Ұлы дала жәдігерлері отанына қашан оралады?

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» деп атап көрсеткен еді. Артынша-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа бағыттармен толықтырған және оған жаңа мазмұн, жаңа серпін берген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды.

«Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың

даңқты  тарихын атының тұяғымен  жазып кеткен жер»

Н.Ә.Назарбаев.

Досалы САЛҚЫНБЕК, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор

Көк туымыз желбіреген тәуелсіздік жылдарын сараптап қарасақ, Елбасы еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық, қоғамдық-саяси өмірі мен сыртқы саясаты­ның даму барысына бағыт-бағдар берген еңбектерін жариялаумен бірге, халқымыздың рухани өзегінің бір саласы – тарихымызды да назардан тыс қалдырған емес. Сонау Тәуелсіздігіміздің таңы атқан алғашқы  жылдардың еншісіндегі аса үлкен мәнді зор оқиғалардың бірі – 1992 жылы маусым айында болған дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында  жасаған баянда­масында: «Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген XV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы  сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын – ата жұртты сақтап қалған халық» деп қазақ халқының бай тарихы мен жаңа тәуелсіз Қазақстанның әлемдік тарихтағы алар орнына үлкен мақтаныш сезіммен тоқталып өткен еді.

Бұдан кейінгі жылдары жариялаған «Тарих толқы­нында», «Ұлытау төріндегі толғаныс», «Ұлы дала төсінде мәңгілік ел құрамыз», «Ұлы дала ұлағаттары», «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбектері мен мақалаларында халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты «Тарихымыз беріден емес, әріден» екендігін екшелеп айтып, ой толғамдары мен тұшымды пікірлерін нақты дәйектермен дәлелдеп жазып келеді.

Өз еңбектерінде ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арғы-бергі тарихына шолу жасаған Елбасы «Тарихты оқу және білу» ісіндегі екі басты құндылық – «тағзым және тағылым» құндылықтарын бүгінгі жас ұрпақтың есіне әрдайым салып отырады. Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сон­дықтан тарихыңды білген жөн. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз» деумен, шежірелі бай тарихымыздың жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа және патриоттық рухта тәрбиелеу ісіндегі айрықша орын алатын рөліне және мемлекет тарапынан осы салада атқарылып жатқан істерге тоқталып өткен болатын.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарла­малық мақаласында: Ұлтымыздың этногенезінің негізгі эле­мент­терін құраған ежелгі мемлекеттік бірлестіктердің басым бөлігі Қазақстан аумағында құрылғанын, осы далада олардың зор мәдени жетістікке жетіп, мәдени жетістіктерін басқа аймақтарға таратқанын және олардың өз зама­нындағы озық ақыл-ой жетістігінің арқасында көптеген жаңалықтарды ойлап тауып, адамзаттың ілгері дамуына ықпал еткенін дәйектеумен бірге, бұған дейін ғылыми ортада үстемдік етіп келген «еуропацентристік» көз­қарастың салдарынан көне тарихымыздың бұрмалау­шылықтарға ұшырап, тарам-тарам бөлшектерге әдейі ұшыратылып келгенін тұжырымдай отырып, «Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін» ойларымен бөліседі. Жаһандық тарихтағы өз рөліміз бен орнымызға дұрыс пайым жасауды ұсынған Елбасы мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты тарауында ежелгі заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың жалпы адамзаттың ілгері дамуында тың серпін берген рухани және материалдық жетістіктерін айқындайтын «Ұлы даланың жеті қырына» талдау жасаумен бірге «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші тарауында көтерілген мәселелердің қай-қайсысы болсын терең зерттеуді қажет ететіндігін баса көрсете отырып, осы жұмыстарды жүзеге асыру жолындағы ірі ауқымды алты жобаны ұсынады. Атап айтқанда, «Архив–25» жобасы аясында «Архив–2025» жеті жылдық бағдарламасын құрып, шетелдік мұрағаттарда халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты дүниелерді тауып, зерттеп айналымға енгізу, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында халқымыздың ұлы тұлғаларының есімдерін ұлықтау жұмыстарын одан әрі жандандыру мақсатында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы аясында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру «Дала фольклоры мен музыкасының «мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару, «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобасы аясында «Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизия­лық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін» өндіріске енгізуді тапсырды.

Бағамдап қарасақ, рухани жан-дүниеміз, тарихымыз үшін өте ауқымды, өте маңызды жобалар. Бұл маңызды жобаларға дейін де, елімізде Елбасының бастамасымен өшіп бара жатқан мәдени-рухани дүниелерімізді жандандыруда, тарихымыздағы ақтаңдықтарды қайта зерделеуде үлкен жұмыстар атқарылған болатын. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздегі қаншама тарихи-мәдени мұралар зерттелді, қалпына келтірілді және тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет мемлекеттердегі рухани мұраларымызды жинақтау жұмыстары жүргізілген болса, «Мәдени мұра» бағдарламасымен үндесіп жатқан «Халық тарих толқы­нында» бағдарламасы бойынша бұрынғы басталған істер одан әрі жалғасын тауып, оның ауқымы одан әрі кеңейіп, шет мемлекеттердегі тарихи жәдігерлерімізді тауып елге қайтару, кө­шірмесін жасау жұмыс­тары жүргізілді. Солай десек те, рухани-мәдени мұрала­рымызды түгендеу, тари­хымызды зерттеу, оны құнды дерек­термен, жә­дігерлермен байыту ісінде «жоғын іздеген жолау­шыдай күй кешіп» жүрген жайы­мыз тағы бар. Олай дейтініміз, Қазақ елі Ресей империя­сының қол астына кір­геннен кейін және кеңестік кезеңде ұлан-ғайыр дала­мыздағы небір­  ғажайып дала ескерт­кіш­тері талан-таражға ұшы­рады. Ұлы тұлғала­ры­мыздың мұра­лары то­науға түсті. Қазақ топы­рағынан табылған мың­даған тарихи жәді­герлер «зерттеу мақ­са­тында» деген желеумен орталыққа жө­нелтіліп, қайта қайтарыл­мады. Осы орайда айта кететін жәйт, белгілі ком­позитор, қоғам қайраткері Еркеғали Рах­мадиев ағамыз мәдениет министрі болып тұрған кезде, қазақ жерінен тоналған асыл мұралардың тізімін жасау, жинастыру жұмыстарын қолға алған екен. Ағамыз «Өнерсіз халық – өлі халық» деген мақаласында былай деп жазған еді: «Біздің Прези­дентіміз Нұрекең, Алла Тағала жасын ұзақ қылсын, халық өнеріне, мәдениетіне ерекше мән беріп отыр. Осы уақытқа дейін шашы­лып кеткен дүниені, Бело­руссияға барар жиналыс­тың алдын­да 2 ай жарғақ құлағым жастыққа тимей, Қазақ­станда менің хабарым бар деген елдің бәрін жинап алып, 300–400 жыл бойы қазақтың даласынан сыйлық болып кеткен, не тоналып кеткен дүние­лердің барлығының тізімін жасаттырдым. Менің ойым­­ша, бұл тарихи ұрымтал тұс. Осы кезде 300–400 жыл бойы хал­қымыздың дала­сынан тоналған дүниесін қай­тарудың кезі келген сияқты. Осының бәрінің санын тізгенде 1200 болды. Мен осыны Президентке апарып бердім». Бұл 1992 жылы болған жағдай. Өкініштісі, осы басталған жұмыстардың аяғына дейін жеткізілмеуі, мем­лекет тарапынан кешенді бағ­дарламаның іске асырыл­мауы болып отыр.

Еліміздің тарихы, ата-бабаларымыздың қол­өнерінің көрінісі мен мәдениетіміздің жемісі болып табылатын құнды тарихи жәдігерлеріміз Ресей, Франция, Англия, АҚШ, Жапония және тағы да басқа шет мемлекеттердің мұражайларында тарыдай шашылып, менмұндалап орналасқан күйінде тұр. Бұл біз білетін тарихи жәдігер­леріміз. Біздің білмейтініміз қаншама?! Бұлардың басым бөлігі Қазақ даласынан ұрланған, тоналған жәдігерлер. Бір ғана Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінен ғұламаның жібек жайнамазы, зергерлік өнер үлгісімен жасалған шыр­ағдан астына қойылатын атты тұғырдың төртеуі, жылан басты ұшына қыл байланған Әмір Темір туының сабы, кесененің барлық бөлмелеріне жарық беріп тұрған алты шырағдан және тағы да басқа құнды жәдігерлердің бірі Ресейдің Эрмитажында орналасса, тағы да  бірі Фран­цияның Лувр музейінде тұр.

Міне, сондықтан да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында орындауға тапсырылған жобаларды жүзеге асыру аясындағы алдымызда тұрған кешенді жұмыстардың бірі – шет елдердегі тарихи жәдігер­леріміздің белгілерін өз Отанына қайтару, сұрау салу, ғалым­дары­мызды шет мемлекеттерге жіберіп, іздестіру, зерттеу жұмыстарын жүргізу болмақ.

Әр кезеңдегі халқымыздың мәдени мұрасы, тарихының шынайы көзі болып табылатын құнды жәдігерлерімізді түгендеу ісі мемлекетіміз тарапынан дипломатиялық келіссөздер жүргізу арқылы, қаржысын төлеп сатып алу нәтижесінде, көшірмелерін жасату бойынша жүргізілсе, Елбасы мақаласында атап көрсетілген «ұлт тарихын санаға сіңіру, ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтау, Түркі халықтарының мәдени ортақтастығын көрсету, ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялар жетістігін көрсету, тарихымызды, тарихымыздағы ұлы тұлғаларды кино өнері арқылы жаңа көкжиекке алып шығу, әлемге таныту және ұлы даланы жаңа қырынан таныту, ұлы дала тарихына жаңаша пайымдаулар жасау жұмыстарын орындауымызға үлкен септігін тигізетіні даусыз еді.

Республикамыз тәуелсіздігін алғаннан кейін шет мем­лекеттерге асып кеткен құнды жәдігерлерімізді қайтару, көшірмелерін алу, отарлық езгінің салдарынан асыл сүйектері қолда болған арыстарымызыдың сүйектерін қайтару істері там-тұмдап болса да жүргізілгенін барша қауым біледі. Тікелей Елбасының араласуымен және тапсырмасымен және ұлт  жанашырларының қажырлы еңбектерінің нәтижесінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін­дегі тайқазан құтты орнына қайтарылды, сонау сегізінші ғасырға тиесілі тасқа қашап жазылған атақты Күлтегін батырға арналған жырдың көшірмесі жасалып Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің фоесіне қойылса, Кейкі батырдың бас сүйегі, қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақас­ұлының сүйегінің күлі әкелініп, Құран бағышталып, жер қойнауына тапсырылды. Міне, осы аз да болса атқарылған шаралардың өзі халқымыздың рухани жан- дүниесіне үлкен серпін берді, «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» рухани күш алды. Тайқазан мен Күлтегін батыр ескерткіші қаншама тарихи еңбектерге дерек болды, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді, тарихи жәдігерлеріміз әспеттелген құжатты бейнефильмдер түсіріліп, халық назарына ұсынылды, сонымен қатар суретшілерімізбен, сәулетшілеріміздің шығармашылық жұмыстарына арқау болған болса, арыстарымыздың сүйектерінің қайтарылып, өз Отаны­мызда жер қойнауына арулап тапсырылуы жастарымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде үлкен өнеге болды деп айтуымызға болады.

Құнды жәдігерлерімізді түгендеуге байланысты айта кететін мәселенің екінші қыры, біз тарихи сананы жаңғыртамыз, талан-таражға түскен жәдігерлерді түген­дейміз деп, үлкен игілікті істерді жүргізіп жатқанымызда, киелі, қасиетті тарихи орындарымыздың ойран-ботқасын шығарып қазып, тонап, бүлдіріп, тапқанын шет ел асырып жүргендер Қазақстан аумағында қаптап жүр. Сондықтан да бұл саладағы жұмыстарды бір ретке келтіріп, заңды қатайтып, тарихи мұраларымызды қорғауды мемлекет тарапынан реттейтін арнайы заңды қабылдау уақыты келгенін де қаперден шығармайық.

Бүгінгі көк туы желбіреп, әлемдік қауымдастықпен бірге болашаққа қадам басқан тәуелсіз республи­камыздың аумағы ежелгі замандардың өзінде мемлекеттік құрылым дәрежесіне дейін жеткен Сақтар мен Ғұндардың, одан берідегі Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы болды. Ұлы далада 1465 жылдан 1847 жылдар аралығында жеке Қазақ хандығы өмір сүріп, ата-бабаларының даңқты тарихи жолын жалғастырды. Біздің ата-бабаларымыз тарихи даму жолында артында қалған ұрпағына баға жетпес мәдени мұрамен бірге өзінің ерлік жолының өнеге үлгісін қалдырды.

Қазақ топырағында болған және Өзбек ханы Мұхаммед Шейбанидің қазақтарға жасаған шапқыншылығына қатысып, болған оқиғаның барлығын өз көзімен көрген ирандық тарихшы Фәзолла ибн Рузбехан «Мехманнама-и Бұхара»(Бұқара қонағының жазбалары) атты еңбегінде: «Бұл Қазақтар өздерінің қайтпас ерлігімен де, қуат-күші­мен де бүкіл әлемге танылған халық. Егер қазақтар рулы елімен бас құрап, ту көтеріп, уақытында шеп түзей алса, ешбір жауға алдырмайды» деп, батыр бабала­ры­мыздың өр кеуделі жоғары рухын ерекше атап өтеді. Келтіре берсек, мұндай мысалдар жеткілікті.

Әлемде көптеген халықтар бар, өзін көне өркениеттің қайсысына жатқызарын білмей жүрген. Содан келіп, әркімнің шаужайына жармасқандай, қисына келсін-келмесін көне өркениеттік және орта ғасырлық мұраларды өзіне тиесілі етіп көрсетуге тырысып бағып жатқаны. Ал бізде керісінше, өткенімізбен мақтанып, қолдағы барымызды бағалай алмай жүргеніміз.

Ежелден адамзат өркениетінің Отаны болып, адамзат баласының ілгері дамуына өзіндік лайықты үлесін қосқан ұлы қазақ даласының тұлғалары мен ойшылдарының тарихы отарлық езгі мен содан туындаған зымиян саясат­тың салдарынан әдейі бұрмаланып, әлемдік өркениетке қосқан үлесі, әлемдік өркениеттегі көшбастаушылық еңбегі лайықты бағаланбай келді. Осы қателіктерді түзетіп, ұлы даланы асқақтататын, адамзат дамуының озық көшіндегі оның рөліне лайықты  баға беретін уақыттың кезі келді деп ойлаймыз. Міне, сондықтан да: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін» деген Елбасы тарихи санамызды жаңғырта отырып, тәуелсіз еліміздің ілгері дамуына жаңа серпін беретін ауқымды жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Осы жобаларды іске асыру жолында баршамыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығын басшылыққа алып, жұмыла іске кірісейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *