«МӘҢГІЛІК ДАҢҚ» ШЕРУІ: ҚОЗҒАЛЫС ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Алматыдағы 25 ардагерлер ұйымы Ұлы Жеңіс мерекесін саяси саудаға салуға жол бермейтінін мәлімедеді

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы күндері  департаментке ардагерлердің  25 ұйымынан  өтініштер келіп түскен. Олар  Жеңіс күні  құрметіне, әсіресе, «Мәңгілік  Даңқ – Бессмертный полк Казахстана» шеруінің бағыт-бағдарына орай  шараларды жоспарлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейту жөнінде  өтініш жасаған. Ардагерлер ұйымдарының хаттары түгелдей Ақпараттарды   есепке алу  кітабына тіркелген.

Алматыда 7–9 мамыр күндері аралығында көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар жоспар­ланып отыр.  Сонымен бірге, осы күндерге  115 мың­нан астам адам қатысатын  шеру де жоспар­ланған. Осыған орай, қалалық полиция жеке құрамның күшейтілген қызмет  көрсетуге  көшкенін хабар­лайды және де азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік  беретін бірегей іс-шаралар қолданылатынын мәлімдейді.

Атап айтқанда, полиция қызметкерлері  «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана»  колоннасына ілесе жүріп отырып, қауіпсіз­дікті күшейтудің   жоғары деңгейін қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, мереке күндері антитеррористік қауіпсіздік  шаралары да  күшейтілмек.

2016 жылдың шілде айында Ницца қаласында болған теракт кезінде  жүк машинасының халықты таптап өткенін ескере отырып, шеру қозғалысының  бүкіл бағыты  бойынша  антитаран­дық  бетон қоршаулар қойылады. Сонымен қатар, Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне қатысты барынша нақты алдын алу   шараларын  жүргізетіндігін  ескертеді.

Құқық қорғау органдары экстремистік қозғалыс өкілдері тарапынан жасалған кез-келген қоғамға қарсы іс-әрекеттерге жедел түрде қарсы іс-қимылдар жасайтынын хабарлайды және заң бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнама­ларына сәйкес қатаң іс-шаралар қолданылатынын мәлімдейді.

 

«9  МАМЫР  МЕРЕКЕСІНДЕ САЯСИ САУДА  ЖАСАУҒА  ЕШКІМГЕ  ЖОЛ  БЕРМЕЙМІЗ!»

Facebook-тегі  «Интернационалист» парақшасында жария­ланған мәлімдеме мәтінінде, ардагерлер  ұйымдарының қастер­лі  мереке – 9 мамырды  саяси инсинуациялар мен митингілер үшін  пайдалануға  жол бермейтіні  айтылған.

«Біздер, Ұлы Отан соғысына  қатысушылар мен  әскери қызмет  комитеті, «Боевое братство РК», «Ауғанстан  соғысы ардагерлері мен мүгедектері», «Ауғанстан мен шектеулі соғыстар, Чернобыль АЭС апатының зардаптарын  жоюшылар ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестіктері және  тағы 21  ардагерлер ұйымдары  мәлімдейміз:

Біз  Ұлы Отан  соғысындағы Жеңістің 74 жылдығы  аясындағы   «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана» азаматтық шеруін  ұйымдастыру мен  өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетіне біріктік.

Акция мақсаты: 1.Біздің әкелеріміздің, ата-бабаларымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне тағзым ету; 2.Халқымыздың тарихи, ерлікке толы  мұрасын сақтау; 3.Жас ұрпақты  ҰОС  арда­герлері мен  интернационалист-жауынгерлердің  үлгі-өнегесімен  Отан-Анаға қызмет етуге, оған деген сүйіспеншілікке, патриоттық рухқа тәрбиелеу; 4.Отан қорғаушы мәртебесін көтеру; 5.Бейбітшілік, достық, бірлік, өзара көмек пен ынтымақтастық идеясын  ұлықтау.

Шеруге 120 000-нан астам алматылықтар мен қала қонақтары  қатысады.  Осы ретте әлеуметтік желілерде  белгілі бір  саяси күштердің   9 мамыр – Жеңіс күні  мен  «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана»  акциясын  деқұрылымдық саяси мақсаттарға пайдалануға шақырған  ақпараттары  пайда болды.  Онда митингке шығып, наразылықтар акцияларын өткізіп, саяси талаптар қоюға шақырулар айтылып қалды.

Біздер, ардагерлер ұйымдары, қастерлі 9 мамыр мерекесін  саяси инсинуациялар мен митингтерге пайдаланып кетуге жол бермейтінімізді мәлімдейміз.  Бұл  Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды қастерлеу, оларға тағзым ету  күні, сондықтан да  осы күнді  саяси шоуға айналдыру барып тұрған  надандық, тағылық. Ұлы Отан соғысы  майданында қаза тапқан біздің  әкелерімізге, ата-бабаларымызға деген рақымсыздық.

Біз  9 мамыр күні «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана» акциясын пайдаланып,  саяси сауда жасауға ешкімге  жол бермейміз.  Арда­герлер ретінде  мұндай сорақы  деқұрылымдық  саяси  іс-қимыл­дарға қаталдықпен жауап қайтаратын боламыз. Қажет болса,  ҰОС ардагерлерінің рухын қорғауға дайынбыз. Жоғарыда айтылған  көзқарастағы мүдделерді  айыптай отырып, Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарын 9 мамыр мерекесі мен «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана» акциясын заңсыз саяси мақсаттарға  пайдалану туралы шақыруларға назар аудармауға шақырамыз.

Біз  бәріміз бірігіп, кез-келген  деқұрылымдық  саяси ұйымдар тарапынан болатын  мұндай жымысқы әрекеттерге қарсы  тұруымыз керек.

Біз  9  мамыр Жеңіс күні мерекесінде және «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана»  акциясын өткізу барысында  заңсыз іс-қимылдарға жол бермеу жөнінде  құқыққорғау органдарына  тиісті  өтініш бергенімізді хабарлаймыз және ескертеміз».

 

АУҒАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР  «МӘҢГІЛІК  ДАҢҚ – Бессмертный полк КазаХстана»  АКЦИЯСЫН  АРАНДАТУШЫЛАРДАН  ҚОРҒАМАҚ

Армия үйінде өткен Ауғанстан соғысы ардагерлері мен  мүгедектері  қоғамдық бірлестіктерінің жиналысында ауғандық ардагерлер әлеуметтік желілерде айтылып жатқан  түрлі шақыруларға қатысты көзқарастарын білдірді.

Кейбір  жеке тұлғалар   мен  бейресми  ұйымдар   Жеңіс күні  өтетін  «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана» шеруі кезінде  азаматтарды митингке шығуға  шақырған. Ардагерлер,  осыған орай,  қазақстандықтарға мәлімдеме жасады. Олар  «Мәңгілік Даңқ — Бессмертный полк Казахстана» —  ешқандай  саяси жүктемесі жоқ азаматтық қозғалыс екендігін, акцияның басты мақсаты — Ұлы Отан соғысына қатысып, Жеңіске жеткен боздақтарымыз бен ардагерлерімізге  тағзым етіп, құрмет көрсету болып табылатынын  алға тартып отыр.

Ауғанстан  соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы  Мұрат Әбдішүкіровтің  айтуынша,  «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана»  шеруіне дайындық жарты жыл уақыт алады, бұл акцияны өткізу үшін   қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарына  олардың   тарапынан  колоннаның кедергісіз жүріс-тұрысы  мен  қоғамдық тәртіптің қамтамасыз етілуі  мақсатында  арнайы   рұқсат алуға сұрау салынады.

— Біз 9  мамыр мерекесіне дайындық пен оны өткізудің,   «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казахстана»  азаматтық шеруін ұйымдас­тырудың тікелей мәресіне келіп тұрмыз. 

Өткен жылы  120 мыңнан астам алматылықтар мен  қала  меймандары   осы шеруге  қатысқан болатын.  Мен  Жеңіс күні – қасиетті  де қастерлі  мереке  деп санаймын.  Оның мақсаты — ата-бабаларымызға бас иіп, тағзым ету, құрмет көрсету.

Әрбір жетінші қазақстандық соғысқа аттанған, жауды жайратқан әрбір  он оқтың  тоғызы  қазақстандық қорғасыннан құйылған.

Біз осыны ұмытпағанымыз абзал.

Біз  жас ұрпақтың бойында  патриоттық рухты тәрбиелеуге тиіспіз. Олар  біздің қайсар да батыр, ержүрек халқымыздың  даңқты  дәстүрлерімен сусындауы тиіс.

Біз  бейбіт өмірді, достықты, өзара көмек пен  ынтымақтас­тық­ты, толеранттылықты насихаттаймыз  және  бұл қасиетті де қастер­лі  мерекемізді арандатушылықпен қаралауға жол бермейміз, — деді   Ауғанстан  соғысы ардагерлері мен мүге­дектері қоғамдық бірлестіктері Үйлестіру кеңесінің төрағасы  Мұрат Әбдішүкіров.

Ауғанстандағы  соғыс ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің  мүшелері  Алматы қаласының құқық қорғау органдарына  хат жолдап,  «Мәңгілік Даңқ –Бессмертный полк Казахстана»  шеруін  бейресми ұйымдардың  аранда­тулары мен  іс-қимыл  шараларынан қауіпсіздендіруді талап етті.

— Қазақта «Өлі риза  болмай, тірі  байымайды»  деген халық дана­лығы бар.  Ардагерлер – біздерде де  әлеуметтік өзекті мәселе­лер көп. Бірақ біз ешқашан да   қастерлі даталарды, қасиетті күндерді  жеке бас пайдасүйгіш мақсаттарымызға пайдаланған емеспіз. Бұл күндер біз үшін қастерлі, сондықтан да  оны саясиландыруға да, қорлауға да жол бермейміз.  Бұл біздің ортақ мерекеміз – ата-бабаларымыз туралы  зердеміз, біздің дәстүріміз. Сондықтан да  арандатушылықтан ада болу үшін  барлық күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз, — деді  Ауғанстан  соғысы  ардагерлері мен мүгедектері  Үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Байкал Хамзин.

 

Бұл – бейбітшілікті сүйетін барша халықтың жеңісі

Хамит БІРЖАНҰЛЫ, тыл және еңбек ардагері:

Адам баласын фашистік бұғау­дан құтқарған Ұлы Жеңістің маңызы зор. Бұл тек Кеңес Одағының мемлекеттері үшін ғана емес, дүние жүзінің, бейбітшілікті жақтайтын жандардың ізгі арманы болып қала береді. Сол соғыстың салған жарасы әлі күнге дейін жазылмай келеді. Соғысқа біздің елімізден аттанған миллиондаған адамның тең жартысы оралмады. Қаншама үміт өшіп, шаңырақтың оты сөнді.

Сондықтан соғыс тақырыбын, Ұлы Жеңіс күнін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек. Қазақ халқы үшін Жеңіс күнінің орны ерекше. Күннің көзін алақанмен көлегейлей алмайтыны сияқты Жеңісті де ешкім жоққа шығара алмайды.

 

Ерлік ұмытылмауы тиіс

Ғазиз БЕКМҰХАМЕДОВ, отставкадағы полковник, соғыс және еңбек ардагері:

Қазақстан тарихында Екінші дүниежүзілік соғыстың алар орны ерекше. Соғыс кезіндегі жауынгер­лердің көрсеткен ержүректілігі мен батырлығын насихаттау ешуақытта қалыс қалмауы тиіс. Ол соғысқа қатысушыларға деген құрмет қана емес, сонымен қатар, тәуелсіз мемлекеттің қазіргі Қарулы Күштерін патриоттық рухта тәрбиелеу үшін, әскери шеберлік пен тәжірибені қалыптастыру үшін қажет.

Бұл мақсатта қазір ұмытылған соғыс кезеңінің құрамалары мен үлкен бөлімдерінің танымал болған қолбас­шыларының ерлік істерін көрсету де маңызды. Сондықтан қоғамда жыл сайын өткізіліп жүрген «Мәңгілік даңқ» шарасы бүгінгі күннің өлмес мұрасындай ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болатын өнегелі іс.

Біз соғыс туралы айта отырып, сол жылдары еңбек армиясында болған қазақ халқының жеңісті жақындатуға қосқан үлесін ұмытпауға да тиістіміз. Халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруде қазақстандықтардың, қазақ әйелдерінің қатысуын әркез атап өтуі­міз керек. Сталинградты қайта қал­пына келтірген қазақстандық 88 қыз­дың ерлік ісі жастарымыз үшін үлгі-өнеге. Осы шаралар арқылы біз ата-бабаларымыз бен әке-апалары­мыздың ұлы ерліктің басында тұрға­нын ұмытпайтын бола­мыз. Соғыс жыл­дары республи­камыз бойынша мау­сымдық жұмыс­тарға шамамен екі миллионға жуық адам тартылыпты. Бір сөзбен айтқанда, соғыс уақыты­ның барлық ауыртпа­лықтарын олар бірге өткерді, сол арқылы ортақ Жеңіс­ке жеттік. Ал ол ұмытылмауы тиіс!

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *