Мәжіліс депутаты Президент мұрағатында болды

Нұржамал ӘЛІШЕВА
Таяуда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін басшылыққа ала отырып, онда көрсетілген негізгі қағидаларды түсіндіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатовпен кездесу өтті. Жүздесуге «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Қайым-Мұнар Табеев, «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова және Архив өкілдері қатысты.
ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров кездесу барысында Абай Бөлекбайұлының Архивтің қор құрушысы болып табылатынын, оның жеке қорындағы ғылыми еңбектердің негізін Қазақстанның Қарулы күштері тарихы бойынша құжаттар құрайтынын атап өтті. Генерал-лейтенант А.Тасболатовтың фотоқұжаттары әскери тақырыпты зерттеп жүрген зерттеушілерге қызық болары сөзсіз. Ал Архивтің Жинақтау және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Зейнелов А.Тасболатовтың жеке қоры туралы баяндама жасады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов өз сөзінде бес әлеуметтік бастама аясында әрбір қазақстандыққа, әрбір отбасына қатысты тұрғын үй бағдарламасының бірінші орында тұрғанын, сондай-ақ, Халықаралық істер бойынша комитеттің мүшесі ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің, оның ішіндегі Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жұмысы туралы да атап өтті. Сонымен қатар, Парламентте жақында ғана талқыға түскен Қазақстанның архив заңнамасындағы өзгерістерге де тоқталды.
–Тарихсыз мемлекет жоқ, сондықтан архившілердің қызметі маңызды және құрметті. Менің ойымша, еліміздің нағыз патриоттары архивтерде, кітапханаларда және музейлерде жұмыс істейді, – деген А.Тасболатов ерекше ілтипатын білдірді.
Архивке сапар барысында халық қалаулысы Архив құжаттарын цифрландыру, құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету сынды мәселелермен және оқырман залының жұмысымен, Архивтің ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты.