Ұлыстың Ұлы күні – бағзыдан келе жатқан ұлық мерекеміз

НАУРЫЗ – ҚАЗАҚ  ҮШІН  ЕРЕКШЕ  МЕЙРАМ... ТҮБІНДЕ  БҰЛ  МЕЙРАМ  БІЗДІҢ  НЕГІЗГІ  ЖАҢА  ЖЫЛЫМЫЗ  БОЛАДЫ

Мемлекет басшысы  Астана қаласының Конгресс Орталығында өткен Ұлыстың ұлы күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шараға қатысып, барша қазақ елін Наурыз мерекесімен  құттықтады.

Қазақстан Республикасы Президен­тінің Баспасөз қызметі хабарлағандай, Елбасы мерекелік іс-шара аясында «Жаңар­ған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклін тамашалады. Жоғары техноло­гиялы музыкалық-хореографиялық этно-модерн қойылымына Қазақстанның белгілі өнер тарландары мен сахна өнерінің жас таланттары қатысты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО» көрме кешені аумағында орналасқан этноауылды аралап көрді. Мұнда музыкамен әрленген театр­ландырылған көріністер қойылып, декора­тивті-қолданбалы шығармашылық көрме және  ұлттық спорт сайыстары ұйымдас­тырылды.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйлеп, Қазақстан  халқына өзінің жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Бұл мейрам ұрпақ­тар сабақтастығының және халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дәстүрі мен мәдениетінің символына айналғанын тілге тиек етті. «Наурыз шынайы жалпыхалық­тық мерекеге, әрбір азаматымыздың бүкіл Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырғанын көрсететін ел бірлігінің жарқын үлгісі», – деген Елбасы  жалпыға ортақ жаңару мен рухани жаңғы­руды танытатын бұл қастерлі мерекенің өнегелік маңызының зор екенін  адамдарды береке-бірлікке бастайтынымен, оларды жақсылық пен мейірімділікке, махаббат пен шаттыққа бөлейтінімен, бұл күндері адамдар  бір-біріне қолдау көрсетіп, өкпе-ренішті кешіретінімен, үйлесімділік пен бірлікке ұмтылатынымен сипаттап берді.

Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілет­тілі­гінің берік негізін қалыптастыру жолын­дағы  өзара құрмет пен келісім құн­дылықтарын нығайтудың  маңыздылығына тоқталған  Елбасы  Қазақстанның тәуелсіз­дік жылдарында барлық бағыттар бойынша зор нәтижелерге қол жеткізгеніне айрық­ша назар аударып, бүгінде еліміз одан да өршіл мақсатты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеп отырғанын атап өтті.

– Құрметті отандастар! Көктем, жылу, жаңару, жақсылық күні– әз-Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні – бағзыдан келе жатқан ұлық мерекеміз. Кезінде біршама уақыт жоғалтып алып едік. Енді, міне, Тәуелсіздігімізбен бірге қайтадан ортамызға оралып отыр. Күнтізбе бойынша 1 қаңтарда есіктен кіретін Жаңа жылды өз заманында І Петр Батыс Еуропадан әкелген екен. Оның да өз орны бар. Әйтсе де, Наурыз – қазақ үшін ерекше мейрам. Күн мен түннің теңеліп, барша тіршілік атаулының оянып, айналаны шуаққа, жылылыққа, мейірімге бөлейтін кезі ғой бұл мезгіл. Наурызды қазақ ежелден-ақ асыға күткен. Туған-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне қонақ­қа барып, арқа-жарқа араласқан. Келіспей қалған адамдар кешірім сұрасып, табыс­қан. Демек, Наурыз – татулық пен бірліктің, жаңарудың мерекесі. Түбінде бұл мейрам біздің негізгі Жаңа жылымыз болады. Тәуелсіздігіміздің осынау 26 жыл­дық тарихында біз көп шаруа бітірдік. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстанымыз әлемдік аренадағы өз орнын белгілеп, дүние жүзіне белгілі мемлекет болды. Қолымыздағы осы барымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, бағалауымыз керек. Себебі, елдің бірлігі, ортақ мақсат жолында бір жұдырық болып жұмылуы – болашақ табыстары­мыз­дың көзі болып саналады, – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы айтқандай, «өміріміздің барлық саласын терең жаңғырту – осы заманның сын-тегеуріндеріне қарсы біздің нақты іс-қимылымыз. Әлемдегі жаңа технологиялық революция жағдайында  адам капиталы, соның ішінде азаматтарымыздың білімі, қабілеттері мен патриотизмі еліміздің басты байлығы болып саналады. Ақылды, табысты және өзіне сенімді азаматтары бар ұлт қана мықты әрі өркендеген Қазақ­станды дамыта алады».

Қазақстан Президенті әрбір азаматы­мызға жаңа мүмкіндік беретін «Бес әлеу­меттік бастаманы» іске асыру мәселесіне де ерекше тоқталды: «7-20-25» атты жаңа ипотекалық бағдарламаның арқасында еліміздің барлық өңіріндегі көптеген отбасы баспаналы бола алады. Жеңілде­тілген шағын несиенің берілуі өз кәсібін бастаймын дегендердің қатарын көбейтеді. Қосымша 20 мың грант бөліп, жаңа жатақ­ханалар салу арқылы мыңдаған жастары­мызға жаңа мүмкіндіктер ұсынылады. Осы айтылған нақты шаралар – жастар мен жас отбасыларды қолдаудың көрінісі. Сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақ­сартуға және еліміздің әл-ауқатын артты­руға тың серпін беріледі» , – деді Президент.

Мемлекет басшысы  Отанымыз – Қазақ­стан Республикасының өркендеуі жолында барша жұртқа бақыт, береке-бірлік пен толағай табыс тіледі. «Қазақта: «Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқа­сын» деген жақсы сөз бар. Ендеше, Ұлыс оң болсын! Барлығыңызды әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Отбасылары­ңызға амандық, бақыт, береке мен бірлік тілеймін!», — деп тұжырымдады  Елбасы мерекелік құттықтауын.

 

«Ақшам-ақпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *