Мәңгілікке қашалған мәртебелі жеңіс

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Жақында еліміздің оңтүстігінде бірнеше елеулі іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қазақ қоғамына ерекше  серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жариялан­ғанына бір жыл толуына орай Оңтүстік Қазақстан облысында осы бағытта қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде келелі кеңес өтті. Бұл басқосу «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты мен маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Содан соң Қазығұрт баурайындағы Шарапхана ауылында Жалаңтөс баһадүр мен Салқам Жәңгір ханға салынған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

 

«Рухани жаңғырудың басты мәйегі – әдебиет»

Алдымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында есеп беру жиыны өтті. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жүргізіп, кіріспе сөзінде өзі басқаратын өңірде жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

 – Алдағы уақытта ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды Елбасының өзі ұсынып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын нұсқаған болатын. Осы мақсатта өңірімізде «Туған жер» арнайы жобасы бойынша кәсіпкерлер мен демеушілердің қатысуымен 31 млрд. 467 млн. теңгелік 577 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде жалпы құны 6 млрд. 586 млн. теңгеге түскен 482 нысан аяқталып, пайдалануға берілді, – деді облыс басшысы.

Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттауға бағытталған «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» сияқты анимациялық фильмдер де  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленген дүниелер. Ал «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша өңірдің 24 нысаны республикалық тізімге енді. 80 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар киелі жерлердің қатарына кірді. ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш туралы тұңғыш деректі фильм де түсірілді.

Жиынға қатысушылар да бағдарлама жайында әңгіме өрбітіп, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, жазушы Мархабат Байғұт: «БАҚ-тың барлық түрі арқылы көркем әдебиетті жүйелі насихаттауға жаңаша мазмұн беруіміз керек. Әбден шоу мен шуға үйреніп алдық. Рухани жаңғырудың қайнар көзі, басты мәйегі – әдебиет қой. Осыны естен шығаруға болмайды. Туған жердің қасиетті топырағының киесі секілді, әдебиеттің де киесін ту етіп ұстауымыз керек. Әлеуметтік желінің әлеуетті тұстары аз емес. Алайда, әулекі жақтары әдебиетті желпілдетіп, жүдетіп-жадатып барады. Әуезовтің «Әдебиет – мәдениеттің атасы» деген қанатты сөзі бар. Мәдениетті болайық!», – деді.

Ал әйгілі ғалым, профессор Амангелді Айталы өз сөзін: «Біздің дербес ел болуымызбен қатар, нарықтық экономикаға көшуіміз қаржыға баса назар аудартып, рухани құндылықтар кейінгі лекке ысырылып қалған еді. Бірақ ұлттық санамыздың төмендей бастағанын, еуропашыл бола бастағанымызды түсінген сияқтымыз. Рухани жаңғырудың бір жылдық қана тарихы бар, жаңа басталды, сондықтан халықтың арасына терең сіңе қойған жоқ. Оған біршама уақыт керек. Науқанға айналдырмай, нақты істермен айналы­сайық. Терең білім арқылы, мәдениет пен ғылым арқылы халықтың санасына сіңіруге тырысқан жөн», – деп тұжырды.

Белгілі публицист, «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп оңтүстікті туризм орталығына айналдыру қажеттігін тілге тиек етті. «Нағыз туризм орталығы – оңтүстік. «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша ең көп нысан – осы өңірден. Табиғаты, тарихы жағынан да ерекше, ең сұранып тұрған өлкенің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы. Жыл он екі ай қонақ үзілмейтін Шымкент халқы мейман күте білудің, қызмет көрсетудің нағыз қазақы үлгісін ұсына алады»,  – деді ол.

Жиынға белгілі жазушы, композитор Илья Жақанов, күйші-композитор Секен Тұрысбек, ақын Аманхан Әлімұлы және т.б. елімізге танымал ғалымдар, қаламгерлер, жалпы зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Елбасымыз рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, аса маңызды бірнеше міндетті айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу, тарих белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу, – деп түйіндеді жиынды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.

 

«Тарихты таразылау – тағдырыңды тану»

 

Содан соң «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, республикалық Ардагерлер ұйымының орталық кеңесі, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, сондай-ақ «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияны ашқан Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Жансейіт Түймебаев Орбұлақ шайқасының маңызына тоқталды.

– Елбасымыз «Тарихты танып, зерделеу, таразылау қажет. Сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың» деген болатын. Тарихта ерекше із қалдырған оқиға, қазақ халқының азаттығы жолындағы ұлы жеңістердің бірі де бірегейі – Орбұлақ шайқасы. Бұл – ұлт тарихының жауынгерлік даңқ шежіресінде ерлік пен қаһармандықтың және отаншылдықтың өнегесі ретінде мәңгілікке қашалған мәртебелі жеңіс. Бүгінгі ғылыми жиын Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіске 375 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Біз – өткенімізге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен көз тастайтын жұртпыз. Орбұлақ шайқасында қазақ жасақтары бірлік пен жанкештіліктің арқасында жауға тойтарыс берді. Бұл тарихи оқиға әлі де тереңірек зерттеліп, тың деректермен толықтыруды талап етеді, – деді әкім.

Конференция тізгінін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев ұстады. Жиында сөз алған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, сенатор Әли Бектаев, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Сабыр Қасымов, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінің профессоры, филология ғылымының докторы, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Негимов және т.б. тарихи оқиғаның маңызына тоқталып, ғибратты сөз қозғады. Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты Несіпбек Айтұлы өзінің «Жалаңтөс» атты поэмасынан үзінді оқыды.

Ғылыми-теориялық конференцияда ҚР Ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай «Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіс және рухани жаңғыру: тарихи сабақтастық» деген тақырыпта баяндама жасаса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы «Ел тарихындағы пассионарлық құлшыныстар және бүгінгі ұлттық болмыс» тақырыбында сөйледі. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дария Қожамжарова «Орбұлақ шайқа­сының қазақ мемлекеттілігінің тұтастығын сақтаудағы орны мен рөлі» атты баяндамасын талқыға салса, Қызылорда облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Сейілбек Шаухаманов «Ұлы қолбасшы Жалаңтөс баһадүр ислам дінінің қорғаушысы және қамқоршылық іс-әрекеттері» деген тақырыпта баяндама жасады.

 

Орбұлақ шайқасы қалай болған?

 

Орбұлақ шайқасын ұзақ жылдан бері індете зерттеп жүрген қабырғалы қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы айтулы оқиға туралы деректерді қайдан және қалай жинағанын әңгімеледі. Бұл шайқас жайындағы әуелгі мәліметтер көпшілікке тарихшы И.Фишердің анықтауымен жеткен екен.

 

Қазақ халқы үшін аса маңызды жеңіс жөнінде М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллин, А.Левшин, И.Златкин, А.Чулошников те атап өткен. Бексұлтан ақсақал Орбұлақ шайқасының жай-жапсарын айқындауға Қазыбек бек Тауасар­ұлының өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жарық көрген «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабының көп көмектескенін де айтты. Жазушы шайқастың қазіргі Алматы облысы, Панфилов ауданының Белжайлау алабында өткені жөніндегі дәлелін сонау 1990-жылдары ұсынған. Қазақстан үкіметі 1993 жылы арнайы қаулы қабылдап, сол жылы Белжайлауда Орбұлақ шайқасының 350 жылдық тойы республикалық деңгейде атап өтілген болатын. Ұрыс болған жердің атауы – Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, шайқас өткен орынға гранит тастан белгі қойылған-ды. Ұлттық патриотизм сезімін күшейтуге тигізер ықпалы мол іс-шарада қазақтың аймаңдай жазушысы Әбіш Кекілбайұлы баяндама жасап, ол баяндама талайлардың рухын оятқаны да – кешегі күннің әңгімесі.

Ұрыста қолданылған стратегиясы мен теңдессіз тактикасы әскери өнер тарихында алтын әріптермен жазылуға лайық Орбұлақ шайқасы 1643 жылдың жазында Салқам Жәңгір хан бастаған қазақ әскері мен Батыр қонтайшы басқарған жоңғар қолы арасында өткен. Тарихи деректерге сүйенсек, небәрі 700 жауынгерден құралған қазақ әскері жоңғардың 50 мың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, 10 мың дұшпанның көзін жойған. Сол екі арада біздің жауынгерлерге 20 мың қолды бастаған Самарқанд әмірі Жалаңтөс баһадүр көмекке келіп, ойсырай жеңілген жоңғарларды кейін шегінуге мәжбүр еткен.

Орбұлақ шайқасы туралы белгілі қаламгер Әміре Әрін: «Орбұлақ шатқалындағыдай шайқас адамзат тарихында жоққа тән. Бұл ретте тек спарталық патша Леонидтің 300 жауынгерінің басқыншы парсылық Ксеркстің 80 мыңдық армиясынан тау мен теңіз арасындағы тар өткелді қорғап қалуын ғана мысалға алуға болады. Ал сол 300 спарталықтың атақ-даңқы жер-жаһанға мәшһүр. Қаншама кітап жазылды, поэмалар туды, спектакльдер қойылды. Голливудта екі бірдей көркем фильм түсірілген. Леонид патшаңыз Грекияның ұлттық батырына айналды. Біз болсақ, сол әлі де «ештен кеш жақсының» күйімен жүрміз», – деп жазған еді.

Конференцияға халықаралық сипат берген екі ғалым – «Қазақ-қырғыз халықтарының ортақ жауға қарсы тұрып күресуінің тарихи маңызы. Қос батыр – Көтен мен Табай» тақырыбында баяндама жасаған И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Толобек Абдырахманов пен «Самарқанд Регистаны – әлемдік өркениеттің алтын қазынасы. Жалаңтөс Баһадүрдің ерлік еңбегінің тарихи маңызы» деген ғылыми еңбегімен қатысқан Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Эркин Мусурманов. Самарқанды басқарып тұрған заманында Тіллә-Қари және Шер-Дор кесенелерін салдырған, сөйтіп, әйгілі Регистан архитектуралық ансамблін толық аяқтаған Жалаңтөс баһадүр туралы деректердің әлі жүйеленбей жатқанын сөз еткен өзбек ғалымы Шымкентке келе сала тың дүниеге жолыққанын қуана әңгімеледі. Оның қолына тиген құнды еңбек – «Алматы ақшамының» саяси шолушысы, белгілі журналист-жазушы Әшірбек Амангелді құрастырған «Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға» атты кітап екен. Сүйегі Самарқандтан 12 шақырым жердегі Дағбид қыстағында, Махуми ағзам қожа қорымында жатқан батыр бабамыздың ел мен жер тарихындағы елеулі орны мен маңызы енді нақтылана түседі деп ойлаймыз.

 

Елге рух беретін ескерткіш

 

Қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде, Шарапхана ауылында ұлт болып ұйысқан елге рух берерлік ерекше ескерткіш ашылды. Ол – Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойында алыстан бірден көзге түсетін «Батыр бабалар» мемориалдық кешені. Оның хас бетінде Есім ханның ұлы – Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ат үстіндегі бейнелері алыстан менмұндалайды. «Батыр бабалар» мемориалдық кешені алаңының сыртқы жағында бірнеше панно орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған зар заманды бейнелесе, екіншісінде Орбұлақ шайқасының көріністері айшықталған. Қабырғада ұлы жеңіске қол жеткізуде ерекше көзге түскен екі қолбасшымен бірге сардар батырлардың аты-жөндері де өшпестей етіп, гранит тасқа қашалған. Ал қос батырға салынған қола мүсіннің биіктігі – 12 метр.

 

Ескерткіштің салтанатты ашылуында ОҚО әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков, қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Мұхамедқасым Шәкенов, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, ел ағасы Тойым Жүнісов, т.б. кісілер сөз сөйледі. Халық ақыны Әселхан Қалыбекова жырдан шашу шашты. Ат үстінде отырған Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүр бейнеленген ескерткіштің қасында қос тұлғаның өмірбаяны мен ерліктері жазылған. Орбұлақ шайқасы туралы мәлімет берілген. Жиын соңында батыр бабалар рухына ас беріліп, дұға бағышталды.

Осынау тарихи ескерткіш «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қоры­ның төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымының докторы, профессор, меценат Бекет Тұрғараевтың бастамасымен салынды. Ғылыми-теориялық конферен­цияның өтуіне мұрындық болған кісі де сол.

Халық өзінің тарихы қандай, тегі қандай болғанын сезінуі керек. Алдағы уақытта осындай игі істер жалғасын таба береді деп ойлаймын. Ел болғаннан кейін халық игілігіне көңіл бөлуді жекелеген азаматтар да өзімнің перзенттік парызым, қарызым деп түсінуі керек, – деді Бекет ағамыз.

Ер есімін елі ескеріп, айбынды ескерткіш орнатты. Айналасы саябаққа айналып, ел игілігіне айналып отыр. Қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев сынды әр азамат туған жеріне осындай тарту жасаса, қандай ғажап! Рухты көтеретін, қазақтың ұлы халық екенін сезіндіріп, алыстан көзді арбайтын алып ескерткіш расында да керемет соғылған. Рухыңды көтеріп, намысыңды қамшылайды…

 

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ,

ҚР Ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары:

 

– Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһа­дүр­дің екеуі де – ұлы тұлға. Қос қаһар­манға арналған ескерткіштің қасиетті Қазығұрт тауының етегінде орналасуы елдің бірлігіне қызмет етеді. Бұл – бабалар арманының орындалғанының көрінісі. Осы шаруаның бәрін ұйымдас­тырып жүрген Бекет Тұр­ғараұлына алғысы­мыз шексіз. Ол  күн-түн демей, өзінің жанқиярлық еңбегімен осындай керемет ескерткіш тұрғызып, төбенің басына үлкен саябақ жасап, халықтың демалатын орнына айналдырып, көптің ықыласына бөленіп жүрген азамат.

 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,

жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

 

– Орбұлақ шайқасы – ұлттық бірлі­гіміздің жарқын үлгісі. Бабаларымыз дауылдай ұйтқып келген жауға қарсы тұрып, әскери шеберлікті керемет пайда­ланып, оларды айламен тізе бүктірген. Жәңгір хан Орбұлақтың маңын жіті зерттеп, алдын ала жоспар құрған. Арнайы оқпаналар қазып, жаужүрек 700 жауынгермен 50 мың әскерге қарсы төтеп берген. 1643 жылы болған бұл шайқас – ерекше соғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қазып, оқпана жасап, бұлай шайқасқан емес. Жағдайға бай­ланысты қазақ қолбасылары тың әдістерді ойлап тапқан. Жердің ыңғайына қарай әскери тәсілдерді қолданса, саны өздерінен ондаған есе көп жау жасақтарына тосқауыл қоюға болатынын іс жүзінде көрсеткен. «Жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз халық үшін басын бәйгеге тіккен. Сонымен қатар, Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі. Қазақтар жоңғар жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы білді. Бірақ ешкім жан сауғалап ыққан жоқ. Барлығы бір бай­ламға тоқтады, бір мақсатқа тастүйін бекіді. Біз бабалардың осындай ұлы жеңістерін дәріптеу арқылы ұрпақты тәрбиелейміз.

 

Амангелді АЙТАЛЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік универ­ситетінің профессоры, философия ғылымының докторы:

 

– Біз бұрынғы заманда өткен қаһар­ман­дарымызды насихаттап, олардың ерлік істерін жастардың санасына сіңіргеніміз жөн. Дегенмен, сол батыр бабалары­мыз­дың ұрпағы біз, қазақтар бүгін кімбіз? Біздің болмысымыз қандай? Сол батырлық қасиет сабақтасып, күні бүгінге дейін келді ме?

Орбұлақ шайқасы бізді бүгін әр түрлі ойға жетелейді. Лев Гумилевтің теориясы еске түседі. Ол бойынша ұлттың пайда болуы, ұлт этногенезі бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңді «материалдық және рухани күш жинау кезеңі» немесе «императив» дейді. Бұл – халқымыздың Қазақ хандығына дейінгі кезеңі шығар. Екінші кезең –  пассионарлық кезең, яғни ұлттың тарихи сахнаға шығуы, хандық дәуірі. Халық өзін бабаларының жалғасы ретінде сезініп, ұлт мұрасын толықтырады. Бірақ ұлт осы бір пассионарлық құлшынысты әр уақытта ұстап тұра алмай­ды. Сондықтан үшінші кезең басталады. Мұны «сұйылу кезеңі» дейді. Бұл тұста ұлт болашағын ойла­майды. Жас ұрпақ өзі үшін өмір сүріп, қара басының қамын ғана күйттейді. Тоғышарлық психология күш алып, ұлттық мұра шашырай береді. Төртінші кезең – футуризм. Бұл кезеңде ұлт өз тарихын ұмыта бастайды. Оны білгісі келмейтін ұрпақ келеді. Мұны «жаһандану заманы» дейді. Бұрынғы арман бұлдырап алыста қалады. Содан бесінші кезең келеді. Ұлт та, тіл де, дін де, қоныс та өзгереді. Бұрын Ұлы Далада тұрған қазақ қалаға шоғырланады. Бірте-бірте басқаша ұлтқа айнала бастайды.

Енді «бүгін біз қай кезеңдеміз?» деген сұрақ өзінен-өзі туады. Өте қиын сұрақ. Қазақ талай қасірет шегіп, талай рет тауы шағылды. Тәуелсіздік келді. Біз тарихи жауапкершіліктің алдында тұрмыз. Бүгінгі қазақ – бұрынғы қазақ емес. Біреу – өте бай, біреу – бай, біреу – орта, біреу – ортадан төмен, біреу – кедей, біреу – өте кедей. Солай күн көріп жатыр.

Ел шетіне жау келсе, Салқам Жәңгір секілді, Жалаңтөс секілді батырлар шыға ма қазақтың арасынан? Иншалла, шықсын. Бірақ миллиардтарын шетелде ұстайтын топтың ойы бөлек. АҚШ-тың баяғы президенті Томас Джеф­ферсон «Коммерсанттың Отаны жоқ» деген екен. Елдің басым көпшілігі даурықпай отбасын бағып, өкіметке қол жаймай, еңбек етіп жатыр. Міне, нағыз патриоттар – солар. Жерді, елді, тілді қорғайтын да осылар. Байдың бә­рі Бекет Тұрғараев секілді меценат емес қой. Ең басты мақсат – мына жаһандану заманында халықтың рухын сақтап қалу. Сондықтан рухани жаңғыру дегеніміз – бүгінгі заманда елдің тұтастығы, елдің бірлігі. Қазақты елге, жерге бөлуге болмайды. Кейінгі ұрпақтан пассионар­лық тұлғалар шыға­тынына сенімім мол. Неміс философы Фридрих Ницше «Тарихта адамдар көрмейтін бір жіптер болады. Ол жіп – сабақтастық. Ол – алтын жіп» деген. Орбұлақ заманы мен бүгінгі заманды жалғастыратын алтын жіп бар, ол – рух. Ол – біздің тарих. Сондықтан алтын жібіміз мықты болсын, еліміздің рухы асқақтай берсін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *