МӘСЕЛЕ «ТЕКЕДЕ» ЕМЕС, НЕКЕДЕ…

Жазайын деп жазбайсың

 

53немесе қазақ байыса неге қатын алады?

Қазақ отбасы дәстүрлі институттарын жоғалта бастады. «Мынау – менікі, анау – сенікі» деген пендешілік дау-дамай қазіргі жанұя деп жүрген институттардың көпшілігіне тән.

«Оу, ортақ емес пе?!» деген гуманистік пиғылдың ақыры сот отырысымен аяқталады. Айналып келгенде, одан шешесі де, әкесі де емес, бала зардап шегеді. Елде «жетімдер проблемасы» туындап отыр. Әлеуметтік-тұрмыстық проблема да содан шығады. Осы жәйттерге орай, бала туу, елдің демографиялық саясатына да селкеу түсті. Ажырасу көп. Ал оның ақыры республикадағы демографиялық-әлеуметтік, саяси ахуалға тікелей әсер етуде.

 

Тоқал – бәйбіше үшін тажал болғанымен, байлар үшін – базар

 

Табиғаттың кереметі көп. Ресейдің Приморск қаласының зообағы өткен жылдың соңынан бері БАҚ назарында. Күндердің бір күні темір торда торығып, ызадан тор көздерін қаршылдата шайнап тұрған ашулы Амур атты ұрғашы жолбарысқа жем үшін Тимур атты текені тастайды. Сөз арасында айта кету парыз. Орыс, жалпы еуропалық түсі­нікте «Теке» (козёл) – өте жағымсыз персонаж. Ал ұнамсыз әйелге байланысты анықтама одан да жаман. Жә, тақырып көтергелі отырған мәселе түсінікті болуы үшін жануарлар әлемінің «Ромео мен Джульеттасы» – «Тимур мен Амур» баянына, «махаббат эпопеясына» қайта оралайық.

Торына енгізілген жемтігін әп-сәтте жүндей түтетін Амур бұл жолы, бір ғажабы, мамандарды таңқалдырады. Зәр сасыған текенің әр жер-әр жерін иіскелеген… жолбарыс Тимурды жеудің орнына еркелете жалап тұрып алады ғой, баяғы… Тимур теке мен Амур жолбарыстың бұл әрекетін ТАБИҒАТТЫҢ КЕРІ ЭВОЛЮЦИЯСЫ, түйсіктің мутанттануы дейсіз бе, әлде айды аспаннан шығарып «махаб­бат» дейсіз бе, ол өз еркіңіз. Қалай десек те, онда еркек пен ұрғашы арасындағы табиғи қарым-қатынастың адамзат санасы жете бермейтін тылсымы бары анық. Амурды да табиғи қажеттіліктің, табиғат заңының жеңгені күмәнсіз. «Тимур теке болмай, ешкі болса, әлдеқашан Амурдың асқазанында жатар еді…» дейді мамандар. «Бұл нәпсіні қойсаңшы, зәр сасыған теке болса да, Тимурдың еркек деген аты бар ғой…» дейді пендеауи түсінік.

Содан бері Тимур мен Амур арасынан қыл өтпейді десетін. Екеуара «махаббат қызықтары» содан бері ақпарат құралдарының назарында еді. Жақында сол махаббатқа да селкеу түскендей. Бәріне кінәлі – Теке (мұндайда «бәріне» еркектің жазықты бола беретіні неліктен екен?..). Ақиқа­тында, оны «еркектің құлқы» деседі ақпарат құралдары. Көзі үйренгеннен кейін, құдай ұрғанда… Тимур азуын айға білеген айбарлы жолбарысты Ешкі деп қалған-мыс… «Буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» демекші, бұл тұста Амурға қажеті махаббат емес сияқты ма-ау… Нәпсіқұмар текені сол жерде быт-шытын шығарып талап тастайды. Қазір нәпсіқұмар бәлекет Теке «шықпа, жаным, шықпа» деп, «хал үстінде» малдәрігерлік ауруханада жатыр. Теледидардан көрдік, баяғы еркектік құлықтың ныспы да жоқ. Анда-санда «мә-ә-ә… мә-ә-ә…» деген өлімсіреген даусы ғана естіледі…

Мұны не үшін айтып отырмыз дегенге келейік. Мәселе еркек пен ұрғашының ұлы да табиғи қарым-қатынасына байланысты. Әрі ол – табиғаттың заңы. Демек, ибалы оқырманға да «ұлы сөзде – ұяттық жоқ», «құлағыңызға – алтын сырға!..» деп бір қоямыз.  Сіз де, біз де –  «секс» сөзін жазбақ түгілі, ауызға алуға тыйым салынған кеңестік қоғамның перзенттеріміз. «Оу, сіздің елде секс болмаса, балалар өмірге қалай келіп жатыр?..» деп Батыстағылардың да айран-асыр болған кезі өткен. Секс – жоқ. Бірақ, балалар туылып жататын. Әрі бала туу үкімет тарапынан қатты ынталандырылатын. Өйткені, «қырғи-қабақ» соғыс жағдайында мемлекетке солдат керегі белгілі. Ал қазір секс бар, оны айтпағанда, бір әйелді азсынып… тоқал алу мәселесін Парламент деңгейіне дейін жақындатқанымыз да рас. Тоқал – бәйбіше үшін тажал болғанымен, байлар үшін – базар. «Қазақ байыса…» не істейтінін өмірдің ақиқаттары да көрсетіп отыр. Жақында қазақ байларының (компаниялар мен холдингтердің) шоғырланған жері Астанаға барып қайтқан бір әдебиетші «секстің көкесі – Сарыарқада!..» деген заманға керемет сәйкесетін мәтел тауып оралды. Аллаға шүкір, қазақ азаматы үшін белсіздік, импотенция деген кесел – екібастан жат. Өткен жылы ғана Қазақстанда 400 мың бала өмірге келді.

 

Өнсең – оңтүстіктен Өнесің!..

немесе контрацептика – өркениет емес

 

Бала туу жөніндегі негізгі өсім — Қазақстанның оңтүс­тігінің үлесінде. Журналист болған соң басқалар көңіл бөле қоймайтын нәрселерге назар аударатын дағдымыз бары өтірік емес. Екінші Алматы темір  жол вокзалында пойыз күтіп отырғанбыз. Диспетчер Шымкентке баратын «Отырар» пойызының келгенін хабарлағаны сол еді, перронға бала жетектеген жастар толып кеткені. У-шу. Бақырып жылаған бала. Перронға балмұздақ саудагерлері ағыла бастады. Бала бар жерде олардың да саудасы қызатыны белгілі. Әлбетте, мұндайда көңіліңнің бір марқайып қалатыны өтірік емес. «Е, Құдайға тәубе, өсіп-өніп келеді екенбіз. Бәрі де заманның дұрыстығы, дұрыстала бастағанының арқасы ғой!..» дейміз іштей.

Ізінше Солтүстікке жүретін «Алматы-Петропавл» бағытындағы «Жетісу» жүрдек пойызы келді ыңыранып. О, құдырет! Перронның босап қалғаны… У-шудың, жылаған бала даусының бірі жоқ. Өңкей қысыр жыландай қайқаңдаған, сыптай, ұзынсирақ келіншектер мен ер адамдар ғана. Балмұздақ сатушылар да қарасын батырыпты. Себебі, балмұздақ – балалы ортаның тауары. Бала жоқ жерде балмұздақтың құны – көк тиын.

Әлбетте, Қазақстан сияқты шағын ел үшін бір жылда өмірге 400 мың баланың келуі – үлкен көрсеткіш. «Бір қозы туса, бір түп жуан артық шығуы» заңды, әрі қисынды екені де белгілі. Елде балабақшалар тапшылығы, мектептерде сыныптардың тарлығы байқалады. Жақында теледидар Шымкенттің бір ауылындағы мектепте бір партаға үш баланың әзер сыйып отырғаны туралы хабар таратты. Мұн­дайда сайтани пиғылдың: «Оу, сонда елдегі бала туу қар­қыны мүмкіндікке сай емес пе?..» деген ойға бейім тұруы да заңды. Дәл осы жерде көрші Қытайдың бала тууды шектеу туралы заңы еске түседі, әттегене-ай. Яғни, «басы артық бала» мәселесі еріксіз қылаң береді. «17 миллионнан сәл асатын ғана халқы бар Қазақстанда шынында да «басы артық бала» бар ма? — деген сауал да орынды сияқты.

 

Басы артық бала…

немесе «қыздың баласы» – құрбандық

 

Кейбір ақиқаттарға қарағанда, елде шынында да «басы артық бала» бар да сияқты… Айталық. Мәселен, кейбір облыстарда, нақтырақ айтқанда, Жамбылда қазақтар «басы артық баланы» туа салысымен түкке керегі жоқ зат есебінде машина терезесінен далаға лақтырып тастады. Дәретхана тесігіне тасталған бір нәрестені зордың күшімен аман алып қалғанымыз және рас.

«Руым – рубль, тегім – теңге, досым – доллар!» деген ұран көтеріліп қалған заманда жоғарыдағы ұнамсыз әрекеттерді заңды құбылыс есебінде бағамдайтындар да баршылық. Яғни, «басы артық бала» отбасылық бюджетке ауыр сын болмақ. Сондықтан үнем керек. Кейбір ақпарат құралдарына көз жүгіртсек, қазіргі таңдағы үнемнің басты тетігі – (құдай өзі кешірсін), мүшеқап сияқты. Тіпті, осы бір аса интимді заттың Алматыдағы және басқа қалалардағы бағасына, сапасына байланысты деректер де кездеседі. Бұл мәселені ерсі көрмейтіндер, тіпті, «Гагарин космосқа ұшты!..» дегенге татитындай ақпарат, хабар санайтындар да баршылық қоғамда. Бір жылда 400 мың баланы өмірге әкелетін өсімтал қазаққа сенім бар ма, сірә да… Биыл да жарты миллион баланы өмірге әкелсе, қазіргі жағдайда оның жейтін тамағын қайтіп, қалай таппақпыз?.. Міне, мәселе қайда?! Нан бағасы – анау, күнделікті көрініс тауып отырған қымбатшылық – мынау. Жас нәрестеге берілетін медициналық сүттің бағасы да екі-үш есе қымбаттаған, дейді білетін адамдар.

Дәл осы әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге байланысты ақпарат құралдарына соңғы кезде контрацептикаға байланысты деректер жиі шыға бастады дедік. Алдымен бұл сөздің Еуразиялық Одақтағы басты әріптесіміз Ресейге тікелей қатысы бар. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр…» демекші, Ресей мен Батыс арасындағы текетірестің арқасында біз де санкцияның не екенін біле бастадық. Оның зардабының басқаларға қалай тиетінін көзбен көріп те отырмыз. Мәселе күн өткен сайын ушығып барады. Қаржы, мұнай-газ сияқты жоғарғы материялардан басталған текетіресті санкцияның кішірейе, төмендей келіп, мүшеқапқа дейін… жеткен жайы байқалады. Атап айт­қан­да, жақында ресейлік бір баспасөзге берген коммента­рийінде В.Чаплин деген дінбасы «Шетелдік мүшеқаптар­дың бәрі де орыс отбасын кішірейтуге бағытталған. Ол дегеніңіз – адамзаттың (орыстың) өзін-өзі өлтіруіне тән» деген пікірін ресми түрде айтып кетті. Соған сәйкес әлгі ба­сылым өз комментарийінде «санкцияның осы маз­мұндағы әсерін азайту үшін православиелік акти­вистерді пайдаланып, Ресейдегі барлық мүшеқаптарды астыртын түрде… тесіп қою керек» деген сияқты әжуалы пікір білдірді. Әлбетте, оның да астарында үлкен саясат жатыр. Кезінде Олжас Сүлейменовтің өркениетті «мерез» ауруымен салыстырғаны да есте. Өркениет – өркениетімен, бірақ, ұлттық өсімді, демографиялық жетістіктерді де естен шығаруымызға болмайды.

Еуразиялық кеңістік ауқымындағы халық арасындағы анағұрлым консервативті деп есептелінетін (яғни, контрацептиканың не екенін біреуі білсе, біреуі білмейтін) Өзбекстан халқы тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде 10 миллион адамға өсіпті. Ферғана аңғарындағы халықтың тығыздығы – Қытайдың халқы ең көп провинцияларын­дағыдан да үлкен.

Енді жоғарыда айтып өткен «басы артық бала» мәсе­лесіне келейік. Әлемді дағдарыс меңдеп, тұрмыс ауырлаған сайын аталмыш мәселенің ушыға түскені аңғарылады. «Басы артық баланың» машина терезесінен сыртқа лақтырыла бастағанын жоғарыда айтып өттік.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқық­тық статистика мен арнаулы есеп жөніндегі коми­теті таратқан ақпараттарға қарағанда, соңғы жылдары мұндай ұнамсыз жағдайлар көбейе  түскен. 2014 жылғы дерек бойынша, тізімнің басында 24 нәресте өлтірілген Қарағанды облысы тұр. Дәл осы жылы бір нәресте ғана шығын болған Оңтүстік Қазақстанның өткен жылғы «жетістігі» – 25 нәресте.

Енді нақты деректерге жүгінейік. 2014 жылы өлтірілген нәрестелердің саны мынадай. Қарағанды облысы – 24, Павлодар облысы – 20, Жамбыл облысы – 13, Алматы облысы – 2, Шығыс Қазақстан облысы – 7, Атырау облысы – 6, Қостанай облысы – 4, Батыс Қазақстан облысы – 2, Оңтүстік Қазақстан облысы – 1.

Дейтұрғанмен, қуанарлық бір жаңалық – соңғы он жылда Қазақстанда бала туу көрсеткіші 70 пайызға өскен. Бір ғана Астанада күніне 100-ге жуық нәресте туады деген дерек бар. Демек, қазіргі халықтың өсуге, өнуге деген құлқын ескеріп, демографиялық ахуалға барынша жіті көңіл бөлетін кезіміз келді. Бұл мақаладан анайылық та, тұрпайылық та іздеудің қисыны әсте келмейді. Себебі, мақала астарында ұлттық-патриоттық ниет бар. Біз ХХ ғасырда шығыны көп болған қазақ халқының демография­дағы олқылықтарының орнының толғанын қалаймыз.

P.S.Мақала жазылып біткен шақта «МИР» телеарнасы Тимур текеге байланысты тағы да бір хабар таратты. Теке тірі екен! Тіріні айтамыз-ау, ресейлік мың сан дәмелі тушалардың арасынан таңдап жүріп тапқан бір «ғашығы» Тимурға «маңдайы торсықтай» лақ туып беріпті. Лақтың аты – «Тимурчик», яғни, «Тимур Тимурович…». Текенің орысша ұғымда қандай ұнамсыз персонаж екенін жоғарыда айтып өттік. Алайда, қанша ұнамсыз десек те, өсіп-өнуге деген құлық ешкі екеш ешкіде де бар. Қазіргі қазақ қоғамындағы кейбір ұнамсыз мәселелер сөз болғанда осы жәйт амалсыз еске түседі. Бұл да болса «басы артық баланы» терезеден лақтыратындарға үлгі боларлық жәйт. Қазақ қоғамында басы артық бала болған емес, болмайды да! Бала тууға деген пендешіліктен туған қарсылықтарды да құптау­дан аулақпыз. Әркімге әртүрлі әсер етуге тиіс біздің бұл мақаламыздың айтар ойы да осы…

 

Өмірзақ МҰҚАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *