Мүбәрәк мәулiт

Аллаға мiнәжат, Пайғамбарға салауат айтқан Алматыда республикалық деңгейде өткен мәулiт мерекесiне бес мыңнан астам адам қатысты

Алла тағаланың соңғы елшiсi, қасиеттi Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған айының құрметiне ұйымдастырылған Мәулiт мерекесi Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өттi. Ақ Азиада алауынан кейiн жаңарған кең де жарық ғимараттың iшiнде екi дүниенiң мырзасы мен ардақтысы, адамзаттың асылы мен салмақтысы, сүйiктi Пайғамбарымыздың аты аталып, Ислам дiнiмiздiң тазалығы туралы ғибадат сөздер айтылып жатты. Бес мың орындық Спорт сарайына сыймаған жандар аяғынан тiк тұрып, Алла елшiсiнiң мәулiтiне қатысты. Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi жиылған жұртшылықты мәулiт мерекесiмен құттықтап, бүкiл әлемдегi мәдениетi мен өмiр салты әрқилы ұлттар мен ұлыстар арасында адамзат баласына тура жолды нұсқаған Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелi өмiрi мен шапағаты туралы мазмұнды уағыз айтты.

Қариялар тобы бастаған Алматыда тұратын мұсылман халықтарының жастар өкiлдерi Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметiне салауат оқыды, Аллаға мадақ айтты. Академик ақсақалымыз Сұлтан Сартаев мәулiт мерекесiне жиналған жұртшылыққа үлкендiк батасын арнады. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелi өмiр жолы туралы түсiрiлген деректi фильм көрсетiлдi. Астанадан арнайы келген Л.Гумилев атындағы Еуразия университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы Диқан Қамзабекұлы, «Айқын» газетiнiң бас редакторы Нұртөре Жүсiп, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениетi университетiнiң проректоры, филология ғылымдарының докторы Мұхитдин Исаұлы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты мен тағлымы туралы баяндама жасады.

Республикамыздың танымал өнер иелерi iзгiлiк пен дiни әндердi орындады. Айтыскер ақындар Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов қасиеттi дiнiмiз бен пайғамбарымызды дәрiптеп, жыр сайысына түстi. Бiраз жылдан берi Алматыдағы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған айы құрметiне арналған мерекелiк шараның мазмұнды да тартымды өтуiне М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссерi, Қазақстанның еңбегi сiңген қызметкерi Әубәкiр Рахимов белсендiлiк танытып келедi.

Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң қолынан Алғыс хат пен бағалы сыйлық алған қасиеттi дiнiмiздi  ел iшiнде кеңiнен насихаттауға үлес қосып жүрген бiр топ бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi арасында «Алматы Ақшамы» газетiнiң журналистерi Сәрсенбек Бекмұратұлы мен Өтеш Қырғызбай да бар.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *