ҰЛЫ АБАЙДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫН ҚАЛАЙ ТОЙЛАҒАН ДҰРЫС?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың сәуір айында үкіметке Абайдың мерейтойын атап өтуге ауқымды жоспар әзірлеуін тапсырған болатын. Биыл сол тапсырманың аясында ұлт кемеңгерінің 175 жылдық мерейтойы тойланады. ЮНЕСКО көлемінде кеңінен аталып өту де жоспарда бар. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында Абайды танудың түрлі сипаттағы мәдени шаралары жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Келесі аптада 21 қаңтар күні Нұр-Сұлтандағы «Астана Опера» театрында Ұлы Абайдың мерейтойының ашылу рәсімі болады. Бұл шара ел мәртебесін асқақтатудың, қазақты әлемге танытудың тағы бір мүмкіндігі екені даусыз. Десек те, айтулы оқиғаны ел болып қалай өткізуге болады? Мерейтой арқылы жас буынға қандай тәлім-тәрбие көрсете аламыз? Осы орайда біз газет оқырмандарына «Абайдың мерейтойын қалай өткізген дұрыс?» деген сауалнама жүргізген болатынбыз. 

 

Рахымжан ОРЫМБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:

Жас ұрпақ тәрбие алатындай ұлы той болса…

Кең ауқымда тойланатын Абайдың тойы тек ақ шаңқан киіз үйлер тігіп, аста-төк дастархан жасаумен шектелмеуі тиіс. Жұрт ондай тойлардан шаршады. Бізге мәні мен сәні жарасқан ұлт ұрпағы тәлімді тәр­бие алатындай ұлы той керек! Неге десеңіз, қазаққа Абайдың өмірі– өнеге, ісі – үлгі. Сондықтан хакім Абайға қатысты қызыл сөзді көпірте бергеннің мәні жоқ. Оның орнына Абай туралы қысқа метраж­ды деректі фильмдер түсірілсе деймін. Осылайша Абайды сөзбен емес, іспен таны­тайық. Мәселен, оның 13 жаста ел басқарып, қалың елдің қамын ойлауға кіріс­кені, жұрты үшін күйініп, азап шеккені, қазақтың кемшілігін жанына батырып тұрып бетке ашық айта алатын қайсар мінезі жастарды жігерлендірмейді дейсіз бе?! Жігерлендіреді! Қайта Абайға ұқсағысы келіп, оны терең тани түсуге ұмтылады! Сондықтан қандай мәдени шара болмасын, әр қазақ Абайдың өмірі­нен өзіне рухани азық болатындай құнды дүниелермен сусындауы қажет. Той соны­сымен есте қалады, жадыда сақталады.

 

Мақпал СӘРСЕКОВА, қала тұрғыны:

Абайдың қара сӨздері – біздің бағдаршамымыз

Абай атамыздың мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтетініне шүбәм жоқ. Білім ордаларында ұлт ұстазына арналған түрлі шаралардың өтетіні де белгілі. Мұндай мәдени шаралар жас ұрпақтың дана Абайды жақынырақ тани түсу үшін өте қажет. Абайдың өз заманында айтып кеткен сөздері бүгінгі таңда да өзектілігін, құндылығын жойған жоқ. Сол үшін де күллі қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс.Осы орайда мен мынадай ұсыныс айтқым келеді. Алматы­ның көшелерінде Абайдың тойы басталға­нынан хабар беретін көрнекіліктер көбірек орын алса…Мәселен, Абай даңғылының бойында жарнамалау уақыты өтіп кеткен бірнеше билборд бар. Солардың орнына Абай атамыздың өлеңдері немесе дана сөздері неге жазылып тұрмасқа? Жақында даңғыл бойында Абай атамыздың қара сөздері бедерленген үлкен тастарды көріп қуанып қалдым. Сонда мен Абайдың рухы Алматы аспанында ұшып жүргендей әсерде болдым. Бірақ оны мен осы даңғыл бойынан ғана кездестірдім. Меніңше, ол аздық етеді. Абайдың қара сөздері өзінің атындағы даңғылмен шектеліп қалмай, қала­мыздың әр көшесінде, тіпті әр аялда­мада ілініп тұрса артық болмас еді. Көлік күтіп тұрған адам айналасына қарап, кейде қабырғадағы жазуларға көз жүгіртіп тұратыны бар. Сонда Абай атамыздың көлемділеу жазылған қара сөздерін оқып, ойларына көп нәрсе түйер еді. Абайдың қара сөздері – біздің бағдаршамымыз. Менің ойымша, бұл ұлт кемеңгерін танытудың бір жолы болар еді.

 

Медет ҚАСЫМБАЕВ, №36 мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

Абайдай ұл тәрбиелейтін Зередей әжелер керек!

– Мерейтой аясында ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналған Абайдың әжесі Зере туралы қысқаметражды кино немесе қойылым көрсетілсе деймін. Бұл ұлт тәрбиесіндегі әженің рөлін көрсетер еді. Бүгінгі заман Бауыржан атамыз айтпақ­шы, немересіне ертегі оқитын әжелер азайған заман. «Ұлт болашағы ұрпақ тәр­биесінен басталады». Демек, сол тәрбиенің үлкен бір арнасы Зередей әжелерде жатыр. Қазаққа Абайдай ұл өсіріп, жүрек жылуымен бірге өнегелі әңгімелерді немере бойына сіңіре білген Зере әже соның дәлелі. Егер дәл осы Абай туралы кинолардың бірі әже тәрбиесімен байланысты болса, онда біздің ұлтымыздан мықты тұлғалар шығатыны анық. Абайдың өзі «болмасаң да ұқсап бақ» деді емес пе?! Сондықтан бізге Абай атамыздай ұлы тұлғалар керек. Ол үшін Абайдай ұл тәрбиелейтін Зередей әжелер қажет! Менің ұсынысым балалар­мен байланысты болып тұр ғой. Мерейтой аясында Абай есімді балаларға сый-сияпат жасасақ қайтеді?!

 

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ, Телекоммуникация саласының маманы:

«Абай жолын» оқып бітірген жастарға жүлде тағайындайық!

Ұлт ұстазы халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Қазақты қатардан қалма­са екен, ел болып, еңсесін тіктесе екен деген арманмен өмір сүрді. Әйтсе де, біз Абайды толық тани алған жоқпыз. Қазақ жұрты Абайдың мұрасына тереңірек үңіліп, сол арқылы ойын түзеп, бойын тіктесе құба-құп. Мен осы тұста Сауытбек Абдрахманов ағамыздың Абай хақында жазған мына сөздеріне кезек бергім келіп отыр: «Егер әрбір қазақ баласы ауық-ауық болса да Абай томын қолға бір алып қойып, бір өлеңін болса да қайталап оқып отырса, өзіне-өзі Абай алдында іштей есеп берсе, «Қалай өмір сүріп жатырмын осы? Абай­дың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба,  шық деген биігіне ұмтылдым ба, адам атын ақтайтындай не істедім мен өзім?» дегендей ойға түсіп тұрса, қазақтың бағы баяғыда жанып, ортақ үйіміздің түтіні де түзуірек ұшар еді-ау деп те қиялдайсың. Жігеріңді қамшылай түседі, иә! Дәл осы сөзден кейін мен қолыма екінші мәрте «Абай жолын» алуға мәжбүр болдым. Қазір оқып жүрмін. Сондай-ақ, бұл кітап әр шаңырақтың кітап сөресінен орын алса қуанар едім. Мен биылғы ұлы ұстаз тойы аясында жастар арасында «Абай жолын» түсініп, оқып бітір­ген адамға жүлде тағайындауды ұсы­нар едім. Менің бұл ұсынысым қазіргідей кітапқа құштарлық, кітапқа құмарлық бәсеңдеген уақытта керек те шығар.

 

Сауалнаманы жүргізген –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *