Мәселе етте емес, ниетте

Қалалық мәслихат депутаты ретінде сайлаушыларды жиі қабылдаймын. Көбіне келетіндер әлеуметтік жағынан аз қамтылған мұқтаж жандар. Кейде қабылдаудан қабағым ашылмай, жұдырығымды түйіп қайтамын. Жүрегі бар адам, олардың өтініш-тілегін жайбарақат тыңдай алмас еді. Соның бірі былай дер еді.

 Қали СӘРСЕНБАЙ

– Бәрі де дұрыс қой, үкі­меттің қолға алып жатқан істеріне ризашылықтан басқа айтарым жоқ. Бірақ осы бере­тінін бұры­нырақ берсе болмас па еді. Көпбалалы аналарға деген қамқорлыққа еш қарсы­лығым жоқ. Бірақ мүгедек балаларды ескеру соның таса­сында қалып қоя ма деп қауіп­тенемін. Бір мүгедек баланы бағып-қағу он балаға татиды. Одандағы дені сау он балаң болса қанеки, оның азабын сезінбес едік-ау. Ал енді мүгедек балаға «Оңай» тегін беріледі, өздігінен жүре алмайтын баланы арқалап автобуста жүрген анаға неге жолақы тегін бол­майды? Мәселен, менің балам жүре алмағанның үстіне жиі құсады да, бірнеше аялдамадан түсіп қалып,  автобусқа қайта мінуге тура келеді. Сонда қалай болады? Әлеуметтік теңсіздік деген осы емес пе?

Таразда «Нұрислам» атты көтерме маркет дүкені бір ай бойы әр адамға екі бөлке нанды тегін тарататын болды.

Айлардың сұлтаны Оразада мұндай қайырымдылық шара­ларының болуы аса таңқаларлық емес. Ойландыратыны, неге осы айда ғана біз қайырымды болып кетеміз. Қайырымдылық, ізгілік дегеніміз науқандық шара болмаса керек қой.

Бір ай қарның тояды, сосын не болады? Бұл жағдайға бой үйретіп алған адам әрі қарай қалай өмір сүреді? Қашан ораза келеді деп отыра ма? Масыл­дықты күшейтіп алмаймыз ба? Ол үшін тиісті орындар мұқтаж жандарды анықтап, олардың жағдайы түпкілікті шешімін табуы қажет.

Р.S. Етке де, бетке де (беттен көбірек сүйетін әдеті бар екен) әбден тойып, көлден су ішкен өгіздей болған біреу бәленбай жылдан бері ораза ұстағанын, байлығын айтып, мақтан қылып отырды. Мен арып, ашып автобуста адам арқалап жүрген, бір күн тойып тамақ ішпеген ананы ойлап отырдым. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деген осы. Бұрынғының байлары мен қазіргінің байларының арасы неге жер мен көктей? Бұған мысал келтірсек, ұзап кетеміз. Айтпағым, мәселе етте емес, ниетте ғой. Ниет дұрыс болса әлгі кейуананың менің қабылдауыма келіп несі бар?! Ең бастысы, үкіметтің ниеті дұрыс болып, етке тойған байлардың бетін халыққа бұрсын дейік. Сонда бұрынғы байлар да орнынан бір аунап түсіп жатар-ау. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *