МӘСКЕУ МЕН ТОКИО КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ АЛМАДЫ

Путин мен Абэнің әлі талай кездесуіне тура келеді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Сейсенбі 22 қаңтар күні бүкіл әлем назары  Мәскеуге ауды. Өйткені,  Кремльде үміт аздау болса да үзіле қоймаған ыңғайда Ресей президенті мен Жапония премьер-министрі  Синдзо Абэнің  келіссөздері жүрді. Үш сағаттан астам уақытқа созылған пікіралмасулар барысында  екі  ел қарым-қатынасының ең өзекті мәселелері: бейбіт келісімге қол қою және даулы Курил аралдарының жайы талқыланғаны  талассыз.

Үміт аздау дейтініміз, кездесу бол­май жатып-ақ Ресейдің Сырт­қы істер министрлігі: «Ку­рил арал­дары – біздің заңды территориямыз. Ол тал­қылауға жатпайды» деп өзінің  айқын ұс­танымын жеткізген.

Үзіле қоймаған дей­ті­німіз,  жапондық  «Asa­hі shіmbun» газетінің жаз­уын­­ша, әлеуметтік сұрау салу жүргізіп көргенде  Жа­пония хал­қының  57 па­йызы Ресей­мен жүр­гізілетін келіс­сөздердің жемісті бо­латынына сенім білдіріп, 38 пайызы Ши­котан мен Хабомаи қайта­рылады,  ал қалған Иту­руп пен Кунаширде бір­лескен шаруа­шылық-эконо­микалық жұмыстар жүргі­зіледі деп үміттен­ген.

Саммиттен соң  жур­налистер алдына баспасөз конференциясына шық­қанда Синдзо Абэнің жүзінен үмітінің ақтал­мағаны, қандай да бір келісімнің болмағаны бай­қалып тұрды. Соған қа­рамастан екі жақ та  бей­бітшілік келісімін жаса­суға мүдделі екендіктерін және ол үшін әлі де талай жұмыстар атқаруға тура келетінін айтты.  Путин де, Абэ де келіссөздің жай-жапсарын ашып айтпады. Тіпті, Курил тақырыбын айналып өтуге тыры­сып, журна­листердің оған қатысты сұрақ қоюларына мұрша бермеді.

Өз сөзінде В.Путин: «Ресей Жапониямен 1956 жылғы декла­рация негізінде  бейбіт келісімге қол қоюға ықыласты екенін тағы да растайды», – деді. Оның көзқара­сынша  алдымен бейбіт келісімге қол қойылуы қажет. Сонан соң ғана жұртшылықтың  пікірін ескере отырып, территория дауын талқы­лауға болады.

Ресей басшысының айтуынша, Синдзо Абэмен Курил аралдарында  бес бағыт бойынша бірлесіп шар­уа­шылық жұмыстарын жүргізуге  уағдаласқан.  Бүгінгі таңда Ресей  мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық  қарым-қатынасты дамытудың әлеуеті мен мүмкін­діктері зор. Өткен 2018 жылдың 11 айының өзінде сауда-саттықтың көлемі  18 пайызға артып, 20 млрд. долларға жеткен. Келешекте  30 млрд. долларға жеткізу көзделуде.

Сөздің ыңғайында  Синдзо  Абэ  Курил жөніндегі  өз елінің  көзқарас-ұстанымын сыналап болса да  жет­кізді. Қос тарап биылғы жылы бұ­рынғы Курил тұрғындарын аралға апарып-қайту үшін чартерлік рейс­тер ұйымдастыруға келіскен көрінеді.

Жапония премьерінің түсінігін­ше, жетпіс жыл бойына шешілмеген бейбіт келісімнің бір сәтте шешіле қоюы екіталай. Қиындау түйін, бірақ та екі елдің мүдделері үшін шешілуі тиіс түйін.

Өзін де, өзгені де алдау­сырат­қаны ма екен, жапон басшысы  өздерінен кейінгі кездері  қанша спортшылар мен жанкүйерлердің, өнер адам­дарының  Ресейге келіп қайтқанын, екі ел парламенттерінің де жақсы жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Осының бәрі  бір-бірімізге деген сенімді арттырады, күрделі сан­алатын мәселелерді шешуге алғы­-шарт болып, жол ашады  деді.

Синдзо Абэ мен Владимир Путин­нің ендігі кездесуі осы жылдың маусымында G20 (үлкен жиырма­лықтың)  Жапонияда өтетін  кезекті саммитінде болуы ықтимал. Оған дейін ақпанда Мюнхенде бейбіт келісім жөнінде Сыртқы істер министрлерінің  келіссөздері өткізіл­мекші.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуына қарағанда,   Путин мен Абэ   алда әлі  талай кездеседі. Ең бастысы, екі елдің бір-біріне деген сенімі нығаюы үшін  сауда-саттыққа қоса, мәдени-гуманитарлық сала­ларда да ынтымақтастық кең өріс алып, қанат жаюы керек.

«Бір жоқты бір жоқ табады» де­мекші, жоғары деңгейдегі  Путин – Абэ кездесуі қарсаңында  жапондық бір дереккөздері арқылы  сонау 1956 жылы 19 қазанда Кеңес Одағы мен Жапония  арасындағы соғыс жағ­дайын тоқтату,  дипломатиялық жә­не консулдық  қатынастарды орнату туралы қол қойылған деклара­ция­ның орындалуына  АҚШ-тың  ке­дер­гі келтіріп, жол бермегені айтылып қалды.

Бұл жайында жапон телевизиясы арнайы хабар көрсетіп, онда  кезінде  елуінші жылдардың ортасында  Мәскеумен  келіссөздер жүргізуге барған Жапония делегациясын басқарған,  арнайы өкілетті елші Сюньити Мацумотоның әйеліне жазған хатынан үзінді келтірген. Ол хатта дипломат  Құрама Штат­тардың  халықаралық қатынастар­дағы  өктем де лас айла-әрекет­те­ріне қынжылыс білдірген.  Мацу­мото: «Мемлекеттік хатшы (Джон Фостер) Даллес  аса бір ақылға қонымсыз сөздер айтып, егер де  Тисима (Курил аралдарының жа­понша атауы)  КСРО-ның қа­рауына өтсе, онда Рюкю архипе­лагын АҚШ иемденеді  деді.  Мұ­нысы маған өте лас әрекет көрін­ді», – деп жазған.

Айтуларынша,  жоғарыда атал­ған  1956 жылдың 19 қазанында қабылданған декларацияға сәйкес  КСРО-ның  Шикотан мен Хабомаи аралдарын  қайтарып, Жапониямен бейбіт келісімге келу, татуласу ниетін білген бойда Джон Даллес  Жапония  Сыртқы істер министрі Мамора Сигэмицуға  хат жазып, наразылық білдірген. «Өйткен жағдайда АҚШ Окинава мен Рюкю арал­дарын  басып алып, бір­жолата өзіне  қаратады» деп қорқытқан.

Шамасы, бұл  мәселе жапон парламентінде қаралған. Бірақ та  одақтас саналатын Құрама Штат­тардан қаймық­қандықтан, қарсылық білдірілмеген. Содан төрт жыл өтісімен 1960 жылдың 19 қаң­тарында АҚШ пен Жапо­ния арасында  өзара ынты­мақтастық және қауіп­сіздік кепілдігі жөнінде  келісім-шарт жасалынып,  Кеңес Одағымен қол қойылған декларацияның  күші  жойылған.

Күні бүгінде сөзі өтіп, ықпалы жүретін АҚШ билігінің Жапонияның одақтасы ретінде  Ресей мен  Жапония  келіссөз­­де­рін  қалт жібермей, жіті бақы­лап  отырғаны анық. Таяуда  жапонның бел­гілі сая­­сат­керлерінің бірі Кацуюки  Каваи  Ва­ши­нг­тонға жасаған сапа­рында  «Ақ үй  әкім­шілігі  Мәскеу мен Токио­ның тіл табысып, бейбіт­шілік жөніндегі  келісім жасауы­на мүдделі болуы керек. Өйткені, ондай келісім  Қытайдың ықпалын әл­сіретеді» де­генді  айтқан. Мұндай көзқарас Кремль­дің ша­мына тиген сыңай­лы. Ол Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың: «Біз ондай  пікірге  қатқыл ескерту жа­саймыз. Бұдан  «бірқатар мәсе­ле­лерді ше­шуде  Жапония  АҚШ-қа тәуелсіз бе?» деген  сұрақ туады» деп айт­қанынан  аңғарылады.

Күн шығыс елінің   Kyodo агент­тігінің  хабарына қарағанда, Мәс­кеу­де Кремльде өткен  Ресей–Жапония кездесуінің нәтижесі басқалардан бұрын   Курил аралдарының бұрын­ғы тұрғындарын  қанағаттандыр­маған. Олар құрған арнайы феде­рацияның жетекшісі Рёити Мияу­ти: «Бұл келіссөздердің қайда апа­рары белгісіз. Онда көңіл көнші­терліктей ештеңе айтыл­мағаны өкініш туды­рады. Біз премьер-министр Синд­зо  ресейлік тарап­тың ығына жығыл­май, табанды келіссөздер жүргізеді  деп үміттеніп едік», – деген пікір білдірген.

Жалпы, Құдай ақырын берсін дейтіндей, Ресей–Жапония диалогі мен келіссөздері  әлі ұзаққа созы­латын түрі бар. Қазіргі премьер Синдзо Абэнің билік  мерзімі 2021 жылы  бітеді. Ол соған дейін  «сол­түстік территория»  мәселесін шешіп кетуді өз міндетіне алған болатын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *