МӘМБЕТОВ АЛТЫНШЫ ҚАТАРДА ОТЫРДЫ

Мына төтеннен келген топалаң қазақтың бір-біріне деген мейірімін, бауырмал сезімін, ақ-адал көңілін одан сайын күшейте түссін деп тілейікші. Жұмыс-жұмыс деп бала-шағаны да ұмытып кететініміз рас қой. Ертеде есімде, әкем жұмыстан түн жарымында келіп, алакөлеңкеде шешініп, шешем екеуі күбір-күбір сөйлесіп жататын. Біз оянып кетпесін дегені. Естияр боп қалғанбыз ғой, құлағымыз түрік жатады. Сондағы әкемнің ең бірінші айтатын сөзі «Балалар тамақ ішті ме, жатып қалды ма?» болатын. Осындай қамқор сөзді біздің балаларымыз естіп өсіп жатыр ма?

 Қали СӘРСЕНБАЙ

 Бірнеше күн болды, бір шеге, бір ағаштан тасып жүріп, 7-8 жыл салған үйіміздің алдына қазан көтеріп, от жағамыз. От жаққан сайын ауыл еске түседі. «Ауыл не жеп отыр екен, не ішіп отыр екен?» деп ойлайсың. Жеп отырғаның тамағыңнан зорға өтеді.

Оттың жылуына, иісіне ештеңе жетпейді ғой. От. Ауа. Су таза болса мына тажал өтер-кетер. Қазақтың оты өшпей, қазаны оттан түс­песе екен деп тілеумен болдық осы күндері.

 

Жанына жылу іздеген адам жақсыларды жағалайды

 

Бір үлкен суреткер (әлемдік деңгейде) бірнеше күннен бері Сағынтаевтың көмек­шісінің телефонын сұрайды. Бір телефон беріп едім, ол жауап бермейтін көрінеді. Тағы да звондады. Мен басқа телефон білмеймін деп едім, сондағы айтқан сөзі ғой. «Сенің газетіңді от корки до корки оқимын. Өте жақсы. Осындай газет шығарып отырған адам бастықтың ерке баласы ғой деп ойлаушы едім. Сенің де мен сияқты бастықтармен ісің жоқ екен ғой» деді.

 

* * *

Өмірінде кісі елжірейтін бір сөз жазбаған бір қаламгер әдебиет туралы айтқыш.

 

* * *

Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар да, мұрты жоқ.

Теке сақал, қырма мұрт,

Ел түбіне сол жетер.

 

Мәшһүр Жүсіп.

 

Атақты классик жазушымыз 1973 жылдың наурыз айынан бері Жазушылар одағына бармапты.

 

* * *

Өзіңді-өзің қайталау – тоқырау (Әбіш).

 

* * *

Жаралы жүректі, қаяу көңілді жазумен емдеуге де болады.

 

* * *

Күнделіктен бір үзік: (12.12.06). Ықшам­далып алынды.

Әкемтеатрдың 80 жылдығы. Ұят болды қауымнан. Қара­шаңырақтың ұлы тойында қазақша сөйлейтін дені дұрыс шенеунік болмады. Бәрінен де сорақысы – Әзірбайжан Мәмбетов (театрдың алтын дәуірін жасаған адам) алтыншы қатарда, бізбен бірге отырды. Театрдың артистері ардагерлерімен қоса екі топ болып сахнада отырды. Әзе­кеңнің көрермен ортасында отыр­ғаны зор қуаныш еді, әрине. Ол әрі-беріден соң «Халық Қаһарманы» ғой. Мерейтойға арналған сахналық қойы­лымдарда Мәмбетов аты да аталып жарыт­пады, тіпті, аталмады-ау деймін.

Осының алдындағы көрініс көз алдымда. Тойға қалт-құлт етіп жеткен Мәмбетовті бір әйел баласы залда ағыл-тегіл жылап, сүйіп жатты. Мәмбетовті тірі көргеніне. Мәм­бетов­тің аты аталмаса да сол әйелдің көз жасы Мәм­бетовтің өлшеусіз еңбегіне берілген баға еді.

Біреулер Мәмбетовті «Құдай сүйер қы­лы­ғы жоқ адам» дер еді. Сол адам өлмей­тін өнер жасаған жоқ па? Мәмбетовтің мінезінің, ашуы­ның жеткен шыңы «идиот» сөзі еді ғой. Сол «идиоттың» арқасында талайдың маңдайы жарқыраған жоқ па?

Сахналық қойылым аяқталды. Шымыл­дық жабылуға тақау. Мәмбетовпен ешкімнің шаруасы жоқ. Бір кезде сахнада отырған атақты А.Әшімұлы мына қорлыққа шыдай алмаса керек «Әзірбайжан Мәмбетов сахнаға шықсын» деді. Жұрт дуылдап кетті. Әзекең жұрттың демеуімен сахнаға қалт-құлт етіп әрең жетті. Асекең мен Фарида Әзекеңді құшағына алып, көңілі босады. Сахнада­ғының бәрінің тұра жүгіретін жөні бар ғой.

Егер бұл біреудің қасақана жасаған тірлігі болса, онда оған тозақтың тоғыз есігі айқара ашық тұрған болар-ау.

Әзекеңнің біреулерге тілі тисе тиген шығар. Тіл тимей текті өнер, текті тентек қашан түзеліп еді.

 

Тағы да күнделіктен: (21.02.06).

«Мынау Герой Соц. Трудаң құтты бол­сын! (Мәдениет қайрат­керін алғанда айт­қан сөзі). Баяғыда мен «Ленин. 1918 жыл. Петро­градта» деген пьеса жазып, онда ойнаған­дардың бәрі мемлекеттік сыйлық алды. Редакцияға бір арба медаль әкеліп таратып, біреуін берді. Лениннің 100 жыл­дығына байланысты. Біз соған қатты қуан­ғанбыз. Арақты айрандай ішетін кезіміз ғой. Сендер скептиксіңдер ғой, қуан­байсыңдар.

…Ұлттық идея туады, жасал­майды. Саяси идеология жасалады.

(Қалағаңның – Қалтай Мұха­меджановтың телефонмен құттық­тауда айтқан сөзі. Осы күні Шер­ағаң,  Камал аға звондапты, болмай қалдым).

Қалтай. Камал. Шерхан. Қандай тандем еді, сес еді. Биік еді, бекзат еді. Өмірі ала­сармай өтті ғой.

Кісілік пен кішілігі қатар жүретін қайран ағаларым-ай! Соларды ойлағанда сағы­ныштан өртеніп кете жаздаймын.

 

* * *

Жанына жылу іздеген адам жақсыларды жағалайды.

 

* * *

Домбыра ұстаған бала көрсем қуанып кетемін.

 

Таласбектің тілі

 

Әр жазушының өз қолтаңбасы, яғни стилі болады. Қарапайым ұғымға салып айтсақ, стиль деген өзің. Ал енді сол жазушыны қабылдайтын өз оқырманы және оның талғамы, көзқарасы, пікірі бар. Бір жазушы баяндауға, сюжет құруға, енді бірі диалогқа, моно­логқа шебер. Қалай болғанда да жазушының ең басты құралы әрі жетістігі оның тілі, яғни көркем тілі, образ жасау, сөзбен сурет салу. Ал Таласбекте оның бәрі бар, әсіресе, тілі төгіліп тұрады. Тілдің бойында сезім, құштарлық бәрі-бәрі болады. Қазақта тілі бояулы, құнарлы қа­лам­гер баршылық. «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» деп Әуезов айтпақшы, тіл мәде­ниетін терең игерген қаламгердің бірі де бірегейі Таласбек Әсем­құлов.

Шынын айту керек, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Атамекен» тәрізді басқа да ер­теректе жарық көрген фильмдерден соң киноның тілі сұйылып кеткені рас. Тіпті бір­неше тілді аралас­ты­рып фильм түсіре беретін болдық. Соңғы жылдар бедерінде Досхан Жолжақсынов «Құнанбай», «Біржан сал» фильмдерін түсірді. Екеуінің де сценарийін Таласбек жазды. Осы туынды­лар­ды көріп отырғанда басқасын былай қойғанда тіліне де тұшынасың. Былай дейді:

– Байкенже, бұл мезгіл не деп аталады, білесің бе?

– Бұл мезгіл мизамкөк деп аталады? Менің де саған деген көңілім осы мизамкөк сияқты.

«Қарағым, Біржан не көрсең де еліңмен көр. Ұрғашы көп, ел біреу».

«Азаматтың ары тапталып жатқанда бір қатынның өлімі садақа».

«Бұралқы иттей табақ жалаған сарай әншісі, күйшісі төрге оза ма деп қорқамын».

