Ұлы мұра – ұрпаққа аманат

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысы негізінде халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау жөніндегі ғылыми-ағартушылық жобасы аясында қаламыздағы №146 мектепте «Ұлы мұра – ұрпаққа аманат» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

 Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Елбасымыз – Тұңғыш Президент Н.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттап, оларға осы бағдарлама аясында қолға алынып жатқан мәдени, рухани бағдарламаларды түсіндіруге арналған бұл кешке ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орде­нінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман, қоғам қайраткері, «Халифа Алтай» қорының төрағасы Қабиден Алтайұлы, «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытхан, желтоқ­саншы, «Бәйтерек» жастар орталығының жетекшісі Мейіргүл Қазыбаева, «Жел­тоқсан жалыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманғазы Кәріп­жанұлы, халықаралық «Жанашыр» қорының пре­зиденті, еларалық «Шалқар» газетінің Бас редакторы Жаңыл Әпетова қатысты.

Бұл кеш «Ұлы мұра – ұрпаққа аманат», «Букдатинг» және «Талант­тарды таныту» деп аталатын үш бағыт бойынша өтті. Кеш қонақтары оқушы­ларға Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­масының әр бағытына түсініктеме беріп, осы бағыттар бойынша әр адамға жүктеліп отырған азаматтық парыздар, туған жерді құрметтеу, ұлттық бір­егейлікті сақтау, бәсекеге қабілеттілік, Қазақстанның 100 жаңа есімін тану, тұлғаларға тағзым жасау турасында әсерлі әңгімелер айтып, балалардың сауалдарына жауап берді. Оқушылар, әсіресе, қазақ ұлтын, оның тілін өз ұлтының құндылықтарындай баға­лайтын Асылы Әлиқызы Осман апаларының әңгімесін қызыға тыңдады.

Кештің «Букдатинг» жобасының қонағы болған «Халифа Алтай» қорының төрағасы Қабиден Алтайұлы оқушыларды дінтану саласының көрнекті өкілі Халифа Алтай, оның өнегелі өмір жолы туралы айтып беріп, ғұлама ғалымның қазақ көшінің тағдыры жайлы жазған «Алтайдан ауған ел» атты кітабымен таныстырды. Қазақ жұртының ауыр тағдыры туралы бұл кітап жасөс­пірімдердің бойындағы Отанына, ұлтына деген сүйіспенші­ліктерін оятты.

Ал кештің «Таланттарды таныту» бағыты бойынша Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында Рамазан Стам­ғазиевтің класында өнерін шыңдап жүрген Диас Мұратхан өз өнерін ортаға салды. Әміре Қашаубаев, Әсет Най­манбаев, Жүсіпбек Елебеков, Мұратхан Егінбаев атындағы республикалық бай­қаулардың лауреаты Диас Мұратхан айтқан халық әндерінің қоңыр әуені жастарды серпілтіп, ұлттық құндылық­тарымызға деген құрметін арттырды.

Кеш аясында оқушылар «Мен рухани жаңғыруды қалай түсінемін?» атты тақырыпта шығарма жазып, «Ұлы дала өнері» тақырыбында сурет және фото, қолөнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Кешті ұйымдас­тыруға ұйытқы болған Жаңыл Әпетова жетекшілік ететін «Жанашыр» қоғамдық қорының ең басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында рухани жаңғыру бағдарламасын кеңінен насихаттап, олардың ұлттық құнды­лық­тарымызға деген көзқарасын қалыптастыру.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *