МӘСЕЛЕ ЖЫЛУДЫ БЕРУДЕ ЕМЕС, ҚАБЫЛДАУДА БОЛЫП ТҰР

 Жылуды толық пайдалана алмаудың себебі не?

Мәншүк БЕКБОСЫН

33Қазіргі таңда жылуды өндіру мен оны жеткізу жұмыстарында ешқандай кедергі жоқ.  Десек те, кейбір көпқабатты үйлер­дің ішіндегі пәтерлерде температура көр­сеткіші әртүрлі. Сөйтіп, тұрғындар «үйде отырып, тоңып отырмыз, баспанамыз суық, жылуға уақтылы ақы төлегенімізбен, жылу дұрыс берілмейді» деп осы салаға тиісті мекеме орындарын кінәлайды. Бірақ, жылуды өндіріп, жеткізу бар да, оны дұрыс қабылдау бар. Бұл ретте мәселе жылуды беруде емес, қабылдауда болып тұр. Көбіне бірқатар тұрғындардың жылу­ды толық пайдалана алмауының себебі, жылу маусымына тиісті дәрежеде дайын­далмағандығында жатыр. Яғни, жылу маусымына дайындық жұмыстары тек атқарушы билікке ғана емес, тұрғындарға және пәтер иелері кооперативіне (ПИК)  де тиесілі екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, кез-келген көпқабатты ғимараттың жылу­ды қабылдау мүмкіндігін айқындайтын құжаты болу керек. Құжатқа сәйкес ғимараттың меншік иелері жазғы мау­сымда жылу жүретін жүйенің ішін тотық­тар мен тұнбалардан арылатындай етіп жуып, тазалаулары қажет. Ал, қазандық пен тұтынушыға дейінгі аралықтағы жүйеге қандайда бір тосын ықпалдар болса, ол міндетті түрде жылу желісінің келесі бір нүктесіне әсер етпей қоймайды. Мәселен, кейбір пәтерлердің ішіне жасалған  құрылыс жұмыстарымен бірге жылу схемасы өзгерістерге ұшырап, жылудың қалыпты желісі бұзылған жағдайлар жиі кездеседі.

Қыс жылы болады деп қамсыз қал­ған­нан, ауыр қысты күтіп, жеңіл шыққан әлдеқайда дұрыс екені анық. Бұл ретте «Алматы жылу жүйелері» ЖШС маман­дарының айтуынша, аталған мекеме  жылу беру маусымында үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуге толық дайын.

 

Жалпыүйлік есептеу құралдарының пайдасы

Жұртшылық қымбатшылықты құптай қоймағанмен, жыл санап коммуналдық қызмет құны көтеріліп келеді. Көнбеске амал жоқ. Осы орайда үнемділік мәселесі алға шығады. Еліміздегі бүгінгі күннің негізі талабы – әркім өзі күнделікті тұты­нып жүрген ауыз суды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдалану. Энергияны үнемдеу үшін оған бақылау жүргізу керек. Ал, бақы­­лауды ортақ есептеу құралдарынсыз жүргізу мүмкін емес. Жалпы, бүгінде  әр­бір көпқабатты тұрғын үйде жалпы үйлік жылу есептеу құралдарының болуы мін­дет­ті екені ҚР заңнамаларында көрсе­тілген. Дәлірек айтқанда, «Табиғи моно­полиялар және реттелетін нарықтар туралы»  заңда жазылған.

Бастапқыда жалпыүйлік есептегіш құралдар (ЖҮЕҚ)  Табиғи монополия субъектілері делініп, бұл құрылғыларды «Алматы жылу жүйесі» ЖШС («АлЖЖ») есебінен  орнатуды ұсынды.  Алайда, бұл мәселені жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені, аталған кәсіпорынның қаражаты шектеулі. Бұл мақсатта қаржыландыру көздері жоқ.  «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы»  заңға сәйкес, құрал-жабдықты сатып алу, орнату құнын өтеу және басқа да шығындар толығымен тұрғындарға жүктеледі екен. Бұл ретте ЖҮЕҚ бағаларын әрбір тұтынушының қалтасы көтере бермейтіні анық.

Жылу энергиясын есептеу құралы көппәтерлі үйдің ортақ меншігіне жатады. Олай болса, жарақтандыру, мамандан­дырылған ұйымды таңдау, қаржыландыру тәртібі туралы мәселелерді де меншік иелері өздері жалпы жиналыста шешулері керек. Ал, құрал-жабдықты сатып алу мен орна­тып, құнын өтеу – тұрғындарға жүкте­летін міндет. Келісім берген тұрғындар пәтер иелер кооперативі арқылы жылу беруші меке­месімен келісім-шарт жасасады. Өз кезегінде жылу беруші мекеме есептеу құралын алуға және орнатуға міндетті. Ал, тұрғындар бұл қызмет үшін белгіленген уақыт аралығында төлемақы жасайтын болады.

Жалпыүйлік есептеу құралдары тұрғын үйдің жертөлесіне орнатылады. Қондыр­ғының көмегімен тұрғын үйдің қанша жылу жоғалтқанын білуге және тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі кемшілігін анық­тауға болады екен. Тұрғын үйге ортақ жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік есеп­тегіш орнату арқылы жылуды үнемді пай­даланып, ұқыпты жұмсап, ол үшін төлемді де соншалықты аз төлеуге болады екен.

ЖҮЕҚ-ын орнатудың тағы бір жолы, тұтынушы ешкімнің көмегіне жүгінбей, құрал түрін таңдап алып,  өзі орната алады. Бұл да заңда көрсетілген екен. Тек ескеру керек, есеп құралының түрі өлшем құралының мемлекеттік тізіліміне кіруі тиіс.  Тұтынушы бұл жағдайда ЖҮЕҚ жұмыс­тық жай-күйін қамтамасыз етумен шұғыл­данып, сәйкестікті растауды тиісті қызмет арқылы атқарады.  Айта кету керек, бұл құрылғылардың бағасы қымбат. Сондық­тан құрылғылар тек құрғақ үйасты, бүргесіз жертөлелерде ғана орнатылады.

Рас, ол біраз қаржы жұмсауды қажет етеді. Әйтсе де, осындай жабдықпен жа­рақтандырылған тұтынушы төлемақысын нақты қызметке ғана төлеп, артық шы­ғынға бармайды. Сонымен қатар, есептеу құралдары тек пайдаланған қызметтің нақты көлемін көрсететінін ескеру қажет, ал, шығындардың төмендеуі тұтыну­шы­лардың өзіне тікелей байланысты.

 

Мұндай айырмашылық қайдан болады?

«Бүгінде әрбір үйге келетін комму­нал­дық түбіртектердегі ыстық судың көрсет­кіші  бір бөлек те, ал үйдегі есептеу құрал­дарында мүлдем басқа сандар көрсетіледі. Мұндай айырмашылықтар қайдан бола­ды?» деген сауалдар туындап жатады.

Расымен, түбіртектегі ыстық судың көрсеткіші мен тұрғындардың үйлеріндегі есептеу құралындағы мәліметтердің  сәйкес келмеуі – жиі кездесетін мәселенің бірі. Соның салдарынан тұрғындардың түбір­тектерінде қарыздар мен артық төлемдер пайда болады. Енді бұл мәселенің мән-жайына тоқталсақ. Тек қана жеке пәте­р­де емес, тұтас үйге немесе ортақ нысанға есеп­теу құралдарын орнатқан тұтыну­шылар төлемақысын нақты қызметке ғана төлеп отыр. Оларда артық шығын жоқ. Бұл ретте бақылаушылар мұндай үйлердегі ыстық судың бір текше метрінің көрсет­кішін жалпыүйлік есептегіш құрал­дарын­дағы мәліметтен алады. Ал, тұрғын­дардың пәтерінде орналасқан ыстық су есептеуіш құралдарындағы мәліметті алу – бақылау­шылар үшін қиямет-қайым деуге әбден болады. Өйткені, бақылаушылар кез-келген қызметкер секілді жұмыс күндері және күндізгі уақытта жұмыс істейді. Ал, бұл уақытта тұрғындарды үйлерінен ұстау мүмкін емес. Десек те, үйлерінде бола тұра есіктерін ашпайтын тұрғындар да бар. Сондықтан тұрғынның тұтынған ыстық суының көрсеткіші алынбаған соң, өткен айдағы есептік көрсеткіш қайта жазылады. Кейде бақылаушылар айлап есігін ашпа­ған үйдің ыстық су есептегіш құралын­дағы көрсеткішті жазып алуға мүмкін­діктері туады. Сол кезде қайта есептеу жүргізіл­еді. Тұрғындар өздеріне қолайлы уақытта үйіндегі есептеуіш құралындағы көрсет­кіштерді жазып алып, сол бойынша төлей береді. Бұл ретте олар түбіртектің төменгі жағындағы есептік кезеңге назар аудармайды. ЖҮЕҚ жаб­дық­талған үй­лер­де бұған жол берілмейді. Өйткені, есептеу қызмет ұсыну фактісі бойынша жасалады. Демек, егер түбіртек мамыр айы үшін келсе, онда әдетте есеп­теу сәуір айы үшін жасалғанын ескерте кету керек. Және мұнда тек сәуірдің есептік көрсеткіштері ескерілген. Ал, тұрғындар әдет бойынша түбіртекті ала отырып, маусымның есептік кезеңіне кіруі тиіс ағымдық көрсеткіштерді жазып алады.  Сондықтан мұндай түсінбеуші­лік­тердің болмауы үшін әркім өз үйіндегі есептеуіш құралындағы көрсеткішті тиісті мекемеге дер кезінде хабарлауы тиіс. Мәселен, әркім өз көрсеткіштерін «Алсеко» АҚ ұсынып отырған «Жеке кабинет» қызметі арқылы мекеменің поштасына салып жіберулеріне болады. Сонымен қатар, біздің мекемеге телефон арқылы хабар­ласып немесе СМС хабар­лама жіберуге мүмкіндіктер жасалған. Және әркім өз үйінің бақылаушысы жөніндегі мәліметті де (телефоны) біздің қызметкер­лерден ала алады. Шешілмейтін мәселе жоқ, егер тұрғындар түбіртекте көрсетілген есептік көрсеткіштерімен келіспесе, энергиямен қамтамасыз етуші мекемеге хабарлас­қандары жөн. Мұны «Алматы жылу жүйелері» ЖШС-нің «www.alts.kz» сайты арқылы  жасауға болады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *