МӘДЕНИЕТ АЛМАТЫДАН БАСТАЛАДЫ

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаланы аралап шыққан үш аптаға жуық уақыттың ішінде оның атына тұрғындардан 10 мыңнан астам өтініш, тілек, ұсыныстар келіп түскен. Бүгінде онымен тиісті құрылымдар шұғыл түрде жұмыс істеп жатыр. Бұрнағы күні өткен қала жұртшылығымен кездесуде әкім мырза осы зерттеулердің нәтижесінде әбден екшеліп, саралап жасалған арнайы бағдарламасымен таныстырды. Осынау кең ауқымда жасалған бағдарлама қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігін қамтиды. Оның мақсаты ешкім де, ештеңе де ескерілмей қалмайтынына негізделген. Осы орайда редакциямызға оқырмандарымыздан түсіп жатқан ұсыныстар да бірқыдыру болып қалды. Әрине, «ең алдымен ел қамы, содан кейін қалғаны» деп Қадыр ақын айтқандай, алдымен елдің тұрмыстық жағдайы, әлеуметтік даму мәселелері шешімін табуы тиіс. Жұртшылықты осы мәселемен қатар, шаһардың рухани дамуы да ойландырады. Осыған орай мемлекеттік тіл, оқу-ағарту, мәдениет мәселелері де назардан тыс қалмапты. Оқырмандарымыз осыған да алаңдайды. Өйткені, қордаланып қалған мәселелер бірінсіз бірі шешілмейді, оны шешу жолын кешенді түрде қолға алмаса және болмайды. Бұл ретте оқырмандардың рухани талабы да назар аудартпай қоймайды.

Қала активімен кездесудегі сөз арасында Бақытжан Әбдірұлы былай деді:

  • Таяуда қалалық Мәслихат депутаттарымен кездестім. Сонда қаланың идеологиясы жөнінде сұрақ қойылды. Мен мынадай жауап бердім. Өздеріңіз білесіздер Алматыда Мұстай Кәрімнің 100 жылдығы өтті. Ақын атында көше ашылды, ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол шара кезінде елімізге танымал зиялы қауым өкілдерімен де көп әңгімелесіп, кеңестік. Сонда айтып едім. Қарапайым мысалға сүйеніп айтсақ, қазекемнің қонақтарды шығарып салған соң бір өзара шай ішетіні бар ғой. Сол шай үстінде бұл мәселені кеңінен талқылаймыз деп едім. Бүгінгі жиынға Асанәлі, Сәбит аға, Роза Қуанышқызы қатысып отырған соң бұл мәселе тағы да есіме түсіп отыр. Алматы қай кезден де мәдениеттің, әдебиеттің ордасы ғой. Ол сол мәртебесін сақтап қалуы керек.

Айтса айтқандай, Алматыда еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар да тұрады. Олар – қаланың рухани төлқұжаты десе де болады. Қала деген сөздің өзі араб тілінен алғанда маданият деген ұғымды білдіреді екен. Сондықтан мәдениетсіз мерейіміз өспейтіні белгілі. Осындайда Әбіш Кекілбайдың мына бір қағытпа  жауабын тағы бір мәрте еске алғанның зияны бола қоймас.

Бірде Әбекеңнен қырғыздың бір зиялысы «Мәдениет министрлігі Астанаға көшті ме?» деп сұрапты. Сонда ағамыз «көшуін көшті-ау, бірақ мәдениет Алматыда қалып қойды» депті. Шынында да Алаштың Алматысы рухты, киелі шаһар ғой. Сол рухты аласартпай, киені қашыртпас үшін мәдениетке айрықша көзқарас керек. Мәдениет қай кезден де Алматыдан басталған, бүгінде халқымыздың айтулы биікке көтерілген дарынды тұлғаларының бәрі осында тұсауын кесіп, осында қанаттанғаны әмбеге аян. Бұл ретте қазақылығы басым Бақытжан Сағынтаевтың да зиялы қауымның үдесінен шығатынына шүбә жоқ.

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *