Мұқағалиды iздесең №140 мектепке бар!

Рая ЕСКЕНДIР

Алматыдағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия елiмiздегi ақын есiмiн иемденген төрт мектептiң бiрi де бiрегейi. Олай дейтiнiмiз Мұқағалидiң өзiн көргiңiз келсе, даусын естiп, өлеңiн тыңдағыңыз келсе, ол жүрген жермен жүрiп, балалығымен бетпе-бет келгiңiз келсе, аталмыш мектеп-гимназияға асығыңыз. Босағадан кiрген бетте сiздi арқалы ақын бейнесi күлiмсiрей қарсы алып, қабырғадағы ақын өлеңдерi өзiне назар аудартпай қоймайды. Баспалдақ та, кең дәлiз де, бұрыштағы сылдырап аққан бұлақ та Мұқағали болып өлең оқып тұрғандай әсер етедi. Ал, ақын мұражайына кiрсеңiз, төрдегi Мұқағалидiң отты жанары «Менi көрдiң бе, менi оқыдың ба» деп тұрғандай көрiнедi.

Бейтаныс көзқарас сiзбен iлесiп, iзiңiзден аңдып жүргендей болады да тұрады. Мұндағы жәдiгерлердiң қай-қайсысын қолға алсаңыз да, сарғайған суреттер де, ақынның өлмес өлеңдерi де сөйлеп тұрғандай. Ерекше мұражайдың iшi сырға толы. Ақынның сөзi бар, iзi бар мұражай маңдайындағы атақты ақын Фариза Оңғарсынованың «Мұқағалидай ақыны бар халық – бақытты халық» деген бiр ауыз сөзiнiң өзi басқа анықтауышты қажет етпейтiндей.

Мiне, ақын атындағы атақты мектеп Мұқағалидың 80 жылдығы мен бiлiм шаңырағының iргесiнiң қаланғанына 20 жыл толу мерекесiн өз төрiнде атап өттi. Алдымен жиналған қауым Мақатаевтың «Алтын қордағы» нөсердей күркiреген даусын естiп, жаһұт жырларын тыңдады.

Осынау дүбiрлi мерекенi бiр емес бiрнеше шара аясында атап өтiп жатқан мектептiң басшысы Сәния Тiлеубай Мұқағали өлеңiмен рухтанып өсiп келе жатқан бiлiм шаңырағындағы қос мерекенiң әрқайсысының ерекшелiгiне тоқталды:

– Елiмiз Тәуелсiздiкке қол жеткiзген алғашқы жылы ашылған ана тiлiмiздегi бiлiм ұясының бiрiмiз. Оның үстiне мектебiмiз ақиық ақын атында болғандықтан, көтерiп отырған жүгi де қомақты. Тәуелсiздiктiң қарлығаштары болғандықтан мұнда бiлiм алып жатқан оқушылардың барлығының да жан-жақты, озат оқуы мiндет болса, ақын атындағы мектеп болғандықтан үлкеннiң де, кiшiнiң де Мақатаев өлеңдерiн жатқа бiлуi шарт. Ұжым зор табыстарға қол жеткiзiп, биiк белестерден көрiнiп жатса, ол да ақын рухының арқасы.

Болашақ талантты актер, 10-сынып оқушысы Әлiби Алпысбай сомдаған Мұқағали бейнесiнiң шоқтығы биiк болды. Залдағы қонақтар аса тебiренiстi бастан кештi. Қыдырбай Айдаров ақсақал – өзiнiң туған құдасы Мұқағалиды, ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Оразақын Асқар жарыса жыр жазатын ақын досты, ұлы Жұлдыз бен қызы Алма – асқар әкенi көргендей әсерде болып, әркiм сағынышқа толы сәттiң жетегiне ердi.

– Мұқағали менiң құдай қосқан құдам болса, халқының нағыз ұлы ақыны болып есiмi мәңгiлiкке қалды. Осындай жанмен тағдырымыздың тоғысқанына ризамын, – деген Қыдырбай ақсақал ақын өлеңдерiнiң өмiршеңдiгн, кештен алған әсерлi тұрғыда кеңiнен әңгiмеледi. Осыдан соң, Бостандық ауданы әкiмiнiң орынбасары С.Ағыбаев, қалалық Бiлiм басқармасының орта бiлiм жөнiндегi бөлiмiнiң бастығы М.Темiрбекова, Бостандық ауданы бiлiм бөлiмiнiң бастығы Г.Әмiртаева бiлiм шаңырағына өздерiнiң жылы тiлектерiн бiлдiрдi.

Жас ұрпақ тәрбиелеудегi еңбектерi ерекше бағаланған 13 мұғалiм қалалық Бiлiм басқармасының мақтау қағазымен марапатталды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» емес пе? Көп кештерден өзгеше, болмысы бөлекше кештiң тағы бiр ерекшелiгi – ұстаз – ата-ана – оқушы барлық жүктi бiрлесе көтердi. Әсiресе кiл мықтының басын қосып отырған шаңырақтың мықты болуы, керегесiнiң кең, уығының нық шаншылуы әрине бiлiктi басшы, ұлағатты ұстаз, ардақты ана, аяулы жар Сәния Өскенбайқызының арқасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *