ҰЛЫ КОМПОЗИТОРДЫҢ РОЯЛЫНДА АБАЙ ӘНДЕРІН ШЫРҚАҒАН

«Сырдың басынан ұшқан бұлбұл сағасына дейін ылғи гүлге қонып барады» деген аңыздағыдай, көнеден тамыр тартқан, осындайлық көкжиегі бар сырлы Сыр елінің «сегіз қырлы, бір сырлы» бір ұрпағының өмірі жайлы сөз қозғағанды жөн көрдім.

Иә, Сыр елінің ұрпағы дегенде көне заманнан бастап бар­шамызға белгілі тарихи тұлғалар көз алдымызға келеді. Киелі топырақтың қасиетті ұлдары көп болары даусыз. Солардың бірі жайлы ертеректегі бір мақалам: «Жерінде Сырдариясы бар, елінде жыр дариясы бар өлке – көне тарихтың ең жарқын куәгері. Ағысы қатты, арнасы кең қасиетті Сырдария суының құдіретті күшін әлемнің апшысын қуырып, аптаған аңызақ та, аранын ашқан құрғақшылық та мойыта алмаған. Ақмешіт аталған Қызылорда қазақ халқымен бірге талай тарихи оқиға­лардың куәгері болған. Осындай қасиетті өлке Қорқыт ата, Базар жырау, Нартай бабаларымыздан бастап А.Тоқма­ғам­­бетов, Ә.Тәжібаев, Ш.Сариев, Иран-Ғайып, Ибрагим Исаев сияқты қаншама таланттарға талбесік болып, ән мен күйге тербеп өсірді. Айта берсек, бұл тізім жалғаса түседі. Міне, осындай Сыр өлкесінің, жыр өлкесінің нәрімен сусындаған жандардың өнер сүйгіш болмауы мүмкін емес. Солардың бірі – нар Нариман Жалғасұлы» деп басталған болатын.

Қазақта қыз бала жатжұрттық деп, ал ұл бала дүниеге келгенде ауыз толтырып, ұрпақ жалғастырар — ұл деп айтатыны баршаға мәлім ғой. Сонау замандағы ашаршы­лық, соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ауыл ағасы болған Жалғас ақсақал осы баласы дүниеге келгенде есімін қалай атасам екен деп ойланып, туған-туыстарын, ел-жұртын жинап, үлкендердің батасын алып «Нұрлы, Ақылды, Рахымды, Инабатты, Мейірімді, Адал, Нардай азамат болсын» деп, осы ойының (сөйлемнің) бас әріптерін жинақтап Нариман деп қойған шығар деген ой түйген­дейміз.

Қазақтың қағазға жазылмаған дала заңы – ақсақал­дардың, үлкендердің батасын алу. Ал көшпелі халықтың түсінігінде батаның рөлі айрықша болған. Болашаққа үлкен жақсылық­тар тілеу – адамзат баласының ежелден асыл мұраты болса керек.

Сол үлкендердің батасын алған кешегі жас жігіт Нариман Жалғасұлы бүгінде Қонаев атындағы Кен істері институтының «Экология және кен жұмыстарының қауіпсіздігі» бөлімі­нің меңгерушісі, техника ғылымының докто­ры, профессор, бірқатар академиялардың ака­де­мигі.

Сөйте тұра Нәкең туған жері – алтын бесігінен қол үзген емес. Ол «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз» компаниясымен бірігіп, ғылыми жұмыстар жүргізуде, заман талабына сай Қызылорда мемлекеттік университетін ғылыми мамандармен қамтамасыз етуде үздіксіз үлес қосып келеді.

Бақытын ерен еңбегімен тапқан кенші-ғалым, Қазақ КСР Минис­трлер Кабинеті сыйлығының лауреаты, минералды шикізатты өндіру мен өңдеудің физика-химиялық арнайы әдістерін жасау саласындағы көрнекті маманы Нариман Жалғасұлының сан қырлы қызметі туралы замандастары өз көңіл жырларын жері­не жеткізіп айтатын да жазатын болар. Жақ­сының жақсылығын айтудан, шын жақсыға қошемет көрсетуден тартынбайтын халықпыз ғой. Осы орайда өзім алпыс жылға жуық ара­ласып, достас болып кеткен, ғалым-ұстаз Нари­ман Жалғасұлы туралы көпшілікке кеңі­нен танымал деректерді қайталаймай-ақ, қан­дай да бір тың нәрсе тауып, оның сан қырына өзімше баға беріп, сыр шерткенді жөн көрдім.

Біріншіден, Нариман Жалғасұлы – тау-кен инженері. Еті тірі елгезек жігіт Нариман Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, оны 1963 жылы тәмамдап, Жезқазған қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Кен-металлургия комбинатына жолдамамен барып, Жезқаз­ғанның алып шахталарында инженерлік жұмыс атқарады. Жезқазғанда өткен бес жылдық кезең Нариман үшін қиын да, жанкешті еңбек жылдары болды және ол өмірдің екі тірегі: «үйренуден жалықпау, үйретуден аянбауды» өз алдына мақсат етіп қоя білді.

Мұқағали ақын «Құрметтеңдер жиырма­сыншы ғасырды, онда біздің қолтаңбамыз басулы» деп жырла­ғандай, жеті қат жер астында атқарған жұмыстағы жетіс­тік­тері ауыз толтырып айтса айтқандай нәтижелі болды. Өндірістің көптеген күрделі де келелі мәселе­лерін шешуде Нәкең Ө.А.Байқоңыров, Д.О.Еш­па­нов, Т.М.Урумов, М.Е.Жәркенов, К.Салықов, С.Битанов, М.Тоқта­мысовтармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ағаларынан мол тәжірибе алып, қатарластарымен үзеңгілес жүрді.

 

Жаңашыл, ұстаз, ғалым

 

Оның ақыл-парасаты үнемі өзін-өзі жетілдіру мен дамытуға жетелеп, таусылмай­тын күш-қуатқа жеткізді. Өндірісте өзін көр­сете білген Н.Жалғасұлын 1968 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Кен істері институты аспирантураға шақырады. Бұл хабар елдегі әкесіне жеткенде ауыл ақса­қалдары:

– Ау, Жәке, осы сіз балам үлкен оқуды бітіріп, үлкен инженер болып қызмет атқарып жатыр деуші едіңіз. Бұл қалай? Балаң енді қай оқуға түспекші? – деп сұрақ қойғанда әкесі:

– Білмеймін, осы балам үлкен оқуды бітірген сияқты еді. Меніңше, одан да үлкен оқудың болғаны ғой, – депті. Осы «үлкен оқу» Нариманды ғалымдар, үлкен азаматтар қата­рына қосты. Сондықтан да мұндай адамның өмір тарихы да үлкен, ауқымды» болуға тиісті. Біз солардың кейбіріне ғана тоқта­ламыз.

Екіншіден, Нариман Жалғасұлы – ғалым. Атақты ғалым, академик И.З.Лысенконың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады.

Н.Жалғасұлының содан кейінгі ғылымдағы ғалымдық жолы оны биік шыңдарға жетелеп әкетті. Академиялық тау-кен институтының «Минералды шикізаттарды ұқсатудың физи­калық-химиялық тәсілдері» зертханасының меңгерушісі бола жүре, кен игерудің қоршаған табиғи ортаға тигізетін зиянды әсерлерін жоюдың жолдарын іздестірді. Одан кейін академик Т.М.Ермековтің ұстаздығымен «Экологиялық таза технологиялар негізінде кен өндірудің тиімділігін арттыру» тақыры­бында Гео­экология мамандығы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

«Дарақ бір жерде көгереді» дегендей, ол осы Кен істері институтында қызметін атқара жүре, ғылым докторы дәре­жесіне, профессор атағына қол жеткізді. Нариман Жалғасұлы­ның 300-ден астам ғылыми еңбектерінің ішінде 33-і ғылымда ашқан жаңалығы үшін КСРО-ның және ҚР өнертапқыштық патенттер мен 8 ғылыми монографиялар, оның ішінде шет елде жарық көргендері де бар. Ғылыми еңбектерінің саны қаншама көп болса, сапасы да жоғары. Ғалымның әр еңбегі өз саласының жаңалығы мен жаршысы ретінде ерекше және де оның ұсынған жаңа әдістемелері тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде қолданыста.

Үшіншіден, мен Нариман Жалғасұлы – ұлағатты ұстаз. Ол сөзімен де, ісімен де, тілімен де, сырт келбетімен де өзіне адамды тартып, баурап алатын жан. Оның басты тәрбиесі ойлауға, талдау жасай біліп, одан шешім шығаруға үйрету.

Ғалымның еңбегін жалғастырып, ғылыми мектепті одан әрі дамытып, идеяларын таратушы Қазақстанның ЖОО, ғылыми-зерттеу институттарында және тау-кен кәсіп­орындарындағы жас ғалымдардың көпшілігі Н.Жалғас­ұлының жетекшілігімен диссерта­цияларын қорғағандар. Санап отырсақ, оның ғылыми жетекшілігімен 17 ғылым кан­дидаттары, бірқатар магистранттар мен PhD доктор­лары дайындалыпты.

Төртіншіден, Нариман Жалғасұлы – ұйымдастырушы. Н.Жалғасұлы басқарып отырған Кен істері институтының «Экология және кен жұмыстарының қауіпсіздігі» бөлімі, қазіргі уақытта кәсіпорындардың үйінділері мен қалдықтарын техни­калық және биоло­гиялық қалпына келтіру бойынша зерттеулер жүргізуде және «Қазақмыс» АҚ, «Қостанай Минералдары» АҚ, Жезді кеніштері үшін шаңның азаюын қамтамасыз ететін ұсыныстар әзірленді.

Н.Жалғасұлының ғылыми және ұйым­дастырушылық қызметіндегі еңбегі қоғам мен мемлекет тарапынан айтар­лықтай бағаланды: «Еңбек ардагері» медалімен, «КСРО-ның үздік рационализаторы» белгісімен,  Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамота­сымен (2009 ж.), «Шахтер даңқы», «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» (РФ), Ресей Федерация­сының Қазіргі гумани­тарлық академиясының «За заслуги в науке», «М.Ломоносовтың 300 жылдығы» медальдарымен, Вернадский орденімен (Санкт-Петербург), «Қызылорда қаласына 190 жыл», «Ш.Есеновке 90 жыл», «Т.Жүргеновке 120 жыл» мерейтойлық медальдарымен (2017) марапатталды, Қазақ КСР Министрлер Кабине­тінің ғылым және техника саласындағы сыйлығының лауреаты (1991 ж.), 2016 ж. Ұлттық тау-кен ғылымдар академиясының акаде­мигі атағын алды, «Отличник горной науки» құрмет белгісі мен Халықаралық экология академиясы­ның академигі ата­ғына ие болды және көптеген диплом, грамоталармен марапатталған.

Бесіншіден, Нариман Жалғасұлы – тұлға. Ақселеу Сейдім­бек «Біз бесжылдықтар тарихымен өстік. Тарихты тұлға жасай­ды ғой» деп өкінішпен айтып та, жазып та кеткен. Айтқандай, біз де Қазақстанның өркендеуі, оның Қазақстанның тұңғыш техникалық ЖОО – Қазақ тау-кен-металлургия институтының 85 жылдық, Кен істері институтының 70 жылдық тарихтарымен өсіп келеміз. Бірақ әлі күнге дейін, тау-кен ісі саласын дамытқан тұлғаларымызды түгендей алмай, тарихты тұлға арқылы зерттей алмай, тұлға арқылы тани алмай келеміз.

Алтыншыдан, Нариман Жалғасұлы – өнер сүйгіш сері, сөзге шешен, жазушылық қабілеті бар азамат. Мақала­мыз­дың басында Сыр өңірінің «сегіз қырлы, бір сырлы азаматы» деп айтып кеткеніміз тектен-тек емес. Енді соның бір қыры жайлы сөз болмақ. Нариман жас кезінен фотоға түсі­руді жақсы көрген, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Жезқазғанда инженерлік қызмет атқарып жүріп, «Қазақфильм» киностудиясының кеншілер туралы «Мен мұхитты көргім келеді» атты толықметражды, түрлі-түсті көркем фильмінде «газиктің шофері» рөлінде ойнаған.

Ол өзге ұлттардың өмірімен танысу үшін Испанияға барып, онда корриданы көріп, Тунисте Карфагеннің қирандыларымен танысқан. Веспремде Венгрияның ұлы композиторы Ференц Листтің үй-мұражайына соғып, ол үйдің қабырғалары оның әсем әуендерімен қаныққанын музей директорының мағлұмат­тарынан білген. Ал енді ол қабыр­ғалар Ұлы Абайдың әндерімен де қанықсын деп композитордың роялында Н.Жал­ғас­ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Көзімнің қарасы» әндерін ойнап берген. Содан көп ұзамай Венгрияның Мәскеудегі елшісі «Венгрия туралы не білесіз?» байқауын «Лениншіл жас» және «Ленинская смена» газеттері арқылы  жариялаған. Осыған қатыс­қан Нәкең «Лениншіл жас» газетіне Ф.Лист пен Абай әндері негізінде «Көгілдір Дунай маржаны» атты мақаласын жария­лады. Ол мақала конкурста жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды және оны сол елдің елшісі келіп тапсырған.

 

Жарты ғасыр бірге

Жетіншіден, Нариман Жалғасұлы – үлгілі отбасы. Аспи­ран­турада оқып жүрген жас өнегелі, берекелі отбасын құру бақытына ие болды. Тағдыр оны Шолпан есімді арумен табыстырды. Ол бүгінде Нәкеңнің сансыз достары мен тума-туыстарын көл-көсір дастар­ханын жайып қарсы алатын отбасының салиқалы анасы. «Жақсы әйел – жарты бақыт» дейді, Нариманның жары Шолпан Әбілқызы жаны жайсаң жан. Әйелдің ең үлкен міндеті – ол жақсы жар болу, ерінің сенімді серігіне айналу, оның алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасау, қолынан келгенінше көмектесу. Бұл тек Шолпан сияқты қазақ әйелдеріне тән қасиет.

Биыл ағайын Нариман мен Шолпанның шаңырақ көте­ріп, отасқанына елу жыл толғанын, «алтын той» мере­кесіне аман-есен жеткенін атап өтуде. «Алтын той» ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымды білді­реді. Олардың ғашық болып қосылып, елу жылды махаб­баты мол жылдарға жалғастырып келе жатқандығын, Сыр елінің тағы бір саңлағы Ш.Сариев сынды сөз шеберінің шабытынан туған «Ғашықтар жыры» өлеңінен көруге болады.

«Көңілге жыр тұнады сен дегенде,

Жүрекке сыр тұнады сен дегенде.

Кеудеме бір ғажайып шаттық орнап,

Өмір де құлпырады сен дегенде», – деген жыр жолдары кешегі 80-жылдары жастық шақта­рын өткізген, ал бүгінде бірі сексеннің сеңгі­ріне, екіншісі жетпістің бесеуіне келіп отырған Нариман мен Шолпанның жүректерін әлі күнге дейін толқытуда, жандарының бір бөлшегіне айналуда.

Елу жылдан бері өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген Нариман мен Шол­панның пайым-парасаты кім-кімге болмасын ой салса, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қоюы жастарға үлгі боларлықтай.

Жанұя Әйгерім, Ерлан, Салтанат деген балаларын өсіріп, солардан өрбіген Әмір, Әсем, Абай, Абылай, Іңкәр, Жантемір, Ажар, Еңлік, Эмир сынды ұрпақтарының қызығын көруде.

Сексен жастық мерейтой Нариман Жалғас­ұлының ғана емес, онымен көп жыл адал қызмет еткен ұжымының, сол қызметке куә болған тау-кен, металлургия саласы сардарла­рының қуанышы.

Маржан НҰРПЕЙІСОВА,

КазҰЗТУ профессоры, т.ғ.д., академик,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close