ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ТЕАТР СӨЗ АЛАДЫ

Елордада ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өтті

(екінші мақала)

Әлия БӨПЕЖАНОВА

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақ­стан театрларының шет ел­дерге шығуы, фестивальдарға қатысуы қалыпты ахуалға айналды. Сахна ұжымдары мемлекетаралық мәдени байланыстар аясында және өз бастамаларымен республика сахна өнерін шет елдерге танытып жүр. Фестивальдар қатары өз елі­мізде де жыл санап көбейіп келеді. Өйткені, «Қазақстан–2050» Страте­гиялық бағдарламасында  атап көрсетілгеніндей, «…біз мемлекет­тілігіміздің рухани мәселелер эко­номикалық, материалдық мәселе­лерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз…». Алдағымақсат – әлемдік мәртебелі, деңгейі биік фестивальдардың толыққанды қатысушысы болу. Әрине, бұл – қол жетпейтін арман емес, ал әлемдік сахналық үдеріс­тер ортасынан көріну үшін алда бірталай жұмыс бар екенін бәріміз де іштей сеземіз. Осы үлкен жұ­мыстың салиқалы бастауы – елі­мізде «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында ұйымдастырылып отырған  Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі. Және бұл үлкен шара еліміздің Мәдениет тұжырым­дамасында  «2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті жоға­рылату мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мек­те­біне айналуға тиіс» деп атап көр­сетілген міндеттердің жүйелі түрде жүзеге аса бастауының көрінісі.

Биыл екінші рет өткізілген фестиваль, бірінші мақаламызда да айтылғандай, республика сахнагерлеріне белгілі бір деңгейде әлемдік театрлар сахнасын ашып, ондағызаманауи рухани-эстетикалық ізденістер, бүгінгі театрдың мазмұн, түр, форма байлығын көзбен көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, шетелдік сахна­герлер,  мамандардың қазақ сахна өнері туралы танымы кеңейді, білімі артты. Олай дейтініміз – Бүкіләлемдік «Астана» фес­тивалінде республика театрларылайықты өнер көрсетіп келеді. Бірінші мақалада шетел­дік театрлар туралы сөз қозғасақ, ендігі аз-кем сөз отандық қойылымдар туралы. Сонымен қатар, оқырмандарға фес­тивальдің Сарапшылар алқасы құра­мында болған шетелдік мамандар – театр­танушы ғалым Б.Пикон-Валлен мен сын­шы, өнертанушы Д.Шалис-Асатиани (Фран­ция), есімі әлемге танымал көрнекті режиссер, Қазақстанда да бірнеше спек­такль қойған Й.Вайткус(Литва), продюсер, режиссер Д.Папавалардың (Ұлыбритания) талқылау барысында, сондай-ақ жеке сұхбаттарымыз кезіндеайтқан азды-көпті пікірлерімен де таныстырғанды жөн көрдік. Фестиваль шымылдығын еліміздегі ең жас сахналық ұжым ашты.

Ғ.Мүсірепов. Е.Брусиловский. «Қыз Жібек». «Астана-мюзикл» театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.

Соңғы екі-үш жылда қазақ  лиро-эпосының жауһары «Қыз Жібектің» ұлттық сахналарда жолы болып тұр. Шеруді М.Әуезов атындағы академиялық драма театр бастап,  еліміздің жас театры «Астана-мюзикл» қоштап, «Рухани жаңғыру» мем­лекеттік бағдарламасы аясында  респуб­лика Мәдениет министрлігінің «Жаһандық әлемдегі қазақстандық заманауи мәдениет» жобасымен өткен жылдың соңына қарай Еуропа елдерінде триумфалды турне жасап қайтса, эстафетаны жуырда ғана «Қыз Жібекті» Кореяда көрсеткен Астана Жастар театры жалғастырды деуге болады  Өткен жылы жаңа «Қыз Жібегін» «Астана-опера» да ұсынды. Бұлай болар жөні бар, өйткені әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген бұл жыр – халқымыздың  ұлттық рухани коды, мәңгілік махаббат символы!

Халқымыздың  ұлттық рухани коды «Астана-мюзиклдың» «Қыз Жібегінде» барынша танылады. Бұл қойылымда Ғ.Мүсірепов либреттосы шамалы ықшам­далып, соңы өзгертіліп, Е.Брусиловскийдің халық шығармашылығына негізделген музыкасы жанрға сай өңделген. Ұжымның көркемдік жетекшісі, креативті идеялары мол талантты режиссер А.Маемиров қойылымын әу бастан-ақ  жоспарлы түрде осылайша  бағдарламалағаны көрінеді. «Астана-мюзикл» нұсқасындағы «Қыз Жібекте»  режиссер  ежелгі  Дала театрын еркін реконструкциялайды. Қасиетті қобыз үнімен (қобызшы А.Омаров) басталатын мюзиклда Дала философы Абыз (жырау актер С.Қамиев) мәңгілік махаббат баянын жырлауға кіріседі. Сайын дала төсіндегі жарқын да жасампаз өмір. Махаббат, сұлу­лық, қызғаныш. зұлымдық, әулет мәртебесі, ұрпақ жалғастығы. Үлкен сахнада – ата-баба­ларымыздың сонау ғасырлар қойна­уынан жеткен психологиялық аскетизм, этникалық-этикалық контексті мол ұлы мәдениеті, түрлік-реңдік палитрасы бай өмірінің үлкен панорамасы. Музыкалық құрылымына  «Астана сазы» ансамблі  үлкен үлес қосатын мюзиклға  кейіпкер­лердің, жинақтап айтқанда халықтың жа­нын, рухани-адамгершілік әлемін таныта­тынның барлығы – жанды дауыста орын­далатын әндер, жоқтау, қоштасу, айтыс өнері, би, бата, қарғыс, сондай-ақ көрікті көш, киіз басу, жамбы ату, қазақша күрес,  киелі ағаш, түстегі аян, тағы да басқа салт-дәстүр жырлары, жоралғылары синтез­делген. Халық өмір салты, ритуалдардың мәдени формасы мюзиклда жаңаша жарқырайды. Бас кейіпкерлер Қыз Жібек – И.Ризабекова, Төлеген – О.Игілік, Беке­жан – Р.Усманов, сондай-ақ Төлеген­нің айнымас досы, ақын Шеге – А.Амандықов пен  анасы Қамқа – А.Бермұхамедова­лар­дың дауыс әлеуеттері мен актерлік шебер­ліктері бір-біріне сай этно-мюзикл жасам­паздық атмосферамен аяқталады.

Бас кейіпкер Жібектің  әдеттегінше суға секіруі қолындағы бір тал гүлін үзетін мәнді жестке айырбасталуы бекер емес. Жырда «…хабарсыз кетсең тым ұзақ Сансызбай шығар соңыңнан» делінетіндей,  қойылым соңында лиро-эпостың өзге вариантындағыдай, Жібекті Төлегеннің інісі Сансызбай (актер А.Замзар­ханов) іздеп  келеді. Оған бас киім кигізіліп, Жібек екеуі жараса қатар әулеттерімен тұрған соңғы сахна стоп-кадрдай –  өмірдің жалғас­тығын, ұрпақ жалғастығын мағыналатады.

Бос кеңістікте ойналатын қойылымда көп семантиканы кейіпкерлердің киімдері (киім суретшісі А.Сырбаева) береді.  Әлеуметтік статусы жоғары басты кейіпкерлердің киімдері статусына сай бейне тапқан, көпшілік сахнасы кейіпкерлерінің киімдері де бай  бірер сахнада Қыз Жібектің, өзге де қыздар киімдеріндегі жалт-жұлт әшекейлер де байқалады (киім қазақтардың дәстүрлі дүниетанымының маңызды құрамдас бөлігі екені еске алғанда, мұның қаншалықты орынды екенін айту қиын.) Шағын сөздің соңында көркем этно-мюзиклдың шығуына қоюшы-режиссер А.Маемировпен бірге режиссер Е.Нұрсұлтан, хореограф Қ.Сиязбек, балетмейстер А.Сады­қова, хормейстер Г.Берекешев, дирижер Б.Ақтаев және киім суретшісі А.Сырбаева бар қойылым тобы үйлесімді де табысты жұмыс жасағанын айту орынды. «Қыз Жібек» этно-мюзиклы бүгінгі қазақ сахнасында жетпейтін басты бір буын – ұлттық салт-дәстүрлер театрының қаншалықты маңызды екенін және оның заманауи көркем болуының қажеттілігін көрсетеді және осы олқылықты толтырудың жақсы бастамасы деу керек.  Мюзикл туралы шетелдік мамандардың пікірі өте жақсы.

Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): – «Астана-мюзиклдың» «Қыз Жібегі» қазақ халқы­ның рухани-мәдени мұрасы қанша­лықты бай екенін көрсетеді. Осындай бай мұра­сы бар халық мықты халық.  Мен М.Әуе­зов театрында «Қорқыттың көрін» қою бары­сында қазақ мәде­ниетімен біраз таныс­тым, дегенмен де мюзикл арқылы байқала­тын осындай бай руханилық, мағына, эстетика  өзге мәдениет өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Жас театр­дың жас актер­лерінің өз жанрларында үлкен қы­зы­ғушы­лықпен, жалынмен, беріле жұмыс жасай­тыны, ұшқыр­лығы сүйсінтеді және құрмет туды­рады. Жас ұжымға және олардың басшысы, ұстазы Асхатқа үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.

Д.Шалис-Асатиани, сыншы, өнертанушы (Франция):– «Қыз Жібек» этно-мюзиклын алғаш рет Францияда көрген болатынмын. Менің көрермендік тәжірибем бай десем мақтанғаным емес. Алайда, өз өмірімде осындай спектакльді бірінші рет көрдім. Тілдік кедергілерге қарамас­тан үлкен әсер алғанмын, бұл жолы да тап солай. Осынша сұлулық! Қандай эстетика! Режиссердің халықтың мол қазынасына деген соншалықты ыждағатты да нәзік бір көзқарасы, талғамы байқалады. Мюзик­лдың драматургиялық негізі жақсы. Мені ұлттық костюмдердің осыншалық­ты байлығы таңқалдырады. Мюзиклдан қазақ халқының мәдениетін сезініп қана қоймай, тарихынан да хабардар болдым.

Ғ.Есім. «Таңсұлу». М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Қоюшы-режиссері А.Кәкішева.

Фестиваль кезіндеАстанадағы гастрольдік сапарын табысты өткізген қара шаңырақ театрдың «Таңсұлуы» – мамандардан жақсы бағасын алған, көрермендер сүйіп көретін спектакль. Ғ.Есім әңгімесі бойынша қойы­лымға, тарихи деректерге қарағанда, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қазақ батырларының бірі Қожабергеннің жары, аса сұлу да ақылды Таңсұлудың тағдыры арқау болған. Жаугер­шілік замандағы ұрыста батыр мерт болып, қалмақтардың тұтқынына түскен Таңсұлу туралы туралы «Жапал батыр мен Таңшебер қыз» жырында (жыр мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясында бар) нақты жырланады. Құрсағындағы баласы үшін өзін мерт етпей, небір қиындық, азапқа көніп өмір сүрген Таңсұлудың ұлы – осы Жапал. Жырда ол өсіп-ержетіп, анасының ақыл-жігерімен еліне қайтып, жаудан кек алады. Ал әңгіме негіз болған спектакльде де сюжет бірталай өзгеріске ұшыраған. Қайратты да намысшыл, ұрпағы үшін бәріне даяр қазақ әйелінің бейнесі режиссер А.Кәкішеваның қойылы­мында тарихи кейіпкер шеңберінен шығып, ұлы даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың символы  Таңсұлу қазақ әйелінің жинақтық бейнесіне,  Ана символы деңгейіне көтеріледі.

Спектакль Бақсының (актриса Г.Жақы­пова) кеңістік кезіп жүруінен басталады. Мұнда антикалық сюжеттерде де аз кездес­пейтін тағдыр, қазақы танымда «жазмыштан озмыш жоқ» пәлсапасы бар. Сахна айқара ашыл­ғанда далалық идиллияны, табиғат пен сұлулықта өмір кешкен бақытты отбасын көресіз. Халқымыздың өмірсалтын көркем бейнелеген сценография мен кейіпкерлер костюмдері (суретші Қ.Халықов),  әсемдікті, табиғатпен үйлесімділікті  паш ететін пластика (биін қойған Ш.Сапарғалиқызы), жан әлемін беретін музыка (композитор Ә.Омарова) актерлік шебер ойынмен жанданып,  сахна сол кезең атмосферасына тұнып тұрады. Ана (актриса Г.Тутова) мен перзент жап-жас ару Таңсұлу (актриса А.Бақытжанова) арасындағы махаббат, ене мен келін (актриса Б.Қажы­нәбиева),  қайынсіңлі мен жеңге арасындағы сүйі­ніш­ті де нәзік қарым-қатынастар, қазақ отбасының моделін, ұлттық космосты таныта­ды. Этноритуалдарға да саналы түрде басым­дық берілетін спектакль тереңдегі ұлттық жадыны оятады, сүйініш,  мақтаныш, сонымен қатар,  әлдебір сағыныш сезімдерін бастан кеш­тіреді, демек, режиссердің түпмақсаты жүзеге асады. Алғашқы премьерасынан бері төрт жыл өткен «Таңсұлу» мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бері аса өзекті болып отырған «ұлттық кодтың» сахналық көркем тілмен жеткізілуі. Фестиваль көрермендері қойылымдағы фикс-идеяны, ұлттық болмыс бояуларын жақсы қабылдады.

Көрнекті режиссер Й.Вайткус «Таңсұлуды» «авторлық спектакль» деді. Жаны бар пікір. Өйткені, қойылым өмірлік тәжірибесі, рухани-көркемдік тәжірибесі мол және азаматтық үні айқын режиссердің қолтаңбасын танытады. Жақын тарихқа зер салсақ, кезінде  бізде көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов алып келген қойылымдық режиссура қазақ театрын жаңа сапалық белеске шығарған еді. «Таңсұлу», бір есептен, Мәмбетовтің шәкірті А.Кәкішеваның осы режиссурадағы заманауи көркемдік ізденістері,  дәстүр жалғастығы.

Спектакльдер әр жолы әр түрлі  сезімде, температурада ойналатыны белгілі жәйт. Фестивальдік «Таңсұлу» қызуқанды ойынымен ерекшеленді.  Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайының 1500 орындық үлкен сахнасындағы залындағы көрерменге посыл жасағаны ма –актерлер эмоционалдық температураны тым жоғарылатып, музыка мен  жарықтың  да мөлшерден асқан сәттері болды. Бұған қойылымды негізінен жақсы қабылдаған шетелдік сыншылар да назар аудартты.

Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): – «Таңсұлу», меніңше, өте индивидуальды, авторлық спектакль. Режиссердің тарихқа, ұлттың өткеніне, әйелдің қазақ қоғамындағы роліне  көзқарасы. Осы мақсатта көркемдік құралдарды барынша пайдаланған. Бояуы қалың, эмоциональды қойылым адам жанына әсер етеді. Сонымен қатар, қойылымда музыка, жарықтың  шамадан көп пайдаланылуының кері де әсері бар… 

Б.Пикон-Валлен,  театртанушы ғалым (Франция): – Өте қызғылықты спектакль. Әйел жаны туралы осынша терең шығарманы әйел режиссер ғана қоя алады. Әрине, менің ұлтым, мәдениетім басқа болғандықтан, кей тұстарын түсіне алмағанымды жасырмаймын. Дегенмен де, Таңсұлудың өз сұлулығымен қоштасуын эстетика­лық тұрғыдан басқаша беруге болар ма еді деген ой келеді. Еуропа театрына негізінен минимализм тән, содан да болар маған мұндағы би мен музыка көп сияқты көрінді.

Д.Шавлис-Асатиани сыншы, өнертанушы (Франция) – «Таңсұлу» – қазақ халқының этно­мәдениетін,ертедегі тұрмыс-тіршілігін көз алыңызға әкеледі.  Таңсұлудың махаббаты, тағдыр теперішіне түскен өте ауыр өмірі. Қойылым эмо­циялық тұрғыдан маған қатты әсер берді. Басты рольдегі  актрисаның шеберлігі  тәнті етті. Еуропалық мектептен шыққандарға мұндағы музыка мен жарықтың көп болып көрінуі заңды шығар.Әр режиссердің танымы, тақырыпты көруі, сахналық бейнесін табуы әртүрлі болады. Бұл – әйел жанын терең білетін әйел режиссердің туындысы. Өкінішке қарай, бүгінде әлемдік театрда әйел режиссерлер саусақпен санарлық. Меніңше, қазақ театрлары классика мен ұлттық қойылымдарды бірдей жоғары деңгейде алып келеді. Сіздерде «аристотельдік театр» деуге болатын бағыт бар. Бұл классикалық театр. Көп адам мұны түсінбеуі мүмкін. Өйткені, мәтінді жоғары эмоциямен айтуды патетика деудің орны жоқ. «Таңсұлуды» бәлкім құрылымын сәл өзгер­тіп, шет елдерде ұялмай көрсетуге болар еді.

У.Шекспир, аудармасы М.Әуезов. «Отел­ло». Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры.Қоюшы-режиссері Т.Теменов.

Қай театрдың да репертуарында Шекспир шығармасы болуы, ал үлкен фестивальдарда Шекспирден спектакль көрсетілуі мәртебе. Бүкіләлемдік І  «Астана» фестиваліне «Отел­лоны» былтыр Оңтүстік Кореяның «Муль­кель» театры алып келсе, биыл Қ.Қуанышбаев театры ұсынды. Қазақ сахнасында  сиректеу қойылатын «Отеллоны» режиссер Т.Теменов қызғылықты интерпретациялаған.

Жалпы, рухани тынымсыз, көркемдік ізденістер аясы кең, әдеби багажы мол Теменов  классиканы өзінше интерпретациялап (әде­биетті қашанда театрдың қайнаркөзі деп білетін, осы фестивальға Ф.Кафка бойынша спектаклі қатысқан  Э.Някрошюс ойға оралады), өзгеше бір мағыналар ұсынуға шебер режиссер. Шығармаларында ізгілік пен зұлымдық табиғатын зерттеуге ұмтылатын режиссер. ОныңҒ.Мүсірепов театрындағы «Ай-Қарагөз» (М.Әуезов. «Қарагөз»), «Теңіз жаға­лай жүгірген тарғыл төбет» (Ш.Айт­матов), «Кармен-сита» (П.Мерименің «Кар­мені» желі­сімен), Қ.Қуанышбаев театрындағы «Аққудың көз жасы»  (Ш.Айтматов. «Жәми­ла», «Боран­ды бекеттегі» Раймалы мен Бегімай туралы аңыз) спектакльдерінің бәрі де өзіндік, теме­нов­тік интерпретациялар. Режиссер жаңа сах­налық шығармасы «Отеллода» әдеби нұсқадағы біраз эпизодты қысқартып, көрі­ністерді ықшам­даған, мұның өзі оқиғалардың негізгі желіден еш ауытқымай, экспрессивті түрде да­муына жол ашқан. Финалдық эпизодты өзгерт­кен, Ягоның болмысын визуализация­лаған.

Махаббат пен ғадауат трагедиясы әлем-ғаламдық кеңістікте өтіп жатқан сияқты. Симметриялық тікбұрыштар принципімен бірнеше планға бөлінген сахнакең панорамалы. Негізінен қара мен қызыл және ақ түстер батыл контрастта алынған («Кармен-сита» ойға оралады). Агрессивті саналатын  қызыл түс қара түспен үйлесімі табылып қолданылмаса кері эффект беретіні белгілі. Мұнда сурет­керлік өлшем бар, барлығы үйлесімді (қоюшы-суретші Қ.Мақсұтов). Яго бастаған әскери­лердің киімі қара, Отеллоның киімі де, шаш қоюы да бөлек, бөтен екенін айқындайды, ал ақ түс Дездемонаның еншісі  (киім суретшісі Ш.Елембаева).Темпоритмі бір төмендемейтін спектакльде кейіпкерлердің қым-қиғаш қарым-қатынастары сөз сайыс, күш сайыстардың бәрінде әдемі айқындалған. Байқап қарағанда театрдың жас буыны түгелдей дерлік қатыса­тын күшсайыс, семсер шайқастар бетпе-бет емес, жанаспасыз ұрыстай. Кейде кинокадр­лардай қимыл-қозғалыс пластикасы таза (сахна сайысы М.Вишневский). Белгілі сюжет біріне-бірі жедел жалғасатын оқиғалар күмәнсіз (Дездемона) және екіұдайлы (Отелло, Яго) сезімдер ағынында кернеуі жоғарылай түсіп, соңы трагедияға ұласады да күтпеген финалға шығады.

Отелло – актер Қ.Қыстықбаев түр сипаты келіскен,  ержүрек әскербасы, сонымен қатар, бір басында комплексі де жетерлік адамның бейнесін толымды жасаған. Түр-сымбаты келісті, сезімі аппақ қауырсын Дездемонаның (актриса А.Танабаева) еріне деген махаббаты еш дүдәмал тудырмайтындай сенімді (екі кейіпкер, әсіресе Отелло орамал сахнасында ептеп мелодрамаға бой алдыратынын айтпа­ғанда). Табиғатынан таза, сенгіш, әлемге тек өз призмасынан қарайтын ерлі-зайыптылар өмірі трагедиямен аяқталады.

Қойылымдағы өте қызғылықты трактовка Яго – актер Н.Өтеуілов жасаған образ. Оның кеңістіктегі бүкіл оқиғаны «басқарып» отыра­тын кейіпкері ақылды, мақсаткер, коммуни­кациясы мықты, психолог, тек мұның бәрі жамандыққа қызмет етеді. Ол өзінің бақайесеп үстемдігінен ләззат алады. Қойылымда Яго­ның альтер-эгосын көреміз. Біз жоғарыда атаған кореялық «Мулькель» театры қойылы­мында Отеллоның  жанында (экранда) көлеңке – қара сайтандар айналып жүретін. Отеллоның көңіліне күдік кірді болды,  экрандағы сол қара сұлбалар оған анталай тап беретін.  Ал Теменов спектаклінде акцент Ягоға жасалған, оның альтер-эгосы (актриса А.Әділгереева)  өзі үшін шешуші деген сәттерде үнемі қасынан табылады. Қойылымда  Дездемонаны да, өзін-өзі де өлтірген  Отелло емес, Яго болып шыға­ды. Ал сенгіш болсын, аңғал болсын мейлі, өз еркін өзі билей алмайтын, бүкіл әлемге тек өз призмасынан қарайтын Отеллоны жеңу қиын еместей. Сондықтан да ол финалда Шек­спирдегідей әшкереленбейді, керісінше  өліп жатқан Отелло мен Дездемонаның  төсегінде, миығынан күліп, алма кесіп жеп отырады  (бұл «бүлік алмасынан» ниеті бұзылғанда өзге кейіпкерлер де жегенін еске алайық). Жауыз­дық салтанат құрады. Отеллолардың бейсана еріксіздігін пайдасына жаратып отырған бүгінгінің Яголары осындай – зұлымдық атаулы өңі өзгеріп, респектабельді қалып алып отыр… Белгілі шекспиртанушы А.Бартоше­вичтің «Шекспир – қандай да труппаның кәсіби әлеуеттілігі мен толысқандығын анық көрсете алатын  лакмус қағазы» дейтін пікірі бар. Ойналған сайын көркемдене түсері хақ «Отелло» театрдың, режиссер Т.Теменовтің шығармашылық үлкен табысы деу орынды.

Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): – «Отелло» өте ауыр пьеса. Бұл қойылым режиссурасы өте қызғылықты, актерлік құрам да күшті, олардың пластикасы мықты. Яго кейіпкерін көрерменге өте қызықты етіп ұсынады. Режиссер трагедияны өзіндік көзқараспен, кинематографиялық стильмен шынайы алып шыққан, ірі пландарды жақсы пайдаланған. Спектакльдің энергетикасы залға беріледі, режиссер көрермен залын да үйіріп алады. Ескеретін нәрсе – қойылым музыкасы тым қатты болып кететін тұстар баршылық. Сонсоң сөз, дауыс қуатындағы айырмашылық жағына назар аударылса артық болмас еді.

Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Фран­ция): – «Отелло», меніңше, мюзикл принципімен қойылған.Отеллоны сомдаған актердің шеберлігіне еш шүбә жоқ, бірақ мен үшін акцент Ягоға қойылғаны қызғылықты көрінді. Отеллодан гөрі Яго туралы, оның қолынан келетін зұлымдық туралы көбірек ойландырды. Режиссер кино принциптерін ұтымды пайдаланған. Оқиғалар бірінші план, екінші план, үлкен план арқылы беріледі. Мұның өзі қойылымға объем береді. Қойы­лымда музыкалық әдіс де ұтымды пайда­ланылған. Әу баста қатты музыка менің де жүйкеме тиді, бірақ қойылым принципінен алғанда қабылдадым. Маған қойылымдағы грим ұнады. Театр көрерменін  күйініш-сүйінішке түсіруі шарт десек, мен спектакль бойы осы күйініш-сүйінішті бастан өткердім.   

Д.Шавлис-Асатиани, сыншы, өнертанушы (Франция): – Мен спектакльден өте үлкен әсер алдым. Ягоның жанында жүретін әйел ғажап. Қойылым соның шығуымен басталады. Мұнда үлкен мән бар. Режиссер «Отелло» тақырыбына өзіндік көзқараспен келген. Басты кейіпкер Яго. Ол – бүгінгі адамзаттың болмысын көрсететін ең заманауи кейіпкер. Қойылымның костюмдері керемет, талғам жоғары. Мен мұны стилист, костюмдер тарихын зерттеуші ретінде айтамын. Ұжымға үлкен табыс тілеймін.

Г.Хугаев, аударма Қ. Төлеуішов. «Қара шекпен». Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспі­рімдер театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.

Көрнекті осетин драматургы Г.Хугаев кезінде «Болып еді бір төбет…»  пьесасына үлкендерге арналған ертегі  деген анықтама берген. Алғаш рет 2002 жылы Татарстанның Ғ.Камал атындағы мемлекеттік театрында «Қара шекпен»  деген атаумен Ф.Бикчентаев қойған бұл әфсана, әсіресе, түркі тілдес театр­ларда, ал соңғы екі-үш жылда қазақ театр­ларында да көп сахналанды.  «Қара шекпенді» 2004 жылы Батыс Қазақстан облыстық теа­трында сахналаған режиссер А.Маемиров осы материалға 2015 жылы қайта оралып, Ғ.Мүсірепов театрында қойды. Түркиядағы театр фестивалінде жақсы бағаланған қойылым театр репертуарында табысты жүріп жатыр,

Бір ғана Шопаннан (актер Б.Қараманов) өзге  кейіпкерлерінің барлығы аңдар болып келетін бұл «Қара шекпен» адамдар әлемі туралы әфсана. Мұндағы әр аң кейіпкер адам­дардың белгілі бір типі. Тұзар актер Д.Базар­құловтың шебер орындауында  эпицентрге айналатын спектакльде  басты  қарым-қаты­настарда  адам баласының мінездік-психоло­гиялық типтері, ұстанатын өмірлік құндылық­тары  айқындалады.  Бүткіл адам баласына ортақ махаббат пен достық, парыз бен қарыз, адалдық пен сатқындық. Тіршілік үшін аяусыз күрес, құлқын, қанау, күштінің әлсізге қиянаты, «бас иемін шыбындап…» ахуалдар, көзсіз бас ұру, тағысын тағылар… Кейіпкер­лері әлеуметтік-иерархиялық қарым-қатынас­тарда да таныла түсетін актерлер – Е.Рама­занов (Көкжал), Ж.Мақашева (Көкшулан), Л.Кәденова (Қосүрей), Қуқар (Е.Кәрібаев), Сылаң (Г.Байбосынова), сондай-ақ Кико (Д.Сүле­менов), т.б.  – сахнада өмір кешудің өзіндік тәсілін тауып, әдемі де толыққанды ансамбльдік ойын көрсетеді. Актерлік ойын­дар психологиялық-пластикалық тұрғыдан ондыққа тиеді. Еркін де ұшқыр қимылдар. Әсіресе, Тұзар мен Көкшулан тұнып тұрған грация (балетмейстер Р.Билибаев). Бастан-аяқ қарқыны бәсеңсімейтін, психологиялық толыққанды қойылымда, сөз жоқ, режиссердің фантазиясы мен философиясы тұнып тұр.

Бос кеңістік, сахна ортасында өтпе жол, сол жақ шеті жоғарыда Қуқардың ұя-мекені нобайланады және оң жақ бұрыш түкпірге қарай көрінетін темір  конструкциялы қойлар мекені (суретші И.Расылхан).  Сахна бірде үй жануарлары мекен-жайына, бірде Көкжал патшалығына, екінші актыда Тұзар қара шекпенді күзетіп жатқан  «қарлы» далаға  айна­лады. Бірақ Шопан үшін Тұзар төбет «жеті қазы­наның бірі» емес. Екеуінің қарым-қатынасындағы идиллияның сын сәтте күл талқаны шығып, қожайыны үшін арып-аршы­ған адал төбет сол қожайынның бір оғынан мерт болады. Өкінішті өмір. Трагикалық финал. Сонда Тұзар не үшін арып-аршыды? Неге бүкіл өмірін қожайынға арнады?.. А.Че­ховтың Ваня ағайыныкі сияқты мұнда да жалған парыз, мағынасыз құрбандық пробле­масы туындамай ма… Тағы да қиын сауалдар. Шетелдік сарапшылардың былайша ой тарқатты.

Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): – Барлық жастағы көрерменге арналған көркем қойылым. Сахнадағы кейіпкерлерде біздердің әрқайсымызда болуы мүмкін мінез-құлық көрінеді. Спектакльдің интонациясы жақсы табылған. Кейіпкерлер характерлерінің негізгі өзегін таба білгенактерлердің аңдарды адамдарға айналдырғаны сүйсіндіреді. Режиссердің материалды көре білуі, сахнаға осылайша шығара білгені ұнады. Спек­такльдің екінші акты созылыңқы көрінді. Тұзардың өз-өзіне аяушылығы көп, ол қайрат­тырақ болса, осынының эстетикасын  ойлану керек сияқты. Бұл пьесаны қоюға өзімнің де қызығушылығым туды. Әрине, басқаша қоюға. Актерлер тамаша. Осындай спектакльде жарқын ойын көрсетіп,  берген сабақтарыңыз үшін рахмет.

Д.Папава Гурджи, режиссер, продюсер (Ұлы­британия): – Ең бірінші кезекте актерлерге рөл дұрыс бөлінгенін айтар едім. Сценография мен костюмдердің үйлестігі жақсы. Ансамбльдік ойын бар.Образдар нақты, дәл.  Мысалы, Көкжал – патша екені анық танылады. Қосүрейдің ойыны – ең жоғары пилотаж… Адами салмақты қарым-қатынастар. Екінші актыда эмоциялар ойнай бастайды. Режиссер эмоционалдылықты актерлер арқылы жүзеге асырған.

Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Фран­ция): –  Жалпы, сахнада аңдарды ойнау қиын. Оның үш түрі бар. Бірінші  Дисней, екінші поэтикалық, үшінші Товстоногов. «Аттың тарихы» (әңгіме режиссер қойған Л.Толстойдың «Холстомері» туралы – Ә.Б.) керемет еді, бірақ онда аттың имитациясы болды. Пекин операсында құйрығы көрінсе  аттың өзі болып шығады. Ал бүгінгі спек­такльде барлығы басқаша, бір сөзбен түйгенде, актерлер кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін ойнайды.  

М.Әуезов. «Қарагөз». С.Мұқанов атын­дағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театры. Қоюшы-режиссері Ф.Молдағали.

Қазақ режиссурасына талантты жас буын келді. Заманауи жаңа бағыттарда жұмыс жасауға талпынған олардың үлкен шоғыры өткен жылы Мәдениет министрлігінің қол­дауымен Қазақстан Театрлары ассоциациясы  ұйымдастырған жас режиссерлердің тәуелсіз ұлттық театрда жаңашылдықтың бастауы болған режиссер, марқұм Қ.Сүгірбековке арналған форум-фестивалінде көрінген. Солардың бірі – Ф.Молдағалидың қойылы­мындағы «Қарагөз» фестивальдік бағдарламадан тыс көрсетілді. Жанры саунд драма. Осы жаңа жанрдың  негізін салған ресейлік әмбебап өнер иесі В.Панков шеберханасында дәріс алған жас режиссер трагедияны өзгеше оқиды.

«Қарагөздің» 1917 жылғы алғашқы нұсқасын «Ай Қарагөз» спектакліне режиссер Т.Теменов те негіз етіп алғаны белгілі. Солтүс­тікқазақстандық сахнагерлердің бұл спектаклі – «Қарагөздің» сахналық тарихындағы алғашқы батыл көркемдік  эксперимент. Екі нұсқасы біріктіріліп, оқиғалар ықшамдалып алынған спектакль  Қарагөз (актриса М.Өсер­баева) бен Наршаның (актер Н.Асыл­хан) диссонанстық үнсіз диалогынан басталады. Саунд драма шарты бойынша сахна түкпі­ріндегі жеңіл шымылдық артынан домбыра, қобыз, сыбызғы, жетігенмен  ойналатын әр кейіпкер мазмұн-тағдырына сай музыка (Атырау облыстық театрында жас режиссер Г.Қамысбаева қойған «Мәңгүрт» қойылымы еске түседі). Пьеса мәтіні сахналық бос кеңіс­тікте мейлінше шымыр қимыл қарекет, мағы­налы пластикамен ойналады, сөз мейлінше аз. Кейіпкерлердің бет-жүз эмоциясы, дауыс, қимыл ырғақтары өзгеше, әсіресе жаңа трактовкамен көрінетін Мөржан бәйбішеде (актриса А.Супатаева).

Қойылымда алдыңғы планға Нарша шығады. М.Әуезов театрында Ә.Мәмбетовтің 1981 жылғы, Б.Атабаевтың  2005 жылғы қойылымдарында Наршаға ерекше көңіл бөлінгені еске түседі. Бірақ бұл  қойылымдағы Сырым-Қарагөз-Нарша үштағанында, біздіңше, мағыналық акценттер өзгерген. Режиссерлік шешім бе әлде актерлік ойыннан ба қазіргі қалпында қойылымнан Қарагөз үшін жан алып, жан беретін ақын Сырымды (актер А.Қасым) көре алмайсыз, тіпті оның қылық­тары да ер-азаматқа сай емес. Ал Қарагөздің шын сүйетін, абырой-намысын ойлайтын шын жанашыры  Нарша екені тайға таңба басқан­дай. Қойылымның пластикалық композиция­сындағы ең күрделі сахна – Қарагөз бен Сырымның көлденең тартылған қос арқанда ғашықтық оңаша кездесуі. Олар қылкөпірдің үстінде тұрғандай.  Кездесулері көпке  әшкере болғанда Сырым тез кетіп қалады, жер бауырлаған Қарагөз мына дүние-ғаламда еш қорғансыз, қорғаусыз. Дүйім жұрттың алдында жаны жалаңаштанған Қарагөзді масқарадан қорғағандай шапанымен қымтап, аяп, аялайтын текті  Нарша. Оның жан-дүниесіндегі алапат арпалыс «баяу кадрдағы»  бейэмо­цияларда. Қарагөз дертті болғанда «Қарагөз жазылмаса маған да жазылу жоқ» деп Сырым­ды шақыртатын Нарша. Ал Сырым Қарагөзді құшып тұрып ол өзін танып ұмсынғанда жиір­кенгендей, итеріп тастап жедел шығып кетеді. Қарагөз осы алапат стрестен есін жинап ала­тын сияқты…Өте қызғылықты да батыл көр­кем трактовка. Қойылым финалында Көкке жал­барынып, нұр-жаңбырға шомылған Қарагөз.

Спектакльдің жалпы пластикалық ком­позициясы сәтті ойластырылған. Оқылатын мағы­налар аз емес, айталық, Ақбала мен Дулаттың қарым-қатынас сырын Ақбала орамалының сахнаның сол жағынан оң жақ түкпірге қарай ұзақ тарқатылуы аңдатады – энергетикалық канал. Немесе ишаралық жесттер – Мөржан бәйбіше Сырымның мойнындағы таңба алқаны жұлып алады –оның елден аласталатынынан хабар. Бәйбіше таңбаны өсершіл  Жабайға береді. Ұзату сахна­сында Мөржан және есірік ұрғандай бүкіл тойшыл қауым. Олар үшін Қаракөз доп сияқты – қақпақылдап аямай бір-біріне «лақ­тырады»  және содан өздері рахаттанады. Абсурдтың дәл өзі. (Бұдан алдымен Қарагөздің әкесі жынданады.) Қарагөз құдды бір қолдағы ойыншық.  Кейін оны Текті аттап өтеді, ақыр соңында Сырым…Режиссер Молдағали баста­ған шығармашылық ұжымның – композитор М.Жақыпов, хореограф Ш.Мұстафина, киім, сахна, жарық суретшілері  А.Сырбаева, Е.Сүлей­менов, Б.Ниязов, саунд-дизайнер Р.Төре­жан – «Қарагөзді» жаңаша оқуы осындай таным-әсерлер береді. Ал еліміздің жас режиссурасында классиканы сахналаудың жаңа бір кезеңі басталуы үлкен қуаныш.

Й.Вайткус, көрнекті  режиссер (Литва): –Жас режиссердің «Қарагөзі» өте қызғылықты заявка. Ол үшін қуандым. Мұндай қойылымда сөздің айтылуы басқаша болатындықтан, мысалы, Наршаға өз интонациясы керек. Спектакльге Оннегердің «Жанна д Арк» немесе Бергтың «Вой­цек­тегідей» музыка жазылғанын, сол туынды­лардағыдай сөз,  музыка, пластиканың жоғары деңгейлі үйлесімде көркем бейнесін тапқанын қалар едім. Режиссер ойшыл жас екен, егер қызығу­шылығын жоғалтпай,  спектакльді сақтап, бұдан да жоғарыға қол созса, сөз, хор, речитатив – бәрі біріге келе өзіндік интонациясын беретін компо­зитор тауып жұмыс істегені дұрыс болар еді. Оған үлкен табыс тілеймін.

Қазақстандық сахнагерлер өнерінің лайықты қорытындысындай болған «Қара­гөзге» өзге де пікір білдірушілер әлі жұмыс жасай­тын тұстарына назар аудара тұра жақсы баға берді. Ал шетелдік мамандарқазақ театрларының қойылымдары ұлттық болмыс-космосты танытатынын, ұлттық музыкалық дәстүрдің мықтылығын, актерлік ойындардың мазмұндылығын ерекше айта отырып,  ол спек­­такльдер арқылы қазақ халқының мәде­ниетін, ұлттық даралығын танығандарын, мұндай мәртебелі фестивальдің ұйымдасты­рылуы мемлекеттің сахна өнерінің дамуына ерекше маңыз беруін білдіретінін айтты.

Фестиваль  қалың көрермен үшін, респуб­лика сахнагерлері үшін  үлкен рухани мереке. Облыстардан режиссерлер, суретшілер, актер­лер театрлар жолдамаларымен де, жеке бастама­ларымен де  келіп,  спектакльдер көріп, шығармашылық ізденіске жақсы стимул, жанды да жақсы тәжірибе алды.Жақсы тәжірибе демекші, «Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады-дағы» деп жазады ғой хакім Абай, Жиырма үшіншіқара сөзінде. Шетелдік озық театрлар­дан тәжірибе алатын бір жәйт –қойылымда­рын­дағы жарық пен және музыкалық өте жоғары мәдениеті. Жарық пен музыка спектакльдің негізгі компоненттерінің бірі болғандықтан, қазақ театрларындағы жарық суретшісінің және музыкалық режиссердің  мәртебесін көтеру қажеттігі туындайды. Өйт­кені, ұлттық  сахнаның мықты деген қойылым­дарының өзінде құлақ жаратын даңғырлаған музыка, фонограмма, сондай-ақ жарық партитурала­рының нашарлығы көркемдік деңгейге нұқсан келтіріп-ақ жүр. Ал мұндай жағдайлардың объек­тивті-субъективті себеп­терін айқындап, біріншіден, театрларды зама­науи техникалық жарақтандыру, екіншіден, арнайы кәсіби  мамандар дайындау, жұмыс жасап жүрген кадрлардың кәсіби деңгейлерін көтеру сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді  шешу – уақыт талабы.

Дүниежүзілік «Астана» театр өнері мере­кесі жылдан-жылға тәжірибесі молайып, уақыт өте келе шет елдерге жақсы танымал, беделді өнер мерекесіне айналары хақ. Бағдарламаға бауырлас елдер қойылымдарын іріктеу, фести­вальдің шығармашылық алаңын кеңейте түсу мақсатында арнайы кәсіби баспасөз штабын жасақтау,фестивальге қатысушы көрнекті сахнагерлермен арнайы пресс-кездесулер, шеберлік сыныптарын өткізу, тағы басқа шаралар алдағы уақыттардың үлесі екеніне қол қоя отырып, Қазақстан Театрлары   Ассоциа­циясы мен фестивальді ұйымдастырып-өткі­зуге атсалысқан барлық ұйымдар мен азамат­тарға үлкен шығармашылық табыстар тілеу міндет. Елорданың, сахна өнерінің мәртебесін көтерумен қатар, халық білімі мен мәдение­тінің өсуіне, демек, мемлекеттің рухани құнары­ның артуына игі ықпал тигізетін Дүниежүзілік «Астана»  фестивалі туралы мақаламызды  шетел­дік белгілі сахнагерлер және Ассоциация басшылары пікірлерінің бір парасымен түйіндегенді жөн көрдік.

Беатрис Пикон-Валлен,  театртанушы ғалым (Франция):           

– Мен Қазақстанда алғаш рет осы көк­темде болдым. Алматыда Т.Жүргенов атын­дағы Өнер академиясында кезесулер, шеберлік сабақтарын өткіздім. Энергетикасы мықты, өзіне сенімді қала, адамдары, табиғаты кере­мет! Астанада бірінші рет болуым. Футуристік деуге болатын бұл қаланың сәулеті, қарқынды дамуы, жаңалыққа деген ұмтылысы таңқал­дырады. Мен әлемді көп аралаймын. Әлемде қонақжайлылық, ашық көңілдер жетісің­кіремейді. Сіздердегі керемет қасиеттердің бірі – қонақжайлылық, осы ашықтық па деймін. Біз Астананың көрікті жерлерін араладық. Музейлерде, театрларда,  Алжирде болдық. Қазақ халқы көп  қасіретті бастан кешкенімен рухы мойымаған, тарихы терең, өте бай музы­калық мәдениеті бар халық екенін сезіндім. Кәсіби театрларда, жеке орындауларда керемет әндер естідім. Домбыра екі шегі ғана бар қарапайым аспап болып көрінеді, бірақ оның тереңдігі қандай. Өнерге деген құш­тарлығы жоғары, тамырдан ажырмаған халық­сыздар.  Заманауи мәдениетті, өнерді жасау үшін міндетті түрде осындай рухани терең тамыр болуы шарт. Қазақстан көпұлтты ел ретінде танымал. Осы бейбіт ахуалда ұлттық даралықты, елдің рухани болмысын танытатын «Астана» фестиваліне жарқын болашақ тілеймін.

Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва):

– Фестивальдің үлкен бір жетістігі –  ашық, білмекке құмар көрермен әр түрлі театрды көрді. Егер көрерменді толғантса ол мықты фестиваль болғаны. Ал көрермендерде үлкен қызығушылық болды. Астанадағы үлкен залдар көбіне толып отырды. Екіншіден, фести­вальдік бағдарлама барлық параметрден ойластырылып, сәтті жасалғанын атап айтқым келеді. Әлемдік сахна өнерінің қызғылықты пали­трасы ұсынылды. Кәсібилер үшін көремін, үйренемін деген  жас режиссерлерге, студенттерге, жалпы өнер қауымына  үлкен тәжірибе. Бұл үшін, әрине, фестивальді қолдаған министрлікке, ұйымдастырушыларға көп рахмет. Шынымды айтсам, бұл фести­вальға Сарапшылар алқасы құрамында немесе қонақ ретінде емес, өз спектакліммен, режиссер ретінде қатыссам деген ой туды. Фестивальда қазақ театр режиссурасының бүгінімен танысып, актерлердің талантын, жаңа, еркін  буын өнерін көрдік. Қазақ театр режиссура­сының жас легі келе жатқан сияқты. Жаңа дүниелерді, жаңа драматургияны меңгеру үшін, әрине,  уақыт керек. Әлемдік классика қашанда сұраныста болады және театрлар үшін үлкен мектеп. Сонымен қатар, түп тамырдан айы­рылмай, өзімізді әлемге таныта білуіміз шарт. Әріптестерге үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы:

– Мұндай деңгейдегі, осындай кең ауқым­дағы фестиваль біздің елде осымен екінші рет өтті. Әлем сахнасының мықты қайраткерлері, театрлары Елордада өнер көрсетті. Олардың Астана туралы ой-пікірлері өте жоғары. Кейбіреуі тіпті мұндай қалада боламыз деп ойла­мағандарын айтады. Осындай ірі, халық­аралық жобалар біздің елдің беделін артты­рады, шетелдіктердің біздер туралы көбірек білуіне мүмкіндік береді. Әрине, фестивальдің ұлттық сахна үшін берері де көп. Фестиваль жұмысы жемісті болды. Бұл – біздің ұлы ұстазымыз Асекең, Асқар Тоқпановтан бастап, Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов, кешегі Бәйтен, Жақып, Қадыр, Райымбектер, басқа да небір мықтыларымыздың арман еткен фестивалі ғой. Бұл – Тәуелсіздігіміздің, аса қадірлі Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік сарабдал саясатының бір нәтижесі. Ал енді осындай үлкен-үлкен шаралар жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін Мәдениет  министрлігінің арқасында жүзеге асып жатады. Дүниежүзілік ІІ «Астана» фестивалі үлкен табыспен өтті. Осы орайда мен өз атымнан, Ассоциация атынан республика Мәдениет және спорт министрлігіне, осындай жақсы істерге ұйытқы болып жүретін іскер азамат, министрлік басшысы  А.Мұхамедиұлына көп рахмет айтып, жұмыстарына табыс тілеймін. Еліміздің мәртебесі арта берсін.

Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, Қазақстан Театрлары ассоциациясының вице-президенті:

– «Астана» – өнерді мемлекеттік қолдау аясында, «Рухани жаңғыру» аясында  дүниеге келген, орны мен миссиясы бөлек фестиваль. Түркі тілдес елдердің өздеріне тән бірнеше фестивалі бар. Еуропалық өнер мерекелері де аз емес, оларға республика театрлары жиі қатысып жүр. Қытай елінде Азия елдерінің айтулы фестивальдары ұйымдастырылады. Ал «Астана», фестивальдік тұжырым­дама­мызда көрсетілгендей, Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыс театр кеңістігін біріктіру мақсатын ұстанады. Елдер мен құрылықтарды ғана емес,  дәстүрлер мен мәдениеттерді жақындастыр­маққа ұмтылатын «Астана» фестивалінің жақсы имиджі қалыптасып келеді. Екінші халықаралық бас қосудың ұйым­дастырылуы, көркемдік деңгейі ойдағы­дай болды деген сенімдемін. Өйткені, фести­вальдан елдеріне оралған ұжымдар, сахнагерлер елімізге, фестивальға үлкен ырзашылықтарын білдіріп жатыр. Келесі жылғы фестивальға қатысуға ниет етушілерден хабарлар да бар. Әлемдік фестивальдік картадан өз орнын алуы тиіс фестиваль республика сахнагерлерінің кәсіби ұшталуына, әлемге интеграциялануына жақсы тірек. Заманауи театр өнерінің қазіргі ахуалын, негізгі бағыт-бағдары мен даму бола­шағын жақсы түсінуге бастайды, жаңа ізденістерге жол ашады. Әріптестерге, театр ұжымдарына шығармашылық табыстар, премьералар тілеймін, фестивальдарда жақсы спектакль­дермен кездесейік!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *