ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ТЕАТР СӨЗ АЛАДЫ

Елордада ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өтті

Әлия БӨПЕЖАНОВА 

Еліміз үшін биылғы елеулі мерейтойлардың бірі – Астана қаласының 20 жылдығы. Осы айтулы мерекеге орай ұйымдас­тырылған халықаралық айтулы шаралардың бірі — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Театрлары ассоциациясы және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өткен ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі болды.

«Қазақстан» Орталық концерт залындағы ашылу салтана­тын­дағы құттықтау сөзінде  ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы жиырма жылдың ішінде Астана тәуелсіз елдің астанасы боуымен қатар, әлемдік геосаясаттың орталығына айнала бастағанын, сонымен қатар әлемдік өнер мен спорттың жетістіктерін де танытатынын және мұның барлығы отандас­тарымыздың жасампаз еңбегі мен Елбасының  дана саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын атап айтты.

– Астананың 20 жылдығына арналған биылғы жыл театр қауымына үлкен мейрам, халыққа қуаныш, – деді өз сөзінде көректі тұлға, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы А.Әшімов. – Бес театр фестивалі,  екі кинофестиваль. Бұл өнердің тойы деп есептеуге болады. Бұл – өскелең елдің, өскелең басшыларымыздың бізге, өнерге жасаған ұлы қамқорлығы деп білемін. Мұндай жақсылық әруақытта өнерге сыйғылықты, дей келе, басшылыққа ырзашы­лығын білдірді. Ауқымы мен географиясы кеңейіп, он сегіз ұжым өнер көрсеткен фестиваль бағдарламасы  қызғылықты болды.

 

Әлемдік театрлар кеңістігі

Өнер мерекесінде шетелдік он үш театр өнер көрсетті (өткен жылғы алғашқы фестивальға шетелден сегіз театр қатысқан). Олар –атақты «Pіccolo Teatro dі Mіlano» – Миланның Кіші театры (Италия), Э.Някрошюстің «Meno Fortas» театры (Литва), «Nakamura Gekіjo» (Жапония), Мәскеудің Губерндік, Санкт-Петербургтің Ленсовет театрлары (Ресей), «1927» театры (Ұлыбритания),  Бейжің халық көркем театры (Қытай), «11» театры (Германия), «TR Warszava» театры (Польша), Ш.Руставели театры (Грузия),  Өзбек Ұлттық академиялық драма театры, Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз академиялық театр мен Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық драма (Қырғызстан). Бұл сахна ұжымдарының басым көпшілігінің  өнерінен бүгінгі әлемдік театр өнеріндегі әрқилылық және жаңашыл үдерістер танылды. Ал шетелдік театрлар үшін бұл сапар әлемдік кеңістікке еркін енген қазақ елімен, сахна өнерімен танысу, пікір алмасу, ХХІ ғасыр қаласы Астананы көріп, өздері үшін өзгеше бір әлемді ашу сапары десек, артық емес.

Фестивальға А.Әшімов төраға, құрамында театртанушы ғалым Б.Пиккон-Вален,  сыншы, өнертанушы Д.Шавлис-Астинани (Франция),көрнекті режиссер Й.Вайткус (Литва), продюсер, режиссер Д.Папава (Ұлыбритания)сынды танымал театр мамандары бар сарапшылар алқасы төрелік жасады. Сондай-ақ, фестиваль жұмысына құрамында театртанушы ғалымдар А.Мұқан, А.Еркебай және сыншы Ә.Бөпежанова бар қазақстандық Сыншылар коллегиясы қатысты. Қызғы­лықты қойылымдар фестивалі  сыншылар қауымының да өнертаным көкжиегін  кеңейтуге бастағаны сөзсіз. Енді бірер сөз фестивальдік шетелдік театрлар қойылымдар туралы.

К.Гольдони. «Арлекин – екі мырзаға бір қызметші» Милан­дағы Пикколо театры (Италия). Қоюшы-режиссері Д.Стрелер.  Қалпына келтірген Ф.Солери (С. де Луканың қатысуымен).

«Арлекин – екі мырзаға бір қызметші» – атақты Д.Стрелердің Миландағы Пикколо театрында қойған екінші спектаклі. Италиядағы алғашқы стационар театрдың негізін қалаушылардың бірі, ХХ ғасыр театр режиссурасын мүлдем жаңа сапаға шығарып, театрдың асқаралы міндеті адамға, қоғамға қызмет етуі керек деп білген ұлы режиссердің  италиялық маскалар комедиясы дәстүрімен қойылған бұл спектаклі театр репертуарынан сонау 1947 жылдан бері  түскен емес. Осы қойылыммен әлемді аралап шыққан Пикколо театрының «Астана»  фестиваліне қатысуы театр қауымы үшін ғана емес, қалың көрермен үшін де үлкен мереке болды. Театр Астанада Д.Стрелер қойылымының – Арлекинді жарты ғасырдан астам уақыт ойнаған актер Ф.Солери мен Д.Стрелердің шәкірті, режиссер Стефано де Лука қалпына келтірген  нұсқасын көрсетті.

Спектакль «ЭКСПО» аумағындағы, акустикасы керемет Энергия-холда көрсетілді. Сахнада әрқайсысы бір-бір сағаттан үш акт бойы ойналатын оқиғаның басты кейіпкері де дирижері де – Арлекин.  К.Гольдонидің Труффальдиносын италиялық дель арте комедиясының белгілі типтік кейіпкері Арлекинге айналдыру арқылы режиссер қойылымының уақыттық аясын кеңейткен, сондықтан да ол қашанда бүгін­гілік атмосферасын береді. «Арлекин – екі мырзаның қызмет­шісі ғана емес, өз-өзін жеңе алған және алға қойған мақсатына жете алған мықты тұлға. Сондықтан да көрермендердің әр буыны одан өзінің арманын тани алады» депті кезінде Стрелер.

Театр тарихына көз салғанда, жетпіс жылдан астам уақыт ішінде Арлекинді ойнау мәртебесіне үш актер ғана ие болыпты. Алғашқысы М.Моретти, ал одан тәлім алған Ф.Солери бұл рольді жарты ғасырдан астам уақыт орындап, кейінгі буыннан актер Э.Бонавераға сеніп тапсырған. Яғни фестивальда үшінші Арлекин –  Э.Бонавера шебер ойын танытып, ролін ерекше ұшқырлықпен, кемеліне келтіре орындады.

Жалпы сөз, саз (музыка Ф.Карпи), пластика (хореограф М.Флах), сахналық сымбат (сценограф Э.Фрижерио) ғажайып үйлесім тапқан, жарықтық партитурасы ерекше (жарық суретшісі Д.Модика) үш сағаттық қойылымда еркін де ұшқыр ойын, көтеріңкі көңіл-күй бір сәт те толастамайды.

Актерлердің барлығының да еркін де ұшқыр ойыны импровизациядай көрінгенімен, тіпті де олай емес. Мұның астарында олардың  сезімді пластикамен үйлестіру таланты, яғни жан мен тәннің үйлесім-жарасымын табу жолындағы толассыз еңбегі,  сондай еңбекпен ғана келетін үлкен шеберлік жатыр. Әр  қимыл-қарекет, көзқарас, тіпті дауыс ырғағына дейін  өлшем-мөлшері дәл. Диалогтық сахналар өз алдына, көпшілік сахналарында да кейіп­керлердің барлығы дерлік өз пластикасы­мен дараланады, солай бола тұра ансамбльдік ойын салтанат құрады. Көпшілік сахналарын­дағы мұндай көріністер, бір есептен,  әсіресе, үшінші актыда  көз алдыға бір сәт Қайта өрлеу дәуіріндегі италиялық фрескаларды елестетеді.

Сахна тап-таза. Тек симметрия бар, еденде де, қабырғада да тіктөртбұрыш – едендегі тік төртбұрыш ап-аласа ағаш сәкі дерсіз, ал қабырғада ағаш карнизге ілінген үш түрлі перде-декорация оқиғалар орнын аңдатып, қажетінше бірінен соң бірі ашылып-жабылып тұрады және актерлердің еркін қозғалуына қолайлы. Оқиғалар негізінен еден-төртбұрыш аумағында өтеді. Ал осы аумақтан шықты болды кейіпкерлер  бетперделерін ашып, ойын сарпашыларына «айналғанда» «театрдағы театрды» тамшалағандай боласыз.

Костюмдердің түстік бояу жұмсақтығы (костюмдер суретшісі Ф.Скварчапино) көрер­меннің қабылдауына да әлдебір жайлылық береді. Былғары бетперде (А.Д.Сарторилер) киген Арлекиннің үшбұрышты құрақ алаба­жақ киімінің ашық түстері де әдемі үйлесім тапқан. Карниз, шырағдандар құтысы, орын­дықтар бір түсте. Ап-аласа ағаш сәкі алдын­дағы, әр актыда суфлер жағып-өшіретін шырағдандарды, ең соңында Арлекиннің өзі өшіргенде ғана феериялық қуатпен өтетін спектакльдің аяқталғанын аңдайсыз. Түйіп айтқанда, барлық компоненті келіскен, жарық та жасампаз бұл спектакль  тұнып тұрған органика. Нағыз театр стихиясы.

Ф.Кафка. Аштық шебері. «Meno Fortas» театры (Литва). Қоюшы-режиссері Э.Няк­рошюс.

Көрнекті режиссер Э.Някрошюстің қай спектаклі болсын, құбылысқа айналады және небір көркем интерпретацияларға дәйек. «Астана» фестивалінде режиссердің жиырма жылдық тарихы бар  «Мено Фортас» театрында Ф.Кафканың новелласы бойынша сахналаған «Аштық шебері» спектаклі көрсетілді. Туынды атауы мазмұнынан хабар беріп тұрғандай, Ф.Кафка кезеңінде ашығу өнері сәнге айналғаны тарихтан белгілі. Тіпті, рекорд қою үшін өзара жарысулар да болған. Жазушы, бірақ ашығу өнері мен оның шеберлері туралы жазуды мақсат етпегені анық.

«Аштық шебері» – хас суреткер тағдыры туралы әфсана. Някрошюс  әфсанаға жан бітіреді. Әңгімеден финалы ғана өзгеше қойылым негізінен эксцентрикаға құрылған. Бас кейіпкер – өмірін, өнерін ашығуға арнаған Артисті энергетикасы, пластикасы мықты актриса В.Куодите орындайды. Бос кеңістік. Бәлкім, ғасыр басындағы үй бөлмесінің төр қабырғасы. Ондағы екі есіктің бірінде бос рама ілулі тұр.  Үстіне қара плащ, аяғында  қызыл туфли киген ашаң да сұңғақ бойлы бас кейіп­кер  шығып, екі қапталдағы тақтаның біріне ойын атауын – «1. Аштық. 2. Аштық. 3. Аштық»,  ал  екіншісіне созылатын уақытын  – «Сессиялар. 27 күн, 38 күн,  40 күн» деп қазақ тілінде жазып қояды да, ойын басталады. Кейіпкер білегіне ақ орамал іліп алып, құдды бір даяшы сияқты ауық-ауық «Ас келді», «Ас келді» деп әр түрлі үнмен, әрқилы мағынамен қайталап айтады. Биік шеберлікті біртіндеп бағындыра жүре публика реакциясын да күтеді. Оның қырық күндік ашығуын, яғни ойынды арнайы бақылап отырған үш адам бар, бастысы – Импрессарио (актер В.Вадейша). Ал Артиске ашығу еш қиын емес, тіпті бұдан ләззат алады, өмірін осыған байлағандықтан  басқа ештеңені көрмейді  де білмейді және неғұрлым ашыға түссе және бұл сезім ахуалын көрермендер де соншалықты сезінсе, содан рахат алса деп армандайды. Алайда, шебердің бұл өнерін қатты қызықтайтын  жұртшылық­тың  назары уақыт өте келе басқа қызықтарға ауып кетеді.

Жалпы, қойылымның юморлық, яғни ойындық сипаты бар – жоғарыда айтылған үшеу сахнаға алғашқыда қолдарына көлемі әр түрлі картон қағаздан жасалған асқазан суре­тін ұстап шығады; ал бос рамадан кейі­ніректе Артист және оған қосарласа бақы­лаушылардың бірі көрінуге ұмтылады; Артист өз таланты, шеберлігі және маңдай терінің өтеуіндей небір мақтау қағаздар мен диплом­дар, кубоктарын сахнаға жайып салып, кәдеге жаратпақ болады, бірақ онысынан ештеңе де шықпай, ақыры оларды ломбардқа өткізуге ұйғарады, т.б. Көпшіліктің көзінде болу үшін Артист енді ашығуын циркке ауысып жалғас­тырады, ондағы қандай да азапты, бәлкім, мазақ трюктерге көнеді, өйткені атақ-даңқы төмендемеуі керек. Бірақ ондағы қарқынға шыдамай ақыры құлайды.

Қойылымдарында пластикалық шешімдер мен музыкаға, жарық режиссурасына басым­дық беретін режиссердің хас суреткер туралы бұл спектакль-әфсанасын, әрине, әркім өз таным-талғам тәжірибесіне орай көріп-«оқиды». Айталық, суреткер және оның қоғам­дағы орны, өмір-өнер гармониясы; таланттар мен табынушылар, талғамның айнымалылығы, атақты испандық Х.Ортега-и-Гассет ХХ ғасыр басында айтқандай, «көтеріліс жасаған көпшіліктің» бүгінгі бет-бейнесі…

Немесе өнерді, бәлкім, осы аяда өзін де зерттеу объектісіне айналдырғандай сезілетін мэтр Някрошюстің хас суреткер біткеннің жалғыздығы, А.Сүлейменов айтатын «Сананың соры – жаңғыздығы» және оның  табиғаты мен қауіп-қатері туралы болуы…

А.Чехов. Ваня ағай. Санкт-Петербургтің Ленсовет театры (Ресей). Қоюшы-режиссері Ю.Бутусов.

Бүгінгі театр кеңістігінде аса танымал Ю.Бутусов классикалық шығармаларды аз қоймаған режиссер. Негізінен тек классиканы, оның ішінде Чеховтың «Шағала», «Иванов», «Апалы-сіңлілі үшеу» драмаларын да өзінше, өзгеше интерпретациялаған режиссер. Оның өткен жылы Ресейдегі мәртебелі «Алтын маска» сыйлығын алған «Ваня ағай» қойылы­мынан әдеттегі психологиялық спектакль­дердің жұрнағын таппайсыз. Пластикалық һәм психологиялық гротеск басым қойылымда актерлердің сахнада өмір кешулері мүлдем өзгеше.

Оқиға әлдебір уақытшадай сезілетін үй ауласында өтеді.  Шамасы, гипсокартоннан жасал­ған қабырғалар мен еден (суретші А.Шишкин). Қабырғадан он шақты есік шығады. «Соня», «Елена», «Доктор», «Астров», «Иван», сондай-ақ,  «Күтуші» мен «Маман» (бұлар үнемі жабық тұрады), есімі өшірілген есік (мүмкін Соняның анасының бөлмесі) және атаусыз екі-үш есік. Бұлардың ішінде ең биік есік «Елена». Кейіпкерлер негізінен өз есіктерінен шығып жүреді, ал Иван көбіне атауы өшірілген есіктен.  Бұл – кетеуі, қызы­ғы кеткен үй екені, мұндағы өз қайғысы өзін­дегі адамдар бір-біріне бөтен, бірақ әлдебір инерциямен, шарттылықтармен бір шатыр астында тұрып жатқаны сезіледі. Мағынасыз, яғни нәтжесі жоқ диалогтар мен жеке-жеке монологтар. Әр кейіпкер өз жан арпалысымен өзі жеке қалады. Бір-бірімен сөйлесіп тұрғанда да өзінен басқа ешкімді көрмейді. Айталық,  Войницкий – Елена, Астров –  Елена, Соня – Елена  диалогтары, т.б.

Спектакльдің бірінші актысында кейіп­керлер, негізінен қатты музыкамен «көмкеріл­ген»  механикалық қимыл-қозғалыстарда жүреді.  Әсіресе,  Ваня ағай, Иван Войницкий.   Мысалы, оның сол қолы  әлдебір фигуралық пішін жасап қайталана беретін ырғақпен дірілдей де тұрады, әлденені қағып алғысы келетін сияқты.  Өзге кейіпкерлерде де қайта­лана беретін әр түрлі қимылдар, бір есептен, көрермендердің жүйкесіне сынақ дерсіз. Бұл қимыл-қозғалыстардың жұмбағы  келесі актыда шешілетіндей. Айталық, Войницкийдің пластикалық жағынан тап-таза механикалық қимыл-қозғалыстармен бейнеленген жан драмасы екінші актыда айқындала бастайды.  Қырық жеті жасқа келгенімен, өмірінің босқа өткені туралы   өкінішті ойлары, Еленаға деген сезімі, туған жездесі  Серебряков үйді сатуға шешім қабылдағанын естігенде – бейсана түрде  талантына басын иіп, соның жағдайын жасау­мен өмір өткізген – Ваня ағайдың психология­лық ахуалы, яғни  қатты стресс алуы.  Қапы­рық болған соң шешінген Серебряковтың шын жан дүниесі де барынша жалаңаштанатын бұл сахнаның  эмоционалдық әсері мықты.

Жалпы алғанда, психологиялық тұрғыдан қуатты екінші актыда  оқиғалардың өрбуі трагикомедиялық сипат алады. Шамасы, кезекті «шедеврін» жазып отыратын Серебря­ков өз есігінен әлсін-әлсін көрінеді, ал жазудан қолы босағанда қиялындағы саксофонда ойнайды (қанша дегенмен шығармашылық адамы ғой!). Немесе одан еш жылу, қамқорлық көрмеген  қызы, қолын шынтағынан бүгіп алған, Соня (актриса О.Муравицкая) қанаты қайырылған құс сияқты.  Оның бар арманы – оның (Астровтың) не дегенін білу. Ал Елена Андреевна (актриса Н.Шамина) керісінше, ұшатын құстай қолын созып, білезігін айнал­дырып жүргені. Кейіпкерлер ішінде реалист, тіпті циник дәрігер Астров (актер С.Пере­гудов). Ақыр аяғында ол да «абстракционист суретші» болып шығады.

Өмірін талантынан атағы басым жазарман Серебряковты мақтаныш етумен өткізген, солардың жағдайын ойлап күн кешкен, ақыры сол үшін адал еңбек, маңдай тері сіңген үйден айырылмақшы Войницкийдің, жалпы Вой­ницкийлердің күйінішті өмірі режиссер Бутусов интерпретациясында трагикомедия­лық гротескіге айналады. Ваня профессорды атпақшы болған сахна да күлкі тудырады. Әкесі профессор болса да оқымай қалған,  мейір­бан, «Ол (Астров) енді мұндай болмай­дыны» естіген Соня соңында азар қалқиып тұрған үйдің атаулы есіктерін жұлып-жұлып алып, балтамен қабырғаларының быт-шытын шығарады да, бензин құйып өртемекші болады, бірақ шырпы тұтанбай қалады. Ашық кеңістік, қираған үй фонында, малы түгел  профессор мен жас әйелі кезекті гастрольге кетпекші, Астров та жолға жиналған… Арманы күл-талқан, болашақтан күдер үзген Ваня ағай  гүрс құлаған қалпында жансыз жатыр… Оның портфелін қолтығына қысып әлдеқайда бет алған Соня… Қайда бет алды? Жауабы қиын.

Бутусов Чеховты осылайша «ұсынады». Жүзеге аспаған армандар,  бас көтеріп «жұлдыздары жымыңдаған көк аспанға» бір рет те қарамай өткен, тіпті қарауға да ұмтылмаған өмір аяныш тудырмай қоймайды. Таңдау әркімнің өз қолында. Таңың атып, тауық шақырғанға ғана ырзасың ба – мархабат. Атақтының ығында өмір кешкің келе ме – мархабат. Өз арманыңды жүзеге асырғың келе ме – мархабат. Кеңістігіңді ұлғайтқың келе ме – мархабат. Мархабат, мархабат…

Я.Пулинович. Шексіз сәуір. Мәскеу губерндік (облыстық) театры (Ресей) қоюшы-режиссері А.Горушкина.

«Шексіз сәуір» бүгінгі таңда көп сахна­ланатын талантты драматург,  Н.Коляда шебер­ханасының түлегі Я.Пулиновичтің шығармасы. Сюжеті қарапайым туындыда ретроспекция (психология тұрғыдан қайтадан бастан кешу) және бүгінгі күн (объективті шындық) қатар жүреді. Ретспоспекцияда – Петербургтегі зиялы отбасында революцияға дейін дүниеге келіп, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығына дейін ғұмыр кешкен Веня, Вениамин Александровичтің  өмір тарихының маңызды сәттері, оқиғалары. Бүгінгі күн – төсек тартып жатқан қария. Оның қызы мен немересінің пәтерге келуіне байланысты оқи­ғалар, мінез-құлық, дүниетаным, сезінулері.

Жеке адамдардың кезең, дәуір фонында бейнеленетін өмірі мен тағдыры көрерменді де бей-жай қалдырмайды. Бірде бүгінгі күн, ал көбінесе еске алу сипатында жүретін қойы­лымда Веня – актер А.Амелин соншалықты шынайы да пафоссыз ойын көрсетеді. Ол осы пәтерде тұрып, бірнеше қоғамдық форма­цияны басынан өткерген – революция, проле­тариаттың салтанаты, соғыс, блокада,  кейінгі өмірі… Осының  бәрі шамамен әр онжылдық­тың сәуір айларында өткен аса маңызды оқиғалармен байланыстырыла еске алынады. 20-жылдар. Бұлар ақгвардияшының отбасы болғандықтан кеңес үкіметі санасып жатпайды, кең пәтерлерін бөтен, дөрекі бір отбасымен бөлісуге мәжбүрлейді. Қызметші қыз Катя аяқ астынан жоқ болып кетеді. Веня оны қатты іздейді. Жесір анасы ұлын барынша қорғап бағады, жақсы тәрбие береді.  Рухы мықты, зиялы да мейірбан ана – актриса И.Безруко­ваның шынайы ойыны тәнті етеді. Немесе 40-жылдар. Негізгі оқиғалар осы кез, блокада күндеріне байланысты еске түседі.  Веня адасып кеткен қарны аш балаға (С.Соломатин) өзінің карточкамен алған бірер тілім ғана нанымен бөліседі. Одан беріде үйленуі, әйелі Галяның (актриса Е.Доронина) опасыздығы және өлімі, қызы Люба, жүрегін жылытатын кездейсоқ махаббаты (актриса Е.Киркова), кәрілігі. Веня, әсіресе, анасын және бала махаб­баты Катяны ерекше бір мейіріммен, сағынышпен еске алады.  Актер кейіпкерін бірнеше жас мөлшерінде – бала, жасөспірім, ересек, егде, қарт – еш гримсіз, еркін ойнайды. Сахнаның жұқа ақ үлдірмен қапталғансол жағы шартты түрде екі кеңістіктің арасын бөліп тұр. Веняның анасы, әйелі үлдірдің арғы жағында, яғни естелігінде.  Олар да бірнеше жас кезеңін еш гримсіз, психологиялық жағынан шынайы орындайды. Ал сахнадағы мол реквизиттер (суретшіА.Ловянникова) –түрлі-түрлірадиоқабылдағыштар, сағаттар, шілтерлі үстелдер, ескі орындықтар, т.б.әр кезеңнің заттық ескерткіші. Веняның ғасырға жуық өмірі өткен пәтерде төрт ұрпақтың өмір тынысы, тарихы сайрап тұр. Өзіне өте қымбат пәтер – отбасының, тіпті елінің  тарихына куә болған жылы ұя. Ал қатыгездеу де тікмінез қызы Люба (актриса А.Цанг)  үшін бұл пәтер отбасы құндылығы емес, пайда көзі ғана. Әкесінің көзі жұмылмай тұрып-ақ пәтерді сату қамында. Қайтсем қымбат өткіземінмен жүр.  Әкесінің жан дүниесі, рухани өмірінен мүлдем бейхабар, біртүрлі жат. Немересі  Галя (ак­триса Н.Шклярук) – бүгінгі ұрпақ. Өзі сурет­ші, креативті жас. Оған пәтер дәуірдің симво­лы ретінде қызғылықты. Атасының өмірі де. Блокаданы көрген атасының Бродскиймен, «Битлзбен», Леннонмен бір кезде өмір кешкені маңызды және мақтаныш. Атасы тіпті Брод­скиймен бір көшеде жүруі, кездесуі мүмкін ғой!

Жас режиссер А.Горбушинаның қойылы­мының эмоционалдық-психологиялық әсері жоғары. Жеке адамдардың кезең, дәуір фонында бейнеленетін өмірі мен тағдырына көрермен кейіпкермен бірге күйініп-сүйініп отырады. Бұған спектакльдің камералық сипаты, өзі де сахнада отырған көрерменнің тап көз алдында ойналуы әсер етеді. Финалға таман Бродскийдің «Көктем шығып келеді» жыры бекер оқылмайтын қойылым өмірдің өтпелілігі мен жалғастығы, жеке адам өмірінің құндылығын алға тартады.

Голем. «1927» театры (Ұлыбритания). Сахналық нұсқа және қоюшы-режиссері С.Андрейд.

«Голем» фестивальда  заманауи жаңалы­ғымен тәнті еткен қойылым Театрлық жанды әрекет пен музыканы анимация мен видеоға шығармашылықпен және технологиялық тұрғыдан мінсіз үйлестіруден туындаған жаңалықтың ерекше бір көрінісі. Қойылымнан кейін фестиваль дәстүрі бойынша театрға арнайы фестивальдің фирмалық кәдесыйы мен дипломын тапсыруға шыққан Қазақстан Театрлары ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов «сексен жасымда мұндай спектакльді бірінші рет көрдім» демекші, мұндай қойылымды фестиваль қауымы да алғаш рет тамашалаған болуы керек.

Әр түрлі көркемдік жанрларды кіріктіру арқылы жаңашыл да бірегей де дара мұндай қойылымдардың дүниеге келуіне жазушы актриса және режиссер С.Андрейд пен анима­тор, иллюстратор, кинорежиссер П.Бэрритт бастамашы болған. Олар 2006 жылы құрған театр құрамына кейін  актриса, костюмдер суретшісі Э.Эпплтон, актриса, пианистка және композитор Л.Хенли мен продюсер Д.Кроули қосылыпты. «Голем» осы шығармашылық топ идеясы мен заманауи ізденістерінің жемісі.

Қойылым идеясы иаһуди аңызындағы кейіпкер Голем бейнесіне  идеялық трансфор­мация жасаған неміс жазушысы Г.Майнриктің романынан алынғанмен, режисер С.Андрейд­тің айтуынша, бұл – мүлдем басқа трактовка.  «Бүгінде біз технологияларға тәуелдіміз. Тіпті, телефонымызды да, компьютерімізді де бақы­лай алмайтынымыз өзімізге қауіп. Сондықтан да адамдар ойлануы керек. Алайда, біз мұны юмормен жеткізуге ұмтылдық», дейді режиссер бір сұхбатында.  Спектакль адамдар мен техни­каның қарым-қатынасына,  адам баласы қол жеткізіп отырған технологиялық прогрестің қоғамға қауіпті жақтарына назар аудартады.

Қатардағы Клерк Роберт жұмысын жеңіл­дету үшін дүкеннен саздан жасалған робот Големді сатып алады. Ол қожайынының жұмысын жеңілдетеді. Алайда, проблема Големнің жаңа нұсқасы шыққанда туындайды. Ол енді қожайынына көмекті қалай көрсе­тетінін өзі шешеді, ақыл айтуға кіріседі. Сах­нада қалалық  бір офисте сандық технология­лармен жұмыс үстіндегі адамдар бейнесі көрінеді. Олар бірте-бірте  жетілдіріліп (әрине,  аниматорлар шығармашылығымен) екінші, үшінші нұсқалары шығарғанда  робот енді бой бермеуге бет алады.  Мұндай ахуалда Големдер адамзат әлемін жаулап, оны басқаратын қуатты күшке айналады. Адамның өзі ойлап тапқан жаңалығының құрбаны болу қаупі бар…

Сахнадағы үлкен экран-қабырға ортасында есік бар. Екі жағында барабан және клавиштік құрылғыларымен музыканттар. Экран-қабырғадағы анимациялық суреттер оқиғаның ағылшын қаласында өтіп жатқанын аңдатады. Қала көшесінде кеңселер, дәмхана, дүкендер тығыз орналасқан. Актерлер суретшінің экран-қабырғадағы декорациясында оқиға барысына сәйкес қимылдауы тиіс. Костюмдері, пласти­касы, күлкілі грим және костюмдерімен анимациялық фильм кейіпкері болып шығатын олардан қызуқанды ойын емес, қимылының олимпиадалық дәлдігі ғана талап етіледі.

Актер үшін сезім толқыныстарының қажеті жоқ, бастысы – ым-ишара, пластика. Өйт­кені, британ суретшісі Э.Эпплтонның айтуында,  театр, мультипликация  және музыкалық концерттің симбиозында актерлер бейнеқатарға қарай қалай қимылдау керектігі мен музыка қалай естілуі тиістігін шешетін анимация заңдылықтары басымдық алады. Осыдан да келіп сахнадан 3D форматындағы анимациялық фильм көріп отырғандай әсер туындайды. Зерделеп байқағанға осындай өнерлік микс және заманауи технология тілмен жеткізілген бүгінгі заманның ең өзекті мәселесі  әрқайсымызға қатысты.

М.Майенбург. Азап шеккендер. ТR WARSZAVA» театры (Польша). Қоюшы-режиссері Г.Яжина.

«Азапкер» авторы, алғашқы мамандығы германист М.Майенбург  жаңа драманың көрнекті өкілі. Оның әлеуметтік үні өткір көркем пьесалары әлемнің көптеген театрла­рында сахналанып келеді. Берлиндегі Жоғарғы Өнер мектебінің драматургия бөлімін бітірген оны атақты Т.Остермайер 1999 жылы «Шау­бюне» театрына көркемдік жетекшілікке келгенде қызметке шақырады. Атақты Остер­майермен соавторлықта үлкен тәжірибе алған драматург төл шығармаларымен қатар класси­каны заманауиландырудың да шеберіне айналған.

Майенбургтың «Азапкер» драмасын Вар­шава театры «Азапкерлер» деп атапты. Көр­некті поляк режиссері Г.Яжина қойылымында  драмадағы бас кейіпкер оқушы бозбала  Бенья­мин жасөспірім қыз Лидкаға   өзгертіл­ген. Драмалық түпнұсқа Беньямин мен оның анасының ренжісу сахнасынан, ал қойылым Лидка (актриса Ю.Василевска) мен әкесінің (актер Ц.Косиньски)  арасындағы түсініспеу­шіліктен басталады. Бас кейіпкердің қыз бала етіп алынуы, бәлкім, спектакльдің энергети­калық, эмоционалдық   қуатын арттыра түсу үшін қажет болуы.

Бүгінгі поляк театр режиссурасы әлемге жақсы танымал. Солардың бірі, поляк режис­серлерінің көшбасшысы аталатын  Гжегожа Яжинаның бұл қойылымы бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселелерді көтереді. Отбасынан жылу, мектепте түсініспеушілік таппаған Лидка өзі, өмірінің мәні туралы ойға батады. Осындай ізденістерде жүріп Киелі кітаптарға ден қойып, сол бойынша өмір кешуді ойлайды. Оның мінез-құлқындағы өзгерістер әкесін қатты алаңдатса, оқытушыларының ашуын келтіреді. Кейіпкер әлеуметтік ортасынан бұрынғыдан да алшақтап, өзін толығымен Құдай жолына арнауға бел буады. Бірақ ол тереңін түсіну қиын Киелі жазбаларды қасаң қағида етіп қабылдайды.

«Құдайым, мені естисің бе? Мен дайын­мын… Мен өзімді саған арнадым. Мен сені сезіндім, мен сені таныдым» деп трансқа түседі.  Бейнеэкран аса шеберлікпен пайдаланылған қойылымда Лидка санасымен шексіз кеңіс­тікке шығады. Ақша бұлттар… Жел ағаштарды шайқап, дүние-әлем қозғалғандай болады.

Әкесі, оқытушылары, досымен қарым-қатынасы мүлдем шиеленісіп,  бозбала жігіттен зәбір көрген сахнадан кейін Лидка крест жасауға кіріседі.  Қимыл-қарекеттері, бір есептен, оның діни сеніміне күмәнмен қарай­тындарға қарсы Крест жорығы сияқты қабыл­данады.  «Бұл ашу мен ызаның, қаһардың күні… Мен Альфа мен Омегамын» (Альфа мен Омега – Інжілде Құдайдың символы – Ә.Б),  деп өршеленеді жасөспірім қыз.  Мұның соңы «Біз Құдайдың әскеріміз» дегенге ұласады. Лидка есінен айырылғандай ахуалға түседі.  Кейіп­кердің мұндай ұстанымы, фанатизмі қорқы­нышты. Дегенмен де, мұның бастау көзі оның аялы алақанға, махаббатқа зәрулік екенін зерде­легенде ол адам ретінде аяныш пен жана­шырлық тудырады. Психологиялық тұрғыдан күрделі бұл кейіпкерді актриса Ю.Василевска шынайы орындап шықты. Жалпы алғанда, мизанценалардың дәлдігі мен жарық берудегі нәзіктік ерекше көзге түсетін қойылымда пси­хологиялық терең де ұстамды ойын салтанат құрады. Жасөспірімнің өмірі арқылы хрис­тиандық фанатизм туралы ғана емес, бүгінгі таңда бүкіл әлем бетпе-бет келіп отырған фана­тизм мен адамдар бойындағы қорқы­ныштың себептері туралы ойға бастайды. Спектакль финалында діни фанатизм мен саналы тіршілік, зерделі иман арасындағы тартыстан әлемнің астаң-кестеңі шығардай визуализацияланған атмосфера орнайды. Жарықтық-визуалдық әсері мықты сахнада Лидканың оқытушысы, мектеп директоры орынбасарының (актриса М.Маликовска) монологы басымдық алады.  «Мейірім, кешірім, жанашырлық деген бар емес пе?.. Адам деген – ғажап. Адам қай мағынадан алғанда да ғажап, – дейді ол. – Мен кетпеймін. Мен ешқайда кетпеймін. Мен осында, өз орнымда қаламын».

Адам – адамдығынан ажырамауы, адам­гершілік жолында нық тұруы керек. Ал ақиқат үшін күрес адамның, адамдардың  ерік-бостандығын шектеуге, шексіз билікке айнал­мауы тиіс.  Шектеулілік, білімсіздік, соқыр сенім, фанатизм аса қауіпті, бұл – діни экстре­мизмге бастар жол, дейді спектакль авторлары. «Азапкерлер»  фестивальдің мықты қойылым­дарының бірі болды және  Польшаның әлеуметтік үні өткір, жаңашыл суреткерінің басқа да қойылымдарын көруге деген ынта тудырғаны анық.

Б.Брехт. Заңдастырылған заңсыздық. Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік театры. Қоюшы-режиссері Р.Стуруа.

Атақты Р.Стуруаның театры өткен жылғы «Астана» фестивалінде «Мария Каллас. Сабақ» спектаклімен қатысып, жұртшылық ықыла­сына бөленген. Қазақстанда алғаш рет келіп, ырза болған Стуруа тағы да келуге, Алматыда да спектакль көрсетуге ниетті екендерін айтқан. Сол игі ниет жүзеге асып, Ш.Руста­вели театры өзінің жаңа туындыларының бірі, Б.Брехттің «Заңдастырылған заңсыздығын» Алматыда, М.Әуезов театры сахнасында  екі күн қатарынан көрсеткеннен кейін «Астана» фестиваліне  қатысты.

Ш.Руставели театрына қырық жылдай жетекшілік жасап келе жатқан Стуруа  ертеректе Б.Брехттің  «Кавказдық бор шеңбер» драмасын қойған. Шығармашылығында әлемдік, жаһандық саясат мәселелерін көтеріп,  оған философиялық-ахлақтық қырынан баға береді деп танылған режиссер жаңа қойылымында да осы арнадан табылады.

«Заңдастырылған заңсыздық» – Б.Брехттің 1930 жылдары жазылған «Ерекшелік пен ереже» атты ғибратты пьесасының сарынымен қойылған. Режиссердің айтуында, Брехтті тұрмыстық сипатта қою беймүмкін, ал бұл қойылымы Брехттің еркін де батыл  адап­тациясы. Жанрын күлдіргі әфсана деп анықтап, жаңа кейіпкерлер енгізген. Стуруаның шартты оқылымында кейіпкерлер шартты герметика­лық кеңістікте өмір кешеді. Шартты бейне-маскалар, геометриялық фигуралар  (суретші Н.Гейнешвелидзе). Оқиғалары гротескпен берілетін қойылым супербүгінгілік болып шыққан.

Спектакльде қазіргі кезеңгі жаһандық саясат, әлемдік қақтығыстардың себебі байлық үшін күрестің психологиясы мен «техноло­гиясы» әжуаланады. Бүгінде жаһандық басты байлықтардың, әлемнің алпауыт мемлекет­терінің макроэкономикалық саясатын айқын­дайтын басты құралдардың бірі мұнай, екені белгілі. Қойылымда мемлекеттер мен одақтар арасындағы мұнай үшін күрестің бүгінгі сиқы жанама түрде, жеке адамдар оқиғасы арқылы танылады. Мұнай — байлықтың символы ретінде мұнайдың екінші рет өңделген қалдықтарынан жасалатыны машина шинасы алынған және оған күн орнатылған.

Пьесадағы  көпес Карл Лангман (актер З.Папуашвили) ірі мұнай  магнаты. Шөлді аймақта ірі мұнай кеніші табылғанын естісімен өзгелерден ерте жету үшін жол көрсетуші мен жүкшіні (актерлер Б.Сонгулашвили, Д.Гоци­ридзе)  ертіп шұғыл сапарға шығады. Оларды жолда ұрып-соғып, тамақ бермей әбден  қинай­ды. Ал діттеген жеріне жақындай бере жол көрсетушіні қалдырып кетеді. Ойынша, екі адам біріксе, өзіне қастандық жасауы мүмкін. Мұнай кенішіне жеткенде ол жердің иесі мұсылман шейхы болып шығады да, сауда басталады. Шейхтың (актер Н.Кацаридзе) соңында бір қауым әйел жүр.  Лангман мен Шейх екеуінің саудасы қызады.

Спектакльде күлкілі де астарлы эпизодтар аз емес. «Мұсылмандар мен христиандар  ғасырлар бойы несіне жауласып келеді осы? – деп пәлсапа соғады шейх. – Кел, онан да саудаласайық. Саған мұнай керек, ал маған ақша…». Байлығын қызғыштай қорыған Лангман «қорыққанға қос көрінедінің» керімен  ақыры жүкшіні де атып тастайды. Қойылымда бүгіннің психозы «мен өлтіремін – демек, өмір кешіп жүрмін»  пәлсапасымен берілген. Әлем­дік философияның бір постулаты,  Б.Спино­заның  «мен ойланам – демек, өмір кешемін­нің» өңі айналдырылғаны. Жүкшінің әйелі Лангманды сотқа беріп, төрелік жасауға  аспаннан Будда (актер Д.Дарчия) түседі. Бұл жолы мейірімді де әділетті Будданы көре алмайсыз. Ол жүкшінің өзін кінәлі деп тауып, Лангманды ақтап алады… Өзі аспанға көтеріліп бара жатып, әлгі шина-доңғалақты іле кетеді.  Шейх көріп қалып, таста деген соң амалсыз қалдырады… Ал қойылым финалында «Ката­лонияға бостандық!» деп ұрандатқан Лангман­ды көреміз… Мұның бәрі аса күлкілі, бірақ, көзден ащы жас ағызатын күлкі. Актерлердің пластикасы, экспрессиялы-метафоралық ойыны жарықтық көркем шешімде жарқырай түседі. Астарлы ойларды ашуда музыка (ком­по­зитор Г.Канчели) сәтті көркемдік ком­по­нент. Қойылым үлкен суреткердің қолтаңба­сын, кей тұстарда дөрекілеу, тым ашықтау көрінге­німен де, жанр шартына сай ойнайтын сахна шеберлері  грузин актерлік  мектебінің мықты­лығын танытады. Ал көрнекті режиссер әдетте­гісінше мейірімге, адамгершілікке, әділет пен жанашырлыққа үндейді. Қойылым «Аста­на» өнер мерекесінің жақсы табысы болды.

Фестивальда Жапонияның «Nakamura Gekіjо», Қытайдың халықтық көркем,  Гер­манияның тәуелсіз «Teater 11» ұжымдары өнер көрсетті. Жапонның классикалық Кабукиінің жеңілдетілген адаптациясын әкелген «Naka­mura Gekіjо» актерлерінің шеберлігі, пласти­касы, ұшқырлығы, реакциясы өте жоғары. Ал Қытай елінен келген театрдың Таң династиясы кезеңінің аңызына құрылған, бір оқиғаның бірнеше версиясы тұрғысынан А.Рюнэсконың «Тоғайда» новелласын еске түсіретін  махаббат үштағаны туралы, театрдағы театр сипатын­дағы қойылымын, Германияның тәуелсіз «Teater 11» ұжымы француз экзистенциа­лизмінің көрнекті өкілі Ж.Сартрдың «Шығар жол жоқ» («За закрытыми дверями»)  пьесасы­ның актерлік оқылымын көрсетті. Бір-бірінен ділі, мәнері бөлек бұл қойылымдардың танымдық сипаты бар.

«Астана» фестиваліне бауырлас өзбек, қырғыз театрлары да қатысты.

Өзбек Ұлттық академиялық драма «Ар-ұждан» қойылымымен келіпті. Өзбек классигі И.Султанның өткен ғасырдың 60-жылдарында жазылып, өзбек театрларының репертуарынан түспей келе жатқан драмада «қайткенде адам қалады адам болып» мәңгілік сауалы көте­ріледі. Құрылғанына келер жылы ғасыр толатын театрдың аға буын өкілдері Ю.Ками­лов, З.Ашурова, Н.Санджаров сынды актер­лердің шеберлігін тануға мүмкіндік бергенімен де, ақ пен қара тартысы қарабайырлау, айыптау пафосы тым плакаттық қойылым 50-60-жылдар театрын еске салады.

Қырғыз сахна ұжымдарынан өткен жылы Ыстықкөл облыстық театры қатысса, биыл екі театр қатысып, қазақ тарихына қатысты қазақ авторлардың пьесаларын ұсынды. Т.Әбдімо­мынов атындағы Қырғыз Ұлттық  академиялық театрының «Ажалмен күресі» ұлы ғалым Ш.Уәлиханов туралы. Пьесаны тарихшы ғалым Е.Сыдықов пен қырғыз режиссері Ш.Жапаров бірігіп жазыпты. Режиссердің айтуынша, олар бұл тақырыпқа бірталай жыл тер төккен және өзінің бұл тақырыпқа баруы – Ш.Уәлиханов­тың «Манас» эпосын әлемдік рухани қазынаға қосылуындағы еңбегіне деген халық алғысы. Ол бұл пьесаны осыдан екі жыл бұрын Семей облыстық Ф.Достоевский атындағы театрда орыс-қазақ театрларының қатысуымен сахналапты.

Қырғыз театрының қазақтың ұлы ғалымы, жан-жақты тұлға Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы түні, сол түндегі ой-толғаныстары, жарқын кездесулері арқылы кейіпкердің рухани әлемін, үлкен кеңістігін бейнелеу мақсаты бар. Өмірінің ең маңызды кезеңдерін еске алатын Шоқан өзіне қымбат деген адам­дары Ф.Достоевский, Г.Потанин, К.Гутков­ский, Г.Колпаковский, алғашқы махаббаты Жадыраны еске алады. Әкесі Шыңғыстан кешірім сұрайды. Жалпы, қойылымда Шоқан өлімінің жұмбағын ашуға деген ұмтылыс та жоқ емес – пунктирлі ойлардан ұлы ғалымға у берілген деген болжам алдан шығады. Спектакль жақсы заявкамен басталады. Төр қабырғада көлеңкелер театрындағы сияқты қара силуэттер. Бақсының ойыны. Тамақтан айтылатын жыр. Бақсы, бір есептен Шоқан­ның тағдырын болжайтын сияқты. Өкінішке қарай, үлкен тақырыпты көркем сахна тілімен ашу кемшін. Бүкіл спектакль бойы көбіне сахнаның  ортасынан табылатын Шоқан мен өзге кейіпкерлер статикалық қалып-күйде көрінеді. Диалогтар мен монологтар Шоқан өмірінің тарихын баяндаудан аспайды.

Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық театрының «Жанұраны» Желтоқсан көтерілісі,  Қ.Рысқұлбеков тағдыры туралы нақты дерек­тер мен көркемдік қиялға құрылған қойылым. Қазақтың жаңа  тарихы үшін өте маңызды да қымбат тақырыпты көтергені үшін драматург жазушы-драматург  С.Досановқа, театр ұжы­мына алғыс сезімі туады. Дегенмен де, бұл толық көркемдік қалыбын таппаған драма. Көтерілістің шартты сахнасынан кейін Кремль­дің қызыл мызғымас қабырғасының тесілуі, Қайратты қызыл бесжұлдызға керуі (Иса пайғамбардың кіреске керілгеніндей) сияқты бейнелі көріністеріне қарамастан ширатуды, материалды екшеуді, жанрлық, демек, форма­лық айқындығын табуды қажет етеді. Деген­мен де, қырғыз сахнагерлерінің қойылымдары көркемдік кемшіліктеріне қарамастан көрер­мендердің ғана емес, шетелдік сыншылар мен режиссерлердің қазақ тарихына қызығушы­лығын арттырғанын айтуымыз керек.

Фестивальдің «десерті» белгілі француз кино-театр актрисасы, Жюльет Бинош болды. Рухани үлкен шараның соңғы күні мәртебелі «Оскар», сондай-ақ, Канны, Венеция, Берлин кинофестивальдары сыйлықтары лауреаты Биношпен кездесу және  «Жүректен шыққан сырлы сөз» атты кеші өтті. Кездесуде шеберлік қыр-сыры туралы әңгімелеп, сауалдарға жауап берген актриса шығармашылық кешінде Қасым Аманжоловтың «Өлең туралы» және «Сарыарқа» өлеңдерін  француз тілінде нәшіне келтіре оқып, жұртшылықты тәнті етті. Нәзік те жұмсақ дауысымен жүрекке жететін Бинош  көрермен-тыңдарманын  «Францияның ұлы дауыстарының бірі» атанған  әнші Барбараның әлемімен де таныстырған кеш фестивальдің аясын кеңейте түсті.

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында ұйымдастырылған фестивальдің сахна өнеріне, жалпы ел руханиятына, пайдалы әсер коэффициенті ерекше. Бұл ретте фести­вальдің шетелдік қойылымдары сахнагерлерге әлемдік театр үдерісіндегі жаңалықтар мен соны ізденістерді зерделеп, болашақ бағыт-бағдарларын бағамдауға және өздерін әлемдік театрдың құрамдас бөлігі ретінде сезінуге мүмкін­дік берді. Ұлы гуманист Д.Стрелер, сондай-ақ, әлем театрларының Р.Стуруа,  Э.Някрошюс, Г.Яжина, Ю.Бутусов сынды бүгінгі көшбастарларының қойылымдары фестивальді шын мәнісіндегі өнер мерекесіне айналдырды. Сахнагерлер, театрлар арасын­дағы шығармашылық, адами байланыстардың орнауына ықпал етті. Ал шетелдік сахнагерлер қазақ елімен, Астанамен, халқымыздың бай мәдениетімен, өнерімен жақынырақ танысып, танымы ғана емес, құрметі артқаны сөзсіз. Мұның бәрі аз олжа болмаса керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *