ҰЛЫ ЗҰЛМАТТАР КЕЗІНДЕ ҰЛЫ ТУЫНДЫЛАР ЖАЗЫЛҒАН

Әрине, адамның кейде үреймен, қауіппен, күдікпен өмір сүретіні рас. Бұл ғадеттер қазір мүлдем күшейді. Пенде баласы болғаннан кейін толқисың, әбіржисің, бауырыңды, бала-шағаңды, еліңді ойлайсың. Дейтұрғанмен, мұндай сәттің де өз пайдасы болады деп жатады. Өйткені, сіз біріншіден, бала-шағаңызбен бірге болуға, көңіл бөлуге уақыт табасыз, әрі зеріккеннен кейін кітап қарайсыз, ойланасыз, толғанасыз, көп нәрсені жоспарлайсыз, т.б. деген тәрізді. Әйтеуір қарап жатпайсыз ғой. Осы тұрғыдан келгенде ең кереметі, коронавирусқа байланысты жарияланған карантин, демалыс күндері ұлы жаңалықтар ашылып, ғажайып өнер туындылары өмірге келіп, адамзат үшін күтпеген сый болуы әбден мүмкін.

 Мұндай жағдайға өткен тарихтан деректер келтіруге болады. Карантин былай қарағанда үйқамақ болғанымен, тіршіліктің күйбеңіне байланып, көп нәрсеге мойны жар бермей жүрген  пендеге шығармашылық ізденістерге мүмкіндік ашатын да кезең. Бұл ретте бұл ойымызға есте жоқ ескі заманда өмірден озып кеткен ұлылардың өмірі, қызметі, ашқан жаңалығы дәлел.

Ежелгі дәуір қаламгері Джованни Боккаччоның есімін естіген боларсыз. 1348 жылы болған флоренциялық оба ке­зінде бұл кісі «Декамерон» атты туын­ды жазды. Бұл қайта өрлеу дәуірінің ең танымал кітаптарының біріне айналды. Аталмыш туынды өз заманының ғана үздік туындысы болып қоймай, оқырманын күні бүгінге дейін тамсандырып келеді. Қысқасы, махаббат пен эротика гимніне айналды. Айналып келгенде «Декамеронның» тууына сол кездегі елдегі қайғылы жағдай негіз болған.

1348 жылы Флоренцияға қара өлім – тарихта екінші мәрте оба пандемиясы келіп, ол қаланың үштен екісін жал­мады. Сонда адамдар бұл тажалдан құты­лудың жолы өзін «үйқамақта» ұстау екенін терең сезінді. Бұған «Декамеронның» сюжеті жауап береді. Мәселен, тажал кезінде жеті қыз бен үш бозбала Флоренциядан үш шақырым жердегі тау ішіндегі коттеджді пана­лайды және олар бұл пәлекет аяқтал­ғанша сонда тұрақтап қалуға келіседі. Олар уақытын да көңілді өткізіп, бір-біріне романтикалық тарих жөнінде қызықты әңгімелер айтады. Алайда, Боккаччоның өзі бұл эпидемия кезінде әкесі мен қызынан айырылады. Ал бүт­кіл дүниеге аты даңқты Петрарка өзінің ғашығы, музасы Лаурамен мәңгіге қоштасады. Осы күндері Еуропаны үрей елесі кезіп кетті. Боккаччоның заман­дастары бұл тажалды Құдайдан келген қаһар деп қабылдады. Осы тұста діни  фанатизммен қоса шыдамсыздық, күдік белең алды. Ауру таратушыларды, тәртіпті сақтамаушыларды айыптап жатты. Осы кезде адамзаттың қас жауы мейірімсіздік, қатыгездікті, екіжүзді­лікті өзінің өмірсүйгіштік, қайырым­дылық қасиетімен жеңіп, адамның ақыл ойында төңкеріс жасаған бірден-бір туынды «Декамерон» болды. Ол сөйтіп қайта өрлеудің символы ретінде есте мәңгілікке қалып қойды.

 

  • Ньютон бүкіләлемдік тартылыс теориясын ойлап тапты.

  • Шекспир «Король Лир», «Макбет», «Антоний мен Клеопатра» атты күні бүгінге дейін әлемдік сахнадан түспей келе жатқан ұлы туындыларын жазды.

  • Д.Боккаччоның өркендеу дәуірінің аса ірі туындысына айналған «Декамероны» жарық көрді.

***

1606 жылы жазда Лондонда кезекті оба эпидемиясы басталды. Бұл дерт бұдан үш жыл бұрынғыдай алапат болған жоқ, Лондонның бар болғаны 10 пайызын қамтыды. Оның өзінде де биліктің тез арадағы әрекетінің арқа­сында ауыздықталды. Адам өлімі отызға жеткенде лондондық шенеу­ніктер шұғыл шешімдер қабылдап, кез-келген ойын-сауық түріне тыйым салынып, «Глобус» театры жабылды.

Бұл қасірет театр компаниясының қожайыны Шекспирге қаржылық тұрғы­дан ауыр соққы болды. Алайда, драматург Шекспир үшін бұл кезең үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. 1606 жылы ол 42 жаста, талантының нағыз толысқан шағы болатын. Шулы каран­тиннің нәтижесінде ол өз театрының репертуарын қайта қарап, толықты­руына көп жұмыс істеді.

Қысқасы, Еуропадағы бас драматург (екінші драматург – Бернард Шоу) үйге қамалған осы күндерде күні бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан «Король Лир», «Макбет», «Антоний және Клеопатра» атты ұлы туынды­ларды жазды. Шекспирдің замандас­тары үшін бұл оба үлкен күйзеліс алып келсе, бұл керісінше шабырқанған шабандоз шабыт құшағына еніп, бүткіл дүние тұшынып көретін өлмес туын­дылар қалдырды.

***

1665-1666 жылдары Лондонда бұрын-соңды болмаған обаның шарпуына байланысты карантин жарияланды. Қара өлімнің алғашқы белгілері байқал­ғаннан бастап король Карл ІІ-шімен бірге ауқатты адамдар да қаланы тастап қаша бастады. Босқындардың арасында Кембридж университетінің 23 жастағы студенті Исаак Ньютон да бар еді. Ол Кембриджден 100 шақырым жердегі отбасын барып паналады. Жас ғалымды дәрісінен қол үзіп қалуы аса алаңдатқан жоқ. Есесіне адамзатта шешімін тап­паған табиғат пен адам өміріне қатысты 45 мәселенің тізімін жасап алып, соның себеп-салдарын анықтауға кірісті. Өз бетінше түрлі адам ойына келмейтін тірліктермен, ғылыми зерттеулермен айна­лысты. Әуелде ол базардан опти­калық құралдар сатып алды. Өзінің жатын бөлмесінде шағын ғана ойық жасап, күннің жарығын шыны түтіктің саңылауына өткізбек болды. Содан оның бөлмесінде ғажайып шұғыла пайда болды. Осының негізінде және басқа тәжірибелер арқылы ол өзінің оптика теориясын өмірге келтірді. Әрине, ең бастысы, оба кезінде ол бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты. Аңыз бойынша оның бұл заңды ашуына ауласындағы алманың басына түсуі себеп болғанын жақсы білеміз.

Бір жарым жылға созылған каран­тиннің нәтижесінде 100 мың адам эпиде­мияның құрбаны болып, Лондонның жар­тысына жуығы қыры­лып қалған. Бірақ Ньютон Лон­донға көтеріңкі көңіл-күйде оралған еді. Оның басы толған теория мен идея еді. Екі жылдан соң профессор атағын алды. Ал әлгі азапты жылдарды ол ғылыми өміріндегі ең өнімді кезең деп атады.

Кітапхана – дәріхана

Бүгінде түрлі зерттеушілер бойынша анықталғанындай, үйде отырған адамға кітаптың пайдасы зор екен. Сіздің көңіліңіздің керемет емшісі көрінеді. Қазіргі технология заманындағы кісінің психикалық жүйесіне түрлі әсері бар алуан  техникалық құралдардан құтқа­ра­тын да кітап.

Бұл ретте кітапханаңыз бай болса, ол екі есе бақыт. Сондықтан оқи алмай жүрген дүниелеріңізді оқып алуға таптырмайтын уақыт. Құдайдың өзі де сізге уақыт бөліп, тегін дәріхананы пайдалануға мүмкіндік туғызып отыр.

         Қ.ИМАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *