Ұлттық  сананың кемелденуіне бастар жол

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

 

Әлем бізді мәдени жетістіктерімізбен тануы керек

 

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру үшін осындай талап қойды. Президент айтқандай, «Біз ХХІ ғасырдың картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек», бұл қадам аса маңызды болмақ.

Адамзаттың саналы тарихында өзінің ұлттық рухани әлемін  ғылыми зерделеуге талаптанған қоғамның озық ойлы өкілдері мен тарихи тұлғалары бұрында да болған. Қазақ зиялылары өткен ғасырдың басында ұлттың болмысын жан-жақты қарастыр­ғанын білеміз. Ал қазіргі  күні ұлт руха­ниятын  дамытуды   қолға  алуымыз қуан­тады.  Гу­манитарлық кеңістікте осындай үрдістердің бірте-бірте жарқын көрініс бере бас­тауының өзі жалпы халықтың   ақылға  бой  ұра  бас­тауының, рухани кемелдене түсуінің өлшемі іспетті. Өз халқыңның рухани құн­дылық­тарын жүйеге келтіріп, оның бойын­дағы бұлыңғыр тұстары болса   таразылап, жетіс­тіктері болса барынша жарқыратудың өзі рухани әлемді байып­таудағы, жалпы ғылыми ізденіс  жолын­дағы ғалымдық, азаматтық борыш екені анық. Ұлт руханияты мен мәдениеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмірден   қағыс қал­майды.

Елбасы  ұсынып  отыр­ған прагматизм­нің  түпкі  астарында  терең  мәдени құнды­лықтар  жүйесі  орын алған. Президенттің  ұлттық сана,  ұлттық мәдени­  генетикалық код, туған жер қасиеті, латын әліпбиіне көшу байыбына қатысты   иннова­циялық  тың ұсыныстары халықтың көкейі­нен шығып, ол  құнды­лықтар жүйесі  қоғам­да  үлкен  қолдау тапты.  Бұл  бүгінгі  өр­кениет болмысында  орын алып отырған  мега өзгерістер мен үдерістердің даму динами­касын  терең түсінуге  жол ашып отыр.

Адамзат тарихында қордаланған асыл дүниелермен,  қазақ  халқының мәдениеті  мен әлем өркениетінің тарихында елеулі орны бар ғалымдардың, мемлекет басшы­ларының, қоғам қайрат­керлерінің өмір жолымен, олардың елеулі еңбектерімен таныстыру  бүгінгі  күннің басты  мақсаты  болып отыр.

Туған жерімізде туып-өскен  адамдар­дың   адамзаттың  дамуына, өркениетке қандай үлес қосқанын  білуіміз керек.  Еліміздің әрбір  азаматының  мемлеке­тімізге  арқа  сүйейтін­дей  мақтаныш  се­зімі болуы  үшін  даламыз­дың  кең­дігін,  қойнауындағы  байлығын  айту  аз,  біз­дегі  ақыл-ой потенциалы басқалар­дың алдында мерейімізді үстем етуі керек. Әлемнің басқа шалғайында  жүр­ген адам­дарға мысалы,  «сенің еліңде – Мон­тескье,  Руссо болса, менің елімнен – әл-Фараби,  Бейбарыс,  Атилла,  Абай,  Махамбеттер  шыққан»  деп айта алатын­дай   жағдайға  жетуіміз керек.  Өкінішке орай, олардың енбектері­мен  ұрпақтары­мыз  жеткілікті  таныс емес.   Жас  ұрпақ  үшін олардың өмір  ұлағаты тұтас  ерлік пен  өрліктен  тұратынын ұмытпаға­ны­мыз  абзал.  Сондықтан рухани және пат­риоттық тәрбие  – үлкен  мектеп.

Мемлекет әлеуметтік-рухани мәселе­лерді   шешу үшін   белгілі бір мөлшерде әл-ауқатты болуы қажет. Ендеше, өзіміздің мол бай­лығымызды,  азаматтардың білік­тілік­тілігі мен әлеуетін дұрыс кешенді пай­да­лану арқылы бай мен кедейдің  арасын жақындату,  кедейшілікке қарсы күрес,  ата-бабалары­мыздан қалған жер­асты байлығын әділ түрде  барлық қазақ­стан­дықтар үшін жарату үлкен  мәселе.

Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан Назар­баевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабында: «Елімізге бойына ата-баба­мыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егемен елге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да саламатты азаматтар қажет» деген сөздеріне зер салар болсақ, бұл жерде «саламатты» сөзінің астарында деннің саулығы ғана емес, адам жанының, рухани әлемінің де тазалығы, мықтылығы меңзелетінін аңғару қиын емес.

Тәңірі сыйлаған Тәуелсіздік тұтас халықтың есін жыйғызып, санасына – ұлттық кодтың жадын енгізді.

Тарихтың ізі – тұнып тұрған тағылым. Оның  бойында ата-бабадан  қалған  асыл ой,  терең білім,  ғасырлар тереңінен  жет­кен тектілік  бар. Дәл  осы тағылым  біздің  ұранымыз  болуы  тиіс. Мұндай  ұранды өзінің  даму  көкжиегінде  ту  етіп  көтер­ген  елдер  бар.  Мәселен,  Жапон  елі. Оның  даму тарихында «Қолға  алған  ісіңде  жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты.  Жапонияда  «Игілікті мемлекет» ұранын көтерген Иси­баси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жос­парлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің   экономикасы өрлей бастады. Жалпы, ішкі өнімі 30 жыл бойы 10 пайыздан өсіп отырған   Күншы­ғыс елі ақыр  соңында әлемдегі көш­басшы мемлекетке айналды. Жапон  ұлттық идеясы мен реформа­сының  шынайы  жетіс­тік­ке жетуінің өзегінде жапон тілі мен жапон мента­литетіне негізделген   ақыл-ой  жатты.

Жоғарыдағы   Елбасымыз  айтқан қоғам­ға саламатты   азаматтар    қажетті­гін жапондар  ерте  қолға  алған. Жапондар  «Қартайдым, енді қоғамға да, ешкімге де керегім жоқ» деп сарыуайымға ешқашан салынбайды екен. Қашан да оптимистік көңіл-күйде болуға тырысады. Мұндай адамдар қартайса да, олардан сырқаттану алшақ болады. Ауруға шалдыққан күннің өзінде, одан тезірек айығатын көрінеді. Өйткені, оптимизм адам өмірін айтар­лықтай ұзартатынын   олар санасына  енгізіп  алады екен.

Түбекте бір  орналасқан  Оңтүстік Корея­ның ұлттық идеясының мәні  – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу болып отыр. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпы еуропалық құнды­лықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызды.  Неміс экономикалық ғажайыбының авторы соғыстан кейінгі Эрдхард рефор­маларының басты жетістігінің құпиясы экономикалықпен қатар, рухани кеңістікте жатты. Сондай-ақ, генерал Шарль де Гол­льдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясы  барлық  француздардың  бірігуіне  әкеліп  соқты.

Жапондар  өз  идеяларын  жүрген  жер­лерінде де  таратып  жүрді. Өткен  ғасыр­дың  90-жылдарының басында жапон­дық ғалымдар Түркияның білім беру жүйесіне зерттеу  жүргізді. Зерттеу соңына қарай жапондық ғалымдар мен осы  іске  араласқан жапондық дипломаттар сол  тұстағы  Түркия­ның президенті Тұрғыт Өзал және басқа да түркі зиялылары жиналған ортада кездесу  өткізіп,  өздерінің  идеялық  ұсыныстарын  береді.

Басқосуда жапондық  зерттеушілер  Түркия  қоғамының білім беру жүйесіне қатысты  ойларын  білдіре  келіп: «Сіз­дердің білім беру жүйелеріңізде ұлттық рух жоқ!» – деген қорытындыға  келеді. Түркия  прези­ден­ті Тұрғыт Өзал  оған таңқалады.  Оның:  «Мұ­ны қалай түсінеміз  сонда?» деген  сөзіне – жапондық  зерттеу­шілер сөзін былай түсін­діреді: «Біз Жапонияда мектеп табалдырығын аттаған балалары­мызға  ұлттық рух екпесін жасаймыз. Оларды топ-тобымен жүйрік пойыз­дары­мызға отырғызып, алып зауыт-фабри­каларымызды, техноло­гиялық орта­лық­тарымызды аралатып,  еліміздің қуатты күші мен жеткен  жетістіктерін көрсе­теміз. Кейін Хиро­сима мен Нага­сакиге апарып атом бомбасы жарылып, жылдар бойы шөп шықпаған алқаптарды көр­сетіп: «Егер сендер өздеріңді жетіл­діріп, өмірімізге ендіріліп  жатқан  жаңа  тех­но­­логияларды игерме­сең­дер,   ақыры­мыз осындай бола­ды»  деп айта­мыз» дейді. Осы кезде түркі зиялы­ларының бірі: «Бірақ бізде сіздер­дегідей Хиро­си­мамыз жоқ қой», – дейді. Сонда жапон­дық  ғалымдар: «Сіздердің Чанақ қала­дағы соғыс майдан­дарыңыз ондаған Хиро­симаға тең емес пе?», – дейді.

Бұл мысал тарихта ата-бабалар бастан кешірген қасіреттерден сабақ алуды, сондай  жағдайға тап болмау  үшін  білімді, еңбекқор болуды, еліне жанашыр, ұлттық рухты болуды дәріптеуді көрсетеді.

 

Ұлттық руханиятты ұлықтау өркениетке жол ашады

 

Біздің тарихымызда да ашаршылық, соғыс, тар жол тайғақ кешкен күндер аз емес. Семей полигонында сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиро­симаға тасталған атом бомба­сының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.  Осы мысалдағыдай жастарымызды өр­кениетке жетуге ынталан­дырып, елі­міз­дің басынан кешкен оқиғаларын көр­сетіп, одан сабақ алуға, осылайша   руха­ни  жетілу­леріне ықпал еткеніміз дұрыс болар  еді.  Қазір қуатты  елдер көне қытай фило­софы Сун-Цзы айтқан: «Дұш­панды шай­қассыз тізе бүктіру – өнердің төресі» қағи­дасын жүзеге асырып жатыр.  Сол  іспетті,  Қы­тайдың  бүгінгі  стра­те­гиясында: «Мәдени-ақпараттық агрессия» деген тармақ бар. Ал АҚШ-тың әскери стратегияға жетік ғалымы Поль Лайнбарджер ақпараттық соғыста таңдап алынған елдің салт-дәстүріне, тіліне, өмір сүру дағдылары мен мінезіне ықпал етуді ұсынады.

Біз осылардың бәрін мемлекеттік деңгейде ескермей, қорғаныс амалдарын қарастырмай ұлттық код туралы өрелі ойды төріне қондыра алмаймыз.  Ұлты­мыздың тұрмыстық кемшіліктерін теріп, жетістігін  айтқанмен  ештеңе шық­пайды. Ұлттық дәстүр тарих жазған Ата Заңың екенін ойлап, оған әлеуметтік-психоло­гиялық және экономикалық тұрғыдан қарау парыз.

Елімізде   қолға  алынып  отырған  «Ру­ха­­­ни жаңғыру» бағдарламасындағы ұлт руха­ниятына ауадай қажет міндеттерді орындау ісінде ұстын боларлық   үлгі  орасан зор.

Қазір Қазақстан  рухани-мәдени, эко­но­ми­калық жаңғыру жолында тұр. Алайда, бұл реформалардың барлығы – рухани   бастама­шысыз еш мағынаға ие бола алмайды.  «Рухани  жаңғыру» бағ­дар­ла­масын жүзеге асыру ісінде жер­гілікті тари­хи тұлғалардың есімдерін, аты аңызға айналған жерлерді  жаңғыртуға баса назар аудару керек.

Мемлекет  басшысы  «Туған жер» бағдар­ламасынан бөлек, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын жедел жасап шығаруды тапсырып, жат идеологияларға «ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп береміз» деп тура жолды  көрсетіп  берді.  Осы  бағытта  «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті қалып­тастырудың жобасын» жасауды тапсырды. Әлем «Қазақ­станды қара алтынымен емес, мәдениеті бәсекеге қабілетті ел және сол мәдени жетістігіміз­бен тануы тиіс» деді.

Мемлекет басшысы: «Рухы берік, санасы ояу, мәдениеті озық, әдебиеті ерен өрен елдің болашағы да баянды болады» дей келе, әлемнің озық  елдерімен  бірқатарда  тұруға  үндейді.

Бұл   бағдарлама – ұлт руханиятын XXІ ғасырдың биігіне көтеретін  ауқымы  кең  сала  болып отыр. Ұлы Даланы мекендеген халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін дүниежүзілік қоғамдастыққа паш ету – бүгінгі ұрпақтың ізгілікті міндеті  болмақ.

Ұлттық рух биік болса, еліміздің бола­шағы жарқын, іргесі берік  болатыны  ай­қын. Демек, рухани санамызға серпіліс берген стратегиялық құжат еліміздің ұлт ретінде жаңғыруына жаңа серпін берді.

Бүгінде елімізде рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Біз білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнерді өрістету арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Сайып келгенде, елі мен жерінің тарихын, тілін, салт-дәс­түрін жетік білетін, шет тілдерін терең меңгерген озық ойлы студент жастар қазіргі қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *