«Ұлы даланың жеті қыры» ЭКСПОЗИЦИЯСЫ АШЫЛДЫ

Н.НАЗАРБАЕВ:

«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жаңаша серпін, ерекше рух әкелді. Осынау тебіреніске толы сәтке қала қонақтары мен форумға қатысушылар қазақ білімінің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасындағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-көркем экспозицияның ашылуына куә болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев Алматыға келген арнайы сапарында өз қолымен алғашқы кірпішін қалаған кітапхананың әрбір қабаты тарихқа тұнып, ата-бабамыздың өткен өмірінен сыр шертіп тұрғандай.

Рая ЕСКЕНДІР

Тұсауы кесілген экспозицияда Елбасы мақаласына арқау болған ата-бабалары­мыздың озық технологияларын куәлан­дырып тұрған қазақ халқының тарихи мұрасының жеті символы бейнеленген. Мұнда сәндік-қолдан­балы өнер ескерткіш­терінің көшірмелері мен Қазақстанның ежелгі тарихының түрлі кезеңдеріндегі археологиялық олжалар қойылған. Мәсе­лен, Күлтегіннің бейнелері, «Көк бөрі», Тоныкөк ежелгі түркі жазбалары, Арал­төбенің сармат дәуіріндегі «Алтын адам» бейнесі мен басқа да экспонаттар бар.

– Ғылыми археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде ҚазҰУ ғалым­дарының да үлесі мол. Табылған экспо­наттар дала өркениетінің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Мәселен, ІХ-ХІ ғасырдағы қимақ кезеңіне жататын жылқының ер-тұрманын алып қарасаңыз, сонау заманнан бастап жылқыны қолға үйрету мәдение­тінің жарқын мысалы бола алады. Шілікті және Жалаулы ескерт­кіштері маңынан табылған сақ кезеңіндегі алтын стильдік бейнелері бар есіктер және басқа да көптеген экспонаттарды айтуға болады, – дейді ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева.

Дәл осы күні экспозицияны тама­шалаған көпшілік Қазақстанда алғаш көрсетіліп отырған Хуннулардың бірегей алфавиті экспозициясының сенсациялық экспонаты туралы да мәліметтер алды.

136 әріптен тұратын алфавит Қытай ғалымдарымен Венгрия, Германия, Бол­гария,  Норвегия, Моңғолия мен Ресейден әр түрлі жылдарда табылған археологиялық олжалар негізінде қайта қалпына келтірілген екен.

«Халықтардың ұлы қоныс аударуы» ретінде бізге жеткен дәуір кезінде Қазақ­стан, Еуропа мен Азияның осы заманның алғашқы ғасырларындағы ежелгі тарихы көшпелі Хунну тайпаларына қатысты түрлі оқиғаларға толы болғаны белгілі. Алайда, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада дәл айтылғандай, «еуропа­центристік көз­қарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлты­мыз­дың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны» және де әлемдік маңызы бар аса  көрнекті мәдени және тарихи мұра­ларды қалдырғаны «туралы  бұлтарт­пас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», – дейді ғалым Ғибадат Ғаббасұлы.

Ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейінгі Ұлы даланың тарихын көрсететін «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясы университеттегі «Қазақ елі» тарихи-көркемөнер кешенінің ажырамас бөлігі болып табылады. «Алаш мұраты» атты келесі демонстрациялық залы ХХ ғасыр басында қазақ халқының тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық күресінің негізгі кезеңдерін бейнелейді. Ал «Мәңгілік Ел» атты көркемдік панорамасында қазақ халқының Президентпен бірлесе отырып, ғасырлар бойғы аңсаған тәуелсіздік пен егемендікке қол жеткізу туралы арманының жүзеге асырылуын көрсететін тарихи бейнелер мен заманауи шындықтар келтірілген.

Дәл осы күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Мен жастарға сенемін» атты республикалық VІ патриот­тық жастар форумы өтіп, оған еліміздің 70 жоғары оқу орнынан келген 500-ден астам студент қатысты. Форум аясында «Ұлы дала жастары» атты конференция өтіп, үздік жоба иелерін марапаттау рәсімі өтті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *