«ҰЛЫ КӨШТІ» КӨРІП ПЕ ЕДІҢІЗ?..

100Эссе

Бірде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналында ұзақ жыл бірге қызмет істеген ақ көңіл, елгезек суретші апайымыз Гүлжан үйге телефон соғып: «Біздің жұмысты білесіз ғой. Тағы да сол, зыр жүгіріп, жаңа номерді дайындап жатқан жайымыз бар. Ертең журналдың мұқабасына арнап бір кішкентай оқушы қыздың суретін түсіруіміз керек еді. Мүмкін болса, соған Арайды алып келесіз бе», – деп өтініш жасады.

Сөйтіп, ертеңіне таңертеңгі мезгілде бесінші сыныпта оқитын қызым екеуміз Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы Баспалар үйінің алдына келдік те, Гүлжан апай алдын-ала келісіп қойған бір көлікке отырып, тау бөктеріне қарай тартып кеттік. Алдын-ала ойластырылған сюжет бойынша оқушы қыз көктем мезгілінде, көкорай шалғынға оранған табиғат аясында гүл теріп келе жатуы керек екен. «Сіздің қызыңыз қараторы өңді, дөңгелек жүзді, нағыз сүйкімді тип, – деп күліп қояды  Гүлжан апай. – Сондықтан да, біздің таңдауымыз осы Арайға түсті». «Рақмет» дедім мен қуанып. «Жо-оқ, қайта сіздерге рақмет! Біздің бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, арнайы уақыттарыңызды бөліп келе жатырсыздар». «Иә, айтпақшы, суретке өзіңіз түсіресіз бе?». «Жо-оқ, мынау Ерсұңқар түсіреді!».

Гүлжан апай енді рөлде отырған жап-жас жігітке қарай бұрылып: «Бұл өзі, сондай талантты бала, айналайын, – деп, оған айрықша бір аналық мейіріммен сүйсіне қарады. – Иә, айтпақшы, мен сіздерді таныстырып отырайын. Бізді бүгін өзінің көлігімен алып келе жатқан бұл ініңіз болашақ үлкен суретші – Ерсұңқар Бексейітұлы. Сіз… Ерсұңқардың әкесін жақсы білетін болуыңыз керек. Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар нағыз дарынды суретші еді ғой…». «А-а, Бексейіт Түлкиев пе?..».

 

***

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Жастар одағы сыйлығының лауреаты, республикалық Таэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиев өзінің қысқа ғұмырында көп іс тындырып, ұлттық өнері­мізге мол үлес қосып кеткен өте дарынды қылқалам шебері емес пе еді. Оның «Ұлы көш», «Ер бала», «Замандастар», «Әкені шығарып салу», «Иірім», «Әже мен немере», «Өмір – күрес», «Шыбын жан», т.б. картиналары бейнелеу өнеріндегі шоқтығы биік ерекше туындылар.

Бірде…

Бексейіт Жастар одағы сыйлығын алған кезде редак­цияның тапсырмасымен оны құттықтай барып, жақын танысып, емен-жарқын сұхбаттасып қайтып едік. Ол – 1988 жылдың соңғы айы, жаңа жылдың қарсаңы болатын. Үстінде көнетоздау қоңыр курткасы бар жұқал­таң өңді, ақсары жігіт лауреаттарға тән жорта сыпайылық танытпай-ақ, ішіндегісін бірден ақтарып, бүкпесіз ашық көңілмен сырласқан-ды.

Алдағы уақытта қандай тақырыптарға қалам тартқысы келетінін, қазіргі бейнелеу өнеріндегі өзгерістер мен жаңа ағымдарға қалай қарайтынын жасырмай айтып, уақыт­тарың болса, шеберханаға келіп тұрыңдар, оңаша отырып, міне, осылай пікірлесіп тұрайық деп шығарып салып еді.

Сол күні ол сыйлық туралы, тіпті, бір ауыз сөз қозға­мады. Сондықтан да болар, оның қуанғанын да, қуан­бағанын да біле алмай, іштей аң-таң болып қайтқанбыз.

Бірер аптадан соң, біздің сұхбатымыз газетке басылып шыққан күні өзі телефон соқты. «Оқыдым… Рақмет, – деді қысқа ғана. Содан соң: – Мені бір жорға атқа мінгізгендей тым желдіртіп, асыра мақтап жібергенсіңдер ме, қалай…», – деп, біртүрлі ыңғайсызданғандай кейіп танытты.

Кейін арада біраз уақыт өткенде біз көшеде жолығып қалдық. Қасында өзі құралпы бір жігіт бар екен. Екеуінің де иықтарында спорттық сөмке. Жүздері алабұртып, әлденеге қуанып келе жатқан сыңайлы. «Ой, жігіттер, дәл бүгін кездесіп қалғанымыз қандай жақсы болды, – деді Бексейіт жымиып. – Жаңа ғана қытай бапкерлерінің сынағынан өтіп шыққан бетіміз!».

Мен ол кезде суретші жігіттің таэквандомен шұғыл­данатынынан мүлде бейхабар едім. «Бұдан кейін халық­аралық жарыстарға қатысамын», – деген сөзін естігенде, екі көзім атыздай болды. «Ал сурет ше?..» деппін аузым ашылып. «Ой! – деді ол біртүрлі қызбаланып. – Қазір кездесіп қалған жігіттердің бәрі осыны айтады. Бұл енді, шынын айтқанда, бір-біріне бөгет болмайтын өнер ғой. Баяғыда өткен ата-бабаларымыз айтқан емес пе: «Жігітке жеті өнер де аз» деп».

Бірақ, мен бәрібір іштей суретші және спортшы деген ұғымдардың қайсысына бүйрегім бұрарын білмегендей, әрі-сәрі күйде қала бердім…

Ал үшінші рет, дәлірек айтсам, соңғы рет кездес­кенімізде, журналист әрі суретші досым Сейсенхан Махамбетов екеуміз көшеде әңгімелесіп келе жатып Алматыдағы Панфилов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында су жаңа, ақ түсті шетелдік машинаға мінейін деп жатқан ақ костюмді жігітті көріп қалдық. Көзінде күн сәулесінен қорғайтын қара көзілдірігі болғандықтан, мен оны бірден тани алмадым. Бұл кезде Бексейіттің шығармашылық шабыты мен спорттық бабы қатар келіп, тұрмысы түзеліп, жұмысы көбейіп, ширығып жүрген шағы болса керек, сірә.

Біз жақындай бергенде ол көзілдірігін алып, жымиып күлді де: «Айып етпеңдер, асығыстау едім, – деді. – Уақыттарың болса, бірге жүріңдер, таэквандошы жігіттермен таныстырамын».

Бірақ, біз баспаханада шаруамыз бар екенін айтып, ғафу өтіндік. Ол рөлге отырды да, зыр етіп, Панфилов көшесіне қарай бұрылып кетті.

Біз оның соңғы кездегі салған «Ұлы көш» картинасы қазақ бейнелеу өнеріндегі бір биік белес болып қалатындығын сөз етіп, өз жөнімізбен ұзай бердік.

Өкінішке қарай, сол бір кездесуден кейін көп ұзамай-ақ суретшінің күтпеген жерден кісі қолынан қаза тапқанын естіп, жан дүниеміз түршігіп кетті…

 

***

Ол туралы кейін көптеген естеліктер жазылды. Бірде мен журналдан суретшінің өмірдегі ең жақын адамдарының – ағасының, қарындасының және баласының естелігін қызыға оқып шықтым да, әлгі бетті қиып алып, сақтап қойдым.

«Сурет өнеріне ол бала кезінен қызықты, – деп жазады белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, Бексейіттің туған ағасы Қансейіт Әбдезұлы. – Түн жарымына дейін май шамның сығырайған жарығымен әдебиет оқулығындағы қазақ жазушыларының портреттерін көшіріп салып жататын. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден сияқты қаламгерлердің Бексейіт салған суреттерін әкем көзінің қарашығындай қорғап, шаң тигізбей сақтап отырушы еді. Сол бір сарғыш тартқан суреттер анамыздың көне сандығында әлі күнге дейін қаттаулы жатыр.

Алланың жазуы шығар, Бексейіт сол жазушылардың бейнелерін кейін кәсіби суретші болған кезінде салған соңғы картинасы «Ұлы көште» майлы бояумен қайта сомдады. Репрессия құрбандары ретінде полотноның сол жақ бұрышында, азап құшағында, тұман торында тұрған бір топ қазақ зиялыларының бейнесін кескіндеуді Бексейіт сол бала күнінен бастаған екен-ау деген ой келеді маған».

Ал мынау Бексейіттің қарындасы, біздің әріптесіміз Жәмила Әбдезқызының естелігі:

«Өз ағамды асыра мақтағаным емес, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болатын, – дейді ол. – Сурет салып қана қоймай, ағаш пен темірден түйін түйетін. Апама неше түрлі ожау, қасық, табыр, ал көкеме ағаштан қатырып тұрып жұмсақ орындық жасап берген. Студент кезінде неше түрлі сәнді көйлек-шалбарларды өзі тігіп кие беретін. Ол демалысқа келгенде апамның қол машинасы зырылдап бір тоқтамаушы еді. Ағам дайындаған тамақты ішкенде бармағымызды жалайтынбыз.

Жаздың шыжыған ыстығында үстімізге күпәйке, басы­мызға құлақшын, аяғымызға керзі етік кигізіп, көкемнің арбасының үстіне жарты қап бидай қойып, қасына бізді отырғызып, «Қытайдан көшкен қазақтар» деген сурет салған болатын. Менен кейінгі сіңлім Бағиланың түрі Әлия Молдағұловаға ұқсайтын. Оның басына өзінің пионер кезінде киген пилоткасын, үстіне көкемнің ескі гимнастеркасын кигізіп, ал арқасына апамның оқтауын байлап қойып, батыр қыздың бейнесін жасағаны да әлі күнге дейін көз алдымда».

Содан соң Ерсұңқардың естелігіне көз жүгіртемін. Кеше ғана асқар таудай сүйеу болып, өзі сүйген өнерге жан-тәнімен баулып жүрген әкесінің мейірімді жүзі, түр-тұлғасы, даусы – бәрі-бәрі енді басқа дүниеден елес беріп, тіл қататынын бала көңілі ішкі бір түйсікпен сезетіндей әсер қалдырады.

«Әкем таэквондодан өткен әлем біріншіліктеріне қазақстандық спортшы жігіттерді апарып жүргенде үнемі мені де қасына ілестіріп алатын. Австралия, АҚШ, Фран­ция, Италия, Рим, Египет, т.б. көптеген елдерді араладық. Әкем: «Менің балам өскенде таэквондошы болады», – дейтін. Маған спортзалда емес, тауда жаттығу жасататын. Екеуден-екеу таэквондомен шұғылданатын­быз.

Қазір қарындасым екеуміз әкемізді сағынып, онымен бірге өткізген әрбір сәтімізді еске түсіреміз. Ақмөр айтады: «Сенің, менің және өзінің шашын тықырлатып алдырып тастап, мамам төртеуміз Ыстықкөлге демалуға беталдық қой. Сонда жол үстінде мамама: «Сен де шашыңды алдырғаныңда, біз «тақырбастар отбасы» атанар едік!» – деп күлмеді ме…».

Міне, нағыз қимас жандардың естелігі…

 

***

Бірде тау бөктеріндегі қорыққа бара жатып, Қасқасу ауылының дәл жанынан өткеніміз бар-ды.

…Алыста-а-а, көз ұшында бір әдемі картина ілініп тұрған секілді. Мен білсем, ол «Қасқасу» деп аталады. Кірпік қақпай, үздігіп қараймын келіп. Қандай керемет!..

Бәлкім, сіз де бұл картинаны, дәлірек айтқанда, қазір біздің қарсы алдымыздан көрінген Қасқасу атты ауылдың суретін Алматыдағы сурет көрмелерінің бірінен тамашалаған боларсыз-ау. Иә-ә… Өнер аспанында аққан жұлдыздай жарқ ете түскен талантты суретші Бексейіт Түлкиевтің қылқаламынан туған «Кешкі Қасқасу» атты керемет туынды ғой ол.

Бұл ауыл, Қасқасуды айтамын да, Асан Қайғы бабамыз іздеген жерұйықтың бір пұшпағы секілді сондай сүйкімді, сұлу мекен. Қайран Бексейіт бауырымыз тірі болса, талай-талай тамаша картиналар жазар еді-ау… Тәңіртаудың бөктеріндегі Қасқасуға тым құрыса жылына бір рет, кейде, тіпті, екі рет, бәлкім, одан да көп рет келер еді-ау!.. Өйткені, бұл оның туған ауылы ғой.

Біз Қасқасуға кірмей, сырттағы жолмен тау қойнауына қарай бұрылып кеттік.

 

***

Әдетте, журналды әдемі безендіріп, әсіресе, сыртқы мұқабасын көздің жауын алатындай жарқыратып шығару үшін зыр жүгіріп, ойындағысы қашан орындалғанша тыным таппайтын Гүлжан апай бүгін өте көңілді. Тау бөктеріндегі алуан түрлі гүлдерді көріп қуанып, бір талын үзіп алуға қимағандай іркіліп қалған Арайға қарап: «Міне, міне… бізге керегі де осы! Ешкімнің ойына келмеген, бала көңілін жарқ еткізіп ашатын сәттер ғой!» дейді.

Ал Ерсұңқардың қолындағы фотоаппарат сыртылдап, өз міндетін мінсіз атқарып жатыр. Әкесі сияқты ол да сымбатты, сабырлы, ақылды, талантты жігіт болып өсіпті.

«Тұлпар тұяғын тай басар» демеуші ме еді ел. Бәлкім, әке арманын жалғастырып, биікке қарай қанат қағатын ұл боларсың деп ойлаймын ішімнен.

 

***

…Бексейіт ортамызда болса, биыл алпысқа толар еді. Бірақ, ол қазір өзі салған таңғажайып картина – «Ұлы көште» бейнеленген ата-бабаларымыздың  қатарына барып қосылып, бүгінгі тіршілікке тарих белесінен зер салып, үнсіз ғана тілеулес болып тұрғандай…

Иә, айтпақшы, «Ұлы көшті» көріп пе едіңіз? Сөз жоқ, ой салатын, Мәңгілік ел идеясымен таң-тамаша үйлесім тапқан үлкен шығарма емес пе?! Ендеше, сол ұлы көштің соңындағы ел-жұрт аман, тәуелсіздігіміз баянды болсын деп тілейік.

Нұрғали  ОРАЗ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close