«Ел қартаймапты, қазақ қартайыпты».

«Менің қолымдағы арқан наданның жүрегіндегі кісен, шеше алмайсың».

«Біржанға сәлем айт, ана атқосшысының жон арқасына жазып кеткен хатымды жақсылап оқысын».

«Еркек әйелдің ақылына емес, қылығына құлайды».

«Ноқтасын үзген жалғыз Біржан ба екен».

«Қабыланның етіне жерік болғандай нұрланып тұрсың ғой».

«Жауға баратындай жасанып алыпсың ғой».

«Сөзден жеңген адамның аты бәйгеден келгенмен бірдей».

«Атқа батса алтын ерді отқа жақ».

«Мен Алладан алшақ кеткен жоқпын».

«Нәпсі күшейген жерде заң қатаң болуы керек».

«Дәретімді алмай омырауымды аузыңа тоспас едім…».

«Еңсеңді көтер, Құнанбай! Өлсең де аяғың үзеңгіде кетсін».

Таласбектің «Біржан сал» мен «Құнан­байға» жазған сөздерінен үзіп-жұлқып алын­ды. Шіркін дейсің, Таласбек тірі болғанда бір үшкіртіп алса әлі қаншама фильмның тілі түзелген болар еді.

Жүрегінің шамын жағып, майын тамызып отырып жазатын еді ғой.

 

 

Не болса соған таңқала

беретін болдық

 

Не болса соған таңқала беретін болдық. Бір дәу бастық алда-жалда, есіне түсіп кет­кенде біреуге «неге мемлекеттік тілде сөй­лемейсің?» десе, әлгіні бас салып мақтап, алғыс айтудан жарыс басталып кетеді. 30 жыл бойы осылай. Одан сөйлеп кеткен ешкім жоқ. Айтса бұл оның міндеті, қызметі, біз неге оған айқайлап алғыс айтуымыз керек. Есесіне, әлгінің жарнамасын күшейтеміз. Ол «батыр» болып шыға келеді. Қазіргі тілмен айтқанда, имиджін қолдан жасаймыз. Ал әлгі болса бірнеше уақыт өткен соң басқаша сайрайды, өзгеріп кетуі де мүмкін. Себебі, бұлар принципі, ұстанымы берік емес, тайғанақ адамдар. Міне, біз әліптің артын күтпей осындай жасандылықтарды елге жасалған жақсылық көреміз. Айналып келгенде, бұл Ата Заңымызда тайға таңба басқандай, отыз жылдан бері көрсетіліп тұрған жоқ па? Ал біз неге оны жаңалық көреміз. Демек, анау-мынау емес, Ата Заңда көрсетілген нәрсе орындалуы керек. Егер әлгі дәу бастық әлгіні қызметінен алып тастайтындай жағдайға барып, қатты айтып жатса, бәлкім, «бәрекелді» деуге болатын шығар.

 

P.S. Редакцияға елге белгілілеу, аса бір көрнекті жағымпаз көкеміз телефон шалып, әлгінің «неге қазақша сөйлемейсің?» деген сөзіне таңдай қағып, жарты сағат сарна­ды. Мен ойладым. Бізге не болған? Бұл таң­қалатын нәрсе ме, сонша?! Не болса соған таңқала беру деңгейі төмен елде болады. Өскен, өнген елдерде мұндай жағдай орын алса, мақтамақ түгілі, тіпті сот арқылы шешіліп, әлгіні көк есекке теріс мінгізіп жі­беруі мүмкін. Бірақ олар бұған жеткізбейді. Себебі, оларда ұлттық, елдік мәселелер заңмен әлдеқашан реттеліп қойылған және ол ың-шыңсыз, біз сияқты анда-санда мақтауға берілмей, орындала береді.

 

* * *

«Ресейді бізге кім түсіндіріп береді?» атты мақаласында атақты Мэлор Стуруа былай деп жазады:

Жозе Сарамаго – Португалия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты. Осы жазу­шыны соңғы сапараға 30 мың адам шығарып салды. Әркім оның кітабын төбесіне көтеріп ұстап жүрген. Соның ішінде атақты «Монас­тыр естеліктері» де бар. Бұл кітабын­да ол халқына өз елі жөнінде бар шындықты жайып салған. Онымен қоштасу кезінде оқырман­дардың қолында көбіне осы кітап болған.

Мен осы оқиғаға орай студенттерден пікірін сұрай бастадым. Залда өлі тыныштық.

– Бізде Америкада жазушыны бұлай шығарып сал­майды, – деді американдық. Басқа студенттерім де солай деді де «ал сіздерде қалай, профессор?» деді. Мен: «бізде де осындай тәрізді, бірақ кітапты төбесіне қойып жүрмейді» дедім.

Португалия билігі Сарамагоны ұнатқан жоқ. Ол коммунист болды. Бірақ біздегідей коммунист емес. Португалия президенті оны­мен таныстығым жоқ деп, жерлеуге келмеді.

Сарамаго португалдықтарға Португалия­ны түсіндіруге тырысты. Бүгінде Ресейде Пушкин де, Толстой да, тіпті Сарамаго да жоқ. Елде не болып жатқанын түсіндіретін тірі жан жоқ.

Рухани дағдарыс.

Қандай ұқсастық!?

 

* * *

Әкем марқұмның газетсіз күні жоқ еді. «Осы Шерхан жанынан безген адам-ау деймін, өлетін жерін білмейді-ау» деп қауіп ойлап отыратын. Шерағаң өлетін жерін білетін, бірақ білмегенситін. Газетке өткір дүние шығып кетіп, жоғары жақтың айқайы күшейіп кетсе «е, сөйтіппіз бе?» деп аңқауситын. Қазақ үшін сөйтетін.

Бізді Шерағаңның шекпенінен шыққандар деп жатады. Орысқа көзсіз еліктеуден туған сөз ғой. Гогольдің шекпенінен шыққандар дегеннің тура аудармасы. Дұрысы, біз Шер­ханның шеберханасынан болмаса ұстахана­сынан шыққанбыз десек болады. Сол шебер­ханадан шыққанның бірі де бірегейі Темірхан Медетбек. Ол Шерағаңның шеріне шер қосып, шерден шедевр жасаған адам. Оның әр түрткенінің өзі түк тартқандай.

Әрине, оны оқырман негізінен ақын ретінде біледі. Ал оның қара сөзіндегі қасиет, қуат-қарым қандай десеңші!

 

«Ұстазың Шерхан ғой»

 

Биік болғың келеді, биік қалпыңда қалғың келеді, бірақ кейде қалай аласарып кеткеніңді де байқамайсың.

 

* * *

Өз сөзім өзіме еңіреп қайтқан бір күн болып еді.

– Жөн білетін, намысты ойлайтындар болмағаннан кейін сөз шығындап қайтесің. Атыңды да, затыңды да біліп жатқан адам болмаған соң қоя қою керек, күн көре алмай қаласың, – деді бір үлкен кісінің өзі дәрменсіздік танытып.

– Солай ойлайсыз ба?

– Бірақ сені де кінәлай алмайсың, ұстазың Шерхан ғой, – деді.

Шіркін, Шерағаң болса осындайда шырылдап неміз бар, шаруа өзінен-өзі шешіле берер еді ғой.

Сірә, орысшылдықпен күрес әбден пісіп-жетілді. Енді соның нәтижесі де көп ұзамай көрініс беретін болар.

 

* * *

Таңертең етігімді іздеп жатсам, келінім су болған соң кептіріп қойғанын айтып, алып келді. Жып-жылы боп тұр екен. Тұла бойыма бір жылу жүгіріп өтті. Мейірім деген осы-ау.

 

* * *

Жарлыны хан қойсаң да көжені айтады. Өз сөзім бе, есіме түсіре алмай отырмын. Жұртқа жетсін деп түртіп қойдым.

 

* * *

Алдаркөсені ойнайтын адамның тып-тыныш демалып жатқанына таңым бар?

(Асқар Сүлейменовтің Сәбит Оразбаевқа айтқанынан).

 

* * *

Әбең – Әбді-Жәмил Нұрпейістің бойын­дағы ғаламат күш-қуатқа, құштарлыққа әркез қайран қалып жүремін. Жады, есте сақтау қабілетіне таңым бар. Қайсыбір күні телефон шалып, жарты сағатқа жуық әңгімелескенде тарихтың талай тұсына барып қайттық. Осы жасында дүниенің қай түкпіріне болсын сапаршылай береді. Осы карантин біткен соң Бекет Тұрғараевты алға салып, Францияға жүрмекші. Оның себебін былай түсіндірді.

1967 жыл. Париж. Атақты композитор Филлип Жерардың үйінде Булат Окуджава үшеуі бас қосады. Француздың қызыл шарабын ішеді. Булат Окуджава гитарамен ән салады. Осы бір сәттің әсері болу керек біздің шал «Абай» операсынан Абайдың ариясын айтады.

– Мен өкінсем, бір нәрсеге өкінем. Дом­быраға қосылып ыңырси алмағаныма өкінем. Менде слух жоқ қой. Құлағымды аю басып кеткендей, қазақша айтқанда, түйе басып кеткендей. Бірақ ішкі слухым мықты, – дей келе телефоннан сол арияны шырқап жіберді. Біткен соң: Ұнамады-ау, деймін. Сен қол соқпадың ғой, – деп тағы бір күлдірді.

Сонымен әңгіме Франция туралы еді ғой. Әлгі Филлипті бұл кісі ұнатып қалыпты. Өзі сол Париждің түбіндегі де Голль туған ауылда дүниеге келгенін мақтаныш ететін көрінеді. Қайсыбір жылы жолы түскенде сол бір ғазиз жан, қазақ халқының музыкасын айрықша сүйген жан бақилық болып кетіпті. Енді осы сапарында соның басына барып тәу етіп, жарын іздеп тауып көңіл білдіріп, сұхбат құрмақшы. Осының алдында ғана Мәскеуде болып, Толстойдың бір жамағатымен кездесіп келді.

Біз мына тұрған ауылға баруға уақыт таппаймыз. Ал Әбең дүниені шарлап жүреді.

 

* * *

Әбеңнің үйіндегі апамыз Ажар Оралдың қызы ғой. Әншейіндегі қазақтың нанбаймын, сенбеймін деген сөзін солар «шамбаймын» дейді деп бір күліп алды.

– Даланы ойлауды қойып барамыз ба деп қорқамын. Осы жағы қабырғама батып жүр. Семейге жаным ашиды, Арқалықты аяймын, Аралдың менде арманы жоқ шығар, – деген Әбең әңгімесін әр қиырға бұрып жібереді. – Әй, черт! Қара бала! Какой ты сволыш! (жақсы көргенде айтатын сөзі). Біздің жақта итсигек деген шөп бар. Сендерде ше? – дейді.

– Білмедім,– деймін.

– Ит басқа жерге симейді, именно сол шөпті тауып алып сиеді.

– Қандай шөп?

– Иттен сұра оны. Сол шөп тағы да гүлдейді. Сұрықсыз гүл.

Екеуміз де кеңкілдеп күлеміз. Бірақ кемеңгердің күлкісі басқаша шығады.

 

* * *

Асағаң – Асанәлі Әшімұлы: – Біздің қазекем үйінің айналасын көгалдандырмайды, оның орнына картоп егіп тастайды. Алдымен тамақты ойлайды. Ол да дұрыс шығар. Бірақ сұлулықты, әдемілікті неге ойламаймыз? Өзің үшін де жақсы аура, болашақ ұрпақ үшін де керек. Сұлулықты сезініп өседі, – деп әдемі әңгіме бастап келе жатыр еді, бір әсірепысық інішексымақ: «Асаға, шет елге кетіп бара жатырмын. Не сыйлық алып келейін» деп қутыңдады.

Асағаң оған: – Шешең бар ма? – деді.

– Бар, – деді анау.

– Ендеше сыйлықты шешеңе ал, қуанып қалсын, – деді.

Анау үндемеді. Сірә, сөзімді, бетімді қайтарып тастады деп түсінген болуы керек, өйткені, онда одан әрі асып тұрған деңгей жоғын білемін.

Қайран біздің арды ойлаған шешелеріміз-ай! Бейнеттен басқа не көрді, көзінің жасаурағанын сездірмейтін Асағаң да жалғыз үшін отқа да, суға да түскен анасын еске алғаны сөзсіз еді.

 

* * *

Ынты-шынтыңмен амандассаң «бірдеңе дедің бе?» дейтіндер бар. Сәлемді де әжеп­тәуір сөз қылып, оңайлықпен алмайды ғой.

 

* * *

«Өмір өтті».

Есіл, Есенқұл! Бір өлеңге бар ғұмырын сыйғызып кетіпті.

 

* * *

Жүрек күніне екі тонна қан айдайды екен. Сұмдық қой.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *