатын ол бірде. – Бір өлең үшін аттай бір жарым жыл еңбектендім. Маған «Огонек» журналындағы поэзия бөлімінің меңгерушісі, қатаң редактор Анатолий Кудрейко тап болды. Бұл баяғыда Маяковскийдің атақты өлеңіне аты іліккен ақын еді. Мен Кудрейконың алдына сан рет бардым. Ол бір жарым жыл ішінде әр жолымды қаншама қайта жаздырды, қаншама сөзді саралатты десеңші? Ақыры жақсы өлең дүниеге келді».

Осыдан кейін Мұзағаң да, мен де бір сәтке үнсіз қалдық. Сағатыма қарадым. Әңгіме-дүкен құрғанымызға бес сағаттай уақыт болыпты. Бұдан әрі қарт кісіні қинамас үшін қалған екі-үш сұрақты ауызекі түрде жеделдете қоюыма тура келді.

– Бүгінгі күнге дейін қанша кітабыңыз жарыққа шықты?

– Поэзия, эссе, зерттеу… Бәрін есептегенде, – 45. Төл туындыларым 38 тілге аударылған. 300-дей ән өлеңдерінің авторымын.

– Жаңа бір әзірдегі әңгіме арасында жеке кітапханаңызда 9 мыңдай кітаптың бар екенін айтқан едіңіз. Солардың ішіндегі өзіңіз ерекше жақсы көріп, бағалайтыныңыз қандай шығармалар?

– Сөздіктер. Олар елу томды құрайды. Мұның ішінде орыс сөздігінің атасы Дальдың көзі тірісінде жарық көрген өз сөздігі де бар. Оны мен 1951 жылы Мәскеуде «Букинист» дүкенінен сатып алған едім. Қызығын күні бүгінге дейін көріп келемін.

– Сізді күнделік жазады деп естиміз…

– Иә. Ол өзі үш түрлі. Біріншісін күн сайын жүргізіп отырамын. Екіншісі – апта, ай көлемінде болған қызықты оқиғалар, есте қалған елеулі сәттер туралы деталь, штрихтарды қамтиды. Үшінші күнделігім… творчестволық құпиям.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *