ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰЛЫ ДІН ЖАУҺАРЛАРЫ

Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Ертістің ен бойына қанатын кере жайлаған қазақ даласында ислам дінінің асыл діңгегі қағылып, туы тіктелгелі он үш ғасырға жақындады.

Араб жазиралары мен Еуропа түбегіндегі ғазауаттар қан майданға ұласқанда, біздің өлкемізде бұл өзгеше көрініс тапты.

Аббасид халифаты тұсындағы фатх жорықтары Орта Азияға иек артып, кең далада көсіле көшкен түрік тайпаларын түре қумастан керісінше ортақ бәтуаластыққа жол ашылып, сол уақыттағы тегеуріні таудай Тан (қазіргі Қытай) империясына қарсы араб-қарлұқ әскері  қолтықтаса соққы береді. Тарихта 751 жылы «Атлах шайқасы» деген атаумен танымал бұл оқиға қазақ даласында ислам дінінің нық орнауына үлкен септігін тигізді.

Нәтижесінде Каспий теңізінің бойында Хазар (ІХ ғасыр), Еділ өзені бойында Бұлғар (Х ғасыр), Жетісу мен Мәуренахрда Қарақан             (Х ғасыр), Дешті-Қыпшақта Алтын Орда (ХІІІ ғасыр) атты түркілердің төл ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты.

Қазақ даласында исламдандыру жұмысы Шығыс Түркістан мен Жетісу аймағында жаңадан бой көтерген Қарахан мемлекеті тұсында тың бағыт алды. Қарахан билеушісі Сатук Боғра хан алғаш мұсылмандықты қабылдап, есімін Әбул-Карим деп өзгертеді. Ал, одан кейін таққа келген ұлы Мұса қағанның билігі тұсында 961 жылы Ислам дініне ресми статус беріп, мемлекеттік дін ретінде жарияланды. Бұл кезең екі ғасырдан ұзақ уақытқа созылды. Орта Азияны уысына ұстаған қарахандықтар көрші тайпаларға «исламды қабылдау» шартымен жерді уақытша иелікке бере бастауы басқа тайпалардың ислам дінін қабылдауына ықпал жасады.

13 ғасырда қазақ даласындағы моңғол шапқыншылығы себебінен әлсіреп қалған ислам діні  Алтын Орда хандығы тұсында қайта жанданды. Алтын Орда хандары арасында Батудың інісі Берке хан алғаш болып исламды қабылдаса, 1312 жылы Өзбек хан таққа отырғаннан кейін дін мемлекеттік статусқа ие болды.

14 ғасырда жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де ислами канондарға иек артып, Орта Азияда ислам діні одан әрмен тарала түсті.

1460 жылдары құрылған Қазақ хандығы өзінің 400 жылдық тарихында қазақ халқының бойына мұсылман дінін берік орнатты. Дала заңдары мен қатар, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» секілді мемлекеттің ішкі құқықнамалары шариғат ережелерін басшылыққа ала отырып жазылды.

18-19 ғасырдағы Ресей империясының отарлау саясаты қазақ жеріндегі ислам дініне түрліше ықпал жасады. Түрлі ұлттар мен ұлыстарды қазақ даласына қоныстандыру реформасы халық арасындағы мұсылманшылықтың біртұтастығына сызат түсірді, әрі кәрі Мәскеу билігі ислам дінін империя саясатына қауіп төндіруші фактор ретінде қарады.

Қазан революциясынан кейін большевиктердің үстемдігі артып, қазақ даласы КСРО-ның құрамына қосылды. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдары қазақ халқына дін еркіндігі толық берілгендігімен, 1920 жылдан бастап дін ұстанушыларға қысымшылық жасала бастады.

Екінші дүниежүізілік соғыс кезінде Еділге ентелей ұмтылған немістердің тегеурінен сескенген Сталин атеистік идеологияның қарқынды жүріп тұрғанына қарамастан мұсылмандардың көңілін аулау мақсатында оларға кейбір мәселелерде жұмсақтық таныта бастады.

Сөйтіп 1943 жылы Ташкент қаласында Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы ұйымдастырылды. Оның жұмысына Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов бастап барды.

Құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан Республикалары мұсылмандарының діни басқармасы құрылып төрағасы, Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмажитхан (1884-1953) сайланды. Бұл діни басқарманың республикамыздағы өкілі, Алматы қаласының имамы Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов болды.

1952 жылы ол өз орнына Сәдуақас Ғылманиді қази етіп бекіттіреді. Садуақас Ғылмани өз кезегінде қазиятты 1952-1972 жылдары басқарады. Сәдуақас қажи Ғылманидан соң 1972-1979 жылдары қазият кеңсесін Жахия қажы Бейсенбайұлы басқарған.              1975-1979 жылдары Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстандағы қазият хатшысы болып                  Рәтбек қажы Нысанбайұлы қызмет атқарады. Негізгі бас кеңсесі Ташкент қаласында орналасқан діни басқарма 90 жылға дейін жұмыс жасады.

1961 жылы Қазақ өлкесінде небәрі 25 мешіт қана болды.  Ал, Хрущев жылымығынан кейін діннің тынысы біраз кеңейген соң Отанымызда жеке діни басқарма құру идеясы қарқын ала бастады. Оны республикамыздың сол жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә. Назарбаев қуаттап, Мәскеу елімізде мұсылмандар діни басқармасын құруға рұқсат етті. 1990 жылы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, басқарма төрағасы, Бас мүфти болып                Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды. Жетпіс жылға жуық ата дінінен ажырап қалған қазақ даласы тәуелсіздіктен кейін ислам дінімен қайта қауышып, діни басқарманың рөлі мен жауапкершілігі халық санасында одан әрмен нығая түсті. Бұл Тәуелсіз Қазақстандағы Ислам дінінің қайта гүлдену кезеңі еді.

Тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.»-деп, асыл дініміздің ел мүддесі мен болашағы жолындағы мұратын айқындап берді.

Қазақ  пен Ислам егіз ұғым іспеттес. Ислам дінінің түпкі мақсаты адамзатты бейбітшілік пен татулыққа шақыру болса, қазақ халқының табиғаты да «қойдан жуас», «момындық», «ұят» секілді татулық пен бейбітшілікке баулитын ізгі қасиеттерді бойына жинаған. Бұл ел мұраты мен асыл дініміздің өміршеңдігін көрсетеді.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, асыл дініміздің мерейі әрдайым үстем болсын!

 

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының

Кеңес беру және оңалту орталығының теологы Қуаныш Абишев.

 

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының

тапсырысымен әзірленді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close