Мұғалім болам десеңіз…

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде еліміздегі мұғалім тапшылығын жою мақсатында «Жас маман» республикалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 700-ге жуық студент пен 150-ден астам жұмыс беруші қатысты.

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қыздар универ­ситетінің ұйытқы болуымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жәрмеңке педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамтуға арналған. Бастама жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға бола­тындығын анықтауға септеседі. Сондай-ақ, шара «Дипломмен – жұмысқа» жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Жоғары және орта арнаулы оқу орындары, қалалық, аудандық білім басқармалары, жалпы білім беру ұйымдары мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қызметкерлері қатысқан жиынды Қазақ ұлттық қыздар педаго­гикалық университетінің Стра­тегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ләззат Бөлебаева ашып, ұстаздар даярлайтын оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту орайында өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.

– Жәрмеңке отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының бірыңғай қазақ­стандық білім беру кеңістігін қалыптастыру, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкін­діктері туралы ақпарат беру және түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақса­тында ұйым­дастырылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігін атап өтті. Осы орайда педа­гогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің механизмі болып отыр, бүгінде, – деп атап өтті Ләззат Бөлебаева.

Ал оқу және оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Қайрат Жүніс Қыздар университетінің қол жеткізген жетістіктері жайында сөз қозғап, білім ордасы мен жұмыс берушілер арасындағы байланысқа назар аударды.

Сонымен қатар, басқосу барысында Халық­аралық Sіlkway университетінің Академиялық істері жөніндегі проректоры Акмалдин Ажидинов, Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төре­мұратова, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебі директорының орын­басары Эльмира Иманбекова және өзге де білім беру ұйымдарының басшылары сөз сөйлеп, жас­тарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді ортаға салды.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер өз мекеме­ле­ріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып түйіндемелерін жолдады. Сондай-ақ, білім, ғылым, өнер және спорттағы жетістіктері жайлы арнайы портфо­лиолар көрмесін өткізіп, презентация жасады.

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің ақпаратына сүйенер болсақ, жәрмеңке педагогикалық, гума­нитарлық, жараты­лыстану және өнер саласында мамандар даярлау­дың жекелеген бағыттары бойынша ұйымдас­тырылды. Шара аясында «Еңбек нарығындағы сұраныс және әлеуетті жұмыс беру­шілермен ынтымақтастық» тақырыбында да жиын өтті. Алқалы басқосуда жоғары оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер түлектерді жұмыспен қамтудың мәселесін талқылап, өзара келісім жасады. Сондай-ақ, «Head  hunter» компаниясының өкілдері тақырып турасында және мансапты құру мақсатында арнайы шеберлік сыныбын жүргізді.

Керек дерек

 Статистикалық мәліметтер бойынша, өткен оқу жылында университетті  1548 студент тәмамдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал 2017 жылы «екі қолға бір күрек тапқандардың» үлес салмағы 88 пайызды құрайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *