МӘСЕЛЕ АЙҚАЙМЕН ЕМЕС, АҚЫЛМЕН ШЕШІЛЕДІ

немесе Тәтімов тәмсілінен туған толғаныс

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын аудан, қала, облыс әкімдерінің жергілікті тұрғындарымен есептік кездесу өткізуі жүзеге асып келеді. Бұл кездесулердің мақсаты – өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап қана қою емес, ел өміріндегі маңызды мәселелер төңірегінде жұртшылықпен кеңесу, пікірлесу, ең өзекті деген мәселелерге ден қою, бүгініңді бағамдап, болашаққа бағыт-бағдар, болжам жасау.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Кеше Республика сарайында өткен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің шаһар тұрғындарымен есептік кездесуіне де осы мәселелер негіз болды. Кездесуге ҚР Премьер-Министрінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерболат Досаев, Президент әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің өкілдері, Парламент Сена­тының, Мәжілісінің, қалалық мәслихаттың депутаттары, бірқатар орталық органдар басшыларының орынбасарлары қатысты.

Бұқараға мәлім болғанындай, Елбасының тікелей тапсырмасына орай Үкіметтің жанынан әлеуметтік қолдау тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Сол топқа басшылық ететін Е.Досаев­тың өзі осы кездесуге арнайы келіп қатысып, көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек, қолдау тәртібін түсіндірді. Бұл есептік кездесудің басты тақырыбы – әлеуметтік тұрғы­дан аз қамтылған тұрғындарды қолдауға қатысты болды.

Біраз уақыттан бері көпбалалы аналардың жағдайы қоғамда дүмпу туғызып тұрғаны рас. Әрине, бұған дейін де бұл мәселе басты назарда болғаны хақ. Дейтұрғанмен де, қоғамдағы күн сайынғы шапшаң даму, өзгеру үрдіс­теріне байланысты бұл мәселеге де байланысты күрт ше­шім­дер енгізу де уақыттың талабымен үндес шешілетіні сөзсіз. Осыған орай, «Ынтымақты елдің күні шуақты» деп әкімнің баяндамасында айтылғанындай, бұл тараптағы барлық мәселелерді бірлесе отырып, сындарлы, салиқалы түрде шешу қажеттілігі айтылды. Бұл ретте әкімнің өзі жер­гілікті жұмыс тобының құрамына енген бірқатар көпбалалы аналармен кездесіп, 2 сағаттай сұхбат құрып, мазмұнды отырыс жасалып, кез-келген сындарлы ұсыныс­тың ескерусіз қалмайтыны айтылды. Соңғы екі аптаның өзінде қалада ондаған кездесу өтіп, оларға 600-ден астам ана қатысқан.

Әкімнің баяндамасында қала тіршілігіне қатысты басқа да мәселелер егжей-тегжейлі айтылғанымен, бұл кездесу анасын аялаған, алқалаған жиын болғанымен де есте қалары сөзсіз еді.

Қалабасының «Бәріміз анадан тудық. «Жұмақ – ананың аяғының астында» дейтін халықтың баласымыз. Бәріміз де бала асырап отырмыз, жақсы күн мен жарқын болашаққа үміт артамыз! Сондықтан кім не десе де, өз аналарымыздың проблемаларын өзіміз ғана ақылдаса отырып шешеміз.

Шет  елден әлдебір ағатай келіп шешіп бермейді бізге! «Жанайқайға айтақ қосатын» көлденең білгіштерге айтатынымыз сол. Қазақтың елдігі, келешегі бәрімізге ортақ, ұрпағымызға керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, алқаласақ, біз алмайтын қамал жоқ» деген сөзі осы алқалы жиынның түйінін шешіп, басты тұжырымын айқындап берді.

Әлем  – әйелмен әдемі. Сол әдемілікті әспеттеу, ананы аялау ұрпақ парызы. Халқымызда «Ер елдің иесі, әйел үйдің киесі» деген сөз бар. Бұл Отанның бақыты отбасын­дағы бақыттан басталады, отбасындағы бақытты адам – ең бақытты адам деген сөз. Бұл жолғы  баяндама сол бақыт­тың бағасын бағамдауға арналды. Өле-өлгенше халқының санын да, сапасын да сараптап өткен қайран Мақаңның – Мақаш Тәтімовтің «Елді қилы заманнан өткерген батырлар емес, аналар, әйелдер» деген сөзі де тақырыпқа жақсы тұздық болған екен.

Анасыз бала панасыз. Ана мен балаға қамқорлық – ең басты қамқорлық. Елдің бақытын, бағытын ана мен баланың қуанышы арқылы бағамдауға болады. Сондықтан ана алдындағы ұрпақ парызы үлкен парасат-пайыммен бедерленген бұл баяндаманы халықтың өзі жасағандай әсер қалдырғанын да жасырып қала алмайсың. Қысқасы, бұл кездесу мәселенің айқаймен емес, ақылмен шешілетінін дәлелдеп, жұрт көкейіндегі көп күдікті сейілткені хақ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *