ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ ҚАЛАСЫ

Тарих сахнасында өзіндік орны бар қазақ деген батыр халықтың ұрпағына білектің күші, найзаның ұшымен аманат еткен үлкен сыйы – жүгірген аңның тұяғы тозатын,  ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр қасиетті мекені еді. Сан мың жылдық тарихы бар қазақ жерінің қаласы мен даласының алыстан менмұндалап шақырып, паш етер жаңалығы аз емес. Сақ пен ғұнның дәуірінен бастау алып, «Алмалы» кейіннен «Верный» содан кейін «Алма-Ата», бүгінде Алматы болған әсем қаланың мың жылдан асқан тарихы бар.

Тянь-Шань жоталарының етегінде  орналасқан бұл әсем қаланы «бақша-қала» деп бекер атамаса керек. Жер-Ана бауы­рын жазып бусанып, тереңге тартқан тамырына нәр біткен сәттен бастап, айнала­сын баурап алар жұпары, аңқыған жеміс-жидегімен, қараған жанның көзі тоймас тамаша табиғаты Алматының «бақша-қала» атануының дәлелі іспетті. Жаһанға атын әйгілеген «апорт» алмасы да қаланың символына айналған. «Алматы  десе – апорт, апорт десе – Алматы»  қағидасы ел аузында бүгінге дейін қалған. Қырағы көз, ел қорғаны болған батырдай, басын мәңгі ақ басқан, көкпен таласқан Тянь-Шань таулары қаланың айнымас қорғанына айналғандай. Мұздықпен жалғасқан жасыл желектің түбі тіршілік көзіне айналған өзен, көл, бұлақпен жалға­сады. Тартсаң топырағының майы шыға­тын осынау оңтүстік астана  құшағын әлемге айқара ашқан «Медеу» мұз айдыны­мен мақтанады. Сонымен қатар, тау етегі­нен қоныс тепкен әйгілі «Көктөбе» биігіне шыққан әрбір жан осынау арман қаланы көріп, көркінен көз алмай,  жаратқанның сыйына алғысын білдірері анық. Қала ішінде орналасқан бірнеше саябақтар, бастауын сонау қарлы шыңнан алып, гүрілдеген үнімен естіген жанды елең еткізіп, қаланы қақ жарған өзендері – қайнаған, мазасыз тіршіліктің сабыр сақта­тар ақылшысындай. Табиғатпен тілдесем деп жанына тыныштық іздеген жанның байыз табар орны тау суының арқыраған арыны мен тынымсыз тірші­ліктен қол үзіп, жұмақ бағына енгендей көрі­ністегі саябақтар адам жанының емшісіне айналған. Жүгірген жанмен жарыса көше бойындағы арықтар – тірші­ліктің жанды бейнесі. Қаладағы мәдени ошақтар, заманауи ғимараттар, демалыс орындары алыстан ат терлетіп келген қала қонақтары мен мұхит асып келген турис­тердің таптырмас жан азығына айналған. Ұлы даланың жасыл желегіне айналған осы бір шаһар менің тынысым, тіршілігім. Өйткені, ол дала дүбірінің желісіне желіс, шабысына шабыс қосқан Ұлы даланың жеті қырының бірі.  Алматы –  ару қала, әсем қала.

 

Айнаш  ЕСЕКЕЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультетінің аға оқытушысы.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *