ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ТОЙЫ

«Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет».

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ.

(«Абай және XXІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан).

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Чехия Республикасының астанасы – Прага қаласындағы Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының ашылу салтанаты мен «Абай оқулары» іс-шарасы өтті.

Биыл халықаралық деңгейде ұлықталатын ұлы классик және гуманист Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі  еліміздің Елшіліктері  жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін қадап айтқан болатын. Міне, осынау игі іс аясында  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер ми­нистрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қол­дауымен Прага қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының  ашылуы Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптас­тыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттеуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына ықпал ету, қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу  мақсаттарын көздейді.

Қазақстан Республикасының Чех Рес­публикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен ашылған Орталық  қазақ әдебиетінің оң имиджін қалыптастыруға, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттауға және реттеуге, ғылыми және мәдени бағдарларға байланысты өткізілетін іс-шараларға ақпараттық қолдау көрсетуге қызмет ететін болады.

Баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылғандай, Орталықта кітаптар мен элект­ронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады. Онда CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпараттар бар. Сондай-ақ, қазақ­стандық толық мәтінді мәліметтер базаларына қолжетімділік ұсынылған. Абай және оның шығармалары туралы Қазақ­стандық Ұлттық электронды кітапханасында 800-ден астам басылымдар қамтылған.

Орталық қызметі  ұлы Абайдың даналық дүниетанымын саралау, ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді де көздейді. Осы мақсат жолында  Орталық кітапхана оқырмандары Қазақстан мен Чехияның танымал жазу­шылары мен ақындарымен кездесетін орынға айналуы тиіс. Мұнда  алдағы уақытта кітап көрмелері, «дөңгелек үстелдер», абайтану­шылармен кездесулер, әдеби-музыкалық кештер және т.б. мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Ғалымдар да, ұлы ойшылдың мұрасын зерттеушілер мен  жалпы дара да дана кемеңгердің шығармаларына қызығушы жастар Абайдың нақыл сөздері, өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, аудармалары, әндері, сондай-ақ, абайтанушы ғалымдардың шығармалары, зерттеу еңбектері, библио­графия, диссертация, авторефераттар туралы ақпараттарды осы Орталықтан таба  алады. #Abaі175 хэштегі бар электрондық порталда ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралармен танысып, Абайтану  дәрісінен  тағылымды мәліметтер алуға болады. Кітапсүйер оқырмандар назарына «Абай» романының шыққан алғашқы басылымдары, Абай туралы шығармалар мен суретшілердің құжаттары, мұражайлар және ескерткіштер туралы мәліметтер, Хакім Абайдың бейнесін салған белгілі суретшілердің репродукция­ларының көшірмелері мен иллюстрациялық кітап және фото-көрмелері ұсынылады.

«Іс-шара барысында «Әлем таныған Абай» атты «дөңгелек үстел», «Әлем таныған Абай» иллюстративті-кітаптар көрмесі мен «Абай әлемі» атты фото-көрме, «Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады…» атты көрініс ұйымдастырылды. Әлем таныған Абай» иллюстративті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қара сөздері», Шығар­малар жинағының 2 томдығы, «Қалың елім, қазағым…» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қара сөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка…» және М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», «Двадцать стихотворений на трех языках», Д.Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ.Есімнің «Хакім Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармалары­ның жинағы және т.б. кітаптар танысты­рылды», – делінген хабарламада.

«Абай әлемі» атты фото-көрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар берілген. Атап айтатын болсақ, Ә.Қастеевтің «Жас Абай» (1945), «Абай» (1954), «Абай» (1967), «Абайдың жастық шағы» (1968), А.Волощиктің «Бала Абай жыр тыңдап отыр» (1948), Е.Сидоркиннің «Абай мен әжесі Зере» (1960) және «Абай», «Мұхтар Әуезов» пен «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына салған иллюст­рациялары, Ү.Әжиевтің «Бала Абайдың оқудан оралуы» (1969), Л.Леонтьевтің «Абай Семей қаласының кітапханасында» (1954), «Абай және балалары» (1896)  және тағы басқа да  50-ден астам картиналар қойылған.

Іс-шарада С.Мұқанов атындағы Сол­түстік Қазақстан облыстық кітапханасы Абайдың әжесі Зеренің бейнесін (манекен түрінде), ұлттық киімдер мен ұлттық тағам­дарды, кәдесыйларды, Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі қазақ ою-өрнектерімен өрнектелген көрпелерді, жастық пен сандықшаны, Түркістан облыстық әмбебап кітапханасы Абай мен Әйгерім бейнелерін (манекен түрінде), С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы киізді, текеметті, қоржынды, ертоқымды, қамшыны  және т.б. ұлттық бұйымдарды ұсынды.

Жиынды  модераторлар – Чехия ұлттық кітапханасының директоры Мартин Косандо мен  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева  жүргізсе, «Әлем таныған Абай» атты «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеде ақын, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, профессор, ҚР Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет (баяндама тақырыбы – «Абай жолымен»), филология ғылымының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов (баяндама тақырыбы – «Абай даналығы»), жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, абайтанушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбай (баяндама тақырыбы – «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі»), Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық кітапханасының басшысы Бахытжамал Оспанова (баяндама тақырыбы – «Презентация репринтного издания первой книги Абая») сөз алды.

Еуропа төріндегі қазақтың ұлы ойшылын ұлықтау  рәсіміне бір топ қазақстандық және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ, әріптесіміз – «Қазақ радиосының» журналисі, ақын, блогер Айсәуле Бейсенхан және кітапхана басшылары мен оқырмандар, зиялы қауым өкілдері, қазақ диаспоралары қатысты. Сонымен бірге, бұл іс-шараға  Чехия Респуб­ликасында оқып жатқан студент-волонтерлар, «Тарлан» қазақ студенттік жастар ұйымы атсалысты. Осы елде 2008 жылы құрылып, спорт, туризм, мәдени және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысатын,  3000 қазақ жасының басын қосқан бұл  ұйымды Бақнұр Аюбек басқарады.

Жалпы, «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының ашылуы Еуропа елдерінде, өркениеттілер  әлемінде Қазақстанның мәдени-рухани  мұраларын насихаттау мен ұлықтаудың  тағылымды өнегесі ретінде құрметтелуімен де құнды.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *