МӘСКЕУДЕГІ ЖЕҢІС

Алматы Сән және дизайн колледжінің тігінші бөлімінің оқу өндіріс шеберлері мен кәсіби пәндер оқытушыларының берік ұстанымы Мәскеу қаласында өткен Ұлттық костюмдерден үздік сән үлгіле­рінің Еуроазиялық «Этно-Эрато» байқа­уында игі нәтижеге жеткізді. Өткен жылы шеберлермен арнайы әңгімесінде колледж директоры Надежда Николаевна Яков­лева: «Әріптестер! Сіздер бірнеше жыл қатарынан Мәскеуде өткізіліп жүрген «Этно-Эрато» байқауының талаптарымен, өткен байқаулардың бейне деректерімен жан-жақты танысып, зерделеп көрің­дерші. Біздің де сол байқауға қатысуға шығармашылық қарымымыз жететін сияқты», – деген еді. Өткен байқаулардың деректерімен жан-жақты танысқан әріптестер тәуекелге бел буып, келесі байқауға қатысуымыз керек деп шешкен болатын.

«Жастар киіміндегі этно элемент» коллекциясы үлгілерінің жоба суреттерін Мәскеуге жолдап, олардан қабылдаған, қуаттаған  қуанышты хабарды  естіп, қанаттанып, «Жастар киіміндегі этно элемент» және «Шығыс» костюм үлгіле­ріне  арналған жобаларымыздың эскиз­дерін жібердік. Бұл да Мәскеу тарапынан қуатталды. Біз байқауға шақыру алдық. Зор шығармашылық шабытпен іске кірістік. Оқу өндіріс шеберлері мен кәсіп меңгеруші студенттеріміздің жұмыла, бірлесе атқарған еңбектерінің нәтиже­сінде идеялар нақты шындыққа айналып, қараса көз тоймайтын заманауи дизайн­мен сәні үйлесе салтанат құрған үздік үлгілер бірінен кейін бірі жарқырап, он-оннан екі коллекция дайындадық.

Эскиздік жобаның нақты іс үстінде тың шешімдермен өзгерістерге түскен сәттері де болды. Студенттер мен ұстаз­дардың шығармашылық тобы атқарған осы жұмыстар елімізде өріс алып отырған «Рухани жаңғыру» идеяларын іспен нақтылаудың, идеяны іс жүзіне асырудың да үздік үлгісі болды деп зор мақта­нышпен айта аламыз.

Бұл коллекциядағы әр костюмді өз жөніне қарай емін-еркін күнделікті өмірде көшеге, мәдени демалыстарға, той-жиынға, тіптен күнделікті қызметке киюге болады. Осы тәріздес пікірлерді біз өз құлағымызбен байқауды тамашалаған кәсіби мамандардың аузынан да естіп қуандық.

Бұл коллекцияларды дайындау барысындағы басты мақсатымыз – ұлттық мәдениеттің салтанат құруын мадақтау, оның заман көшіне ілесе алар жасам­паздығын дәлелдеу еді. Сәукеле формасы­мен көтерілген тақиялар иықты киімдер түсімен үйлестірілді. Заманауи жаңаша үлгідегі барқыт пен жібек материалда­рынан тігілген камзолдарға көйлек түсі үйлестіріліп, ұлттық оюлар үйлесімімен толықтырылды. Коллекция костюмдерінде бірін-бірі қайталау жоқ. Ал топтама ретінде көрсетілгенде нағыз заманауи киім­дердің ұлттық айшықпен безендіріл­ген жарқын нұсқасы болды да шықты.

«Шығыс» үлгілерінен де қиялымыз бен кәсіби шеберлігімізді аямадық. Ұжымдық еңбек, шығармашылық шабыт өз жемісін берді. Мәскеулік байқауда маңдайалды­лардың қатарынан жарқырап көріндік. Жастар киіміндегі этно элементтер номи­нациясы бойынша біздің «Aіqyz» коллек­циясы ІІ орынды, «Шығыс» номинациясы бойынша «Omіrkul» коллекциясы ІІІ орынды иеленіп, Алматыға жеңіспен оралдық. СжДК-нің оқу өндіріс  шебер­лері, коллекция авторлары Балжан Оспанова,  Жәмила Нұрманова,  Балауса Рауанова,  Ақтолқын Бекмұратова бола­тын. Бұл жеңіс бізге бастаған істерімізді алға апару үшін үлкен күш-жігер, шалқар шабыт сыйлары анық.

 

Жәмила НҰРМАНОВА,

Алматы сән және дизайн колледжінің оқу өндіріс  шебері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *