ҰЛТТЫҚ ЗЕРГЕРЛІК ӘШЕКЕЙ – ҚАЗАҚТЫҢ КАРТАСЫ

6Жақында зергерлік бұйымдар сататын дүкеннің ішінде қазақ қыздарына шағын ғана сауалнама жүргізген едік. Бұл ретте басты сұрағымыз – «құлағыңыздағы сырға, қолыңыздағы сақина, білезікті не үшін тағып жүрсіз?» деген мағынада болды.  

– Әдемілік үшін.

– Сырт көздің сұғынан сақтану үшін. 

– Аксессуар ғой!

– Сәндік үшін…     

Осылай біз әртүрлі жастағы қыздармен сөйлескен едік. Көпшілігінің жауабы бір-біріне ұқсас. Егер біз дәл осы сауалды 2-3 ғасыр бұрын өмір сүрген қыз-келіншектерге қойсақ, мүлде басқа жауап алған болар ма едік. Өйткені, ол заманда бөтен ауылға келген қонақ қыз-келіншектердің әшекейіне қарап-ақ олардың қандай жүз, қандай рудан екенін, жасы мен әлеуметтік жағдайын, кіммен қалай сөйлесу керектігін, мәртебесін айтпай-ақ білетін болған. Осы тұрғыда Алматыда он жылдан бері зергерлікті кәсіп етіп келе жатқан Алияр Байетов те әшекейге қарап, ата-тегіңізді айтқызбай-ақ біле қояды. Бір қызығы, өзі зергерлік әшекейді тапсырыспен ғана жасайды екен.

 

– Алияр аға, тапсырыспен ғана жұмыс істеуіңіздің мәні неде? Сіздің авторлығыңыздағы бұйымдар тым болмаса Алматы дүкендеріне таралса, шетел­діктер де қызығатын дүние екен.

7– Он жылдан бері зер­герлікпен айналыссам да, соңғы екі жылдан бері маған тапсырыс берушілер қатары күрт көбейіп кетті. Қазақтар сәнге шығарған ба, әйтеуір, алматылықтарды айтпағанда, Астанадан хабарласып, тапсырыс беретіндер көп. Жаңаөзен, Ақтөбе, Оралдан да хабарласады. Дания, Мәскеу, Ленинград, Германия қазақтарына да түрлі әшекей жасап бергенім бар. Қазақстанға түгелдей таралатын әшекей неге жасамасқа деген сауал болды. Оған менің шамам да, күш-қабілетім де жетеді. Бірақ, істей алмаймын. Өйткені, қазақтың ұлттық зергерлік әшекейі жасқа қарай өзіндік мағынамен жасалады. Әрбір бұйымның өзіндік мәні бар. Бірақ, оны қазір екінің бірі білмейді. Ертең дүкен сөрелерінен әдемілігіне қызығып сатып алатындар көп болады. Бірақ, ол маған да, сатып алған адамға да жақсылық әкелмейді. Мысалы, қазір жас қыздардың ортаңғы саусаққа жүзік тағып алғандарын көремін. Жөн-жосықты білетін көнекөз қария болса, бұл тұрмыстағы қыз немесе жетім екен деп түсінеді. Көрдіңіз бе, тұрмысқа шықпаған қыздар осылай өздерінің жолын байлайды.

8Қазақтың өте ырымшыл халық екенін білесіз ғой. Сондықтан мен әзірге тапсырыспен ғана жұмыс істеймін. Алдыма келген қыз-келіншектерге зергерлік парызым ретінде ненің не екенін түсіндіріп, айтып беремін. Кейбіреуі өз руы жайлы менің аузымнан естігеннен кейін қызығып, ізденіп, оқып жатады. Мүмкін, уақыт өткен соң қандай әшекей кімге арналған дегенді жазып, түсіретін адам болса, сатылымға шығаратын шығармын. Маған «әшекей жасап берсеңіз» деп хабарласатын қыздардан міндетті түрде тұрмысқа шыққан ба, шықпаған ба, жүзі, руы қандай екенін сұрап аламын. Өзіңіз білесіз, қазақ ежелден қызын оң жақта үкілеп өсіреді. Бұрындары, тіпті, жаңа туған қызының құлағына тек күмістен сырға тағатын болған. Біріншіден, нәрестенің жанына жаман нәрсе жақын­дамайды, екіншіден, құлағына жаман нәрсе сыбырламайды деп ырымдайтын. Әрі жылтырап тұрған сырға адамның көзін алдайтынын білесіз, көз тиюден де сақтайды. Әрі сол қызының бесігіне үкіаяқ тағып қоятын да болған. Қызы өсе келе, оны бас киіміне, қамзолына танамоншақ ретінде тағып 9алатын. Сондықтан  қыздың үстіндегі әрбір әшекей оның жасын ғана емес, руын, шыққан тегінің бай, кедей екенін де үнсіз көрсетіп тұрады. Ауқатты отбасының қыздарында салмағы 3 келіден асатын күмістен әшекейлері болған. Ал олардың тұрмысқа шы­ғатын уақытта тағатын әшекейлері мүлде бөлек, санының көптігі мен әдемілігі зергерлік өнердің нағыз шыңын көрсетеді. Яғни, бесіктегі қыздан белі бүгілген әжелерімізге дейін өз жасына тән түрлі әшекей таққан. Сосын ас адал болсын деген мақсатта қазақтың келіндері қолдарына күмістен сақина тағатын болған. Сондықтан келген қонақ бірден сол үйдің келінінің қолына қарайтын. Бұл – ішіп отырған астың адалдығына мән беретін қазақ­тың тазалығын, кірпияздығын білдірсе керек. «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы» деген сөз содан қалған.

Қарап отырсақ, бүгінгі күнге дейін атам қазақ ым-ишарамен сөйлескен. Әйел затының зергерлік әшекейіндегі түрлі нақыштар, бұл – жазу. Нағыз қазақтың тілі. Өздері туралы бүкіл ақпаратты қазақтар осы зергерлік әшекейлерге кіргізіп жіберген. Сондықтан қазіргідей көлік, телефон жоқ заманда да бір ауылдан екінші бір бөтен ауылға келген адам кіммен қалай сөйлесу керектігін біліп тұрған.

10– Демек, ұлттық нақыштағы кез келген әшекейді жөнсіз тағуға болмайды ғой? 

–  Екінің бірі зергерлік әшекейдің мәніне терең үңіліп жатқан жоқ, сондықтан білмейді. «Бастысы, ұлттық стиль ғой» деген ой басым. Дегенмен, ұлттық зергерлік әшекейге қызығушылық бар, сұраныс артып келеді. Мен бертінге дейін «Құдай жоқ» деп өскен буынның бірі болатынмын. Зергерлік өнермен айналысып, ғылыми кітапханалардан оқып, ізденіп жүріп, оның бәрі қазақты тамырынан айырып, өлтіру үшін жүргізілген идеология екенін түсіндім.

Бір білезік болған еді. Екі жыл жасадым. Кішкене жасаймын да, қойып қоямын. Өзімнің де көңілім қала бастаған еді. Көргендер «ой, қандай ауыр білезік» деп жақтырмайтын. Бір күні бір әйел көре салып, «ух ты, уау» деп көзі жарқ етіп, бірден қолына алды. Мен «ата-бабаларыңыз Маңғышлақтан емес пе?» дедім. «Қайдан біліп қойдыңыз?» деп келіншек аң-таң. «Өзім алматылық болсам да, атам сол жақтан» дейді. Білезік неліктен тек сол әйелге ұнады дейсіз ғой. Өйткені, ол – ген, келіншек білезіктен өзінің туған жерінің географиялық картасын көрді.

11Тоқсаныншы жылдары болатын. Бір досым театрға шақырған еді. Залда шетелдіктер көп отыр екен. Бір кезде біреуі «қазақсың ғой, сәукеле киіп алған анау әйел тұрмысқа шыққалы жатыр ма?» – деп сұрады. Ол кездері өз ұлтымызға тән артықшылықтардан хабарым жоқ мен ештеңе дей алмадым. Сахнада бір кемпір үкісі бар бас киім киіп алып, ән айтып отырған. Көрермен-неміс жаныма жақындап келіп: «мынау қыздың жасы қаншада?» деп сұрады. Мен түк түсінбей, аң-таңмын. Ертесінде мұғаліміме театрдағы жәйтті айтып бердім. «Қазақ бола тұра, намыстанбадың ба?» дейді мұғалімім. Сәукелені тек тұрмысқа шығатын қыз ғана киеді. Ал біз концерт-той болса, дәстүрлі киім деп киіп аламыз. Ал тақия сияқты үкісі бар бас киімді жас қыздар ғана киеді. Сол үшін кемпірдің жасын сенен әдейі сұраған ғой. Қазақтар өз тарихын білмейді. Шетелдіктер соны оқып алып, білген соң, әдейі сұраған ғой», – деді ұстазым. Осы жағдай мені кәдімгідей ойландыра бастады. Ізденіп, кітапханалардан шықпайтын болдым. Қазір ұлттық киімдерден бастап, ұлттық әшекейлердің эволюциялық тарихы, Қазақстанның әр өңіріне тән түрлі өрнектер, ұлы жүз, орта және кіші жүздердің рулық таңбаларының бәрін білемін. Қазақта «ауылда бақсы болмаса, оның орнын ұста басар» деген сөз бар. Зергерлік өнерді игеру деген сөз, ол – қолөнерді меңгеру ғана емес. Ол – модельер, инженер, көркемдік талғамның болуы, үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыру,  заманауи трендтен хабардар болу, бағалы металл, тастармен жұмыс істей алу қабілеті және зергерлік жаңа технологияны білу деген сөз.

16– Алтын, күміс, бағалы тастармен жұмыс істейсіз. Бағалары тұрақты ма?

– Зергер ретінде барынша адал жұмыс істеуге тырысамын. Мен үшін үлкен кісілердің берген батасы ақшадан да қымбат. Осы уақытқа дейін менде тұрақты баға болған емес. Өйткені, композиция салып отырғанда көз алдыма қандай баға келеді, соны айтамын. Сол мен үшін берекелі табыс. Әйтпесе, кез келген зергер өрнектің мәні мен мағынасын, қай жастағы адамға лайықталған дегенді мен сияқты түсіндіріп, айтып жатпайды. Білмейтін зергерлер де бар. Ал білетіндерінің айтқысы жоқ. Ол – адамдардың ақшаға құнығып, тек қана ақша тапсам болды деген ойға үстемдік беріп қойғандығынан деп ойлаймын. Зергерлік менің таза күнкөрісім болғандықтан, тауып отырған табысымның адал болғанына не жетсін.

– Зергерлік әшекейлердегі композициялық ерекшелік неде?

– Сіз шет елден келетін зергерлік әшекей мен қазақтың ұлттық зергерлік әшекейін салыстырар болсаңыз, айырмашылық бірден байқалады. Басты айырмашылық – әшекейдің бетіндегі өрнектерде. Ұлттық зергерлік әшекейден көре білген адам бірден қазақтың даласын таниды. Қазақстанның батысы, шығысы, орталығы, солтүстігі мен оңтүстігінің географиялық ерекшеліктерін еске түсірсеңіз, әшекейлердегі басты ерекшелік осында жатыр. Қазақтың ұлттық зергерлік әшекейлері эстетикалық сұлулықпен қатар өмір жайлы терең философияға, қазақтың рулық ерекшелігін, әлеуметтік жағдайын танытатын ақпаратқа тұнып тұр. Тек соны оқи білу керек. Мысалы, оңтүстік өңір таулы, сулы, жасыл нулы келеді. Әшекейдің бетіндегі өрнекте осылар бедерленеді. Мысалы, бұрынғының ауқатты байлары қызын ұзатардан 1-2 жыл бұрын зергерді өзіне шақырып алатын болған. Қыздың қалай өмір сүріп жатқанын, отбасылық өмірге жоспарын білгеннен кейін зергер іске кіріседі. Содан қыздың әшекейін жасауға зергер 1-2 жыл уақытын жұмсайды. Толық дайын болған зергерлік әшекейлерді кейде бір адамның көтеруге шамасы жетпеуі мүмкін. Ол жерде көлем де бар, әрі бағалы тастармен жасалғандықтан, салмақ та бар. Мысалы, тұрмыстағы әйелдер ғана тағатын өңіржиектің көлемі әйелдің кеудесін толықтай жауып тұратын болған. Ол бала емізетін ананың маңына жаман нәрсе жоламасын әрі сырт көздің сұғынан сақтау мақсатын көздейді. Тағы бір мысал, күйеуі қайтыс болған жесір әйелдер тағатын алқаны тұрмыстағы келіншек немесе жас қыздар тақпайды. Ырымы жаман. Француздар «қолдың раушаны» деп баға берген бес білезікті тек тұрмыстағы қадірлі әйелдер ғана таққан. Сондықтан әрбір әшекейді орнымен таққан абзал болар еді. Ал ол үшін мамандар тобы жұмыс істеуі керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

 

БІЛЕСІЗ бе?

  • Сұхбат кезінде зергер бізге «төркін» деген сөздің мәнісін былай түсіндіріп берді. Қазақ қызын қонағындай сыйлап, төріне отырғызған. Өйткені, ол – жатжұрттық. Сондықтан тұрмыстағы қыз әке-шешемнің үйі демей, төркінім деген. Төркін сөзінің түбірі төр сөзінен шыққан.
  • Бүгінгі күні қызын ұзатқан ата-ана «қызым, жолың ақ болсын» деп ақ мата төсеп, ақ жол деп жазу жазып қоятын болған. Оның түпкілікті мәні тереңде жатыр. Қыз өз үйінің табалдырығынан аттап шыққаны, бұл – өлім деген сөз. Ақ мата соны білдіріп тұр. Яғни, барған үйінде қыз жаңадан туылады деген сөз. «Ақ жол» деп жазу дәстүрдің заманға сай икемдетілген, мағынасы өзгертілген жеңіл түрі.
  • Қазір кішкентайлар ысқырса, үлкендер бірден «ысқырма, ақша болмайды» деп ұрсып жатады. Бұл да заманға сай бейімделіп айтылған сөз. Өйткені, қазіргі адамдардың ең әлсіз тұсы – ақша. Түпкілікті мәні – ысқырған кезде адамның жанына жын келеді. Ысқырып, бірнеше секунд үндемей тұра қалса, сол адамның жанынан лүп етіп, самал соғуы мүмкін. Бұл – жын келді дегенді білдіреді. Сондықтан жаман нәрсені шақырмау керек.

 

КЕРЕК ДЕРЕК

Зергерлік өндіріс нарығындағы «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен шығатын зергерлік бұйым 2% – 10% ғана құрайды. Нарықтың 90  пайызы – шетелдік өніммен толып тұр. 17 милллион қазақтың зергерлік бұйымға сұранысын қанағаттандыратын бірде-бір өндіріс орны әзірге жоқ.      

Алматыда зергерлік әшекей жасаумен әрі жөндеумен айналысатын 110 кәсіпкер тіркелген. Ең ірісі – «Казахювелир» АҚ.

Әлемде алтынның қоры бойынша еліміз 10-орынды иеленсе, күміс қоры бойынша 5-орында тұр. Алтынның өндірісінен 18-орын иеленсек, күмістің өңдірісі бойынша 12-орында  тұрмыз.

 

БІР ТҮЙІН:

Үндінің «Келін» телехикаясына телмірген дүйім қазақ кешкілік бар жұмысымызды ысырып тастадық. Мән-мағынасыз 1000 сериалын да көрдік. Сонда есте қалғаны –  үнділік қыз-келіншектердің жарқыраған әшекейлері мен ұлттық киімдері. Олар өздерінің салт-дәстүрін жарқ еткізіп экранға шығара алды. Әрі соны бар қазаққа телміртіп қойып, көрсете алды. Айтқымыз келгені бұл емес…

Қазақтың табиғаты мен оның тереңнен толғайтын философиялық ойлау қабілетінің шыңын көрсететін қазақ қыздарына тән ұлттық зергерлік әшекейлердің көптүрлілігі мен қазақ қыздарының ұлттық киімдері, олардың тәрбиесі мен ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ өзіндік болмысымен, тәрбиесімен, әдебімен, қайталанбас сұлу көркімен, қазақы табиғатымен, ұлттық зергерлік әшекейімен үнділік келін Анандиді мың орап кетеді. Сондықтан бізге үндінің келінін үлгі етудің көк тиындық құны жоқ еді. Ұлттық зергерлік әшекейімен сәні өзгеше қазақтың келініне арнап өзіміз сериал түсіруіміз қажет. Түсіргенде де бар қазақты теледидардың алдына телміртіп, үлгі боларлықтай терең мәнді сериал керек-ақ….

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *