МӘРТЕБЕМІЗ АЙҚЫНДАЛЫП, МЕРЕЙІМІЗ АРТТЫ

Еліміздегі педагогтар ҚР Парламенті Сена­тының отырысында қабылдаған «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қызу қолдап, талқылауға кірісіп те кеткен. Қашан да жаңалықтың басында жүретін Алматы қаласының білім саласы бұл істе де білек сыбана, белсенділікпен атсалысып жатыр.

Рая ЕСКЕНДІР

Жетісу ауданындағы Тілеулес Сабырова басшылық ететін №170 бөбекжай-балабақша ұжымы да осы заңмен танысып, жан-жақты талқылау жасады. Педагог мәртебесіне байланысты өткізілген жиынды балабақша меңгерушісі Тілеулес Сабырова ашып, жүргізіп отырды.

– Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында «Педагог мәрте­бесі» туралы заңды әзірлеп, қабылдау қажет екендігі туралы айтып, бұл құжат негізінде мұға­лімдер мен мектепке дейінгі мекеме қыз­меткерлері үшін барлық игіліктердің жасала­тыны туралы естіп, бір марқайған едік. Өйт­кені, бұл мәселе тек білім жүйесіне жауапты біздер үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін өте маңызды еді. Жалпы, педагог туралы сөз қозға­ғанда бала тағдыры тұратыны белгілі, – дей келе, заңның басым бағыттарына тоқталды.

Аталмыш Заңдағы «Жалпы ережелерден» бастап, «Педагогтың мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогтың құқық­тары», «Педагогтың міндеттері мен жауап­кершілігі» сияқты негізгі бөлімдерді оқып, таныстырды. Сонымен қатар, Тілеулес Орын­байқызы Заңға енгізілген арнайы баптардан да ұжым мүшелерін хабардар етті. Осы Заңның екінші бөліміндегі педагогтың статусы, этикасы, педагогтың ар-ожданын қорғау, педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау сияқты баптар көпшіліктің көңілінен шықты.

Кәсіптік біліктіліктерін көтеріп, өз тәжіри­белерін шыңдап, ізденіп отыру шын мәнінде бүгінгі күн талабына толығымен келетіні айқын аңғарылып тұр. Сондықтан №170 бөбекжай-балабақша ұжымы қабылданған Заң бүкіл ұстаздар қауымының мәртебесін көтеріп, ұстаз атты ардақты аттың абыройын арттыруға қызмет ететіндіктеріне толық сенім білдірді. Бөбекжай-балабақша ұжымы Заң жүзінде көрсетілген бірнеше әлеуметтік кепілдіктердің қарастырылғанына ризашылықтарын білдірді.

Әсіресе, педагогтардың жалақыларының 25 пайызға өсіп, еңбек демалысының 56 күнге ұзартылатыны, педагогиканың шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан бөлек, 30-50 пайыз аралығында қосымша ақы енгізіліп, құқық­тарын шектейтін басқа жұмыстардан босаты­латыны барлық білім жүйесі қызметкерлері үшін қуантарлық жағдай болды. Міне, осындай мерейлерін үстем еткен «Педагог мәртебесі» туралы Заң қызу қолдау тауып қана қоймай, өз мамандықтарына деген жауапкершілікті де күшейте түсуде.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *