МӘСКЕУДIҢ 47 АКАДЕМИГI ЖАБЫЛҒАН

Олжасы бар елдiң олжасы ортаймайды

«Тегiнде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мiнез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектiң бәрi де ақымақшылық» дептi Абай.

Адам баласынан ақыл-бiлiммен озғанның бiрi де – Олжас Сүлейменов.

 Қали СӘРСЕНБАЙ

Жұрт бұл кiсiнi неге жақсы көредi? Әдетте оны жамандап, жақтырмаған болып жүретiндер оның төбесi көрiнгеннен-ақ неге мысы басылып қалады? Бұл сауалдарға жауап беру бiр жағынан қиын, бiр жағынан оңай. Қиыны – күрделiлiкке ұрынып, едәуiр уақыт терлеп қалам тербеуге тура келедi, оңайы – сөз шiркiндi шиырлай бергенше екi-ақ ауыз сөзбен-ақ айтып салуға болады.

Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әли Олжасты неге аударды? Жәй аударып қана қойған жоқ, өте сәттi аударды. Демек, талантты түсiну үшiн талант керек деген мұндайда жәй сөз болып қалады, ол талантты, көзi ашық оқырманның iсi. Бұл жерде талантты адам талантты адамды мүлдем басқаша танып отыр. Атағы онсыз да жер жаратын Қадырға Олжасты аудармаса да қадiрi кемiп қалмайды. Демек, Олжас та жәй көп таланттың бiрi емес, аса талантты адам болып тұр ғой. Оны аудару қазақ әдебиетiне үлкен олжа. Онсыз рухани олжамыз олқы, кемшiн көрiнетiндей ғой.

Оның ақындығы өз алдына, ол ұлан-ғайыр бiлiмнiң иесi. Демек, бiз оны аудару арқылы ой-санамызды биiктетемiз, рухымызды көтеремiз. Оның «Арғымақтары», «Қыш кiтабы», «Аз и Я-сы» тек биiк туынды емес, тұнып тұрған тарих, шежiре ғой. Ал ендi «1001 сөзi» ше? Олжастың өзi қырық жылдан берi жазып келе жатқан бұл кiтабы қашан бiтетiнiн бiлмейдi. Өмiрiнiң басты кiтабы санайды. Еңбекқор, жанкештi… Бұл жағынан да Қадырға жақын. Өзi асқан бiлiмдi Қадырға да Олжас осы қырымен ұнауы әбден мүмкiн.

Мүмкiн деймiз, Қадекең «Иiрiмiнде» бұл жөнiнде иiн қандырып жазады.

«…Олжас – шынында да ғасырда бiр туатын азамат. Талант десең талант, бiлiмдi десең бiлiмдi, ақылды десең ақылды. Димекең оны байқады. Баласындай жақсы көрдi.

Кейбiреулердiң айтуына қарағанда, оны Орталық Партия Комитетiнiң идеология жағын басқаратын хатшысы етiп те қоймақ болған. Бiрақ ол – Мәскеудiң билiгiндегi орын. Бекiтетiн солар. Олжас болса, өте парасатты жiгiт. Ал ондай адам қоғам үшiн қашанда қауiптi. Сондықтан да Олжастай адамды аса жауапты қызметке әкелу оңай соқпаса керек.

…Мен бұрын да тиiп-қашып аударма жасап жүретiнмiн. Бұл жолы Олжас өлеңдерiн тәржiмалауға белдi бекем буып, бiлектi сыбанып, құшырлана кiрiстiм. Аудармашы құл емес. Жуковский айтқандай – бәсекелесiң. Менiң түсiнiгiмде, аударма дегенiң, ең кемiнде, түпнұсқаның деңгейiнде болуға тиiс! Ал түпнұсқадан асып түссе тiптен жақсы! Алдыма осындай биiк мақсат қойған соң, аянбай еңбек ету керек болды. Олжас өлеңдерiн қазақшалау үстiнде екi бiрдей қиындық байқадым. Олжастың тiлi орысша болғанмен, рухы қазақ. Ол өзiнiң осы қасиетiмен орыс оқырмандарын баурап алды. Олжастың пайдалануындағы «Аруақ!», «Айналайын!» деген мүлдем бейтаныс жұмбақ сөздер оқырмандарын құпиялау қасиеттерiмен бiрден елеңдетiп, дуалап тастағандай болды. Ал қазақтар үшiн ол сөздерде құдiрет-күш, ең бастысы оқыс әсерi жоқ. Еттерi үйренген.

Олжас жай ақын емес, психолог ақын. Ол орыс оқыр­мандарына не керек екенiн өте жақсы бiледi. Сондықтан ол қазақтар, қазақ даласы, қазақ тарихы, қазақтың өткен өмiрi, керек жерде экзотикадан да тартынбайды. Мысалы, Махамбет туралы өлеңiнде батыр бiр отырғанда бiр қойдың етiн бiр өзi жеп қоятын едi дейдi. Басқа халықтар үшiн бұл, әрине, қызықты, әсерлi. Бiрақ қазақтарды онымен елеңдете алмайсың. Сондықтан басқаша сурет, басқаша бейне, бас­қаша әрекет, бiр сөзбен айтқанда, көркем балама iздейсiң. Яки түпнұсқадан саналы түрде ауытқисың. Сол өлеңнiң тұсын мен:

О даланың жолбарысы,

Көкжалы,

Көкжал бөрi қай кезде де олжалы! – деп қазақшаладым».

Қалай десек те, жүйрiктiң аты жүйрiк. Басқасының бәрiн былай қойғанда ол ғажайып сценарист. Бiр ғана өлеңiне арқау болған «Атамекендей» көркем фильм бар ма қазiр. «Махам­бет» ше? Оның осы фильмге жазған сценарийiн оқып, аударғандағы Қадыр ақынның көңiл-күйiне тап келгенiм бар. «Әй, мынау Олжас, исключительный талант, «Махамбеттi» сондай құлшынып аудардым» деп едi.

Рас, Олжастың тiлi орысша. Ал рухы ше? Неге ол дала даналығына бас ие бередi? Неге ол даладағы әнге құмар? Неге ол аттан түспейдi? Неге ол қыпшақтарды әуезе етедi?! Неге ол сонау эллиндер, шумерлер, көне түркi, қыпшақтар кезеңiне үңiлiп, көз майын тауысып, сөз төркiнiн iздейдi? Неге ол орыс тiлiндегi түркизмдердi түрткiлей бередi? Неге ол Махамбеттi айта бередi? Оның поэзиясында неге жыраулық поэзияның дәстүрi басым? Осының бәрiн оқыған сайын, түсiнген сайын Олжас орысша жазады деген ойдан алыстап кетесiң. Оны осы кезге дейiн қолдап, қорғап келе жатқан да сол дала рухы, сол болмысы шығар. Тәуелсiздiкке дейiн де, Тәуелсiздiктен кейiн де биiктеп бара жатқан бұл не деген болмыс, неғылған бөлiнбейтiн бiтiм. Парасаты, пайымы ұлттық өреден, деңгейден асып, планетарлық аяға шығып, шығандап кеткен Олжасты кiм не десе де дүние жүзi бәрiбiр қазақ деп таниды.

Мiне, Абай айтқан ақыл, бiлiммен озған Олжастың ордалы ойлары кейде қазақы ұғымға қырын келiп жатса, жата келiп жер тепкiлеп, артынша тез басыла қалатынымыз қалай? Ол Олжас қой деймiз. Кешегi кеңес үкiметiнiң кезiнде нағыз ерлiк жасаған, қазақ рухын аспандатқан Олжас көз алдымызға келiп, Абылайханның күн-түн жорықта жан серiгi болған Олжабай батырдың, Жаяу Мұсаның ұрпағы Олжас қой бұл деймiз де, сол ойға өзiмiздi жеңдiремiз. Сөйтемiз де Олжас болмаса қайтер едiк деймiз. Олжас болмаса рухани олжамыз ортайып қалмас па едi деймiз.

Иә, ол Олжас!

Бiрде осы «Алматы ақшамы» да бұл кiсiнi бiр шымшып өткен. «Осы кiсi де қарап жүрмейдi. Алматының атауында несi бар?» деп ренжiгенбiз. Гәп былай: Қазақтың бiр ұлтжанды азаматы Мақсұт Оразай «Аргументы и факты» апталығымен Алматы атауын Алма-Ата деп жазғаны үшiн соттасты. Әлгi ұлтжанды азамат сотта жеңдi. Осылай деп жүргенде бiр күнi Олжекең «Алматыны орыс құжаттарында «Алма-Ата» деп жазса болады, қазақша Алматы дей берсiн» деп сұхбат бердi. Бiз оған жат та келiп, ашуландық, әрине. Олжекеңнiң кейде осындайы да бар. Оның қазақ тiлiне байланысты әр жылдарда айтып қалатын ойларына қарсы шығып жататын қазақ зиялыларына да үлкен түсiнiстiкпен қарауға болады. Алайда, осының бәрiне ол Олжас қой деп қараймыз. «Қателiк деп, түзетiлмейтiн қателiктi айт» деген Конфуций қағидасын ойла­ғанда өзiн-өзi өзге емес, өзi түзетiп жүретiн Олжасты ойлай­сың. Кешегi бiр «орыс орманы», «орыс қаласы», «орыс қысы», «орыс қайыңы» тiптi, «орыс арағы» деген тiркестер қаптаған заманда соның бәрiне бүкiл түркiлiк рухты қарсы қойып, әлемдiк масштабта сөйлеген тағы да биiк Олжас келедi көз алдыңа. Заманында өзге ұлттың ұлық тұлғалары төрiне шықпақ түгiлi, есiгiнен сығалай алмайтын «Останкиноның» ең әсем жарық залында қырық жасында жасындай жарқылдап, үш сағаттан астам уақыт авторлық кешiн өткiзген Олжасты ойлағанда сол кездегi бодан халқымыздың тағдыры келедi көз алдыңа. Жиырмасыншы ғасырдың соңында Парижде әлемнiң он ақыны таңдалды. Соның бiрi Олжас болды. Болып қана қоймай өлеңдерi Париждiң метроларына, көшелерiне iлiндi. Ал ендi осы таңдауға Олжас пара берiп кiрген жоқ шығар.

Олжасты ендi жақсы көрiп келе жатқанда тағы бiрдеңе деп қоймаса екен дейсiң. Бiрақ бәрiбiр бiрдеңе демей тұрмайды. Әйтпесе, Олжас Олжас бола ма?!

Олжасты бәрiбiр жақсы көрiп тұрасың. Тiптi, Шәкен Аймановты тiлдеген бiр атақты орыс зиялысын, Мереке Майлинды әбiржiткен солдаттарды итше тепкiлегенi, Қонаевтың өзiн, ескерткiшiн құлатпау, қорғау үшiн жан алысып, жан берiскенi, Желтоқсанда алаңға барып жастарға пана болғаны үшiн елжiреп кетесiң.

Ана бiр заманда «Аз и Я-ны» жерден алып, жерге салып, ұлтшыл деген ұғымды қойып «пантюркист» деп айыптап, ұлыдержавалық өркөкiректi ту етiп 9 сағат бойына жиын өткiзген орыстың Лихачев бастаған 47 академигi жабылғанда да жабырқамаған, Желтоқсанның кезiнде Юлиан Семеновтiң саяжайынан пана тапқан, не көрмеген Олжас бұл. Соның бәрi қазақ үшiн десек, бәлкiм, бұл ойымызға келiсiп қаларсыз.

Осының бәрi оған қайдан келдi? Әрине, ұлттық рухтан, болмыстан. «Жаманда тек болмайды, жақсыда кек болмайды» деген. Егер онда туған топырақтан дарыған тек болмаса мұндай қасиет көктен дарымайды ғой.

Борис Ряховский деген кiсi «Олжас өзiнiң кейiпкерлерi – Шоқанның, Гагариннiң, Махамбеттiң жалғасы iспеттi» дептi. Расында да жалғасына айналған жоқ па?

«Қазiр қоғамда тұлға бар ма, жоқ па? Бар болса қайда?» деген сауал көп. Әрине, әркiмнiң өз талғамы, пiкiрi бар. Бар тұлғаның өзiне көзқарас әр түрлi. Олжасқа да солай. Ұлтшыл емес, қазақы емес. Анда-санда ұлттық мәселелерге қарсы шығып жатады дейдi. Талай-талай заманалар тепкiсiн көрген Олжас бұл пiкiрдi де бiрқалыпты қабылдайды. Уақыт өткiзiп барып, орнықты жауап бередi. Шынында да уақыт төрешi ғой бәрiне.

Сафар Абдулло айтқандай, Олжас бiрде «Орыс әдебиетiн орыс халқын сүйiп, құрметтегендей сүйемiн, құрметтеймiн. Бiрақ тiзерлеп отырып сүйе алмаймын» дептi. Демек, ой жасырынып қалып тұр. Ол тiзерлеп отырып кiмдi сүюi мүмкiн. Әрине, өз елiн, әдебиетiн ғана.

«Ұлылар тұйыққа тiрелмейдi, данышпан тұйыққа тiреледi, бiрақ ол тұйықтан шығатын жол табады» дептi Сократ. Демек, Олжас та мүлт кеткен жерiн тез түзеп, тұйықтан шығатын жол тауып жүрген данышпан. Тоқырау деген заманда ешкiмге бас имей, ата-баба мiнезiмен өмiр сүрген тұлға («достойные люди, застойного периода» К.Смайылов) тәуелсiздiк алғаннан кейiн өзгерiп кетуi мүмкiн бе? Мүмкiн емес, әрине.

Көрнектi қаламгер, эстет Сауытбек Абдрахманов «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты авторлық антологияда былай деп жазып едi.

«Әлемде бiр ұлт өкiлiнiң екiншi тiлде жазып, сол ұлт әдебиетiнiң өкiлi болып кеткен мысалдары аз емес. Мысалы, молдаван Антиох Кантемир орыс поэзиясының бастауында тұрған тұлғалардың бiрi саналады, поляк Юзеф Теодор Конрад Коженевский болса Джозеф Конрад деген атпен ағылшын прозасының шеберi ретiнде мәлiм, тағы бiр поляк азаматы Гийом Альбер Владимир Александр Аполлинарий Костровицкий француз поэзиясының даңқын Гийом Аполлинарий деген атпен шығарған, украин Николай Васильевич Гогольдiң туындылары орыс прозасының мақтанышы, тiптi бертiнге түссек, Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердiң де жазғандары орыс әдебиетiнiң игiлiгi делiнедi… Алайда, ұлттық әдебиет ұғымын екшеудiң классикалық өлшемдерi солай сөйлей тұрғанмен, ешкiм де орыс тiлiнде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әдебиетiне телiп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тiлiнде жазатын қазақ ақыны деген байламға жұрттың бәрi тақ тұрады. Тақ тұрғызған – Олжас өлеңдерiндегi көне дәуiрлерден жетiп жатқан қыпшақы қайырым-қағыстар, ұлттық қанық бояулар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қайсысына да тек қазақтың көзiмен қарайтын қымбат қасиетi, ең бастысы – қай кезеңде де алтын басының азаттығын сақтай алған алаштық асқақ айбыны, өршiл рухы. Ұлы ақын, ұлы редактор Твардовскийдi «Новый мирден» кетiрiп, бiр жылдан кейiн көрге тығып тынған сұр кардинал Сусловтың өзi Сүлейменовтiң сағын сындыра алған жоқ. Ақын досы Андрей Вознесенскийге арнаған өлеңiнде: «Аз и Я» – Азия деп оқталып, Жаңылдым ба? Жатпаймын мен ақталып… Танып-бiлiп өзiмiздi өзгеден, Көшемiз бiз өзiмiздi бетке алып» деп жазғанындай, Олжас жырының көшi өзiмiзге өзiмiздi бетке алдыртқан күйi бiр ғасырдан бiр ғасырға ауысып барады. Олжастың кешегi кеңестiк кезеңде бiр одаққа бiрiккен халықтар арасындағы бадырай­тылмағанымен байқалмай да тұрмайтын бәйге-бәсекеде алғашқы «Арғымақтарымен»-ақ арындап шығып, «Қазақтар осындай болады екен ғой» дегiзген, ұлтымызды мойын­дамасқа, құрметтемеске қойғызбаған еңбегiн бiз еш­қашан ұмытпауға тиiспiз. Суреткер Сүлейменовтiң халықтың абыройын асырған сырлы сөзi саясаткер Сүлейменовтiң әр кезде әр түрлi себеппен әрқилы айтып қалған артық-кемдi пiкiрлерiн жуып-шайып кете беретiнiн бiз бiлмейдi емеспiз».

Сiрә, әркiмнiң көкейiне ұялай кететiн осы сұңғыла айтылған сөзге тоқтау керек болар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *