ҰЛТТЫҚ ӘУЕТАСЫМАЛДАУШЫНЫҢ ӘУЕ ФЛОТЫ ТОЛЫҚТЫ

«Эйр Астана» әуе компаниясы екінші Embraer ұшағын алды

Әуе лайнері тікелей Бразилиядағы зауыттан ұшып келді. Бұл операциялық лизингке тапсырыс берілген 5 ұшақтың екіншісі. Қалған әуе кемелері биылғы жылдың ішінде ұшып келмек. Әуе кемесі екі қоз­ғалт­қышпен жабдықталған тар фюзеляжды реактивті ұшағына жатады. Ол қысқа және орта қашықтықта ұшуға арналған, ал  ұшудың максималды қашықтығы – 5 300 км. Бұл E190 мен салыстырғанда 1 000 шақырымға алысырақ.  Е2 ұшағының аэродинамикасы жақсарған, фюзеляжы мен қанаттары өзгерген және PW GTF (АҚШ) қозғалтқыштарымен жабдықтал­ған. Сонымен қатар, әуе кемесі үнемді, төмен зиянды заттар шығарылымымен және шуыл деңгейімен ерекшеленеді.

Ұшақ салонында 108 орын бар және сымсыз ойын-сауық жүйесімен жабдық­талған. Ол арқылы жолаушылар өздерінің құрылғыларында фильм көріп, музыка тыңдай алады.

Жаңа Embraer 190-E2 ұшағының бірінші коммерциялық рейсі 31 наурызда Алматы–Орал–Алматы бағытында орын­далады. Әуелайнер Қазақстан, сонымен қатар, Ресей қалаларына, Өзбек­стан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Гүржістан, Украина астаналарына және Қытайға Үрімші қаласына рейстер орындайтын болады.

Алғашқы Embraer 190-E2 ұшағы 2018 жылдың желтоқсанында әкелінген болатын, оның тұмсығына қар барысы бейнеленген. Жаңа әуелайнерлер 2011 жылдан бері пайдала­нылып келген Embraer 190 бұрынғы үлгіле­рін ауыстыруға арналған.

«Эйр Астана» «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының және BAE Systems компаниясының 51% және 49% тиісті үлестері бар бірлескен кәсіпорны болып табылады.  Тұрақты рейстерді 2002 жылдың 15 мамырында орындай бастады және 60-тан астам халықаралық және ішкі бағыттарында ұшады. Компанияның әуе флоты Boeіng 767/757, Aіrbus A320/А321 және Embraer E190 маркалы 35 ұшақтан тұрады. «Эйр Астана» ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі тасымалдаушылардың арасында Skytrax халықаралық агенттігінің 2012 жылы беделді 4 жұлдызды рейтингін және «Орталық Азиядағы және Үндістандағы ең үздің әуе компания» сыйлығының 7 дүркін лауреаты.  «Эйр Астана» trіpadvіsor сайтының travelers’ choіce awards 2018 сыйлығының  «Аймақтық Азия тасымалдаушысы» номинациясында жеңімпазы атанған.

Нұр ҚАЙЫР.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *