Мәдениет пен әдебиеттің жаңғыратын уақыты

Баршамыз оқып-танысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың күні кешегі Жолдауы шын мәнісінде халық пен билікті байланыстырушы көпір боларына сеніміміз мол. «Халықтың дауысы – шындық үні» деген тұжырымға келген Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік қызметкерге халықпен ашық диалог орнатуды тапсырып отыр. Сонымен қатар, халық арасындағы заң аясынан шықпайтын, бейбіт митингтер мемлекет тарапынан қолдау табатындығын айтты.

Президенттің халқына арнаған Жол­дауындағы, әсіресе, туризм мен ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелейтін елеулі оқиғаларды атап өту туралы айтқан сөздеріне тоқталғым келеді. Қазақ жерінің байлығына, табиғатының көркемдігіне тамсанбайтын адам аз шығар. Ал біздің халықтың қонақжайлылығы жайлы сонау ертедегі тарих беттеріндегі ескі жазбалардан да көруге болады.

Еліміздің туризм және халықаралық байланыс саласына Алматы қаласындағы Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі де үлес қосып келеді. Колледж тіл мамандарын оқытумен қатар, еліміздегі туризм саласын қатар дамытып келе жатқан білім шаңы­рағы. Туризм – соңғы жылдарда бастауын алған, кенже қалған сала. Ал оған сапалы кадрлар даярлау барлық оқу орнында дерлік жүргізіліп жатқан жоқ.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде» жастардың білімі жайлы мәселені бекерге көтеріп отырған жоқ. Білімді жастар деп кімді айтамыз және олардың бойында қандай кәсіби қабілет болуы керек?! Сапалы кадр деп – өз мамандығын сауатты меңгерген, елінің патриотын айтамыз. Сонымен қатар, туризм саласын дамытып, қазақ әдебиеті алыптарының шығармашылығын әлеммен бөлісу үшін тіл білу қажет. Ал біздің Халық­аралық қазақ-қытай тіл колледжінің түлек­тері қазақ, орыс тілдерімен қоса, ағылшын және қытай тілдерін жоғары деңгейде меңгерген мамандар. Алдағы жылдар жоспарында мәдениетіміз бен тарихымызға туристердің назарын аудара отырып, әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын ысырапсыз, жоғары дең­гейде өткізуді, шығармашылықты насихат­тауды тапсырды. Осы орайда атап өтетін жәйт, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Шанхайда (ҚХР) ақын шығармалары қытайша нұсқада беріліп үлгерді. Оған біздің колледж ұстаздары мен студенттері атсалысу үстінде. Жүрегі қазақ деп соққан елжанды әрбір азамат осы аталған мәдени, рухани іс-шараларға үлес қосады деп сенеміз.

Мереке ЗЕЙНОЛЛАҚЫЗЫ,

ХҚҚТК-нің  баспасөз хатшысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *