Ұлтын жанындай жақсы көрген азамат

Алатау ауданындағы №178 лицейде ұлағатты ұстаз, білікті басшы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбел­гісінің, «Құрмет» орденінің игері Әбдімәжит Өтешті еске алу кеші өтіп, ұстаз құрметіне арналған қалалық волейбол турнирі өтті.

Рая ЕСКЕНДІР

Алматы қаласының білім саласын, қала берді еліміздің білім жүйесінің өркендеуіне еселеп үлес қосып кеткен, ұлтын жанындай жақсы көріп өткен абзал азаматты халқы еш ұмытпақ емес. Көз әйнегінің ар жағынан көзі күлімдеп, білім саласында жақсы жаңалық бола қалса, балаша қуанатын ұстаз әлі күнге арамызда жүргендей. Өйткені, «ғалымның хаты өлмейді» демекші, Әбдімәжит Өтеш салып кеткен сара жол, қалыптастырып кеткен жүйе, көзін ашқан бұлақтар, таныстырып кеткен таланттар бір сәтке де ұмыттыруға мүмкіндік бермесі анық.

Сондықтан өзі өмірінің соңына дейін қызмет етіп, талай шәкіртті білімнің көгіне ұшырған №178 лицей шаңырағында еске алу кеші өтіп, Мәжитін сағынған халқы естеліктер тетігін ағытып, сағынышпен еске алды. Мәжіліс залының үлкен экраннан Әбдімәжит Қоңырбайұлының қатысуымен өткен кездесулер, білімге қатысты айтқан ой-пікірлері де үздіксіз көрсетіліп тұрды. «Бізде дарынды балаларға арналған мектеп неге жоқ» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, талай есікті қағып, босаға тоздырған  ұстаздың арманы орындалып, қала­мыздағы арнаулы мектептер саны артқан еді.

Сол мектептердің арасындағы №141, №173, №126, №178 мектептердің ашыл­уына Ә.Өтеш тікелей атсалысты. Сол мектептердің «ыстығына күйіп, суығына тоңды». Білім саласын жақсарту мен мұғалім беделіне қатысты өткір-өткір ой-пікірлерін айтып салатын. Еске алу кешінде академик ағасы Асқар Жұмаділдаев Әбдімәжит Өтеш туралы тебірене еске алып, өзінің сағынып жүргенін қинала тұрып жеткізді.

– Мені осы мектепке Мәжит шақы­ратын. Бірнеше рет болдым. Сонадайдан алдымнан өзі күтіп алатын. Әлгінде сол көрініс қайталана ма екен деп айналама қарағаныммен, Мәжит көрінбеді. Мәжит­тің енді бізге жоқ екеніне көзім енді жеткендей, – деген Асқар Жұмаділ­даев өзінің жақсы көретін әріптесі әрі інісі болған азамат туралы кеңінен толғады.

Мектептің өнерлі балаларынан құрал­ған театр Әбдіжәмит Қоңырбай­ұлының бейнесімен қауыштырды. Ұстаз әрі бас­шының қызметі барысындағы талап­шылдығы, іскерлігі, адамгершілігін ашып көрсетті. Барлық қала директорларының ұлы ұстазға деген құрметі мен сағынышын №140 гимназия басшысы Сәния Тілеубай жеткізсе, Әбдімәжит Өтештің туған бауыры Рашид Қоңырбайұлы барлық әулеттің атынан алғыс айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.

Еске алу кеші аясында Әбдімәжит Өтеш атындағы мұражайдың тұсауы кесілді. Осыдан соң қала мектептерінің командалары арасында Әбдімәжит Өтешті еске алу құрметіне арналған турнир басталды.

Тартысты ойын барысында үздік ойын көрсеткен командаларға қалалық Білім басқармасының «Қалалық Денешынық­тыру және спорт оқу-тәжірибе орталы­ғының басшысы Елнар Назаров арнайы медаль мен сертификаттарды табыс етті. Командалар арасында 1-орынды Алатау ауданындағы №178 лицей, 2-орынды – №149 мектеп, 3-орынды №181 мектеп командасы жеңіп алды. Сонымен қатар, осынау турнирді белсенділікпен ұйым­дастырған №178 лицейдің дене шынықтыру пәні бірлестігінің мұғалімдері Мира Өтешова, Әсем Жанпейісова, Бақытжан Бизақов, Еркебұлан Базарбаев, Естай Анапияев, Қайсар Шыныбаев Алғыс хатпен марапатталды.

Үздік ойын көрсеткендер қатарында «Ең үздік ойыншы», «Ең үздік төреші», «Үздік ойыншы», «Өз үлесін қосқаны үшін» сынды аталымдар да өз иелерін тапты. «Өзі кеткеннің, көзі кетеді» деген де бар. Осы арада ардақты ұстаздың көзі кеткенімен, соңында қалған ісін жалғастырып, ұжымға ұйытқы болып отырған Қайратбек Шә­диев­тің азаматтығын баса айтып өткеніміз жөн болар. Әбдімәжит Қоңырбайұлының орнын жоқтатпай, басшылық ете білу оңай емес. Бұл тұрғыда Қайратбек Хамза­ханұлының білімі де, қайраткерлігі де, тәжірибесі де жеткілікті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *