ҰЛЫТАУДАН ҰШҚАН ҰЛАР

Ұлттық кітапханада ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы  Жүрсін Ерман Молдашұлының бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Ізгі шараға белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылар қатысып, ақын шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді. Айтулы шараны «Ана тілі» апталығының Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ж.Әшімжан жүргізіп отырды.

Балнұр АХМЕТ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш ақынды қуанышымен құттықтап, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Құттықтау хатын табыстады.

Жырсүйер қауымға жол тартқан бұл көп томдық  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сардар» баспа үйінен (президенті Әділ Қойтанов) басылып шықты.  Көп томдық шығармалар жинағының 1, 2-томында Жүрсін Ерманның таңдамалы өлеңдері топтастырылған. Кітаптың 3-томында ақынның көркем очерктері, Өзбекәлі Жәнібеков, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Сағат Әшімбаев, Камал Смайылов, Сәкен Иманасов тәрізді тау тұлғалар жайлы естелік-эсселері жи­нақ­талған. Шығармалар жинағының 4-томында Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Серік Қирабаев, Ұлықбек Есдәулет қатарлы қазақ әдебиеті тұлғаларының Жүрсін Ерман жайлы лебіздері және белгілі сыншылардың әдеби-сын мақалалары, ақындардың арнау өлеңдері берілген. Кітаптың 5-томына Жүрсін Ерманның атамұра ақындар айтысын жаңғырту жолындағы жанкешті еңбегі жайлы және ақынның өмірі мен өлеңі жөніндегі сыр-сұхбаттары топтастырылған. Жарық көрген бұл бес томдық шығармалар жинағында қазақ айтысының шырақшысына айналған ақынның шығармашылық мұрасы, тұлғалық болмысы жан-жақты ашылған.

Ақынның бұған дейін «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба…», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Асыл Ажар», «Ұларың қайда, Ұлытау?» атты кітаптары жарық көрген.

1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының бұрынғы Қарсақпай ауданындағы Сталин ұжымшарында дүниеге келген Жүрсін Ерман еңбек жолын 15 жасында Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1978–1980 жылдары Жезқазған облыстық теледидарында бас редактор, 1983–1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында бас редактор қызметін атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналы­ның поэзия бөлімдерін басқарды. 2006–2010 жылдары Қазақ радиосының және «Қазақстан» ұлттық телеарна­сының бас директоры қызметтерін атқарған. 2013–2016 жылдары республикалық Кітап мұражайының директоры болып қызмет  істеді.

Жиында әнші Медеу Арынбаев, «Сейхун» тобы ақын­ның сөзіне жазылған әндерді тыңдарманға тарту етіп, әсем әуенмен әрлесе, Алматы мемлекеттік Қыздар педа­гоги­ка­лық университетінің студенттері жырсүйер қауымды ақын жырларымен сусындатты. Сондай-ақ, ізгі шарада «Жүр­сіннің жүйріктері» атанған айтыскер ақындар өнер көр­сетіп, кештің көркін кіргізді. Сонымен қатар, белгілі тұлға­лар ақын шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.

Әзіліміз әдемі жарасып жатады

Арман ҚЫРЫҚБАЕВ,

Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

– Қазақтың қара сөзінің қасиетін қадірлей білетін ардақты ағайын, қадірлі Жүрсін аға, бұл ізгі шарамен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің атынан шын жүректен құттықтаймыз. Жүрсін Ерман керемет адам. Ақын ағамыздың үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп әзілдесіп сөйлесе беретін керемет қасиеті бар. Жас алшақтығына қарамастан, кейде ардақты ағамызбен әзіліміз әдемі жарасып жатады. Әзілдеп, алысқа кетпейді, әрқашан орнымен қалжыңдасады, өзінің орнын біледі. Салиқалы сөзімен, адамгершілік асыл қасиетімен әр адамға өзін сыйлата біледі. Сахнаға шығар алдында, «Маған сөз берсеңіз, сізді қалай айтайын?» деп ағамыздың өзінен сұраған едім. «Қазақтың көзі тірі классигі деп айта бер» дейді ақын ағамыз.

Қазақ әдебиетін, дана бабаларымыздан мирас болған қазақтың қасиетті қазынасы – айтыс өнерін өркендетудегі еңбегіңіз ерекше. Жалпы, сіз бен билікті табыстыратын да, шағыстыратын да осы айтыс. Халқымыздың рухани маңы­зы зор, тағылымы терең мәдени мұрасы – айтыс өнерінің қазіргі дамуына дән ризамыз. «Бес томдық жинақ – бұл менің жиған-тергенім. Бұған дейінгі жазылған дүниелерді ой елегінен өткізіп, бір жинаққа топтастырдым. Пайғамбар жасына жеткен кезде халықтың алдындағы есебім, өзіме-өзім берген есебім» деп айттыңыз. Алла нәсіп қылса, кем дегенде тағы да осындай бес томдық жинақ жазатындай жағдайыңыз бар. Халқымызға әрқашан қызмет ете беруіңізге тілектеспіз.

 

Ақын деген – халықтың періштесі

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері:

– Бес томдық шығармалар жинағының жарық көруі Жүрсін ініміздің шығармашылық жолындағы бір белеске жеткен күні. Бес томдық жинақ күн сайын шығып жатқан жоқ. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты екі рет алып жатқан адам жоқ. Осының барлығы Жүрсін Ерманның бойындағы қасиеті, таланты мен дарынының арқасында қол жеткізген қуанышы. Ақын деген – халықтың періштесі ғой. Ақынды табиғат туғызады. Ақын сирек кездеседі. Ақынның әрқайсысының өз жолы болады, стилі болады. Жүрсіннің ақындық жолы өте бір «оригинальный» қазақша айтқанда. Бірде жанымда Жүрсін бар, тағы біраз жолдастарымызбен бірге әуежайда  тұрдық. Сол кезде өзара әңгімеміздің арасында «Поэзия мен прозаның айырмашылығы қандай?» деген сұрақ туды. Екеуінің айырмашылығы баршамызға белгілі ғой, бірі өлеңмен, бірі қара сөзбен жазылады ғой. Бір ұшақ жорғалап, ұшайын деп дайындалып бара жатыр екен. Мен сол кезде: «Анау ұшаққа қараңдаршы, жорғалап бара жатқаны бұл – проза, қазір аспанға ұшады, сол – поэзия» деп қарапайым тілмен түсіндірдім. Кейде мен де ақ қағаз бен қаламды жаныма серік етіп, жыр шумақтарын жазамын. Ақ қағазға сиямен сыр төгемін. Өмірде өлең жазбаса да, ақынжанды адамдар болады. Өнердің, сахнаның адамы өзі ақынжанды әрі жаны нәзік болмаса болмайды. Жанына жауһар жырдан рухани азық алатын жырсүйер қауымның тойы құтты болсын! Ақындар жасасын! Жан-сарайымызға жыр шуағын шашатын, жан-дүниемізді жыр жауһарымен жадырататын қаламы қуатты, сезімі шуақты ақындар көбейсін!

 

Жүрсіннің еңбегі тарихқа жазылу керек

Амангелді ЕРМЕГИЯЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері: 

– Бұл ізгі шара – еліміздің өнері мен мәдениетіндегі елеулі орын алатын оқиға. Жүрсін Ерман ерекше орын алатын қазақтың азаматы. Оның жазған өлеңдерінде жаттанды дүние жоқ. Бәрі – өмір. Бәрі тағдыр. Елдің ортасында жүріп, елдің мұң-мұқтажын көріп, мәдениетіне қанып, бірге өскен азамат. Сон­дықтан болар, елжан­дылығы, ер жалындылығы. Жүрсін Ерман елдің мұң-мұқтажын ой­лайтын талай тарлан тұлғалар дүниеге келген  киелі топырақ­тан шыққан. Ол кезінде белгілі ақын-жазушы­ларымыздың кітаптарынан сусын­даған шығар. Ғұлама Абай ақын­ның өлеңдерінен діліне дана­лық дарытып, рухани нәр алған шығар. Мағжанның, Қасым Аман­жолов­тың өлеңдері көңіліне ерек­ше әсер еткен шығар. Мүмкін Мұқа­ғали ақынға қарап бой түзеген болар. Міне, мұның бәрі Жүрсіннің өмірде осындай шыңға шығуына нәр берген, рухани тірек болғаны сөзсіз.

Ұлт немен ерекшеленеді? Ұлттың жаны – тілде, өзінің мәдениетінде, салт-дәстүрінде. Кітап оқылмайтын заманда айтыс өнерін қолдап, соны бүгін биік шыңға жеткізген Жүрсіннің еңбегі ерекше аталу керек, тарихқа жазылу керек. Ұлт болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыз керек.

Ұлттық құндылықтарымызды сақтауда айтыс өнерінің өнегесі мол, тағылымы терең. Жүрсін бауырымның қуанышы құтты болсын! Алдағы уақытта он томдығы жарық көруіне тілектеспіз!

 

Ақын  тойы – ең ғажайып той

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы:  

– Ақын Жүрсін Ерманның тойы – ғажайып той. Той біткеннің ішіндегі ең асылы, ең бекзаты, ең сұлуы – бұл ақынның тойы, өлеңнің тойы деп ойлаймын. Ақиқатында, ақын жолы – бақ пен сордан, ақ пен қарадан тұратын азапты жол. Ақын деген қазір көлдегі аққулар секілді аз. Қазір өлеңші көп. Ұйқасқанның бәрін өлең деп ойлайды. Сондай заманға тап болдық. Бір топырақтан  шыққан біздің болмысымыз бір, табиғатымыз бір, жайлауымыз бір, құдығымыз бір. Шығармаларынан шабыт алып, Жүрсін ағамызға қарап өлең жаздық.

Ақын Серік Ақсұңқар, Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкенов, Жүрсін Ерман болмаса, біз де болмайтын едік. Біз өзімізді Қасым салған мектептің үлкен түлектеріміз деп ойлаймыз. Күллі ғұмырыңызды көркем сөзбен суреттеген көп томдық еңбегіңіз жырсүйер қауымның рухани қазынасына айналуына тілектеспіз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *