«Ұлы дала – көшпенділер әлемі»

Балнұр АХМЕТ

 

«Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағында үшінші халықаралық этно-мәдени фестивалі өтті

Аста­наның 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен ізгі шарада көрер­мен қауым көшпенділердің көне дәс­түрі мен тұрмысына терең бойлап, әуелеген әуен арқылы сан ғасырлар сазын тыңдады.Алатау аясындағы археоло­гиялық саябақ аймағы жазғы дема­лыс күндері осыдан мыңдаған жыл­дар бұрынғы көш­пенділер әлеміне айналды. Тарихи мекен­дегі мәдени мерекеге Мажарстан, Моңғолия, Баш­құрт­стан, Тыва, Украина, Да­ғыс­тан, Қалмақ Республикасы, Таулы Ал­тай, Якутия, Бурятия, Саха Рес­публи­касы, Қырғызстан және Өз­бек­стан елдерінің үздік өнер­паз­дары қатысып, көрермендерді талабымен тамсандырды.

Тылсым тарихпен тілдестіріп, өткен дәуірлерге саяхат жасатқан бұл мәдени шара жиналған жұртшылықты ежелгі көш­пенділердің өмір салтымен, тұрмыс-тір­шілігімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен таныстырып, ұлы дала рухын асқақтатты. Ғасырлардан бір үзік сыр шерткен этника­лық фестиваль көрерменге түркі елдерінің, көне кездердегі көшпенділер өркениетінің бай мәдениетін паш етті. Сыр тұнған саябақтағы көне ғасыр көріністері мен ескі жәдігерлер бейнесі көрерменді тарихтың құшағына ендірді. Ашық аспан астында өткен ғасырларға бір сәтке сапар шеккен жұртшылық ықылым замандардағы ұлы дала бейнесін көз алдына келтіріп, қазақ халқының мәдени мұрасымен, тарихи қазынасымен жақын танысты. Ұлы даланы дүркіреген думанға бөлеген бұл мәдени мереке туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін жас ұрпақтың діліне дарытып, жас­тардың жүрегінде туған жердің тарихына құрметін арттырғаны анық. Көне дәуірлер­дің шырайлы шежіресін шерткен этно-мәдени мереке көшпенділердің өміріне терең бойлау арқылы жас ұрпақтың тамы­ры терең тарихтан тағылым алуына игі ықпал еткені сөзсіз. Жан-дүниемізде ұлттық рухымыздың алауын жалындатқан, ашық аспанымызда ұлттық рухымыздың жалауын желбіреткен этно-мәдени мереке балапан буынды ұлтымызды ұлықтауға, салтымызды сақтауға, дәстүрімізді дәріп­теуге шақырып, қазақы құндылықтарды бағалауға баулыды. Төл тарихымыз бен ұлттық рухани мұраларымызды, мәдение­тіміз бен өнерімізді, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттау мақсатын көздеген бұл ауқымды шара баршаға сан ғасыр­лар бұрынғы қазақтың дархан дала­сы­ның дидарын елестетті.

Көшпелі елдердің өмірі мен өнерінің терең сырына үңілдірген, қасиетті қазақ дала­сының рухын сезіндірген тарихи тағы­лымға толы ізгі шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Екі күнге жалғасқан фестивальда «Сазген сазы» мен «Сармад», «Бабалар сазы» этно-фольк­лорлық ансамбльдері, «Ұлытау», «Алаш­ұлы»,  «Тигрохауд», «Тұран» топтары мен этни­калық музыканың әлемдік жұл­дыз­дары тыңдарманға сан ғасырлар қойнауы­нан жеткен туындыларын тарту етті.

Саябақ аумағындағы этноауыл, ұлттық ойындар, садақшылар, шеберлер, жастар, балалар, палуандар, құсбегілер мен саят­шылар және ұлттық тағамдар аймақ­тарында көрермен қауым көне ғасырлар­дағы көшпенділер өмірінің керемет көрі­ністерін тамсана тамашалады. Батырлар бұрынғы ата-бабаларымыздың көнеден сақталған әскери өнері мен шеберліктерін паш етті. Екі күн бойы фестиваль қонақ­тары кәсіби бүркітшілердің, батырлардың,  көкпаршылардың, палуандардың, шабан­доздардың шеберлігін, садақшылардың сайысын тамашалап, бәйге,  көкпар, ауда­рыспақ,  қыз қуу, теңге алу, жамбы ату, қолкү­рес, арқантарту тәрізді ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері жүн сабау, ұршық иіру, киіз, текемет басу, алаша, кілем, ши, кесте тоқу, қыш құмыра жасау бойынша шебер­лік сабақтарын өткізді. Зергерлер мен ағаш, темір ұсталары да көнеден келе жатқан кәсі­бінің құпияларымен ой бөлісті. Құс­бегілер мен саятшылар бүркіт, ителгі ұшы­рып, құмай-тазыны аңға салды. Ұлттық тағамдар аймағында қыз-келіншектер дастарханның дәмін әрі сәнін кіргізетін, дәмі тіл үйіретін түрлі тағамдар дайындауды үйренді.

Жалпы, фестивальдағы шетелдік қонақ­тарға тоқталсақ, Андраш Бироның жетекшілігімен келген Мадияр команда­сындағы спортшылар құрамында садақ­шы­лармен қатар, атпен шауып келе жатып қозғалып тұрған нысананы көздеп ататын, шауып түсіретін, қылышпен шайқасатын, найза лақтырып, қамшымен өнер көрсете­тін шеберлер бар. Мажарстандық спорт­шылар фестиваль көрмесіне қайта өңдел­ген көне қару-жарақтарды алып келген. 24 адамнан құралған мажарстандық өнерпаз­дардың арасында ән айтып, аспаптарда ойнайтын Габриела Киш пен ән айтып, танбура мен домбырада ойнайтын шаман Золтан Шоиомфи-Наги де көшпенділер мерекесінде өнер көрсетті. Башқұртстан­дық 7 спортшы қамшымен және қылыш­пен шоу көрсетіп, жаяу жүріп және атпен шауып келе жатып садақпен ату сайысына қатысты. Украиналық спортшылар жан­күйерлер үшін қызықты қарбалас сәттерге толы жарысқа қатысып, садақ жасаудан шеберлік сабақтарын өткізді. Айта кетер­лігі, украиналық спортшылардың біреуі жаяу жүріп, екіншісі аттың үстінде тұрып садақ атудан әлем чемпиондары болып табылады. Алтай және Қырғызстан респуб­ликаларының өнерпаздарынан құралған «Алтай-Ала-Тоо» дуэті бірге өнер көрсетіп, әсерлі әуендерімен шараның шырайын кіргізді. Ирина Кензина – Алтайдың таны­мал этно әншісі және көмеймен ән айту­дың хас шебері болса, ал Нұрзат Айдар­құлова –Қырғызстанның атақты этно әншісі. Олар фестиваль сахнасында топ ретінде және жеке-жеке өнер көрсетіп, көрермен қауымды қуантты. Бурятиядан арнайы келген өнерпаздарға Ресей Федера­циясының еңбек сіңірген әртістері Сергей Аюшеев пен Олег Булутов жетекшілік етті. Көшпенділер мерекесіне келген өнерпаз­дар­дың құрамында «Байкал» мемлекеттік ұлттық ән және би театрының өкілдері мен «Сэргэ» ансамблінің әртістері болды. «Кра­са Бурятии» атағын иеленген бойжеткендер ұлттық киімдерін киіп, буряттықтардың биінен шеберлік сабақтарын өткізді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *