МҮСІНШІ ТУРАЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

2702Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында белгілі мүсін­ші, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының еңбек сіңірген қайрат­кері, Қазақстан Сурет­шілер ода­ғының мүшесі Тілеуберді Би­наш­тың өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған «Байыр­құмның баласы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапты белгілі ақын, сазгер Әнуарбек Әуелбек құрастырған.

Тас мүсіннің қас шебері Тілеуберді Бинаш есімі бүгінде байтақ елдің алыс-жақынына бірдей таныс. Басқасын былай қоғанда ол қазақтың даңқты палуаны, алып күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасовтың әйгілі мүсінін тұңғыш жасаушы ретінде тарихқа кірген тұлға. Осы шығармасын жасаған кезде Тілеуберді жиырманың арғы-бергі жағындағы бозбала жігіт екен. Алайда, қолынан өнер тамған таланттың туындысы ретінде мүсін бірден мамандар тарапынан жоғары бағасын алған. Содан бергі қырық жылға иек артқан шығармашылық сапарында Тілеубердінің қолынан көптеген біртуар тұлғалардың мүсіні өмірге келді. Айталық, олардың қатарында әл-Фараби, Қайыр хан, Абылай хан, Жәнібек хан, Махамбет, Бауыржан Момышұлы, Д.Қонаев, К.Байсейітова, М.Мәметова, Ш.Қалдаяқов, Ж.Жақыпбаев, т.б. бар.

Тұсаукесердің алғашқы сөзін Арыс аудандық «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы Сабырхан Әлібекұлы алды. Өнер иесінің балалық шақтан бергі досы, сырласы Тілеуберді шығармашылығына кеңінен тоқтала отырып, ондағы қазақ мінезі мен болмысы туралы ойын ортаға салды. Белгілі сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әшірхан Телғозиев мүсінші шығармаларының маңызы мен өнер иесінің азаматтығына тоқталды. Белгілі ақын, көрнекті журналист Болат Шарахымбай өнер иесіне арнаған өлеңін оқыды. Сөз алған Арыс ауданының әкімі Сейіт Ертай аталған шараның ауданның мәдени өмірі мен жастарға беретін тәрбиесі жөнінде тоқталып, мүсіншінің еңбектеріне жоғары баға берді. Қазақ дәстүрімен өнер иесінің иығына шапан жауып, қошемет көрсетті.

Игі істің жалғасы одан әрі Т.Бинаштың кіндік қаны тамған ауылы – Байырқұмда жалғасты. Ақын М.Шаханов атындағы орта мектептің акт залына жиналған ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары талантты жерлестерін үлкен құрметпен қарсы алып, ән салып, жыр арнады.

А.АТСЫЗ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *