ҰЛЫ ДАЛА: атаулар сыр шертеді

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты», «Көптің түсін білгенше, бірдің атын біл» деп дана халқымыз босқа айтпаған шығар.

Шындығында, ат пен заттың үйлесімділігі сақталмаған жерде ұлт тарихы мен философиясының тереңде  жатқанын дәлелдеу қиынға соғады. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялап, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғырту бойынша міндеттемелерді және өзекті мәселелерді көтеруі – ономастиканың бір саласына айналған жер-су, елді-мекен атауларын топонимикалық зерттеудің маңыздылығын одан әрі арттыра түсті.

Топонимика – жер-су, елді-мекен атаула­рының шығуы мен пайда болуын, мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттеуге негізделген елдің рухани мұрасын байытатын ғылым салаларының бірі. Қазақстанда шамамен 2,7-3 млн. шамасында әр түрлі географиялық атау бар деп есептелінеді. Өкінішке орай, осындай халықтың рухани байлығы қазіргі уақытқа дейін толық жүйелі түрде жинақ­талмаған. Тіпті, көптеген топонимдер туралы қате түсініктердің халық арасында кең таралғаны да жасырын емес. Осы жерде Елбасымыз атаған «Ұлы даланың жеті қырларының» бірі Алманың отанына айналған Алатау баурайындағы кейбір елді-мекендердің атауларына назарлары­ңызды аудармақпыз.

Шамалған – Алматының іргесіндегі өзен және сол өзеннің бойындағы теміржол станциясы және Қаскелең ауданында бір ауылдың атауы осылай аталады. Ел аузын­да бұл атау Жетісуда XVІІІ ғасырда билік жүргізген қалмақ ханы – Шамалхан есімі­мен байланысты деген түсінік қалыптас­қан. Бұл түсініктің қате екендігін дәлелдей­тін үш себеп бар:

Біріншіден, жер-су атауларын зерттеу­мен айналысып жүрген филология ғылы­мының докторы, топонимдерді зерттеуші Әбілбек Нұрмағанбетұлы «Жер-судың аты – тарихтың хаты» атты еңбегінде хан есімін өзенге әкеліп таңу қисынсыз екендігін көрсетеді. Өйткені, Ұлы даланың тарихи тәжірибесінде мұндай құбылыс кездесе бермейді. Су нысандарына дана халқымыз оның ерекшелігіне, түріне, түсіне немесе құрамына қарап атау беріп отырған.

Екіншіден, тарихи деректердің барлы­ғында хан сөзі титул ретінде өзгермейтін кісі есімінен соң бөлек жазылады. Сон­дық­тан Шамалған атауын Шамалхан есімінің өзгерген түрі деп қараудың еш мәні жоқ.

Үшіншіден, қазақ халқы қасиетті деп санаған Шамалған сияқты су атауларын ешқашан тарихи жауымен байланыс­тырмаған. Бұл кейіннен қалыптасқан қате түсінік.

Шамалған атауының түп-тегі туралы зерттеушілер пікірі мынадай: «чамал» – «салқын», «ған» – «сай, шатқал» деген мағы­наны білдіріп, екі сөздің қосылысынан чамалған сөзі туып – Самал сай деген мағынаны білдіреді.

Қаскелең – өзен, Қарасай ауданының орталығы болып саналатын қала атауы. Бұл атаудың шығу тарихы, мән-мағынасы жайлы әр түрлі пікірлер бар. Байырдағы қал­мақтың батырының атымен байланыс­тыратындар да шығады.

Алайда, ономастиканың атасына айнал­ған ғалым, профессор Телғожа Сейдінұлы Жанұзақов қалмақ батырлары мен хандарының есімдерінің тілдік сипаты жағынан да, құрылымдық жүйесі жағынан да мүлдем ерекше екендігін алға тартады. Мәселен, қалмақ батырларының есімдері: Сван Доржы, Седен Рабдан, Галдан Серен, Маңдабар, Манжа, Гонхар және тағы сол сияқты.

Ел аузында айтылып келе жатқан мынадай аңыз бар: «Бұрынғы замандарда қазіргі Қаскелең өзенінің бойындағы ауылда бір бақуатты байдың екі ақын келіні болыпты. Алыс-жақыннан келген өлеңші ақындарды жеңбей қоймапты. Содан екі келін «қос келін» атанып, жердің атауы «қос келіннің ауылы» деп аталып, қысқартылып, «Қоскелін» болған. «Қоскелінді» кейіннен орыстар өз тіліне бейімдеп, картографиялық материалдар мен алғашқы очерктерінде «Каскелең» деп көрсеткен. Қоскеліннің Қаскелеңге айналып кеткен себебі осында. Қаскелеңді Қаскелең өзені бастау алатын Қосөлең тауымен (Қасқасу шатқалының бұрынғы атауы) байланыстыратын мәлімет­тер де бар.

Қай дерекке сүйенсек те, Қаскелең қазақтың төл атауынан туындағандығын ұмытпаған жөн.

Боралдай – Алматы төңірегіндегі жер және елді-мекен атауы. «Боралдай» сөзінің немен байланысты екендігіне тоқталып көрейік. Қалмақ тіліндегі «буурылда» қал­пында дыбысталған сөз «жусан (өсімдік)» ұғымын береді. Демек, Боралдай дегеніміз – жусанды, жусаны көп өсетін жер ұғымын береді екен. Бұл жердің атауын қалмақ және моңғол батырының атымен байланыс­тырып жатады. Энциклопедиялық мәлімет­терде 1236 жылы моңғол қолбасшысы Бұрын­дай әскері қыстап шыққан деп көрсетіледі. Алайда, бұл өлкеде тарихы анағұрлым тереңде жатқан (шамамен 2,5 мың жыл) дала өркениетінен сыр шертетін Боралдай сақ қорғандардары орналасқан­дығын ескерсек, Боралдай атауы осы тари­хи ескерткішпен байланысты деп топша­лауға болады. Әрине, бұл одан ары зерттеуді қажет етеді.

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» екендігі күмәнсіз. Осыған орай, тарихы­мызға терең үңіліп, ескі әрі есті атауларды қайта жаңғырту арқылы рухани құндылық­тарымызды түгендейтін, ұлы даламыздың қойнауында жатқан құпияларды ашатын кез келді. Тек қана қазақ жерінде ғана емес, қазақтың ұлы тұлғаларының аяғы басқан, еңбегі сіңген тарихи қоныстары­мыздағы топонимдерді зерттеу қажет. Ресей жерінде қазақ ұғымдарымен аталатын қалалар мен елді-мекен атаулары көптеп саналады. Ресей аумағындағы Омбы – Омск, Орынбор – Оренбург, Сарытау – Саратов, Қорған – Курган, Түмен – Тюмень сияқты ірі қалалардың атаула­рымен қоса Ақбұлақ, Теміртау, Көміртау, Қуандық, Айдарлы, Қарталы, Домбыралы және осы сияқты толып жатқан елді-мекендердің, Ырғыз, Елек өзендерінің әп-әдемі атаулары қаз-қалпында сақталған. Бұл топоним атауларының шығу тарихын терең зерттесек, тұңғиығы терең тарихтың тылсым сырларын ашуға болады. Сондай-ақ, қазақтың жасындай жарқырап, құй­рық­ты жұлдызына айналған «Шоқан Уәлихановтың ізімен» зерттеу жүргізудің Уәлиханов философиясын айшықтап, қаламының ұшы тиген туындыларын түгендеуге мүмкіндік береді. Өзбекстан жеріндегі Төле би, Қазыбек би, Жалаңтөс батыр сияқты нар тұлғаларымыздың қалдырған рухани мұраларын тарихи топонимдік кешенді зерттеулер арқылы түгендеу – өрісімізді кеңейтіп, рухымызды байыта түсетіні сөзсіз.

Жер-су атауларын жинақтау, тарихи атауларды қалпына келтіру және топо­нимдік қате түсініктерді жою  үшін мына­дай шараларды жүзеге асыру қажет деп есептеймін:

1)      Архивтердегі тың  мәліметтерді іздестіру, арнайы экспедициялық зерттеулер арқылы жер-су, елді-мекен атауларының пайда болуы туралы тарихи деректер, өсиет-әңгімелер және топонимикалық аңыздары жинақталған «Ұлы даланың топонимикалық энциклопедиясын» құрастыруды қолға алу қажет.

2)      «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама­сындағы міндеттерді де негізге ала отырып,  аталған энциклопедиялық еңбекті цифр­лан­дыру арқылы оның қолжетімділігін және ақпараттық жедел табылуын қамта­масыз ету қажет. Ол үшін Ұлы даланың, оның ішінде қазіргі Қазақстан аумағын­дағы рухани құндылықтарды жинақтайтын, басты бөлімі «Дала сыры» деп аталатын (тарихи деректер, аңыз-әпсаналар, әр түрлі өлкелердің географиялық атаулары мен олардың қалыптасу және даму ерекшеліктерін сипаттайтын мағлұматтары бар және интерактивті карталар салынған) интернет ресурсын құрудың да өскелең ұрпақ үшін маңыздылығы орасан. Өйткені, аталған еңбектің қала мен ауылдағы жастар үшін қолжетімділігі бірдей болуы маңызды.

«Рухани жағынан сұлу адамдар – бұлар ең алдымен бақытты адамдар» демекші, мемлекет дамуын және қоғамдық сананың кемелденуін қамтамасыз етудің бір ғана жолы «рухани жаңғыру» екендігі күмәнсіз. Жетісудың заңғар тұлғаларының бірі, жазушы Сағат Әшімбаев «Рухани мәдение­тінің өрісі басқаларға да ортақ болу дәре­жесіне жету – халықтың жасампазды­ғы­ның кепілдігі» деп көрсеткендей, жасампаз істерді күллі қазаққа ортақ болған дүние­лерді жаңғыртудан бастау керек деп есептеймін.

Осы бағытта мен еңбек етіп жүрген Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық уни­верситетінің атқарып жатқан жұмыстары да аз емес. Университетіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «7 жаңа туристік маршрут», «Ұлы дала құпиясы», «Ме­нің Отанымның рухани мұрасы», «Туған жерге тағзым» сияқты ауқымды жоба­лар жүзеге асырылуда. Аталған жоба­ларды орындауда ғалым-ұстаздарымызбен бірге жас ғалымдарымыз бен студент- жаста­­рымыздың белсене атсалысып жат­қандығы көңіл қуантады. Әрине, бұл дәс­түр жалғасын табады дегенді білдірсе керек.

 

Шахислам ЛАЙСХАНОВ,

Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық

университеті  География және туризм кафедрасының меңгерушісі, PhD.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *