«ҰЛЫЛАР ҚАЙТЫП КЕЛУ ҮШІН КЕТЕДІ»

Қали СӘРСЕНБАЙ

Ұлы Конфуцийдің «Егер заң арқылы басқарылса, жазалау арқылы реттелсе, халық аяғын тартады, бірақ ұятты сезінбейді. Егер ізгілік арқылы басқарылса, оны дәстүрге айналдырса, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады» дегені бар екен. Осы дана сөзге иек артып сөйлесек, алыс, жақынның мысалына жүгінсек, бір кітаптың сөзін айтып тастауға болар. Дейтұрсақ та, тізгінді тарта отырып, бүгінгі тақырып аясымен шектелгенді және жөн көрдік.

Экономика, саясаттағы жетістіктер көбіне мемле­кет мүддесіне қызмет етсе, ал руханият, демек, ізгілік арқылы басқарудың ұлттық мүддеге етер қызметі өлшеусіз екені даусыз. Өнердің, мәдениеттің негізінде ізгілік, ізгі мұрат жатады. Өткен жолы айтқанымыз­дай, руханияттың түбіріне үңілсеңіз, рух-ұят деген бір зор мағынаны да сезінуге болады. Демек, өнер, мәде­ниет басым жерде ұят-аятты сезіну сезімі күшейіп, рухтың қайта оралуы, оянуы көрініс береді. Өткен аптада біреу байқады, біреу байқамады Алматы аспанын сол рух кернеп тұрды. Башқұрттың ұлы ақыны, драматургі Мұстай Кәрімнің 100 жылдығы аталып өтті. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың идеясын қолдаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қаласы әкімдігі ғажайып шара өткізді. Ендігі жерде осы шараның ресми сипатынан гөрі әркімнің жадында қалдырған рухани зор әсері жөнінде айтқан жөн-ау. Кеңес өкіметі құлағалы бері кеңістікте қалқып қалған ежелгі рухи, рухани туыстық қайта бір жаңғырды. Қысқасы, бәріміз жиі айтатын рухани жаңғырудың көкесі осы болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов мысалға келтіргендей, мажардың Махамбеті Шандор Петефи айтқандай, өлген соң рух боп оралып жатты Алматыға бұрнағы күні Мұстай Кәрім.

Еділдің арғы жағы, бергі жағы. Қандай қатпарлы тарих еді ол. Сонау ноғайлының заманында, Шалкиіз, Қазтуған жырларында айтылатын «алаң да алаң, алаң жұрттың» сол сағыныш сарыны күні бүгінге де күмбірлеп келгендей еді. Кеңес өкіметі еншісі бөлінбеген сол халықтарды «кіші халықтар» деп айдар тағып (халықтың үлкен, кішісі болмайды) адасқан алты қаздай етіп, бөлшектеп жібергені де айдай ақиқат қой. «Бөліп ал да, билей бер» саясатынан аман қалған сол халықтарды ұстап қалған да әдебиеті мен мәдениеті еді, егіз қозыдай рухани ұқсастық, рухи туыстық (тілі, ділі, діні, т.б.) еді. «Үлкен халықтарға үлкен ынсап керек, кіші халықтарға үлкен қанжар керек» деп орыспен 25 жыл соғысқан имам Шәміл айтқандай, оның қанжары әдебиеті, мәдениеті еді. Сол кіші халықтардан үлкен әдебиет шықты. Оның аса ірі өкілдері Қайсын Құлиев, Давид Кугультинов, Расул Ғамзатов және Мұстай Кәрім болып кете берер еді. Бүгінде солар салған сара соқпақ қайта жалғасатын сыңайы бар. Осылардың есімі аталғанда кешегі өз жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз да еске түсіп, елжіретеді. Шіркін, осынау ел рухын биіктететін шаралардың ортасында Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қалтай Мұхамед­жанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайлар болғанда ерке желдей ескен есіңнен кетпес есті әңгімелердің талайы армансыз айтылған болар еді.

Енді Алматыда Мұстай Кәрімнің көшесі бар. Салтанатты рәсімнің ашылуында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы да өз ақыны, төл перзентім деп білетінін атап өтті. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақынның көркем туындыларына, есімі ел арасындағы рухани байланысқа зор еңбек сіңіргеніне айрықша тоқталды. Сонымен қатар, оның немересі, «Мұстай Кәрім» қорының негізін қалаушы Темірболат Кәрімов атасының Алматыны сағынып тұратынын, оның Қазақстанда қаламдас, рухтас достары көп болғанын тебіреніп еске алды. Ал белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Ұлылар қайтып келу үшін кетеді» деуі жұрттың жігеріне жігер қосып жіберді.

Бұдан кейін Достық үйінде ақынның 100 жылды­ғына арналған ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өтіп, оған қазақтың қаймақтары мен қаспақтары жиналды. Конференцияны Ұлықбек Есдәулет жүргізді. Конференцияда оның шығармашылығы жан-жақты талқыланды. Жиынды ашқан Иманғали Тасмағамбетов былай деді:

– Мұстай Кәрімнің Алаш руханиятындағы орны айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мұстай Кәрім тек өз Отанында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше сүйіспеншілікке ие ақын» деген қанатты сөзі оның биік тұлғалық мәртебесі мен мәдени тұғырын көрсетеді. Сондықтан тұлғаның мерейлі мерейтойы Алматы қаласы әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағының ұйытқы болуымен лайықты деңгейде аталып өтіп жатыр. Мұстай Кәрімнің мерейі бір ғана башқұрт жұртының емес, күллі түркінің аспанында жасай бермек.

Сондай-ақ, көрнекті ғалым, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры К.Маты­жанов терең баяндама жасады. Осы жиын үстінде сөз алған Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академия­сының ректоры А.Маемиров мырза екі ел арасындағы достықты одан әрі тереңдете түсу үшін башқұрт елінің бір өкілін академияға арнайы дәріс оқуға жіберуін сұрап, оның бар қаражатын өзі көтеріп алатынын айта келе, Иманғали Тасмағамбетовті тек екі елдің ғана емес, әлемнің рухани елшісі екенін атап өтуі жұртшылықтан қызу қолдау тапты.

Қайсыбір жылы Алматыда түркі халықтарының жыраулық дәстүріне арналған үлкен байқау өтіп, сондағы ноғай елінен келген жыршының жоқтау сары­ны есімізден тандырған еді. Кезінде ортақ астана болған Сарайшықта Алматыда жүргендей алшаң басқан ноғайлының қыздарының күлкісі құлағымызға келіп, ұшып кетердей болып отырдық сонда. «Алаң да алаң, алаң жұрт» еді-ау ол. Жылдар өте келе сол Сарайшықты қалпына келтірген Иманғали Нұрғалиұлы бүгінде сол бір нәзира үзіктерді тәрізі қайта жалғауға кірісіп жатыр. Ендігі жерде осы башқұрт тәрізді адасып қалған, әр жерде көздің тамшысындай болып (башқұрт, балқар, чуваш, шеркеш, тува, саха, т.б.) жүрген бауырлардың нақақтан төгілген көз жасын сүртуге бір жараса осы біздің Имаш жарайды.

Елді өсіретін де, рухын көтеретін де рухани бағыттағы жұмыс. Бір ғана Иманғали емес, Елбасының өзі өсірген рушыл, рухтас жігіттердің басшылыққа келіп, ұлтқа қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп, қабырғалы қайраткер биігіне көтерілген тұлғалы азаматтардың атын атасақ, алыстап кетеміз.

Айтса айтқандай, осынау ізгі шараның өтуі барысында ұлықтығын бір сәтке жиып қойып, кішілік пен кісіліктің үлгісін көрсетіп, рухани биік мақсаттар төңірегінде  ой тоғыстырған екі тұлға Бақытжан Сағын­таев пен Иманғали Тасмағамбетовтің иық тірестіріп жүруі зиялы қауымды да қанаттандырып жіберді. Әкім тек саяси тұлға емес, ел руханиятының да жанашыры. Осы мүдде биігінен көрінетін, қазақы рухтағы азаматтар болашақта да осы биігінен түспей, өз жемісін бере беретініне ақсамас айғақ еді бұл сәт. Биіктік дегенде рухани биіктікті айтып отырмыз. «Рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы» деп Қадыр ақын осындайда айтқан болуы керек. «Көргені бар көш бастар» деген, тегіне тартып туған, қазақшасы қара жорғадай Бақытжан Сағынтаев «Көптен бері бір осындай ақылды әңгімелерге сусап жүр едік, бүгін соның тиегі армансыз ағытылған күн болды, күні бойғы ағалардың айтқан әңгімесі бізге әлі талай жылға азық болары сөзсіз» десе, алыста жүрсе де Алаштың арманын аялап жүретін Иманғали Тасмағамбетов «Еліміздің исі бұрқырап аман жүріңіздерші, зиялы қауым» деді. Ал енді ақынның немересі Темірболаттың «Бұл бір аристократиялық кеш болды. Мостайға әбден ұнар еді» дегені де естен шықпастай еді.

Әрине, Алматы мұндай шаралардан кенде емес. Алайда, соның бәріне де осындай биік деңгей тән емес. Бірде қырғыздың бір зиялысы Әбіш Кекіл­баевтан «Мәдениет министрлігі Астанаға көшті ме?» деп сұрапты. Сонда Әбіш көкеміз: «Көшуін көшті-ау, бірақ мәдениет Алматыда қалып қойды» деген екен. Сол кісі айтпақшы, Алаштың кешегі Мұстайлар жиі келуді аңсайтын аяулы Алматысы бұл жолы да сол мәдениеттің шын мәніндегі ордасы екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Р.S. Сол күндері Алматыны Алаштың рухы аялап тұрды. Сол рух келіп, кетіп тұратын осындай күндердің ұзағынан сүйіндіруін тіледік.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *