МҰНДАЙ ДА БОЛАДЫ

Украина президенті премьердің отставкасын қабылдамады

Әзілкеш әртіс, шоумен Владимир Зеленскийдің Украинада билік тізгінін қолға алғанына әлі жыл тола қойған жоқ. Десек те, жас президенттің қызметіне үкілі үмітпен қарап немесе «қай жерде аяғын шалыс басады» деп мысықтілеумен аңдып жүргендер де жетерлік. Оның айналасындағы үлкенді-кішілі шенеуніктер де оппозицияның жіті бақылауында. Сондықтан да жақында, 17 қаңтарда өзі аттай қалап, үлкен сенім артып, былықпаған азамат санап, қойдырған премьер-министрі Алексей Гончаруктың отставкаға кетуге өтініш білдіруі талай жұртты елең еткізді.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Айтуларынша, үкімет басшысының ондай әрекетке баруына ел арасына YouTube арқылы тарап кеткен аудио­жазба себеп болған. Онда премьер, Ұлттық банк төрағасының орынбасары және Қаржы министрі үшеуі елдің эко­но­микалық даму жағдайын сөз ете отырып, Зеленскийдің экономика жөнін­дегі пайымы үстірт екенін айтып қалған-мыс. Тіпті, Гончарук өзін де аямай: «менің экономика жөніндегі түсі­нігім таяз екен» деген көрінеді. Аудиожаз­бадағы дауыстар үшеуінікіне ұқсайды деседі.

Мұндай жел сөз жерде жата ма? Ол жандайшаптар мен жағымпаздардың аузымен президенттің де құлағына жеткен. Осыдан кейін өзін-өзі сыйлай­тын, лауазымды қызметтен гөрі ар-намысын биік санайтын А.Гончарук пре­зидент В.Зеленскийдің атына қызмет­тен босату туралы арыз жазған.

Фейсбукте өзінің бұл қадамын: «Мен премьерлікке президенттің бағдар­ламасын орындауға келгенмін. Ол мен үшін ашықтық пен әдеп-парасат­тылық­тың үлгісі. Сондықтан президентке деген құрмет пен сенімге селкеу түсір­мес үшін мен отставкаға кету жайында өтініш жазып, президенттен оны пар­ламенттің қарауына ұсынуды сұрадым», – деп түсіндірген.

Алайда, В.Зеленский Гончарукты шақырып алып: «Мен сіздің қызметтен босату туралы өтінішіңізді алдым. Бұл тарап кеткен өсек-аяңға, келеңсіз жағдайға байланысты болса керек… Менің сізге және сіздің жаңадан құрал­ған үкіметіңізге деген көзқарасымды білесіз. Мен көп ойланып, сіздерге және сіздердің үкіметтеріңізге тағы да мүмкіндік бергелі тұрмын. Осылай еткен дұрыс болмақ. Ал сіздер бүгінде ел алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге тиіссіздер», – деп іштей езіліп, пұшаймен болған премьердің көңілін аулап, райынан қайтарған. Сондай-ақ, ол үкімет алдындағы кезек күттірмейтін міндеттерді еске салып, қазір елдің саясаты мен экономикасын шайқалта­тын кез емес екенін айтқан.

Сондай-ақ, ол: «министрлер кабине­тіне қатысты айтқанда, менің онда қызмет жасайтындар туралы «осы басшы адал емес-ау, кәсіптік біліктілігі төмен-ау» дейтіндей титтей де шүбәм жоқ. Мен сіздің бұл үкіметті қалай жасақтағаныңызды жақсы білемін, екеуміз олардың әрқайсы­мен сөйлесіп, команданың алғақандай стратегиялық мақсатты қойғанын анықтап білгенбіз. Сіз бен біз бұл үкіметті әлі де күшейт­кіміз келеді. Сондықтан сізден осал тұсты тауып, кәсіптік біліктілігіне қарай оған лайықты адамдарды тартуы­ңызды сұрар едім», – деген.

Негізінде Украина Конституция­сының 115-бабына сәйкес премьер-министр өзінің қызметтен кететіні жайындағы арызды Жоғарғы Рада (пар­ламент) төрағасына тапсырады. Арыз қабылданған жағдайда үкімет мүшелері түгел отставкаға кетеді. Бұл үкіметті қайта жасақтауға соқтырып, біраз әуре-сарсаңға түсіреді. «Саясат пен экономи­каны шайқалтатын кез емес» дегеніне қарағанда, Зеленский осыны да ескерген болуы ықтимал.

Дегенмен, Гончаруктың саяси қадам-қаракетіне қатысты Украина қоғамында әрқилы пікірлер тарап кетті. Мәселен, парламенттегі президенттік «Халық қызметшісі» партиясы фрак­циясының жетекшісі Давид Арахамия премьердің отставкасын Зеленский мақұлдаса ғана қолдайтындарын айтып, «Біз президент солай шешсе ғана бір кісідей дауыс береміз», – деді.

Ал «Оппозициялық ұстаным – өмір үшін» партиясы саяси кеңесінің басшы­сы Виктор Медведчук: «Гончаруктың мұнысы «арзан пиар», – деп әжуалап, «Батькив­щина» фракциясы төрасының орынбасары Сергей Соболев: «заңна­малық негізі жоқ, таза саяси амал-әрекет», – деген пікір білдірді. Ол: «Премьер-министрдің Консти­туция бойынша оның қызметтен босату жө­ніндегі өтінішті кімге жазу керектігін біл­мегеніне таңым бар. Білмесе Кон­сти­ту­ция­нын тиісті бабын ашып қарасын, министр­лер кабинеті туралы заңды оқысын. Сонда премьердің арызды парламентке жазатыны, ондай мәселені парламенттің шешетіні тайға таңда басқандай анық жазылған», –дейді.

Бір айта кететіні, Украинаның тари­хын­да Гончарукке дейін отставкасы қабылданбаған премьер болған. Дәлірек айтсақ, 2014–2016 ж.ж. үкіметті бас­қарған Арсений Яценюк те 2014 жылғы 24 шілдеде парламенттік коалиция тарқап, үкімет ұсынған заң жобалары қабылданбағанда өзінің қызметтен кететінін мәлімдеген. Алайда, сол кез­дегі президент Петр Порошенко және спикер мен парламенттік фрак­ция­лар­дың басшыларымен кеңесіп, келіскен соң оның жобасы өтіп, Жоғарғы Рада оның отставкасын кері қайтарған.

Гончаруктың арыз жазуына себеп болған аудиожазбаға байланысты прези­дент Зеленский: «БАҚ құралда­рында әр түрлі өсек-аяңдар өріп жүр. Әңгімеге қатысқандардың фотосурет­тері де бар деседі», – дегенді айтып, оқиғаның мән-жайын анықтап білуге құқық қорғау орган­дарына екі жеті уақыт берді. Украи­на­ның қауіпсіздік қызметі (СБУ) бұл істі дереу қолға алып, тергеуге кірісті. Бас про­курор Руслан Рябошапканың мәлім­деуінше, тергеуді СБУ қауіпсіздік қызметі жүргізіп, прокуратура процессуалдық басшылық жасайтын болады.

Жалпы демокартиясы қалыптасқан, өркениетті елдердің бәрінде қандай да бір мәселеге байланысты күдік туғанда немесе өз ұстанымын өткізе алмаған жағдайда жоғары лауазымды тұлғаның өз еркімен қызметтен кетуі қалыпты нәрсе. Мысалы өткен жылы парламент­ке Британияның Еуроодақтын шығуы жөніндегі жобасын өткізе алмағандық­тан премьер-министр Тереза Мэй ың-шыңсыз қызметінен кетті.

Осындай мәдениетті үрдіс біздегі қызметке кенеше жабысып қалатын әкім­дер, министрлерге жұғысты болып, солардан үлгі-өнеге алса дұрыс болар еді.

Екінші жағынан «басқа бәле тілден» демекші, ауызға да абай болған жөн.

Дейтұрғанмен, базбір саяси сарап­шылар келесі премьер қазіргі Ішкі істер министрі Арсен Аваков болады деп жора­мал жасап үлгерді. Соған қара­ғанда, Гончарук үкімет басшысы­ның та­ғында ұзақ отырмайтын тәрізді. Солай болуы әбден мүмкін. Өйткені, монархиялық елдердегідей премьерлік Гончарукке әкесінен мұраға қалған қызмет емес қой.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *