МҰСЫЛМАННЫҢ ҰЛЫҚ МЕЙРАМЫ

Құрбан айт 24 қыркүйекте басталады Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен  Құрбан айттың бірінші күні жалпыхалықтық  демалыс болып белгіленген.

Құрбандыққа қандай мал шалынады?

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ірі қара малды 7 адам бірігіп шалуына да болады. Ал, үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.

Құрбандыққа шалынатын малдың  күй-қоңы қандай бола­ды?

Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

Құрбан шалынатын орын қандай болғаны абзал?

Құрбандық шалған кезде көптеген жайттарға: құрбан шалынатын жердің таза бол­уы­на, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апаруға, құрбан малын құбылаға қара­тып, сол жағымен жатқызуға назар аудару керек.

Құрбандық малды бауыз­дарда қандай дұға оқылады?

Малды бауыздардан бұрын «Иә, Алла Тағалам, досың Ибра­һим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп айту керек. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһаиллаллаһ» деп бауыздайды. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пы­шақ өткір болуы тиіс. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн.

Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның тері­сін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.

Құрбан шалуды қай уақытта

орындаған дұрыс?

Ғибадат Алла Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және белгіленген орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыз­далғаны жөн. Құрбан шалу айт намызынан кейін жалғас­қаны абзал.

Құрбан шалудың уақыты – Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткі­лікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.

Құрбанға сойылған етті қалай

пайдалану керек?

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбан­дығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған мал­дың етін үш бөлікке бөліп-тарату — мұстахап. Бірінші бөлігі – туған-туысқа, көрші­леріне (бай болса да) сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына тиесілі.

Шалынған малдың етін тү­гел­дей кедей-мұқтаждарға тара­туға да болады. Егер құр­бандық шалған адам аса дәу­летті бол­маса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбан­дықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Алла Тағала Құран-кә­рімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құр­банның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедей­лерге жегізіңдер» (Хаж, 22/28).

Құрбан айт намазына қалай киініп  бару керек?

Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, «қабыл болсын» деу арқылы достық пен ағайын­дықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолық­қан адамға ашық жүзбен сәлем­десу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жат­қанда тәкбір айту – хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.)  пайғамба­рымыздың сүннеті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *