«Мұқағали тілі сөздігі» жарыққа шықты

ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы   қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің  бірі,  талантты ақын, сөз зергері  Мұқағали Мақатаев шығармашылығын ғылым-білімнің қай қырынан зерттесе де еш өзектілігін жоғалтпайды.

Мұқағали шығармашылығы әдебиет­тану ғылымынан біршама зерделенгені белгілі, алайда тіл  білімі тұрғысынан әлі де зерттеу нысанын қажет ететін тұстары да  баршылық  екені ақиқат.

Жалпы,  Мұқағали тілі  қазақ қара сөзінің алтын қазынасы мен асыл қоймасы іспетті. Мұзбалақ ақын жинақтаған осы асыл қазынадағы сөз маржандарының қолданыс ерекшеліктеріне, сөз таңдау мен сөз түрлендіру шеберлігіне, дыбыс, буын, бунақ, ырғақ әуезділігі мен үндестігіне  кешенді  талдау жүргізіп, кемеліне келген көрікті ой мен тыңдарманды рахатқа бөлейтін эстетикалық әсерлілігін лингвопоэтикалық ұстанымдар негізінде  саралаған абзал.

Мұқағали сөз ойнатуға, сөз құбылтуға ұста ақын. Кез-келген сөз бен сөз тіркесінің бірлігі  өлең бола алмайтынын терең түсінген. Қиюын тауып, қисынын келтіріп, сәтті мағыналық үйлесімділік тапқанда ғана поэзия құдіретінің шынайы қожайыны  болатынына кәміл сенген.

Осы орайда, тілі  жеңіл, айналасы теп-тегіс жұмыр келген Мұқағали поэзия­сындағы лексикалық қорды түгендеп,   сөздікке түзіп, мағынасын түсіндіру, жиілік қолданысын айқындауды мақсат тұтқан «Мұқағали тілі сөздігі» дүниеге келді.

Бұл сөздікті елімізге  танымал тілші ғалымдар, профессор Б.Қалиев, Ж.Түй­мебаев, Ш.Құрманбайұлы, С.Исакова құрастырды.

Сөздікке ақынның 5 томдық шығар­малар жинағындағы 13348 жеке сөз бен 5035 тұрақты тіркес жинақталып, олар­дың 282 мың рет қайталанып қолда­нылатын статистикалық жиілігі көрсе­тілген.  Сонымен қатар, бұл сөздікті  Мұқағали тіліне жасалған бірден-бір алғашқы текстологиялық зерттеу ретінде де бағалауға  болады.

Мұқағали  сөз патшасы поэзия кеңіс­тігінде  әлем философиясын (оның ішінде Шығыс, Батыс философиясын, түркі философиясын, ислам философиясын)  әлем поэзиясын (ең аяғы сығандардың поэзиясын да) жетік білген, әдебиетке қойылар планканы (талапты) тым биіктетіп жіберген, қазақ қара сөзінің құдіретін терең сезінген  «ғасыр  ақыны» болған­дықтан, оның жауһар шығармаларының тілдік табиғатын, бай лексикалық құрамын, лексикалық  мағынасының жалпыхалық­тық сипатын, сөз түрлендіру мен сөз құбылту  шеберлігінің статистикалық жиілігін  саралайтын  «Мұқағали  тілі сөз­дігі» қазақ лексикографиясына қосылған аса құнды ғылыми еңбек.

 

К.КҮРКЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультеті, Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *